Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ибн Шиһабтан: “Иғтикафтағы адам дәретке бару үшін төбесі жабық жерге кіре ала ма?” – деп сұрадым. Ол: “Иә, оның ағаттығы жоқ”, – деп жауап берді».
Ол былай дейді: «Біз, Мәдина халқы, бұл мәселеде таласпаймыз».
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Жұма намазы оқылатын әрбір мешітте иғтикафқа кіруге болады. Жұма намазы оқылмайтын мешітте иғтикафқа кіруді ұнамсыз көруімнің себебі – адамның жұма үшін басқа мешітке шығуына немесе жұманы қалдыруына тура келетіні. Ал жұма намазына қатысу өзіне міндет болмаса, басқа мешітке баруы қажет емес. Мұндай адамның жұма оқылмайтын мешітте иғтикаф жасауында ағаттық көрмеймін. Өйткені Алла Тағала: “Әрі мешіттерде иғтикафта болғандарыңда...”1 – деп, барлық мешітті атаған, иғтикафқа арнайы мешіт белгілемеген».
Имам Мәлик былай дейді: «Осы аяттан да жұма оқылмайтын мешітте иғтикаф жасауға болатыны аңғарылады. Бұл – жұма намазына қатысу үшін басқа мешітке бару өзіне міндет болмаған адамға қатысты».
Имам Мәлик былай дейді: «Иғтикафтағы адам отырған мешітінен басқа жерде түнемейді. Шатыры мешіттің ауласында болса, сонда түнеуіне болады. Иғтикафтағы адамның мешіттен не оның ауласынан тыс жерге түнеу үшін арнайы баспана тігуіне рұқсат берген ешкімді естіген емеспін. Ол тек мешітте немесе мешіттің ауласында болады. Мешіттен басқа жерде түнемейтініне дәлелдердің бірі – әзірет Айшаның мына риуаяты: “Алла елшісі (с.а.с.) иғтикафта болғанда үйге тек үлкен не кіші дәретке бару үшін ғана кіретін”».
Имам Мәлик былай дейді: «Мешіттің төбесінде және мұнарасында иғтикаф жасалмайды».
Иғтикафқа кіру уақытына қатысты имам Мәлик былай дейді: «Иғтикафқа кіретін адам алғашқы түнін сол жерде өткізу үшін күн батпай тұрып орнына келіп, дайын отыруы керек. Ол өзге адамдар айналысатын сауда және соған ұқсас істермен шұғылданбай, иғтикафпен ғана айналысады. Дегенмен өзіне қажет кейбір маңызды істер, отбасылық шаруалар және сауда-саттық жөнінде тапсырма беруіне болады. Мұндай істер өзін тым көп алаңдатпауға тиіс. Егер бәрі де адамның уақытын көп алмайтын шағын шаруа болса, оларға көңіл бөлуінің ағаттығы жоқ».
Имам Мәлик былай дейді: «Ғалымдардың ешбірінің иғтикафқа ерекше шарт қойғанын естіген жоқпын. Иғтикаф та – намаз, ораза, қажылық сияқты ғибадаттардың бірі. Кім осы ғибадаттардың бірін орындаса, сүннетке сай орындайды. Мұсылмандар істемеген нәрсені ойлап табуға, болмаған шарт қоюға, бидғат енгізуге болмайды. Алла елшісі (с.а.с.) иғтикаф жасаған. Мұсылмандар иғтикафтың қалай орындалатынын біледі».
Имам Мәлик былай дейді: «Иғтикаф пен жиуар, яғни мешітте құлшылық үшін тұру – бір ұғым. Иғтикафтың үкімі ауыл тұрғынына да, қала тұрғынына да бірдей».2