Хадис

Муатта, № 25

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
1. Намаз уақыттары
бап
6. Ұйықтап қалып, намазды өткізіп алудың үкімі
Нөмірі
№ 25 (кітап ішіндегі рет реті)
25
Муатта, 1-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мусәйяб риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Хайбар жеңісінен қайтып келе жатқанда, түнде жол жүрді. Түннің жарымынан көбі өткенде, аздап ұйықтап, тынығу үшін аялдады. Біләлға: “Ұйықтама, бізді таң намазына оят”, – деп тапсырды да, өзі ұйқыға кетті. Сахабалар да ұйықтады. Біләл біраз уақыт күткеннен кейін, таңға таяу түйесіне сүйенді де, көзі ілініп кетті. Күн шығып, беттеріне түскенге дейін Алла елшісі де (с.а.с.), Біләл да, сахабалар да оянбады.

Ардақты Елші кенет абдырап оянғанда, Біләл: “Уа, Расулалла! Сені ұйықтатқан Алла мені де ұйықтатты”, – деді. Содан Алла елшісі жолға шығуды бұйырды. Жауынгерлер түйелерін тұрғызып, жолға түсті. Біраз жүргеннен кейін Алла елшісі (с.а.с.) Біләлға бұйырды. Біләл қамат түсірді. Ардақты Елші жамағатқа таң намазын оқытты1. Намаздан кейін: “Намазын ұмытып оқи алмаған адам есіне түскен кезде оқысын. Өйткені Алла Тағала кітабында: ‘Мені еске алған кезде намазды оқы2’, – деп бұйырады”, – деді3».

  1. 1Алла елшісінің (с.а.с.) оянған бойда дереу намаз оқымай, біраз жер жүргеннен кейін оқуының екі себебі болуы мүмкін: а) Біләлдың (р.а.) азаны мен қаматын кейбір адамдар естімей, оянбай қалуы мүмкін. Бәрінің оянуын қамтамасыз ету үшін жолға шыққан болуы ықтимал. ә) Сол аңғарда ұйықтап қалуларына шайтан себеп болған. Шайтан бар аңғарды тастап, ол жоқ жерге бару үшін намазды бірден оқымай, біраз жүргеннен кейін оқыған. Алайда біз шайтанның қай жерде барын біле алмайтындықтан, намазымызды есімізге түскен жерде оқуымыз керек. Бажи, «Мүнтәқа», 1-том, 30-бет.
  2. 2«Таһа» сүресінің 14-аятындағы сөздердің бір аудармасы: «Мені еске алу үшін намаз оқы».
  3. 3Бұл хадис мурсәл түрінде жеткен. Муслимнің «Мәсәжид» кітабында (5/309) мәусул түрде келтірілген. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 184.