Хадис

Ораза

Муатта, 19-кітап · 58 хадис · № 1–60

Мазмұны: 21 бап
  1. 1Оразаны бастау мен аяқтауда һиләлге сүйену
  2. 2Таң атпай тұрып оразаға ниет ету
  3. 3Ауыз ашуға асығу
  4. 4Рамазан оразасын жүніп күйінде бастау
  5. 5Ораза ұстаған адамның әйелін сүйе алуы
  6. 6Ораза ұстаушының әйелін сүюіне рұқсат етілмейтін жағдайлар
  7. 7Сапарда ораза ұстау
  8. 8Рамазанда сапарға шыққан немесе сапардан қайтқан адамның ұстанатын жолы
  9. 9Рамазан оразасын бұзудың кәффараты
  10. 10Ораза ұстаушының қан алдыруы
  11. 11Ашура күні ораза ұстау
  12. 12Ораза айт пен құрбан айт күндері ораза ұстау
  13. 13Бірнеше күн қатарынан ауыз ашпай ораза ұстау – саум уисал
  14. 15Ораза кезінде ауырып қалу
  15. 16Ораза нәзірі бар адамның нәпіл ораза ұстауы және қайтыс болған адамның орнына ораза ұстау
  16. 17Оразаның қазасын немесе кәффаратын қажет ететін жағдайлар
  17. 18Нәпіл оразаның қазасы
  18. 19Үзір себепті рамазан оразасын ұстай алмаған адамның фидия беруі
  19. 20Қаза оразаға қатысты бір риуаят
  20. 21Күмән күнінде ұсталған оразаның үкімі
  21. 22Оразаға қатысты әртүрлі риуаяттар

1-бапОразаны бастау мен аяқтауда һиләлге сүйену

1
Муатта, 19-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) рамазан туралы сөз қозғап, былай деп бұйырды: «Һиләлді, яғни жаңа туған айды көрмей ораза бастамаңдар; һиләлді көрмей айт та жасамаңдар. Аспанды бұлт торласа, айды отыз күнге толықтырыңдар».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/11; Мүслім, «Сиям», 13/3. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 346.
2
Муатта, 19-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Ай жиырма тоғыз күн болуы мүмкін. Һиләлді көрмей ораза бастамаңдар, һиләлді көрмей айт та жасамаңдар. Рамазанның соңғы күні аспанды бұлт торласа, айды отыз күнге толықтырыңдар».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/11; Мүслім, «Сиям», 13/9.
4
Муатта, 19-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естігенім бойынша, Осман ибн Аффанның тұсында һиләл таңертең көрінген. Бірақ әзірет Осман оразасын бұзбай, кешке күн батқанға дейін ұстапты».

Яхияның айтуынша, имам Мәлик рамазан һиләлін көрген адам туралы былай деген: «Рамазан һиләлін жалғыз өзі көрген адам ораза ұстай бастайды. Ол күннің рамазанға тиесілі екенін біле тұра, ораза ұстамауы дұрыс емес. Ал шәууәл һиләлін жалғыз өзі көрген адам оразасын бұзбасын. Өйткені оған сенбегендер күмәнданып, айып тағуы мүмкін. Ал өзі өзгелерге: “Біз һиләлді көрдік!” – дейді. Кім шәууәл һиләлін күндіз көрсе, оразасын бұзбасын, сол күні кешке дейін ұстасын. Өйткені оның көргені – келесі түннің һиләлі».

Яхиядан риуаят етіледі: Имам Мәлик былай деген: «Халық айт күнін рамазан деп ойлап, ораза ұстап жүрсе, сенімді бір адам келіп, һиләлдің бір күн бұрын көрінгенін хабарласа әрі сол күнмен оразаның отыз бірінші күні толатын болса, қай уақыт болса да, дереу оразаларын бұзады. Ал хабар жеткізген адам күн тас төбеден ауғаннан кейін келсе, айт намазын да оқымайды».

2-бапТаң атпай тұрып оразаға ниет ету

5
Муатта, 19-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Таң атпай тұрып оразаға ниет етпеген адамның сол күнгі оразасы ораза болып саналмайды».1

Ибн Шиһабтан риуаят етіледі: «Ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайлары әзірет Айша мен әзірет Хафсадан да осы мағынада жеке-жеке риуаяттар жеткен».2

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша ештеңе жеп-ішпеген болса, күн тас төбеден ауғанға дейін оразаға ниет етуге болады.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Саум», 14/71; Тирмизи, «Саум», 6/33; Нәсәи, «Сиям», 22/68. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 372.

3-бапАуыз ашуға асығу

6
Муатта, 19-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағд әс-Сағидиден риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Мұсылмандар ауыз ашуға асыққан сайын жақсылықта болады».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/45; Мүслім, «Сиям», 13/9.
7
Муатта, 19-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйябтан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Мұсылмандар ауыз ашуға асыққан сайын жақсылықта болады».1

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Мәликтен жеткен бұл хадистің мүрсал екені жөнінде талас жоқ». Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 364.
8
Муатта, 19-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Хумәйд ибн Абдуррахманнан риуаят етіледі: «Омар ибн Хаттаб пен Осман ибн Аффан рамазанда түн қараңғылығы көрінген кезде ақшам намазын оқып, содан кейін ауыз ашатын».1

  1. 1Шәйбани, 365.

