Қазақша аудармасы
Тауыс әл-Йәмани былай деп әңгімелейді: «Мұғаз ибн Жәбәл әл-Ансари отыз сиырдан екі жасқа кірген бір ірі қараны, қырық сиырдан үш жасқа кірген бір сиырды зекетке алды. Өзіне бұдан аз мал әкелінгенде, олардан зекет алмады да: “Бұл мәселе жөнінде Алла елшісінен (с.а.с.) ештеңе естіген жоқпын. Өзіне барып сұрайын”, – деп жолға шықты. Алайда Мұғаз жетпей тұрып, ардақты Пайғамбар қайтыс болған еді».
Имам Мәлик былай дейді: «Екі шопан немесе әртүрлі өлкелерде бірнеше шопан бағатын, бірақ бір адамға тиесілі қойдың зекеті жөнінде естіген ең дұрыс үкімім – олардың бәрін қосып есептеп, зекетін беру. Әртүрлі адамдарда алтын не күміс алашағы бар зекет төлеуші де осылай істейді: әркімде қанша алашағы болса, соның бәрін қосып, жиынтығына қарай зекетін береді».
Қой мен ешкі араласқан малдың зекетіне қатысты имам Мәлик былай дейді: «Қойы мен ешкісі бар адам олардың санын қосып есептейді. Жиынтығы нисапқа жетсе, зекетін береді. Нисапты анықтағанда олардың бәрі қой есебінде саналады. Оның өлшемі әзірет Омардың мына сөзіне негізделеді: “Жайылымда жайылып қоректенетін қойдың саны қырыққа жетсе, біреуі зекетке беріледі”».
Имам Мәлик былай дейді: «Қой мен ешкі аралас болып, қойдың саны көп болса, мал иесі зекетті қойдан береді. Зекет қызметкері де одан қой алады. Ал ешкі көп болса, зекет ешкіден алынады. Екеуінің саны тең болса, зекет қызметкері қалағанынан алады».
Араб түйелері мен қос өркешті түйелерге қатысты да имам Мәлик былай дейді: «Адамда түйенің екі түрі де болса, жиынтығының нисапқа жеткен-жетпегені қаралады; бәрі бір тектес түйе ретінде есептеледі. Араб түйелері көп болса, зекетке араб түйесі беріледі. Қос өркешті түйелер көп болса, зекет солардан беріледі. Екеуінің саны тең болса, зекет қызметкері қалағанынан алады».
Имам Мәлик былай дейді: «Сиыр мен енеке аралас болса да, зекет осылай анықталады. Жиынтығы сиыр нисабына жетсе, зекеті беріледі. Сиыр көп болса, зекетке сиыр беріледі; енеке көп болса, зекет солардан беріледі. Ал екеуінің саны тең болса, қызметкер қалағанынан алады. Екі түрдің әрқайсысы жеке-жеке нисапқа жетсе, екеуінен де зекет алынады».
Имам Мәлик былай дейді: «Кейіннен түйе, қой немесе сиыр иеленген адам оларды алғаннан кейін толық бір жыл өткен соң зекетін береді. Бұл үкім бұрыннан қолында дәл сол түліктен нисапқа жеткен малы болмаған адамға қатысты. Малдың нисабы: түйеде – бес, сиырда – отыз, қойда – қырық».
Имам Мәлик былай дейді: «Қолында бес түйесі, отыз сиыры және қырық қойы бар адам кейіннен сатып алу, сыйға алу немесе мұра арқылы тағы да түйе, сиыр және қой иеленсе, бұрынғы малының зекетін берген кезде кейіннен қосылғанының да зекетін береді. Кейіннен алған малының зекетін бұрынғы иесі бір күн бұрын ғана берген болса да, жаңа иесі өзіне тиесілі зекетті беруге міндетті. Бұл мынаған ұқсайды: адам қолындағы күмісінің зекетін беріп, сол күміске басқа біреуден тауар сатып алады. Сол тауарға зекет беру мерзімі келген болса, оны сатқан адам да бүгін қолына тиген күмістен зекетін береді. Бір мал-мүліктің зекетін алғашқы иесі кеше, екінші иесі бүгін берген болып шықса да, үкім осындай».
Имам Мәлик былай дейді: «Қолында нисапқа жетпейтін қойы бар адам нисапты толықтыратындай қой сатып алса немесе мұраға алса, кейіннен қолына түскен сол қойларға бір жыл толмайынша, зекет түспейді. Мына жағдайда да үкім осындай: адамның саны нисапқа жетпейтін түйесі, қойы және сиыры бар. Олардың ешбірі жеке-жеке нисапқа толмайды. Әр түлік өз алдына нисапқа жетпейінше, зекет түспейді».
Имам Мәлик былай дейді: «Адамның саны нисапқа жеткен түйесі, сиыры және қойы болып, кейін оларға тағы біраз түйе, сиыр және қой қосылса, бұрынғы малының зекетін бергенде кейіннен қосылғанының да зекетін береді».
Жоғарыда аталған мәселелерге қатысты имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселелерде естіген ең дұрыс үкімдерім – осылар».
Зекетке талап етілген мал табылмаған жағдайға қатысты имам Мәлик былай дейді: «Зекетке екі жасқа кірген бір ұрғашы түйе беру қажет болып, ондайы табылмаса, орнына үш жасқа кірген еркек түйе беруге болады. Ал үш, төрт немесе бес жасқа кірген ұрғашы түйе беру қажет болып, ондайы табылмаса, зекет беруші оны басқа біреуден сатып алып беруге тиіс. Мен оның орнына құнын беруді дұрыс көрмеймін».
Имам Мәлик былай дейді: «Егістікті суару үшін өзен мен құдықтан су таситын түйелерге және құдықтан су тартуға жегілетін өгіздерге жеке-жеке зекет парыз болса, әрқайсысының зекеті бөлек алынады».1