Ата ибн Ясардан: «Кағбул-Ахбар бір топ адаммен бірге Шамнан қайтып келе жатқан еді. Жолда аң етін тауып алды. Кағб оларға бұл етті жеуге болатынын айтты. Олар Мәдинаға келгенде, бұл жайды Омар ибн Хаттабқа баяндады. Әзірет Омар: “Сендерге бұл етті жеуге болады деп кім пәтуа берді?” – деп сұрады. Олар: “Кағб”, – деді. Сонда әзірет Омар: “Қайтып оралғандарыңша оны сендерге басшы етіп тағайындадым”, – деді. Кейін бұл керуен Мекке жолының бір тұсында шегіртке тобына кездесті. Кағб оларға шегірткелерді ұстап, жеуге болатынын айтты. Омар ибн Хаттабқа келгенде, осы жайды да баяндады. Әзірет Омар: “Бұл пәтуаны неге сүйеніп бердің?” – деп сұрады. Кағб: “Теңіз аңы болғандықтан!” – деп жауап берді. Әзірет Омар: “Оны қайдан білесің?” – деді. Кағб: “Уа, мүміндердің әміршісі! Жаным қолында тұрған Аллаға ант етемін, бұлар – балықтың жылына екі рет шашатын тұқымы ғана”, – деді».
Имам Мәликтен: «Жолда кездескен аң етін ихрамдағы адам сатып ала ала ма?» – деп сұралды. Ол былай деп жауап берді: «Қажылық жасаушыларға арнап ауланып, соларға ұсынылып тұрса, меніңше, сатып ала алмайды. Ал ихрамда емес адам өзі үшін аулап, ихрамдағы адам оған кездейсоқ тап болса, сатып ала алады. Оның еш ағаттығы жоқ».
Имам Мәлик былай дейді: «Алдын ала өзі аулаған немесе сатып алған аңы бар күйінде ихрамға кірген адам оны қоя беруге міндетті емес. Аңды отбасына қалдырып кетуінде де еш ағаттық жоқ».
Имам Мәлик былай дейді: «Теңізде, өзенде, көлде және соларға ұқсас суларда ауланатын балықтар ихрамдағы адамға халал. Ол оларды аулай алады».1
- 1Шәйбани, 444.