Абдуллаһ ибн Аббас былай дейді: «Сағд ибн Убада Алла елшісінен (с.а.с.) пәтуа сұрап: “Анам мойнында нәзірі бар күйінде қайтыс болды. Оны орындай алмады”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Онда анаңның нәзірін оның орнына сен орында”, – деді».1
- 1Бұхари, «Уасая», 55/19; Мүслим, «Нәзір», 26/1. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 750. Мұндағы нәзір мутлақ, яғни нақты түрі көрсетілмеген нәзір болуы мүмкін: адам «Алла үшін нәзірім болсын» дейді де, не істейтінін атамайды. Немесе мұқайяд, яғни намаз, ораза, қажылық сияқты нақты құлшылық түрі белгіленген нәзір болуы мүмкін. Мутлақ нәзір үшін Имам Мәлик пен көптеген ғалымның пікірінше, ант кәффараты өтеледі. Қайтыс болған адамның нәзірі денемен орындалатын немесе мал-мүлікпен өтелетін құлшылыққа жатады. Денемен орындалатын құлшылық болса, мұрагерлері оның орнына орындауға міндетті емес. «Мууаттада» Ибн Омардан: «Ешкім басқа біреудің орнына ораза ұстамайды, оның орнына намаз да оқымайды», – деген сөз жеткізілген. Мал-мүлікпен өтелетін нәзір болса, марқұм оны өтеуді өсиет етпеген жағдайда, мұрагерлері оны орындауға міндетті емес. Өсиет еткен болса, нәзір қарызын мал-мүлкінің үштен бірінен өтеу мұрагерлеріне уәжіп болады. Осыған байланысты хадистегі нәзірді өтеу үкімін ханафи ғалымдары мұстахап деп қабылдаған. Қараңыз: «Бәзлул-мәжһуд», 14-т., 261-б.