Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естігенім бойынша, Осман ибн Аффанның тұсында һиләл таңертең көрінген. Бірақ әзірет Осман оразасын бұзбай, кешке күн батқанға дейін ұстапты».
Яхияның айтуынша, имам Мәлик рамазан һиләлін көрген адам туралы былай деген: «Рамазан һиләлін жалғыз өзі көрген адам ораза ұстай бастайды. Ол күннің рамазанға тиесілі екенін біле тұра, ораза ұстамауы дұрыс емес. Ал шәууәл һиләлін жалғыз өзі көрген адам оразасын бұзбасын. Өйткені оған сенбегендер күмәнданып, айып тағуы мүмкін. Ал өзі өзгелерге: “Біз һиләлді көрдік!” – дейді. Кім шәууәл һиләлін күндіз көрсе, оразасын бұзбасын, сол күні кешке дейін ұстасын. Өйткені оның көргені – келесі түннің һиләлі».
Яхиядан риуаят етіледі: Имам Мәлик былай деген: «Халық айт күнін рамазан деп ойлап, ораза ұстап жүрсе, сенімді бір адам келіп, һиләлдің бір күн бұрын көрінгенін хабарласа әрі сол күнмен оразаның отыз бірінші күні толатын болса, қай уақыт болса да, дереу оразаларын бұзады. Ал хабар жеткізген адам күн тас төбеден ауғаннан кейін келсе, айт намазын да оқымайды».