Қазақша аудармасы
Абдуллаһ ибн Әби Хабиба былай дейді: «Әлі жас едім. Бір адамнан: “‘Бәйтуллаға дейін жаяу барамын’ десем, бірақ ‘Бәйтуллаға жаяу бару маған нәзір болсын’ демесем, маған қандай міндет жүктеледі?” – деп сұрадым. Бір кісі қолындағы кішкентай қиярды көрсетіп: “‘Бәйтуллаға жаяу барамын’ десең, мынаны саған беремін”, – деді. Мен: “Иә, Бәйтуллаға жаяу барамын”, – дедім. Ол кезде әлі жас едім. Кейін есейіп, сөзімнің мәнін түсіндім. Маған: “Жаяу баруың керек”, – делінді. Содан Сағид ибн Мусәйябқа келіп, жағдайымды айттым. Ол да: “Жаяу баруың керек”, – деді. Сөйтіп, жаяу бардым».
Имам Мәлик: «Бұл мәселеде бізде, Мәдина халқында, қалыптасқан үкім де осындай», – дейді.1
- 1Шайбани, 745. «Бәйтуллаға жаяу барамын» деу мен «Бәйтуллаға жаяу бару маған нәзір болсын» деудің арасында айырма жоқ. Ол жерге қажылық жасау үшін баруды нәзір етсе, баруы уәжіп. Ал намаз оқу үшін баруды нәзір етсе, Имам Мәлик пен Шафиғи бойынша, сол жерге барады. Әбу Ханифа бойынша, баруға міндетті емес, намазын кез келген жерде оқи алады.