Язид ибн Хусайфа былай дейді: «Сүлеймен ибн Ясардан: “Қолында малы бар, бірақ сол малымен мөлшерлес қарызы да бар адамға зекет парыз бола ма?” – деп сұрадым. Ол: “Жоқ!” – деп жауап берді».1
Алашақтың зекеті жөнінде имам Мәлик былай дейді: «Біз, Мәдина халқы, бірауыздан қабылдаған қағида бойынша алашағы бар адам мал-мүлкі қолына тигеннен кейін оның зекетін береді. Борышкер қарызын бірнеше жыл бойы қайтармай, кейін өтесе, алашағы бар адам оны алған бойда тек бір жылдық зекетін береді. Алғаны нисапқа жетпейтіндей аз болса, зекет түспейді. Ал алашағынан бөлек өз малы да болып, борышкерден алғанымен қосқанда нисапқа жетсе, зекетін береді».
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Борышкерден алғанынан басқа малы болмаса әрі алғаны нисапқа жетпесе, зекет бермейді. Алайда борышкерден біртіндеп алғанының мөлшерін есептеп отырады; жиынтығы нисапқа жеткенде зекетін береді».
Имам Мәлик былай дейді: «Алашағы бар адам борышкерден алғанын жұмсасын не жұмсамасын, алғанының жиынтығы жиырма динарға, яғни 85 грамм алтынға немесе екі жүз дирхамға, яғни 595 грамм күміске жетсе, зекетін беруі қажет. Бұдан кейін алғаны аз болсын, көп болсын, соның да зекетін есептеп беруге тиіс».
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біреуге қарызға берілген мал-мүлік бірнеше жылдан кейін қайтарылғанда, тек бір жылдық зекетінің берілуіне мынадай дәлел келтіруге болады: адамның қолындағы тауар сауда мақсатында бірнеше жыл бойы сақталып, ақырында сатылса, одан түскен ақшадан тек бір жылдық зекет беріледі. Алашағы немесе қолында сауда тауары бар адам сол алашағы мен тауарының зекетін басқа малынан өтеуге міндетті емес. Өйткені зекет әр мүліктің өзінен алынады, оны басқа мүліктен өтеу міндеттелмейді».
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біз, Мәдина халқы, ұстанған қағида бойынша қарызы бар адамның оны өтеуге жететін тауары және одан бөлек нисапқа толған қолма-қол ақшасы болса, қолма-қол ақшасының зекетін береді. Ал тауары мен барлық қолма-қол ақшасы тек қарызын өтеуге ғана жетсе, зекет бермейді. Қолма-қол ақшасынан қарызын өтегеннен кейін қалғаны нисапқа жетсе ғана, соның зекетін береді».2