Хадис

Құрбандықтар

Муатта, 23-кітап · 13 хадис · № 1–13

Мазмұны: 6 бап
  1. 1Құрбандыққа шалуға болмайтын жануарлар
  2. 2Құрбандық малын таңдауда мұстахап саналатын жайттар
  3. 3Имам айт намазынан қайтпай тұрып құрбан шалу
  4. 4Құрбандық етін сақтау және қорғау
  5. 5Құрбандыққа ортақтасу және сиыр мен түйеге ортақтасатын адамдар саны
  6. 6Құрсақтағы бала атынан құрбан шалу және құрбан айт күндері

1-бапҚұрбандыққа шалуға болмайтын жануарлар

1
Муатта, 23-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Бәра ибн Азиб былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.): “Құрбандық малын таңдағанда қандай кемшіліктерден сақтану керек?” – деп сұралды. Ардақты Пайғамбар қолымен ишарат етіп: “Төрт кемшіліктен!” – деді». Бәра осыны жеткізгенде өзі де қолымен ишарат етіп: «Менің қолым Алла елшісінің (с.а.с.) қолынан қысқалау», – дейтін. Содан кейін ардақты Пайғамбардың сөзін жалғастырып: «Ақсақтығы анық байқалатын, бір көзінің соқырлығы айқын көрінетін, ауруы анық білінетін және әбден арықтап, жілік майы таусылған мал құрбандыққа жарамайды», – деп жеткізетін.1

  1. 1Ханафи мәзһабы құрбандық малына қойылатын талаптарға осы хадисті дәлел етеді. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 633.
2
Муатта, 23-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар сиыр мен түйенің дене мүшесі кем немесе жасы құрбандыққа жарамды мөлшерге жетпегенін шалудан сақтанатын».

Имам Мәлик: «Бұл мәселеде естіген амалдарымның ішінде ең құптайтыным – осы», – дейді.1

  1. 1Шайбани, 630–631.

2-бапҚұрбандық малын таңдауда мұстахап саналатын жайттар

3
Муатта, 23-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омар бір жолы Мәдинада құрбан шалды. Ол маған мүйізі бар қошқар сатып алып, айт күні жұрт намазға жиналатын жерде шалуды тапсырды. Мен айтқанын орындадым. Кейін қошқардың еті оған жеткізілді. Құрбандығы шалынған кезде, шашын алдырды. Науқас болғандықтан, айт намазына жамағатпен бірге шыға алмады. Ол: “Құрбан шалған адамға шашын алдыру уәжіп емес”, – дейтін. Әйтсе де Ибн Омардың өзі шашын алдырған еді».1

  1. 1Шайбани, 631.

3-бапИмам айт намазынан қайтпай тұрып құрбан шалу

4
Муатта, 23-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Бүшәйр ибн Ясардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Әбу Бүрдә ибн Нияр Алла елшісі (с.а.с.) айт намазынан қайтпай тұрып құрбандығын шалып қойды. Оның айтуынша, ардақты Пайғамбар оған басқа құрбан шалуды бұйырған. Сонда Әбу Бүрдә: “Бір жасқа толған лағым бар. Одан басқа мал таба алмадым, уа, Расулалла!” – дегенде, Пайғамбарымыз: “Басқасын таба алмасаң, соны шал”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Идәйн», 13/5; Мүслим, «Әдахи», 35/4–9. Құрбандық айт намазы оқылғаннан кейін шалынады. Құрбандыққа шалынатын қой мен ешкі бір жасқа толуы керек. Алайда жеті-сегіз айлық қой бір жасардай ірі болса, құрбандыққа жарайды.
5
Муатта, 23-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Аббад ибн Тәмимнен жеткен риуаятта былай делінеді: «Уәймир ибн Әшқар айт күні таңертең намаздан қайтпай тұрып құрбанын шалып қойды. Бұл жайды Алла елшісінен (с.а.с.) сұрағанда, ол басқа құрбан шалуды бұйырды».1

  1. 1Ибн Мәжа, «Әдахи», 26/12. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 637.

4-бапҚұрбандық етін сақтау және қорғау

6
Муатта, 23-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдуллаһ былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) құрбандық етін үш күннен кейін жеуге тыйым салған еді. Кейін: “Жеңдер, садақа етіңдер, жол азық етіп алыңдар, сақтап қойып та жеңдер”, – деді».1

