Абдуллаһ ибн Омардан: «Бәйтуллаға жетпей тұрып ауру себепті мухсар болған, яғни Қағбаға жете алмай қалған адам Қағбаны тауап етіп, Сафа мен Мәруа арасында сағи жасамайынша ихрамнан шыға алмайды».
Сүлеймен ибн Ясардан: «Сағид ибн Хузаба әл-Махзуми Меккеге бара жатқан жолда қояншық ауруына ұшырады. Ол ихрамда еді. Өзі тоқтаған су басына келгендерден сұрастырып, Абдуллаһ ибн Омарды, Абдуллаһ ибн Зүбәйрді және Мәруан ибн Хәкәмді тапты. Басына түскен жағдайды оларға баяндады. Бәрі де оған қажетті емін қабылдап, фидия беруді, жазылған соң ұмра жасап, ихрамнан шығуды, келесі жылы қажылық жасап, шамасы жететін бір құрбандық шалуды айтты».
Имам Мәлик былай дейді: «Бізде, Мәдина халқының арасында да, дұшпаннан өзге кедергіге байланысты мухсар болған, яғни Қағбаға бара алмай қалған адамның үкімі осындай. Әбу Әйюб әл-Ансари мен Һәббар ибн Әсуәд қажылыққа үлгере алмай, айт күні келгенде, әзірет Омар оларға ұмра жасап, ихрамнан шығуды, содан кейін үйлеріне ихрамсыз қайтуды бұйырған. Сондай-ақ келесі жылы қажылықтарын өтеуді, құрбандық шалуды, ал құрбандық таба алмаса, қажылықта үш күн, қайтқан соң жеті күн – барлығы он күн ораза ұстауды бұйырған».
Имам Мәлик былай дейді: «Ихрамға кіргеннен кейін ауру, күндерді немесе айды шатастыру сияқты себептермен бөгеліп, қажылығын уақытында өтей алмаған адам мухсар саналады. Оған мухсар адамға міндет болатын амалдарды орындау қажет».
Имам Мәликтен: «Меккелік адам қажылық үшін ихрамға кіргеннен кейін бір жері сынса немесе қатты іш ауруына шалдықса, оның үкімі қандай? Күйеуінен ажырасқан әйелдің үкімі ше?» – деп сұралды. Ол: «Мұндай адамдар мухсар, яғни қажылықты өтеуіне кедергі туған адамдар болып саналады. Меккеге сырттан келіп, мухсар болғандарға қолданылатын үкім бұларға да жүреді», – деп жауап берді.
Имам Мәликтен: «Қажылық айларында ұмрасын жасап, содан кейін Меккеде қажылық үшін ихрамға кірген адамның бір жері сынса немесе өзгелермен бірге уақытында уақфа жасай алмай қалса, ол не істейді?» – деп сұралды. Имам Мәлик былай дейді: «Меніңше, сол жерде жазылғанға дейін қалады. Жазылған соң Хиллге шығып, Меккеге қайта оралады. Тауап пен сағи жасап, ихрамнан шығады. Келесі жылы қажылығын өтеп, құрбандығын шалады».
Меккеден қажылық үшін ихрамға кіріп, тауап пен сағи жасағаннан кейін ауырып, өзгелермен бірге уақытында уақфаға жете алмай қалған адам туралы да имам Мәлик былай дейді: «Қажылыққа үлгере алмағаны анықталғанда, шамасы келсе, Хиллге шығып, ұмраға кіріп, тауап пен сағи жасайды. Өйткені алғашқы тауабында ұмраға ниет етпеген еді. Келесі жылы қажылығын өтеп, құрбандығын шалады. Ал Меккеге сырттан келген адам тауап пен сағи жасағаннан кейін қажылыққа үлгере алмай қалса, ұмра жасап, ихрамнан шығады. Алайда тауап пен сағиды қайта жасауы керек. Өйткені алғашқы тауап пен сағиын өтеуге үлгере алмаған қажылығына ниет етіп жасаған еді. Соңғы жасағаны – ұмраның тауабы мен сағиы. Келесі жылы үлгере алмаған қажылығын өтеп, һәдий құрбандығын шалады».