4-бапРамазан оразасын жүніп күйінде бастау

9
Муатта, 19-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша былай деп әңгімелейді: «Бір адам есік алдында тұрып, Алла елшісіне (с.а.с.): “Уа, Алланың елшісі! Жүніп күйінде таң атырдым. Ораза ұстағым келген еді”, – деді. Мен олардың әңгімесін естіп тұрдым. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Мен де кейде жүніп күйінде таң атырамын. Ораза ұстағым келсе, жуынып, ұстай беремін”, – деді. Әлгі адам: “Уа, Алланың елшісі! Сен біз сияқты емессің. Алла сенің өткен және келешек күнәларыңның бәрін кешірген”, – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.) ашуланып: “Аллаға ант етемін, сендердің араларыңда Алладан ең көп қорқатын әрі неден сақтану керектігін ең жақсы білетін адам болармын деп үміт етемін”, – деді».1

  1. 1Мүслім, «Сиям», 13/13. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 350.
10
Муатта, 19-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайлары Айша мен Үммі Сәләмадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) рамазанда ихтиләмнен, яғни ұйқыда шәует бөлінуінен емес, жыныстық қатынастан кейін жүніп күйінде таң атыратын. Содан кейін жуынып, оразасын ұстайтын».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/25; Мүслім, «Сиям», 13/78.
11
Муатта, 19-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Харис ибн Һишамның немересі Әбу Бәкір ибн Абдуррахман былай деп әңгімелейді: «Әкем екеуміз Мәруан ибн Хакәмнің жанында едік. Ол кезде Мәруан Мәдинаның әкімі болатын. Оған Әбу Һурайраның: “Жүніп күйінде таң атырған адам сол күні ораза ұстай алмайды”, – дегені жеткізілді. Сонда Мәруан: “Абдуррахман! Мүміндердің аналары Айша мен Үммі Сәләмаға барып, мұндай риуаяттың бар-жоғын анықтап кел”, – деп нық тапсырды. Абдуррахман екеуміз жолға шықтық. Әзірет Айшаға барып, сәлем бергеннен кейін: “Уа, мүміндердің анасы! Біз Мәруанның жанында едік. Оған Әбу Һурайраның: ‘Жүніп күйінде таң атырған адам сол күні ораза ұстай алмайды’, – дегені жеткізілді. Сіз бұған не дейсіз?” – деп сұрадық. Әзірет Айша: “Әбу Һурайраның айтқанындай емес. Уа, Абдуррахман, Алла елшісінің (с.а.с.) жолынан өзге жолға түскің келе ме?” – деді. Абдуррахман: “Жоқ, әсте!” – дегенде, әзірет Айша: “Анық куәлік етемін: Алла елшісі (с.а.с.) ихтиләмнен емес, жыныстық қатынастан кейін жүніп күйінде таң атыратын. Содан кейін жуынып, сол күні оразасын ұстайтын”, – деді».

Ол сөзін былай жалғастырады: «Ол жерден шығып, Үммі Сәләмаға бардық. Одан да сұрадық. Ол әзірет Айшаның айтқанын қайталады. Содан Мәруанға оралдық. Абдуррахман оған ардақты Пайғамбардың жұбайлары айтқан сөздерді жеткізді. Сонда Мәруан: “Әбу Мұхаммед! Көлігің есік алдында тұр. Әбу Һурайраға да бар. Ол қазір Ақиқтағы егістігінде. Бұл жайды оған айт”, – деді. Абдуррахман екеуміз көлікке мініп, Әбу Һурайраға бардық. Абдуррахман сөйлеп, болған жайды айтып берді. Әбу Һурайра: “Мен мұны білмеймін. Маған біреу1 айтқан еді”, – деді».2

  1. 1Мүслімдегі риуаятта бұл адамның Фадл ибн Аббас екені нақты айтылған. Зурқани шархы, 2/216.
  2. 2Бұхари, «Саум», 30/22; Мүслім, «Сиям», 13/75. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 351.
12
Муатта, 19-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайлары әзірет Айша мен Үммі Сәләмадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) ихтиләмнен емес, жыныстық қатынастан кейін жүніп күйінде таң атыратын. Кейін ғұсыл құйынып, сол күні де оразасын ұстайтын».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/22; Мүслім, «Сиям», 13/78.

5-бапОраза ұстаған адамның әйелін сүйе алуы

13
Муатта, 19-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясар былай деп әңгімелейді: «Бір адам рамазанда ораза ұстап жүріп әйелін сүйіп қойды. Содан қатты уайымдап, бұл жайдың үкімін сұрап келуге әйелін жіберді. Әйел Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Үммі Сәләмаға барып, болған жайды айтты. Үммі Сәләма: “Алла елшісі де (с.а.с.) ораза кезінде сүйетін”, – деді».

Ол сөзін былай жалғастырады: «Әйел қайтып келіп, Үммі Сәләманың сөзін күйеуіне жеткізді. Ер адам одан сайын ашуланып: “Біз Алла елшісі сияқты емеспіз! Алла оған қалағанының бәрін халал қылған”, – деп дүрсе қоя берді. Әйел Үммі Сәләмаға қайта келді. Оның жанында Алла елшісі (с.а.с.) де бар еді. Ардақты Пайғамбар: “Бұл әйел қандай шаруамен келіпті?” – деп сұрады. Үммі Сәләма болған жайды баяндап берді. Пайғамбарымыз: “Менің де сүйетінімді айтпадың ба?” – деді. Үммі Сәләма: “Айттым. Әйел күйеуіне қайтып барып, жағдайды жеткізгенде, ол одан сайын ашуланып: ‘Біз Алла елшісі (с.а.с.) сияқты емеспіз. Алла оған қалағанының бәрін халал қылған!’ – депті”, – деді. Мұны естіген ардақты Пайғамбар ашуланып: “Аллаға ант етемін, сендердің араларыңда Алладан ең көп қорқатын әрі қандай істерде шектен аспау керектігін ең жақсы білетін адам – менмін”, – деді».1

