Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Ибн Шиһабтан зәйтүннің зекеті туралы сұрадым. Ол: “Одан оннан бір мөлшерінде зекет беріледі”, – деді».1
Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Майы сығылатын зәйтүннің мөлшері үш жүз сағқа жетсе, одан алынған майдың оннан бірі зекетке беріледі. Бір сағ – 2176 грамм. Ал зәйтүн үш жүз сағқа жетпесе, зекет түспейді. Зәйтүннің үкімі де құрма сияқты: жаңбыр, бұлақ немесе егістіктің өзінен шыққан сумен суарылса, оннан бір; тасып жеткізілген сумен суарылса, жиырмадан бір зекет алынады. Зәйтүн жиналмай тұрып, өнімінің мөлшері шамаланбайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Халық қамбаға жинап, азық қылатын дәнді дақылдарға қатысты біз, Мәдина халқы, ұстанған қағида мынадай: жаңбыр, бұлақ немесе егістіктің өзінен шыққан сумен суарылған жердің өнімі үш жүз сағқа жетсе, оннан бірі зекетке алынады. Еңбек жұмсалып, тасып жеткізілген сумен суарылған жердің өнімі де үш жүз сағқа жетсе, жиырмадан бірі алынады. Өнім көбейген сайын, зекеті де сол үлеспен есептеледі».
Имам Мәлик былай дейді: «Зекет алынатын, дәні ажыратылғаннан кейін пісіріліп желінетін дақылдар мыналар: бидай, арпа, қабығы аршылған арпа, жүгері, тары, күріш, жасымық, жұлбан, яғни бұршақ, лобия, жүлжүлән, яғни күнжіт және соларға ұқсас басқа да дақылдар».
Имам Мәликтен былай деп сұралды: «Зәйтүннің ұшыры шығындарды шегергенге дейін беріле ме, әлде шегергеннен кейін бе?» Ол былай жауап берді: «Шығын есепке алынбайды. Дәнді дақыл иелерінен өнімі жайында сұралатыны сияқты, зәйтүн иесінен де сұралып, айтқаны қабылданады. Егер зәйтүні үш жүз сағқа немесе одан көп мөлшерге жетсе, сығып алған майының оннан бірі алынады. Ал зәйтүні үш жүз сағқа жетпесе, оның майынан да зекет алынбайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Егістіктегі өнімін пісіп-жетіле бастаған кезде сатқан адам оның зекетін де өзі береді. Сатып алушы бермейді. Әлі пісіп-жетілмеген, суға мұқтаж егінді сатуға болмайды».
Имам Мәлик былай дейді: «“Жемісін жиған күні садақасын беріңдер!”2 деген аятта зекет меңзелген. Мен осылай түсіндірген адамдарды естідім».
Имам Мәлик былай дейді: «Адам бағын түгелдей немесе егістік жерін өнімі пісіп-жетіле бастамай тұрып сатса, зекетін сатып алушы береді. Ал өнімі пісіп-жетілген кезде сатса, зекетін сатушы береді. Бірақ зекетті сатып алушының беруін шарт еткен болса, үкім өзгереді».3