Әзірет Айша былай деп әңгімелейді: «Омар ибн Хаттабқа зекетке алынған бір отар қой әкелінді. Ол ішінен емшегіне сүт жиналған, желіні үлкен бір қойды көріп: “Бұл қандай қой?” – деп сұрады. Оған: “Зекетке алынған қой”, – деп жауап берілді. Сонда әзірет Омар: “Мұны иесі өз ризалығымен бермеген. Мұсылмандарды бұлай қинамаңдар! Малының ең жақсысын және сауу үшін бөліп қойғанын зекетке алмаңдар”, – деді».
Мұхаммед ибн Яхия ибн Хаббан былай деп әңгімелейді: «Әшжәғ тайпасынан екі кісі маған мына жайды айтты: Мұхаммед ибн Мәслама әл-Ансари оларға зекет қызметкері болып келіп, мал иелеріне: “Маған малдарыңның зекетін әкеліңдер!” – деген. Олар жарамды деп әкелген малдың бәрін қабылдаған».
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Біз, Мәдина халқы және өз өлкемізде көзін көрген ғалымдарымыз, ұстанған қағида бойынша зекет мәселесінде мұсылмандарға қиындық туғызылмайды; бергені алынады».