  1. 1Барлық риуаятшылар бұл хадисті мүрсал түрде жеткізген. Сондай-ақ қараңыз: Шафиғи, «Рисала», № 1109; Шәйбани, 352.
14
Муатта, 19-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша былай деп әңгімелейді: «Алла елшісі (с.а.с.) ораза кезінде әйелдерінің кейбірін сүйетін». Әзірет Айша мұны айтып, күліп қойды.1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/24; Мүслім, «Сиям», 13/62.
15
Муатта, 19-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен риуаят етіледі: «Омар ибн Хаттабтың әйелі Атикә әзірет Омар ораза ұстап жүргенде оның басынан сүйетін. Омар оған кедергі жасамайтын».

16
Муатта, 19-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Талханың қызы Айша былай деп әңгімелейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы әзірет Айшаның жанында едім. Күйеуім Абдуллаһ ибн Абдуррахман ибн Әби Бәкір де келді. Ол ораза болатын. Әзірет Айша оған: “Неге әйеліңе жақындап, оны сүймейсің, еркелетпейсің?” – деді. Күйеуім: “Ораза бола тұра сүйе аламын ба?” – деп сұрағанда, әзірет Айша: “Иә”, – деді».1

  1. 1Шәйбани, 353.
17
Муатта, 19-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләмнен риуаят етіледі: «Әбу Һурайра мен Сағд ибн Әби Уаққас ораза кезінде әйелін сүюге рұқсат беретін».1

  1. 1Өзін ұстай алатын адамның әйелін сүюінде ағаттық жоқ. Ал нәпсісіне сенбеген адамның сүймегені абзал.

6-бапОраза ұстаушының әйелін сүюіне рұқсат етілмейтін жағдайлар

18
Муатта, 19-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етілуінше, әзірет Айша: «Алла елшісі (с.а.с.) ораза кезінде сүйетін», – дегеннен кейін: «Сендердің қайсың нәпсісіне Алла елшісінен (с.а.с.) артық ие бола аласың?» – дейтін.1

Уруа ибн Зүбәйр былай дейді: «Ораза кезінде сүю адамды жақсылыққа жеткізеді деп ойламаймын».

  1. 1Мәликтің риуаяты осындай. Мәусул түрде де жеткізілген: Бұхари, «Саум», 30/23; Мүслім, «Сиям», 13/65.
19
Муатта, 19-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясардан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Аббастан ораза ұстаушының әйелін сүюіне бола ма деп сұралды. Ол жасы үлкен адамға рұқсат берді, ал жас адамға рұқсат бермеді».

20
Муатта, 19-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар ораза кезінде сүйісуге және аймаласуға тыйым салды».

7-бапСапарда ораза ұстау

21
Муатта, 19-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббастан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) Мекке азат етілген жылы рамазанда Меккеге бару үшін жолға шықты. Мәдинадан шығып, Меккеге үш қоналқа жердегі Қәдидке жеткенде оразасын бұзды. Содан кейін сапардағы барлық мұсылман оразасын бұзды. Өйткені сахабалар Алла елшісінің (с.а.с.) әрбір бұйрығын орындайтын».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/34; Мүслім, «Сиям», 13/88. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 360.
22
Муатта, 19-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір ибн Абдуррахманнан риуаят етіледі: «Кейбір сахабалар былай деді: “Алла елшісі (с.а.с.) Мекке азат етілген жылы сапарда мұсылмандарға оразасын бұзуды бұйырып: ‘Дұшпандарыңа қарсы күш жинаңдар’, – деді. Өзі оразасын жалғастырды”».

Әбу Бәкір былай дейді: «Мұны маған жеткізген кісі: “Алла елшісінің (с.а.с.) Әражда шөлден немесе ыстықтан басына су құйғанын көрдім. Оған: ‘Уа, Алланың елшісі! Кейбір адамдар оразасын жалғастырып жүр’, – делінді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) Қәдидке жеткенде бір ыдыс сұратып, су ішті. Содан кейін жұрттың бәрі оразасын бұзды”, – деді».1

  1. 1Мүслім, «Сиям», 13/90.
23
Муатта, 19-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Әнас ибн Мәликтен риуаят етіледі: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге рамазанда сапарға шыққан едік. Ораза ұстағандар ұстамағандарды, ұстамағандар ұстағандарды айыптамады».1

  1. 1Мүслім, «Сиям», 13/99.
24
Муатта, 19-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан жеткізеді: «Хамза ибн Амр әл-Әсләми ардақты Пайғамбардан: “Уа, Алланың елшісі! Мен ораза ұстайтын адаммын. Сапарда да ұстай аламын ба?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Қаласаң, ұста; қаламасаң, ұстама”, – деп бұйырды».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/33 (Айшадан); Мүслім, «Сиям», 13/104.
25
Муатта, 19-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар сапарда мүлде ораза ұстамайтын».1

  1. 1Шәйбани, 359.
26
Муатта, 19-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан риуаят етіп, былай дейді: «Уруа рамазанда сапарға шығатын. Біз де онымен бірге баратынбыз. Уруа ораза ұстайтын, біз ұстамайтынбыз. Ол бізге ораза ұстауды бұйырмайтын».1

  1. 1Бұл хадис рамазанда сапарға шыққан адамның ораза ұстамауына болатынын көрсетеді.

