Хадис

Иғтикаф

Муатта, 20-кітап · 16 хадис · № 1–16

Мазмұны: 6 бап
  1. 1Иғтикафтың сипаты
  2. 2Оразасыз иғтикафқа кіру
  3. 3Иғтикафқа кірген адамның айт намазына баруы
  4. 4Иғтикафтың қазасы
  5. 5Иғтикафтағы адамның некесі
  6. 6Қадір түні

1-бапИғтикафтың сипаты

1
Муатта, 20-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) иғтикафта болғанда терезеден басын маған созатын. Мен оның шашын жуып, тарайтынмын. Иғтикафта отырған жерінен тек үлкен не кіші дәретке бару үшін ғана шығатын».1

  1. 1Бұхари, «Иғтикаф», 33/3; Мүслім, «Хайыз», 3/6. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 377. Ханафи мәзһабы иғтикафтың орындалуы жөнінде осы хадиске сүйенеді.
2
Муатта, 20-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Абдуррахманның қызы Амрадан риуаят етіледі: «Әзірет Айша иғтикафта болғанда науқастардың халін арнайы тоқтамай, жүріп бара жатып сұрайтын».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Иғтикафтағы адам қандай да бір шаруа үшін сыртқа шықпайды, біреуге жәрдемдесу үшін де бармайды. Тек үлкен не кіші дәретке бару үшін шыға алады. Егер біреудің шаруасы үшін сыртқа шығуға рұқсат етілсе, науқастың көңілін сұрау, жаназа намазы мен жаназа рәсіміне қатысу әлдеқайда лайық болар еді. Алайда бұлар үшін де шығуға болмайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Иғтикафтағы адам науқасқа бару, жаназа намазына қатысу сияқты өзіне рұқсат етілмеген істерден сақтанбаса, иғтикафы дұрыс болмайды. Ал отырған жерінен тек дәретке бару үшін шығуының ағаттығы жоқ».

3
Муатта, 20-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ибн Шиһабтан: “Иғтикафтағы адам дәретке бару үшін төбесі жабық жерге кіре ала ма?” – деп сұрадым. Ол: “Иә, оның ағаттығы жоқ”, – деп жауап берді».

Ол былай дейді: «Біз, Мәдина халқы, бұл мәселеде таласпаймыз».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Жұма намазы оқылатын әрбір мешітте иғтикафқа кіруге болады. Жұма намазы оқылмайтын мешітте иғтикафқа кіруді ұнамсыз көруімнің себебі – адамның жұма үшін басқа мешітке шығуына немесе жұманы қалдыруына тура келетіні. Ал жұма намазына қатысу өзіне міндет болмаса, басқа мешітке баруы қажет емес. Мұндай адамның жұма оқылмайтын мешітте иғтикаф жасауында ағаттық көрмеймін. Өйткені Алла Тағала: “Әрі мешіттерде иғтикафта болғандарыңда...”1 – деп, барлық мешітті атаған, иғтикафқа арнайы мешіт белгілемеген».

Имам Мәлик былай дейді: «Осы аяттан да жұма оқылмайтын мешітте иғтикаф жасауға болатыны аңғарылады. Бұл – жұма намазына қатысу үшін басқа мешітке бару өзіне міндет болмаған адамға қатысты».

Имам Мәлик былай дейді: «Иғтикафтағы адам отырған мешітінен басқа жерде түнемейді. Шатыры мешіттің ауласында болса, сонда түнеуіне болады. Иғтикафтағы адамның мешіттен не оның ауласынан тыс жерге түнеу үшін арнайы баспана тігуіне рұқсат берген ешкімді естіген емеспін. Ол тек мешітте немесе мешіттің ауласында болады. Мешіттен басқа жерде түнемейтініне дәлелдердің бірі – әзірет Айшаның мына риуаяты: “Алла елшісі (с.а.с.) иғтикафта болғанда үйге тек үлкен не кіші дәретке бару үшін ғана кіретін”».

