Нәфиғ былай деп әңгімелейді: «Абдуллаһ ибн Омар саяси бүліктер шыққан кезде Меккеге жол тартты. Ол: “Егер Бәйтулланы тауап етуімізге кедергі жасалса, Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болғанымызда қалай істесек, солай істейміз”, – деді. Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.) Худайбияда ұмра үшін ихрамға кіргендей, ол да ұмра үшін ихрамға кірді. Кейін жағдайды ой елегінен өткізіп: “Қажылық пен ұмраның үкімі бірдей”, – деді де, жолдастарына бұрылып: “Екеуі бірдей. Куә болыңдар, қажылық пен ұмраға бірге ниет еттім”, – деді. Содан Бәйтуллаға жетіп, бір ғана тауап жасады. Соны екеуіне де жеткілікті санап, құрбандығын бағыштады».1
Имам Мәлик былай дейді: «Бізде, Мәдина халқының арасында да, дұшпан бөгет болған адамға Пайғамбарымыз бен сахабалары қоршауда қалғанда қолданылған үкім жүреді. Алайда дұшпаннан өзге кедергіге байланысты тауап жасай алмаса, Бәйтулланы тауап етпейінше ихрамнан шыға алмайды».2