8-бапРамазанда сапарға шыққан немесе сапардан қайтқан адамның ұстанатын жолы

27
Муатта, 19-кітап, № 27
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естігенім бойынша, Омар ибн Хаттаб рамазанда сапарда жүргенде, Мәдинаға сол күннің басында жетемін деп ойласа, ораза ұстап келетін».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Рамазанда сапарда жүрген адам сол күннің басында үйіне жететінін алдын ала білсе, үйіне жетпей таң атса да, ораза ұстап келеді».

Имам Мәлик былай дейді: «Адам рамазанда сапарға шыққысы келіп, бірақ әлі елді мекенінен шықпай тұрып таң атса, сол күні кешке дейін оразасын ұстайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Сапардан қайтып келе жатқан адам сол күні ораза ұстамаса, ал әйелі де хайыздан жаңа тазарғандықтан рамазан оразасын ұстамаған болса, қаласа, әйелімен жыныстық қатынас жасай алады».

9-бапРамазан оразасын бұзудың кәффараты

28
Муатта, 19-кітап, № 28
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Бір адам рамазанда оразасын бұзған еді. Алла елшісі (с.а.с.) оған бір құл азат ету, екі ай үздіксіз ораза ұстау немесе алпыс кедейді тойдыру арқылы кәффарат өтеуді бұйырды. Әлгі адам: “Шамам келмейді”, – дегенде, Алла елшісіне (с.а.с.) бір себет құрма әкелінді. Ол: “Мынаны ал да, садақа етіп бер”, – деді. Әлгі адам: “Уа, Алланың елшісі! Бұған менен асқан мұқтаж адам жоқ”, – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.) азу тістері көрінгенше күліп: “Оны өзің же!” – деп бұйырды».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/30; Мүслім, «Сиям», 13/81. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 349. Ханафи мәзһабы бойынша әдейі ішіп-жеу немесе жыныстық қатынас арқылы оразасын бұзған адам бір күн қазасын өтейді әрі екі қамари ай ораза ұстайды; оған шамасы келмесе, алпыс кедейді тойдырады.
29
Муатта, 19-кітап, № 29
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйябтан риуаят етіледі: «Алла елшісіне (с.а.с.) бір бәдәуи келді. Ол: “Құрыдым!” – деп басын ұрып, шашын жұлып тұр еді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бұл не жағдай?” – деп сұрады. Әлгі адам: “Рамазанда ораза бола тұра әйеліммен жыныстық қатынас жасадым”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бір құл азат ете аласың ба?” – деп сұрады. Ол: “Жоқ!” – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бір ұрғашы түйені фидияға бере аласың ба?” – деді. Ол тағы да: “Жоқ!” – деді. Сонда ардақты Пайғамбар: “Ендеше, отыр!” – деді. Алла елшісіне (с.а.с.) бір себет құрма әкелінді. Ол: “Мынаны ал да, садақа етіп бер”, – деді. Әлгі адам: “Бұған менен асқан мұқтаж адам жоқ”, – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.): “Оны өзің же де, әйеліңмен қатынас жасаған күніңнің оразасының орнына бір күн қаза ұста!” – деп бұйырды».

Атадан риуаят етіледі: «Сағид ибн Мусәйябтан: “Бір себетте қанша құрма болады?” – деп сұрадым. Ол: “Он бес пен жиырма сағ аралығында болады”, – деп жауап берді».1

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ғалымдардың былай дегенін естідім: “Рамазанның қазасын өтеп жүрген адам күндіз әйелімен жыныстық қатынас жасап немесе басқа себеппен оразасын бұзса, оған Алла елшісі (с.а.с.) рамазан күндізінде жыныстық қатынас жасаған адамға міндеттеген кәффарат жүктелмейді. Ол тек сол күнгі оразасының қазасын өтейді”».

Имам Мәлик былай деген: «Бұл мәселеде естіген ең дұрыс үкімім – осы».

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «“Муаттаның” барлық риуаятшылары бұл хадисті осылай мүрсал түрде жеткізген. Мағынасы сахих жолдармен муттасыл түрде жеткен. Бірақ “Бір ұрғашы түйені фидияға бере аласың ба?” деген бөлігі махфуз емес».

10-бапОраза ұстаушының қан алдыруы

30
Муатта, 19-кітап, № 30
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омар ораза кезінде қан алдыратын. Кейін мұны қойып, ораза кезінде ауыз ашқанша қан алдырмайтын болды».

31
Муатта, 19-кітап, № 31
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан риуаят етіледі: «Сағд ибн Әби Уаққас пен Абдуллаһ ибн Омар ораза кезінде қан алдыратын».1

  1. 1Шәйбани, 356.
32
Муатта, 19-кітап, № 32
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруа әкесінен жеткізеді: «Ол ораза кезінде қан алдырып, содан кейін де оразасын жалғастыратын. Мен оның үнемі ораза күйінде қан алдырғанын көрдім».

Имам Мәлик былай деген: «Ораза ұстаушының қан алдыруы мәкруһ саналмайды. Тек әлсіреп қалуынан қауіптенсе, ұнамсыз көріледі. Ондай қауіп болмаса, қан алдырудың ағаттығы жоқ. Адам рамазанда қан алдырып, кейін оразасын жалғастырса, оған айтар ештеңем жоқ, сол күннің қазасын өтеуі де қажет емес. Қан алдырудың ұнамсыз көрілу себебі – оразасын аяғына дейін ұстай алмай қалу қаупінде. Кім қан алдырып, кешке дейін оразасын ұстаса, оған айтар ештеңем жоқ, сол күннің қазасын өтеуі де қажет емес».1

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Ораза» кітабы, 10-бөлім, 32-риуаят.

