Нәфиғ былай деп әңгімелейді: «Абдуллаһ ибн Омар Уадиулқұра мен Хайбардағы құлдарының да пітір садақасын беретін».
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Пітір садақасының парыз болуы жөнінде естіген ең дұрыс үкімім – күнкөрісін мойнымызға алған адамдардың да пітір садақасын өтеуге міндетті болуымыз. Адам мұсылман мүкәтәбінің, яғни белгілі бір төлеммен азат болуға келісім жасаған құлының, қожайыны қайтыс болғаннан кейін азат болатын құлының және өзге құлдарының бәрінің пітір садақасын береді. Олардың қасында не басқа жерде болуы, сауда үшін ұсталуы не ұсталмауы маңызды емес. Ал мұсылман еместердің пітірін беруге міндетті емес».
Имам Мәлик былай дейді: «Қашып кеткен құлдың жағдайына қаралады. Қожайыны оның қайда екенін білсін не білмесін, егер жақында ғана жоғалып, тірі екенінен және қайтып келетінінен үміті болса, пітірін береді. Ал арада ұзақ уақыт өтіп, одан үмітін үзсе, пітір садақасын бермейді».
Имам Мәлик былай дейді: «Пітір садақасы қала тұрғындарына парыз болғаны сияқты, ауыл тұрғындарына да парыз. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.) рамазанда пітір садақасының әрбір мұсылманға – азат адамға да, құлға да, әйелге де, ерге де – парыз екенін білдірген».