Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Сағид ибн Мусәйябтан: “Бір ай ораза ұстауды нәзір еткен адам нәпіл ораза ұстай ала ма?” – деп сұралды. Сағид: “Нәпілден бұрын нәзір еткен оразасын ұстасын”, – деп жауап берді».
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Сүлеймен ибн Ясардың да осыған ұқсас пәтуасын естіген едім».
Имам Мәлик былай дейді: «Адам құл азат етуді, ораза ұстауды, садақа беруді немесе түйе фидиясын беруді нәзір етіп, оны орындамай қайтыс болса әрі нәзірінің мал-мүлкінен өтелуін өсиет етсе, садақа мен түйе фидиясы малының үштен бірінен беріледі. Оларды өтеуге өзге өсиеттерден бұрын басымдық беріледі. Өйткені міндетке айналған нәзірлер нәпіл ғибадаттар сияқты емес. Соған қарамастан олар мұраның бәрінен емес, тек үштен бірінен ғана өтеледі. Егер адамның нәзірі барлық мал-мүлкінен өтеле берсе, ол өмір бойы өзіне міндет болған ғибадаттарды қайтыс болғанға дейін, малы мұрагерлеріне өткенге дейін, оларды өзі орындау мүмкіндігі қалмағанға дейін кейінге ысырар еді. Бәлкім, мұндай төлемге бүкіл мал-мүлкі жұмсалар еді. Ал адамның бұған өкілеттігі жоқ».