11-бапАшура күні ораза ұстау

33
Муатта, 19-кітап, № 33
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Айшадан риуаят етіледі: «Құрайыштықтар жаһилия дәуірінде Ашура күні ораза ұстайтын. Ол кезде Алла елшісі де (с.а.с.) ораза ұстайтын. Мәдинаға һижрет еткеннен кейін де осы күні ораза ұстады әрі өзгелерге ұстауды бұйырды. Рамазан оразасы парыз етілген соң Ашура оразасын міндетті түрде ұстау тоқтатылды. Оны қалаған адам ұстады, қаламаған адам ұстамады».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/69; Мүслім, «Сиям», 13/113.
34
Муатта, 19-кітап, № 34
Қазақша аудармасы

Хумәйд ибн Абдуррахман ибн Ауфтан риуаят етіледі: «Мұғауия ибн Әби Суфян қажылық жасаған жылы Ашура күні мінберге шығып: “Уа, Мәдина халқы! Ғалымдарың қайда? Мен Алла елшісінің (с.а.с.) бүгінгі күн туралы: ‘Бүгін – Ашура күні. Бұл күні ораза ұстау сендерге парыз емес. Бірақ мен оразамын. Қалаған адам ұстасын, қаламаған адам ұстамасын’, – дегенін естідім”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/69; Мүслім, «Сиям», 13/126. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 374.
35
Муатта, 19-кітап, № 35
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естігенім бойынша, Омар ибн Хаттаб Харис ибн Һишамға хабар жіберіп: “Ертең – Ашура күні. Сондықтан отбасыңа ораза ұстауды бұйыр”, – деген».

12-бапОраза айт пен құрбан айт күндері ораза ұстау

36
Муатта, 19-кітап, № 36
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) ораза айт пен құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салды».1

  1. 1Мүслім, «Сиям», 13/139. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 369, 370. Ханафи мәзһабы бойынша құрбан айт күні және одан кейінгі үш ташриқ күнінде ораза ұстау дұрыс емес.
37
Муатта, 19-кітап, № 37
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ғалымдардың: “Алла елшісі (с.а.с.) ораза ұстауға тыйым салған ораза айт пен құрбан айт күндерін қалдырып, басқа күндері жыл бойы үзбей ораза ұстаудың ағаттығы жоқ”, – дегенін естідім».

Ол былай дейді: «Бұл мәселеде естіген ең дұрыс үкімім – осы».

13-бапБірнеше күн қатарынан ауыз ашпай ораза ұстау – саум уисал

38
Муатта, 19-кітап, № 38
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) бірнеше күн қатарынан мүлде ауыз ашпай ораза ұстауға, яғни саум уисалға тыйым салды. Сахабалар: “Уа, Алланың елшісі! Өзіңіз солай істейсіз ғой?” – дегенде, ол: “Мен сендер сияқты емеспін. Маған жегізіледі де, ішкізіледі де”, – деп бұйырды».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/20; Мүслім, «Сиям», 13/56. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 367.
39
Муатта, 19-кітап, № 39
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.): “Саум уисал ұстамаңдар! Саум уисал ұстамаңдар!” – деді. Сахабалар: “Уа, Алланың елшісі! Өзіңіз солай ұстайсыз ғой!” – деп уәж айтқанда, ардақты Пайғамбар: “Мен сендер сияқты емеспін. Раббым мені жегізіп, ішкізген күйде түн өткіземін”, – деп бұйырды».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/49; Мүслім, «Сиям», 13/58. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 368. Ханафи мәзһабы бойынша уисал оразасы, яғни екі күн мен арадағы бір түн бойы ішіп-жемей ораза ұстау – мәкруһ.

15-бапОраза кезінде ауырып қалу

41
Муатта, 19-кітап, № 41
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ғалымдардан былай деп естідім: “Адам ауырып, ораза ұстау оны қажытып, едәуір қиналтса, оразасын бұза алады. Намазда түрегеп тұруы қиын болып, қиналған адам да отырып оқи алады. Алла құлының үзірін жақсырақ біледі. Алланың діні – жеңіл”».

Имам Мәлик былай дейді: «Алла Тағала сапарда ораза ұстамауға рұқсат берген. Ал сапардағы адам науқас адамға қарағанда оразаға төзімдірек. Құран Кәрімде: “Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, басқа күндерде дәл сондай мерзім ұстасын”, – делінген».1

Ол былай дейді: «Естіген ең дұрыс риуаят – осы. Бұл мәселеде бірауыздан келісім бар».

  1. 1«Бақара» сүресі, 2:184.

16-бапОраза нәзірі бар адамның нәпіл ораза ұстауы және қайтыс болған адамның орнына ораза ұстау

42
Муатта, 19-кітап, № 42
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Сағид ибн Мусәйябтан: “Бір ай ораза ұстауды нәзір еткен адам нәпіл ораза ұстай ала ма?” – деп сұралды. Сағид: “Нәпілден бұрын нәзір еткен оразасын ұстасын”, – деп жауап берді».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Сүлеймен ибн Ясардың да осыған ұқсас пәтуасын естіген едім».

