Суфян ибн Абдуллаһ былай деп әңгімелейді: «Омар ибн Хаттаб мені зекет қызметкері етіп тағайындаған еді. Мен лақтар мен қозыларды да нисап есебіне қосатынмын. Сонда адамдар: “Лақтар мен қозыларды да санайсың, бірақ зекетке олардан алмайсың!” – деп наразылық білдірді».
Ол сөзін былай жалғастырады: «Әзірет Омарға келгенімде, болған жайды айтып бердім. Ол: “Иә, шопандар құшағына алып жүретін лақтар мен қозылар да нисап есебіне кіреді, бірақ оларды зекетке алма. Етке бордақыланғанын, төлі барын, буазын және күйекке қосатын еркек малды да алма. Бір және екі жастағыларын ал. Төл мен малдың ең таңдаулысының арасындағы әділетті өлшем – осы”, – деді».
Имам Мәлик былай дейді: «“Сахлә” – жаңа туған қозы мен лақ; “руббә” – жаңа төлдеп, төлін бағып жүрген мал; “махид” – буаз мал; ал “әкүлә” – етке бордақыланған қой».
Имам Мәлик былай дейді: «Адамның нисапқа жетпейтін қойы зекет қызметкері келерден бір күн бұрын қозылап, қозыларын қосқанда нисапқа толса, сол қойдың зекетін беруі қажет».
Имам Мәлик былай дейді: «Қой қозыларымен бірге нисапты толықтырса, зекет міндет болады. Өйткені малдан түскен өсім сияқты, қозы да қойдың есебіне кіреді. Алайда мына жағдайдың үкімі басқа: адамның малы нисапқа жетпей, оны сатып алу, сыйға алу немесе мұра арқылы толықтырса, сол сәтте зекет беруге міндетті болмайды. Сауда малы да осындай. Ақшалай құны нисапқа жетпеген тауарын сатқанда, түскен пайдасымен бірге нисапқа толса, пайдасын негізгі капиталға қосып, екеуінің зекетін бірге береді. Ал нисапты толықтырған артық мөлшер саудадан тыс табыс не мұра арқылы келсе, оны тапқан немесе мұраға алған күннен бастап бір жыл өтуі керек».
Имам Мәлик былай дейді: «Пайда негізгі малдың есебіне кіретіні сияқты, қозы да қойдың есебіне кіреді. Бірақ бір айырмашылық бар: адамның нисапқа жеткен алтыны не күмісі болып, кейін оған тағы біраз мал-мүлік қосылса, әуелі бұрынғы алтын-күмісінің зекетін береді. Ал кейіннен тапқанының зекетін оны иеленгеніне бір жыл толған соң береді».
Ол былай дейді: «Сондай-ақ адамның әрқайсысы жеке-жеке нисапқа жеткен қойы, сиыры және түйесі болып, кейін оларға тағы да қой, сиыр және түйе қосылса, бұрынғы малының зекетін бергенде бұлардың зекетін де бірге береді».
Имам Мәлик бұл мәселеге қатысты былай дейді: «Менің естіген ең дұрыс үкімім – осы».