Имам Мәлик былай дейді: «Мешіттің төбесінде және мұнарасында иғтикаф жасалмайды».

Иғтикафқа кіру уақытына қатысты имам Мәлик былай дейді: «Иғтикафқа кіретін адам алғашқы түнін сол жерде өткізу үшін күн батпай тұрып орнына келіп, дайын отыруы керек. Ол өзге адамдар айналысатын сауда және соған ұқсас істермен шұғылданбай, иғтикафпен ғана айналысады. Дегенмен өзіне қажет кейбір маңызды істер, отбасылық шаруалар және сауда-саттық жөнінде тапсырма беруіне болады. Мұндай істер өзін тым көп алаңдатпауға тиіс. Егер бәрі де адамның уақытын көп алмайтын шағын шаруа болса, оларға көңіл бөлуінің ағаттығы жоқ».

Имам Мәлик былай дейді: «Ғалымдардың ешбірінің иғтикафқа ерекше шарт қойғанын естіген жоқпын. Иғтикаф та – намаз, ораза, қажылық сияқты ғибадаттардың бірі. Кім осы ғибадаттардың бірін орындаса, сүннетке сай орындайды. Мұсылмандар істемеген нәрсені ойлап табуға, болмаған шарт қоюға, бидғат енгізуге болмайды. Алла елшісі (с.а.с.) иғтикаф жасаған. Мұсылмандар иғтикафтың қалай орындалатынын біледі».

Имам Мәлик былай дейді: «Иғтикаф пен жиуар, яғни мешітте құлшылық үшін тұру – бір ұғым. Иғтикафтың үкімі ауыл тұрғынына да, қала тұрғынына да бірдей».2

  1. 1«Бақара» сүресі, 2:187.
  2. 2Шәйбани, 379.

2-бапОразасыз иғтикафқа кіру

4
Муатта, 20-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед пен Абдуллаһ ибн Омардың азат еткен құлы Нәфиғ жеткізеді: «Алла Тағаланың мына аятына сай, оразасыз иғтикаф болмайды: “Әрі таңның ақ жібін түннің қара жібінен ажыратқанға дейін жеп-ішіңдер. Содан кейін күн ұясына батып, ымырт түскенге дейін оразаны толық ұстаңдар. Әрі мешіттерде иғтикафта болғандарыңда әйелдеріңмен төсек қатынасына түспеңдер”».1

Олар былай түсіндіреді: «Өйткені мұнда иғтикаф оразамен бірге аталған».

Имам Мәлик те былай дейді: «Біздегі үкім де осындай: оразасыз иғтикаф болмайды».

  1. 1«Бақара» сүресі, 2:187.

3-бапИғтикафқа кірген адамның айт намазына баруы

5
Муатта, 20-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір ибн Абдуррахманның азат еткен құлы Сүмәййден риуаят етіледі: «Әбу Бәкір ибн Абдуррахман иғтикафқа кірген еді. Дәретке бару үшін Халид ибн Уәлидтің есігі жанындағы төбесі жабық бөлмеде орналасқан қалқаға баратын. Жамағатпен бірге айт намазын оқымайынша үйіне қайтпайтын».

6
Муатта, 20-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Кейбір ғалымдардың рамазанның соңғы он күнінде иғтикафқа кіргенін көрдім. Олар жамағатпен бірге айт намазын оқымайынша үйлеріне қайтпайтын».

Ол былай дейді: «Бұл риуаяттар маған бұрын өмір сүріп, дүниеден өткен ізгі кісілерден жетті. Осы мәселеде естігендерімнің ішіндегі ең дұрысы да – осылар».

4-бапИғтикафтың қазасы

7
Муатта, 20-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Әзірет Айшадан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) иғтикафқа кіргісі келді. Отырмақ болған жеріне келгенде, әзірет Айшаның, Хафсаның және Зейнептің шатырлары тігулі тұрғанын көрді. Олардың кімдікі екенін сұрағанда: “Айша, Хафса және Зейнептің шатырлары”, – деп жауап берілді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Жақсылық істедік деп ойлайсыңдар ма?” – деді».