Имам Мәлик былай дейді: «Адам құл азат етуді, ораза ұстауды, садақа беруді немесе түйе фидиясын беруді нәзір етіп, оны орындамай қайтыс болса әрі нәзірінің мал-мүлкінен өтелуін өсиет етсе, садақа мен түйе фидиясы малының үштен бірінен беріледі. Оларды өтеуге өзге өсиеттерден бұрын басымдық беріледі. Өйткені міндетке айналған нәзірлер нәпіл ғибадаттар сияқты емес. Соған қарамастан олар мұраның бәрінен емес, тек үштен бірінен ғана өтеледі. Егер адамның нәзірі барлық мал-мүлкінен өтеле берсе, ол өмір бойы өзіне міндет болған ғибадаттарды қайтыс болғанға дейін, малы мұрагерлеріне өткенге дейін, оларды өзі орындау мүмкіндігі қалмағанға дейін кейінге ысырар еді. Бәлкім, мұндай төлемге бүкіл мал-мүлкі жұмсалар еді. Ал адамның бұған өкілеттігі жоқ».

43
Муатта, 19-кітап, № 43
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омардан: “Адам басқа біреудің орнына ораза ұстай ала ма немесе намаз оқи ала ма?” – деп сұрайтын. Ол: “Адам басқа біреудің орнына ораза да ұстай алмайды, намаз да оқи алмайды!” – деп жауап беретін».

17-бапОразаның қазасын немесе кәффаратын қажет ететін жағдайлар

44
Муатта, 19-кітап, № 44
Қазақша аудармасы

Халид ибн Әсләмнен риуаят етіледі: «Омар ибн Хаттаб рамазанның бұлтты бір күні күн батып, кеш түсті деп ойлап, ауыз ашты. Біраздан кейін бір адам келіп: “Уа, мүміндердің әміршісі! Күн көрінді!” – деді. Сонда Омар: “Өтемі жеңіл! Біз ижтиһад жасадық”, – деп жауап берді».1

Имам Мәлик былай дейді: «Әзірет Омар “Өтемі жеңіл” дегенде, біздіңше, қазасын өтеуді әрі оның жеңілдігін меңзеп: “Орнына бір күн ораза ұстаймыз”, – дегісі келген. Алла жақсырақ біледі».2

  1. 1Шәйбани, 366. Ханафи мәзһабы бойынша да күн батты деп ойлап ауыз ашқан адам күннің қалған бөлігінде оразалы адам сияқты ішіп-жеуден тыйылып, кейін сол күннің қазасын өтейді.
  2. 244-риуаятта айтылғандай, бұл сөзді күн батты деп ойлап ауыз ашқаннан кейін айтқан.
45
Муатта, 19-кітап, № 45
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етіледі: Абдуллаһ ибн Омар былай дейтін: «Ауру немесе сапар себебінен рамазан оразасын қазаға қалдырған адам сол оразалардың қазасын өтеуге кіріскенде, арасын үзбей ұстайды».1

  1. 1Шәйбани, 361.
46
Муатта, 19-кітап, № 46
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Аббас пен Әбу Һурайра қазаға қалған рамазан оразасын үздіксіз ұстау керек пе, әлде араға күн салып ұстауға бола ма деген мәселеде келіспей қалды. Бірі: “Араға күн салып ұстауға болады”, – деді; екіншісі: “Үзбей ұстау қажет”, – деді. Бірақ қайсысының араға күн салып ұстауға рұқсат бергені, қайсысының үзбей ұстауды айтқаны есімде жоқ».1

  1. 1Шәйбани, 362. Ханафи мәзһабы бойынша қаза оразаны арасын үзбей ұстаған абзал.
47
Муатта, 19-кітап, № 47
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: «Ораза кезінде әдейі құсқан адам сол күнгі оразасының қазасын өтейді. Ал өз еркінен тыс құсқан адамға қаза қажет емес».1

  1. 1Шәйбани, 358. Ханафи мәзһабы құсу мәселесінде осы хадиске сүйенеді.
48
Муатта, 19-кітап, № 48
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен риуаят етіледі: «Сағид ибн Мусәйябтан рамазан оразасының қазасы жөнінде сұралды. Ол: “Меніңше, ең дұрысы – қаза оразаларды өтеуге кіріскенде, арасын үзбей ұстау”, – деді».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Қаза оразаларды араға күн салып ұстаған адам оларды қайта өтеуге міндетті емес. Әртүрлі күндері ұстауы ораза қарызын өтеуге жеткілікті. Бірақ, меніңше, ең абзалы – бәрін қатарынан, арасын үзбей ұстау».

Имам Мәлик былай дейді: «Рамазан оразасын немесе өзіне міндет болған өзге оразаны ұстап жүрген адам қателесіп не ұмытып бір нәрсе жеп-ішсе, сол күннің қазасын өтеуі қажет».

49
Муатта, 19-кітап, № 49
Қазақша аудармасы

Хумәйд ибн Қайс әл-Мәккиден риуаят етіледі: «Мүжәһид Бәйтулланы тауап етіп жүргенде, мен де қасында едім. Бір адам келіп: “Кәффарат оразасын қатарынан үзбей ұстау керек пе, әлде араға күн салып ұстауға бола ма?” – деп сұрады. Мен дереу: “Иә, қаласа, араға күн салып ұстай алады”, – деп жауап бердім. Мүжәһид: “Жоқ, үздіксіз ұстайды. Өйткені Үбәй ибн Кағбтың қырағатында ‘қатарынан үш күн’ делінген”, – деп қарсы шықты».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Меніңше, Алла Тағаланың Құранда белгілеген үкіміне сай, бұл ораза қатарынан ұсталады».

