Хадис

Муатта, № 7

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
18. Зекет
бап
2. Алтын мен күмістің зекеті
Нөмірі
№ 7 (кітап ішіндегі рет реті)
7
Муатта, 18-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан риуаят етіледі: «Айлықтан алғаш рет зекет алған – Мұғауия ибн Әби Суфян».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біз, Мәдина тұрғындары, бірауыздан қабылдап, ұстанып келген қағида бойынша жиырма динарға, яғни 85 грамм алтынға және екі жүз дирхамға, яғни 595 грамм күміске зекет парыз болады».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Саны жиырмаға толғанымен, жалпы салмағы жиырма динарға жетпейтін алтын теңгелерге зекет түспейді. Ал саны жиырмаға толмаса да, салмағы жиырма динарға жететін алтынға зекет түседі. Жиырма динардан аз алтынға зекет түспейді. Салмағы екі жүз дирхамға жетпейтін күміске зекет түспейді; осы мөлшерге жеткен не одан асқан күміске зекет түседі. Динар болсын, дирхам болсын, әрқайсысының салмағы өзіне белгіленген нисапқа жетсе немесе одан асса, зекет парыз болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Жүз алпыс дирхамы бар адамның елінде сегіз дирхам бір динарға тең саналса да, оған зекет түспейді. Өйткені зекет парыз болуы үшін қолындағы ақшасы жиырма динар алтынға немесе екі жүз дирхам күміске жетуге тиіс».

Имам Мәлик былай дейді: «Бес динары бар адам оны айналымға салып, бір жыл толмай жатып ақшасы зекет нисабына жетсе, оған зекет парыз болады. Нисапқа алғашқы ақшасын иеленгеніне бір жыл толуға бір күн қалғанда жетсе, сол жыл толған бойда зекетін береді; ал бір жыл толғаннан бір күн кейін жетсе, жеткен күні береді. Екінші жылдың зекетін де бірінші жылғы зекетін берген күннен бастап толық бір жыл өткен соң береді».

Имам Мәлик былай дейді: «Он динары бар адам онымен сауда жасап, бір жылдан кейін ақшасы жиырма динарға жетсе, зекетін беруі керек. Нисапқа жеткен күннен бастап тағы бір жыл күтуі қажет емес. Өйткені бастапқыда нисапқа жетпеген ақшасы бір жыл өткен соң нисапқа толды; сол ақшаны иеленгеніне бір жыл өткен болып есептеледі. Екінші жылдың зекетін бірінші жылғы зекетін бергеннен кейін бір жыл өткен соң береді».

Имам Мәлик былай дейді: «Біз, Мәдина тұрғындары, бірауыздан ұстанған қағида бойынша құлдардың табысынан, оларды жалға беруден түскен ақыдан, үйлердің жалдау ақысынан және мүкәтәбпен1 жасалған келісім бойынша алынған төлемнен, аз болсын, көп болсын, иесінің қолына тигеннен кейін бір жыл өтпейінше, зекет берілмейді».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Алтыны не күмісі ортақ адамдардың бірінің үлесі жиырма динар алтынға немесе екі жүз дирхам күміске жетсе, оған зекет парыз болады. Үлесі нисапқа жетпеген адам зекет бермейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Ортақ иелердің әрқайсысының үлесі нисапқа жетіп, бірақ мөлшерлері әртүрлі болса, әрқайсысының үлесі анықталып, соған қарай зекет алынады. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) былай деп бұйырған: “Екі жүз дирхам күміске жетпейтін мал-мүлікке зекет түспейді”».

Имам Мәлик жоғарыда аталған мәселелер жөнінде естіген ең дұрыс үкімнің осы екенін айтқан.

Әртүрлі адамдарда алашағы бар кісі туралы имам Мәлик былай дейді: «Әртүрлі адамдарда алтын немесе күміс түрінде алашағы бар адам олардың мөлшерін қосып, бәрінің зекетін беруі керек».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Алтын не күміс иеленген адам оны тапқан күннен бастап бір жыл өтпейінше, зекетін беруге міндетті емес».

  1. 1Мүкәтәб – қожайынымен белгілі бір төлемді белгіленген мерзім ішінде өтеу шартымен азат болу келісімін жасаған құл.