Хадис

Муатта, № 45

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
18. Зекет
бап
24. Кітап иелері мен мәжусилердің салығы – жизия
Нөмірі
№ 45 (кітап ішіндегі рет реті)
45
Муатта, 18-кітап, № 45
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен риуаят етіледі: «Естуім бойынша, Омар ибн Абдулазиз зекет жинаушыларға: “Жизия алынатындар мұсылман болса, олардан жизия алмаңдар”, – деп жарлық жолдаған».

Жизияға қатысты имам Мәлик былай дейді: «Осы уақытқа дейінгі ұстаным бойынша жизия кітап иелерінің әйелдері мен балаларынан алынбайды. Ол тек ақыл-есі дұрыс, балиғатқа жеткен ер адамдардан алынады. Зыммилер мен мәжусилердің құрмасынан, жүзімінен, егін өнімінен, ұсақ және ірі қара малынан зекет алынбайды. Өйткені зекет мұсылмандарды тазарту және кедейлерін қамқорлыққа алу үшін мұсылмандарға парыз етілген. Ал жизия кітап иелерін төмендету үшін белгіленген. Олар келісім бойынша өмір сүріп жатқан елде өздерінен жизиядан басқа салық алынбайды. Бірақ сауда мақсатымен мұсылман елдеріне кіріп-шықса, тауарларынан оннан бір мөлшерінде салық алынады».

Ол былай дейді: «Жизия мұсылман елінде тұру және дұшпандарынан қорғалу үшін екі тарап арасында жасалған келісім негізінде алынады. Сауда мақсатымен басқа елге барған зыммиден кеден салығы, яғни ұшыр алынады. Сол сияқты мысырлық Шамға, шамдық Иракқа, ирактық Мәдинаға, Йеменге немесе басқа елге саудамен барса да, кеден салығын, яғни ұшырын береді».

Имам Мәлик былай дейді: «Кітап иелері мен мәжусилердің мал-мүлкіне, жемісі мен егін өніміне зекет түспейді. Осы уақытқа дейінгі ұстаным осындай. Олар өз діндерінде қала береді; қай дінді ұстанса, сол діндеріне бағынады. Сауда үшін бір жыл ішінде бір елге бірнеше рет кіріп-шықса, әр жолы оннан бір мөлшерінде кеден салығын береді. Өйткені жизия келісімінің шарттарында сауда жасау қарастырылмаған. Мен көрген Мәдина ғалымдары да осылай үкім берген».1

  1. 1Имам Шафиғи мен имам Әбу Ханифа кітап иелерінен мұндай салық жылына бір рет қана алынатынын айтқан. Зурқани шархы, 1/190.