Имам Мәликке мынадай сұрақ қойылды: «Бір әйел рамазанда таңертең ораза ұстады. Әдеттегі хайыз мерзімі келмесе де, кенет анық қан көрінді. Ол тағы келер деп кешке дейін күтті, бірақ келмеді. Ертеңіне қайта қан келді, алайда бұл жолғысы алғашқы күнгіден аз еді. Кейін қан әдеттегі хайыз мерзімі жетпей тоқтады. Мұндай әйел намазы мен оразасын не істейді?» Имам Мәлик былай жауап берді: «Бұл – хайыз қаны. Оны көргенде оразасын бұзсын, кейін қазасын өтейді. Қан тоқтаған соң ғұсыл құйынып, оразасын ұстайды».

Имам Мәликтен былай деп сұралды: «Рамазанның соңғы күндерінде мұсылман болған адам сол айдың тек мұсылман болғаннан кейінгі күндерінде ғана ораза ұстай ма, әлде рамазанның бәрін қаза етуі керек пе?» Ол былай жауап берді: «Өткен күндердің қазасын өтемейді, мұсылман болған күнінен бастап ұстайды. Меніңше, мұсылман болған күнінің қазасын өтегені дұрыс».

18-бапНәпіл оразаның қазасы

50
Муатта, 19-кітап, № 50
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан риуаят етіледі: «Әзірет Айша мен Хафса таңертең ораза болатын. Оларға ас әкелінгенде, жеп, оразаларын бұзды. Сол кезде жандарына Алла елшісі (с.а.с.) келді. Әзірет Хафса әкесіне тартқан өжеттігімен әзірет Айшадан бұрын сөз бастап: “Уа, Алланың елшісі! Айша екеуміз сәресінде нәпіл ораза ұстауға ниет еткен едік. Бірақ бізге біреу ас сыйлап жіберген соң оразамызды бұздық”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Ендеше, оның орнына басқа бір күні қазасын ұстаңдар”, – деп бұйырды».1

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Нәпіл оразада ұмытып не қателесіп жеп-ішіп қойған адамға қаза қажет емес. Алайда “Бәрібір оразам бұзылды” деп, ішіп-жеуді жалғастырмай, сол күнгі оразасын кешке дейін толық ұстауы керек. Нәпіл ораза ұстаған адам оразасын бұзуға мәжбүрлейтін жағдайға тап болса да, оған қаза қажет емес. Бірақ оның негізгі мақсаты оразасын бұзу болмауға тиіс. Оразасын басына түскен үзір себепті ғана бұзуы керек. Нәпіл намаздың да үкімі осындай: намаз үстінде өз еркінен тыс себеппен дәреті бұзылып, қайта дәрет алу мүмкіндігі болмаса, сол намаздың қазасын өтеуі қажет емес».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Намаз, ораза, қажылық және соларға ұқсас ізгі ғибадаттарды нәпіл ретінде толық орындауға мүмкіндігі болмаса, адам оларды бастамауы керек. Мысалы, намазды бастап, ифтитах тәкбірін алса, екі рәкағатты толық оқиды. Ораза ұстай бастаса, сол күні кешке дейін ұстайды. Ихрамға кірсе, қажылығын аяқтайды; тауапқа кіріссе, жеті шәутін, яғни жеті айналымын толық орындайды. Басталған ғибадатты тастамай, аяқтауы қажет. Тек адам баласының басына келетін ауру не ғибадатты жалғастыруға кедергі болатын үзір себепті тоқтата алады. Осыған байланысты Алла Тағала Құран Кәрімде: “Әрі таңның ақ жібін түннің қара жібінен ажыратқанға дейін жеп-ішіңдер. Содан кейін күн ұясына батып, ымырт түскенге дейін оразаны толық ұстаңдар”, – деп бұйырады.2 Олай болса, бастаған оразасын толық аяқтау – уәжіп».

Ол сөзін былай жалғастырады: «Басқа бір аятта: “Қажылық парызы мен ұмраны Алла разылығы үшін өтеңдер”, – делінген.3 Өзіне парыз болған қажылығын өтеген мұсылман кейін нәпіл қажылықты бастап, оны аяқтамай кейінге қалдыра алмайды; ихрамнан шығып, жолдан қайтуы дұрыс емес. Нәпіл ғибадатты бастаған әрбір адам парыз ғибадатты толық орындағаны сияқты, оны да аяқсыз қалдырмауға тиіс».

Имам Мәлик былай дейді: «Естігендерімнің ішіндегі ең дұрысы – осы».4

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Мәликтен тек мүрсал түрде сахих жеткен». Мәусул түрде де риуаят етілген: Әбу Дәуіт, «Саум», 14/73; Тирмизи, «Саум», 6/13.
  2. 2«Бақара» сүресі, 2:187.
  3. 3«Бақара» сүресі, 2:196.
  4. 4Шәйбани, 363.

19-бапҮзір себепті рамазан оразасын ұстай алмаған адамның фидия беруі

51
Муатта, 19-кітап, № 51
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естігенім бойынша, Әнас ибн Мәлик ораза ұстай алмайтындай қартайған кезде фидия беретін, яғни ұстамаған әр күні үшін бір кедейді тамақтандыратын».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Меніңше, ораза ұстай алмайтын мұндай адамға фидия беру міндет емес. Бірақ беруге шамасы жетсе, бергенін құп көремін. Фидия беретін болса, әр күн үшін бір кедейге Пайғамбардың мүддімен бір мүдд азық береді. Бір мүдд – жарты килограмм».