Ол былай жалғастырады: «Содан кейін иғтикафқа кірмей, кері қайтты. Оның орнына шәууәл айында он күн иғтикаф жасады».1

Имам Мәликтен былай деп сұралды: «Рамазанның соңғы он күнінде иғтикафқа кірген адам бір-екі күннен кейін ауырып, иғтикафтан шықса, жазылған соң қайта кіруі қажет пе? Бұл оған парыз бола ма? Парыз болса, қай айда кіруі керек?» Имам Мәлик былай жауап берді: «Жазылған соң келесі рамазанда немесе басқа айда өзіне міндет болған осы иғтикафтың қазасын өтейді. Естігенім бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) бір рамазанда иғтикафқа кірмек болып, кейін кірмеген. Рамазаннан кейін шәууәл айында он күн иғтикаф жасаған».2

Имам Мәлик былай дейді: «Рамазанда нәпіл иғтикафқа кірген адам мен иғтикаф қарызы бар адамға рұқсат етілетін және тыйым салынатын істердің үкімі бірдей. Маған жеткен риуаяттарға қарағанда, Алла елшісінің (с.а.с.) барлық иғтикафы нәпіл болған».

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Иғтикафтағы әйел хайыз көре бастаса, иғтикафтан шығып, үйіне қайтады. Тазарған соң мешіттегі орнына оралып, иғтикафын қалған жерінен жалғастырады. Үздіксіз екі ай ораза ұстау міндет болған әйел де осылай істейді: хайыздан тазарған бойда кешіктірмей, оразасын қалған жерінен жалғастырады».

  1. 1Бұхари, «Иғтикаф», 33/7; Мүслім, «Иғтикаф», 14/6.
  2. 2Бұл – бұған дейін сахих түрде жеткізген хадисі. Осы және осындай риуаяттардан Мәликтің «естігенім бойынша» деген тіркесті сахих хадиске де қолданғаны аңғарылады. Сондықтан имамдар Мәликтің «бәлаға» тіркесімен жеткізген хадистерін сахих деп айтқан.
8
Муатта, 20-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) иғтикафта болғанда тек үлкен не кіші дәретке бару үшін ғана сыртқа шығатын».1

Имам Мәлик былай дейді: «Иғтикафтағы адам ата-анасының да, басқа біреудің де жаназасына қатыса алмайды».

  1. 1Мұнда мүрсал түрде берілген. Ал бұған дейін мәусул түрде жеткізілген еді.

5-бапИғтикафтағы адамның некесі

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Иғтикафтағы адамның жыныстық жақындасуға бармай неке қидыруының ағаттығы жоқ. Әйелдің де осындай шартпен неке қидыруына болады. Иғтикафтағы адамға күндіз әйелімен істеуге тыйым салынған әрекеттер түнде де харам. Иғтикафтағы әйел мен ер адамның жыныстық жақындасуға бармай неке қидыруын мәкруһ санаған ешкімді көрмедік. Ал жыныстық жақындасуға рұқсат жоқ».

Имам Мәлик былай дейді: «Ораза ұстаушының да неке қидыруы мәкруһ емес. Бірақ иғтикафтағы адам мен ихрамдағы адамның некесіне қатысты үкім әртүрлі. Ихрамдағы адам ішіп-жей алады, науқастың көңілін сұрап, жаназаға қатыса алады, бірақ хош иіс қолданбайды. Ал иғтикафтағы адам май жағып, хош иіс қолдана алады; әйел де, ер адам да шашын қысқарта алады. Бірақ жаназаға қатыспайды, жаназа намазын оқымайды, науқастың көңілін сұрап бармайды. Ихрамдағы адамның, иғтикафтағы адамның және ораза ұстаушының некесіне қатысты сүннетте осындай әртүрлі үкім қалыптасқан».