52
Муатта, 19-кітап, № 52
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Омардан: “Ораза ұстаған жүкті әйел оразасының құрсағындағы балаға зиян тигізуінен қорықса, не істейді?” – деп сұралды. Абдуллаһ: “Ораза ұстамайды. Ұстамаған әр күні үшін бір кедейге бір мүдд бидай береді”, – деп жауап берді».

Имам Мәлик былай дейді: «Ғалымдар Алла Тағаланың: “Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, басқа күндерде дәл сондай мерзім ұстасын”, – деген аятына1 сүйеніп, құрсақтағы бала үшін қауіптенуді де аурудың бір түрі деп есептейді. Сондықтан жүкті әйелдің ұстамаған оразаларының қазасын өтеуі қажет екенін айтады».

  1. 1«Бақара» сүресі, 2:184.
53
Муатта, 19-кітап, № 53
Қазақша аудармасы

Абдуррахманның әкесі Қасымнан риуаят етіледі: «Кімде-кім денсаулығы қалпына келіп, келесі рамазан жеткенге дейін мүмкіндігі бола тұра, бұрынғы рамазаннан қалған оразаларын өтемесе, әр күн үшін бір кедейге бір мүдд бидай береді әрі оразаларының қазасын да өтейді».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Сағид ибн Жүбәйрдің де осыған ұқсас пәтуасын естіген едім».

20-бапҚаза оразаға қатысты бір риуаят

54
Муатта, 19-кітап, № 54
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Рамазанда ұстай алмаған оразаларым болса, қазасын келесі рамазанға дейінгі шағбан айында ғана өтей алатынмын».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/40; Мүслім, «Сиям», 13/151.

21-бапКүмән күнінде ұсталған оразаның үкімі

55
Муатта, 19-кітап, № 55
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естігеніме қарағанда, ғалымдар шағбанның соңғы күнінде, яғни күмән күнінде рамазан оразасын ұстауға тыйым салған. Адам сол күні һиләл көрінгені анықталмай тұрып рамазан оразасына ниет етсе, кейін сенімді біреу келіп, бұл күннің рамазанға тиесілі екенін хабарласа да, сол күннің қазасын өтейді. Өйткені оразаға кіріскенде һиләлдің көрінгені анықталмаған еді. Ал ғалымдар күмән күнінде нәпіл ораза ұстаудың ағаттығы жоқ деп есептеген».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздегі ұстаным осындай. Мәдина ғұламалары да осы пікірде».

22-бапОразаға қатысты әртүрлі риуаяттар

56
Муатта, 19-кітап, № 56
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) кейде “Енді оразасыз күн өткізбейтін болды” дейтіндей көп ораза ұстайтын; кейде “Енді ораза ұстамайтын болды” дейтіндей оразасыз күндер өткізетін. Рамазаннан басқа ешбір айды түгел оразамен өткізгенін көрмедім. Шағбандағыдан көп оразаны басқа ешбір айда ұстағанын да көрмедім».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/52; Мүслім, «Сиям», 13/175.
57
Муатта, 19-кітап, № 57
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Ораза – қалқан. Сондықтан ораза ұстаушы жаман сөз айтпасын, надандық жасамасын. Біреу оған қолымен не сөзімен тиіссе: “Мен оразамын! Мен оразамын!” – десін».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/2; Мүслім, «Сиям», 13/163.
58
Муатта, 19-кітап, № 58
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра жеткізеді: Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Жаным қолында болған Аллаға ант етемін, ораза ұстаушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында мисктен де хош. Ұлы Алла құдси хадисте былай дейді: “Құлым ішіп-жеуін және барлық қалауын Мен үшін тәрк етеді. Ораза – Менің разылығым үшін, оның сыйын тек Мен беремін. Әрбір жақсылықтың сауабы он еседен жеті жүз есеге дейін беріледі. Ал ораза Мен үшін ұсталады, оның сыйын тек Мен ғана беремін”».1

  1. 1Бұхари, «Саум», 30/2; Мүслім, «Сиям», 13/163.
59
Муатта, 19-кітап, № 59
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан риуаят етіледі: «Рамазан келгенде жәннаттың есіктері ашылады, тозақтың есіктері жабылады, шайтандар байланып тасталады».1

  1. 1Мұнда риуаят мәуқуф түрде берілген. Мәусул түрде де жеткізілген: Бұхари, «Саум», 30/5; Мүслім, «Сиям», 13/1.
60
Муатта, 19-кітап, № 60
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ғалымдардан естігенім бойынша, олар рамазанда ораза ұстаушының күндізгі уақыттың қай сәтінде де мисуак қолдануын мәкруһ санамаған. Ілім иелерінің бірінің мұны мәкруһ санағанын немесе тыйым салғанын да естіген жоқпын».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ораза айттан кейін алты күн ораза ұстаған ешбір ғалым мен фақиһті көрмедім. Сахабалардың ешбірінен де бұл жөнінде риуаят жеткен жоқ. Ғалымдар кейбір надан адамдар осы алты күнді рамазанға қосып, бидғат шығара ма деп қауіптеніп, мұны мәкруһ санаған. Егер ғалымдар рұқсат берсе, жұрт олардың өздерінің де айттан кейін алты күн ораза ұстағанын көрер еді».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ғалымдардың, фақиһтердің және жұрт соңынан ерген беделді кісілердің ешбірінің жұма күні ораза ұстауға тыйым салғанын көрмедім. Жұма күні ораза ұстау – жақсы іс. Кейбір ғалымдардың осы күні ораза ұстағанын көрдім. Олар дәл сол күні ораза ұстау үшін әдейі күтіп жүргендей болатын».