6-бапҚадір түні

9
Муатта, 20-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худриден риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) бір жылы рамазанның екінші он күндігінде иғтикаф жасады. Әдетте иғтикафтан шығатын күнінің алдындағы жиырма бірінші түнге жеткенде, былай деді: “Кім менімен бірге иғтикаф жасаған болса, соңғы он күнде де жасасын. Маған осы түн көрсетілген еді, бірақ кейін ұмыттырылды. Сол түннің таңында өзімді су мен балшыққа сәжде етіп жатқан күйде көрдім. Сондықтан Қадір түнін рамазанның соңғы он күнінен, оның тақ түндерінен іздеңдер”».

Әбу Сағид бұл оқиға туралы былай дейді: «Сол түні жаңбыр жауып, мешіттің төбесінен су өтті. Рамазанның жиырма бірінші күні таңертең Алла елшісінің (с.а.с.) намаздан қайтқанда маңдайы мен мұрнында су мен балшықтың ізі болғанын өз көзіммен көрдім».1

  1. 1Бұхари, «Иғтикаф», 33/1; Мүслім, «Сиям», 13/213. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 378.
10
Муатта, 20-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Һишам әкесі Уруадан жеткізеді: Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Қадір түнін рамазанның соңғы он түнінен іздеңдер».1

  1. 1Айшадан мәусул түрде жеткізілген: Бұхари, «Ләйләтул-қадр», 32/3; Мүслім, «Сиям», 13/219.
11
Муатта, 20-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етіледі: Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Қадір түнін рамазанның соңғы жеті түнінен іздеңдер».1

  1. 1Мүслім, «Сиям», 13/206.
12
Муатта, 20-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Омар ибн Убайдуллаһтың азат еткен құлы Әбу Нәдірден риуаят етіледі: «Абдуллаһ ибн Үнәйс әл-Жүһәни ардақты Пайғамбарға: “Уа, Алланың елшісі! Үйім алыс еді. Бір түнді белгілеп беріңіз, сол түні келейін”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Рамазанның жиырма үшінші түні кел!” – деп бұйырды».1

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Бұл хадис – мүнқатиғ». Мүслім («Сиям», 13/218) оны мәусул түрде жеткізеді.
13
Муатта, 20-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Әнас ибн Мәлик былай деп әңгімелейді: «Рамазанда ардақты Пайғамбар жаныма келіп: “Маған осы рамазанда Қадір түні көрсетілген еді. Бірақ екі адам айтысып қалып, ол туралы білгенім жадымнан көтерілді. Ол түнді рамазанның жиырма бесінші, жиырма жетінші және жиырма тоғызыншы түндерінен іздеңдер”, – деп бұйырды».1

  1. 1Ибн Абдулбәр былай дейді: «Имам Мәликтен жеткен риуаяттың иснады мен мәтіні жөнінде талас жоқ. Хадис Әнас – Убада ибн әс-Самит тізбегімен жеткен».
14
Муатта, 20-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Ибн Омардан риуаят етіледі: «Кейбір сахабаларға түсінде Қадір түнінің рамазанның соңғы жеті түнінде болатыны көрсетілді. Сонда ардақты Пайғамбар: “Түстеріңнің соңғы жеті түнге сәйкес келгенін байқадым. Қадір түнін іздеген адам оны соңғы жеті түннен іздесін”, – деп бұйырды».1

  1. 1Бұхари, «Ләйләтул-қадр», 32/2; Мүслім, «Сиям», 13/205.
15
Муатта, 20-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Сенімді ғалымдардан естігенім бойынша, Алла елшісіне (с.а.с.) бұрынғы адамдардың ғұмыры немесе одан Алла қалаған мөлшер көрсетілген. Сонда ол өз үмбетінің өмірі қысқа болғандықтан, бұрынғы үмбеттердің ұзақ ғұмырында орындаған амалдарына жете алмай қалуынан қауіптенген. Ұлы Алла оған мың айдан да қайырлы Қадір түнін нәсіп еткен».

16
Муатта, 20-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйябтан риуаят етіледі: «Қадір түні құптан намазын жамағатпен оқыған адам сол түннен өз үлесін алған болады».