  1. 1Мүслим, «Әдахи», 35/29. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 635.
7
Муатта, 23-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Уақидтің жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) құрбандық етін үш күннен артық сақтауға тыйым салған. Абдуллаһ ибн Әби Бәкір бұл туралы Абдуррахманның қызы Амрадан сұрады. Амра: «Дұрыс, мұны Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы әзірет Айшадан естігенмін», – деді. Оның жеткізуінше, Айша оқиғаны былай баяндайды: «Айт кезінде даладан бір топ бәдәуи Алла елшісіне (с.а.с.) келді. Ол: “Құрбандық етінен үш күнге жететінін ғана сақтап, қалғанын садақа етіңдер”, – деді. Біраз уақыт өткен соң, ардақты Пайғамбарға: “Мұсылмандар құрбандықтарының игілігін көретін еді. Майын ерітіп, тамаққа пайдаланатын”, – делінді. Алла елшісі (с.а.с.): “Не болып қалды?” – деп сұрады. Олар: “Құрбандық етін үш күннен артық сақтауға тыйым салған едіңіз ғой”, – деді. Сонда ол: “Мен бұл тыйымды сол келген топ үшін салған едім. Енді жеңдер, садақа етіңдер және сақтаңдар”, – деді».1

  1. 1Мүслим, «Әдахи», 35/28. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 634.
8
Муатта, 23-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри былай дейді: «Бір сапардан қайтқанымда отбасым алдыма ет әкелді. Мен: “Байқаңдар, құрбандық еті болмасын”, – дедім. Олар: “Құрбандық еті”, – деді. Мен: “Алла елшісі (с.а.с.) оны үш күннен артық сақтауға болмайтынын айтпап па еді?” – деп сұрадым. Олар: “Иә, бірақ сен кеткеннен кейін сақтауға да рұқсат берді”, – деді. Үйден шығып, бұл жайды сұрастырдым. Маған ардақты Пайғамбардың мына сөзін жеткізді: “Құрбандық етін үш күннен артық сақтамауды бұйырған едім. Енді жеңдер, садақа етіңдер, бір бөлігін сақтап, пайдаланыңдар. Ішімдік жасалған ыдыстарды қолданбауды да бұйырған едім. Енді оларды пайдалана аласыңдар. Нәбиз, яғни құрма немесе мейіз тұнбасын дайындауға тыйым салған едім. Енді оны дайындай аласыңдар. Алайда мас қылатын сусынның бәрі – харам. Қабірлерді зиярат етуге де тыйым салған едім. Енді зиярат етіңдер. Бірақ онда жаман сөз айтпаңдар”».1

  1. 1Бұхари, «Мағази», 64/12; «Фадаилул-Құран», 66/13. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 636. Құрбан шалған адамның оның етінен жеуіне болады. Бір бөлігін сақтап, бір бөлігін, яғни үштен бірін садақа етеді.

5-бапҚұрбандыққа ортақтасу және сиыр мен түйеге ортақтасатын адамдар саны

9
Муатта, 23-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Жәбир ибн Абдуллаһ былай дейді: «Худайбия келісімі жасалған жылы Алла елшісімен (с.а.с.) бірге жеті адамның атынан бір түйе, жеті адамның атынан бір сиыр шалдық».1

  1. 1Мүслим, «Хаж», 15/350. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 639. Ханафи мәзһабы түйені ортақтасып құрбандыққа шалуға осы хадисті дәлел етеді. Қой мен ешкіге ортақтасуға болмайды.
10
Муатта, 23-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Әбу Әйюб әл-Ансари былай дейді: «Біз құрбандыққа бір ғана қой шалатынбыз. Адам оны өзінің және отбасының атынан шала алатын. Кейін құрбандық жұрттың бір-біріне мақтанатын ісіне айналып, солай жалғасты».

Имам Мәлик былай дейді: «Түйе, сиыр мен қой туралы естіген сөздерімнің ішінде ең құптайтыным – адамның түйені өзінің және отбасының атынан шала алатыны. Өзіне тиесілі сиыр мен қойды да өзінің және отбасының атынан шалып, оларды құрбандық сауабына ортақтастыра алады.1 Ал бір топ адам бірігіп, түйе, сиыр немесе қой сатып алып, оны нүсүк, яғни қажылықта шалынатын құрбандық немесе айт құрбандығы етпек болса, әрқайсысының төлейтін ақшасы мен соған қарай алатын ет үлесі белгіленсе, бұл – мәкруһ. Өйткені біз естіген риуаят бойынша, нүсүк құрбандығына осылай ортақтасуға болмайды. Тек бір отбасының мүшелері ғана жоғарыда айтылғандай ортақтаса алады».2

  1. 1Ханафи ғалымдары бойынша, қой мен ешкі бір адамның атынан ғана шалынады. Ал сиыр мен түйені бір отбасының мүшелері де, өзге адамдар да бір адамнан жеті адамға дейін ортақтасып шала алады.
  2. 2Шайбани, 638.
11
Муатта, 23-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Алла елшісі (с.а.с.) өзінің және отбасының атынан тек түйе немесе сиыр шалған».

Имам Мәлик: «Риуаятшы Ибн Шиһабтың “түйе” дегенін бе, әлде “сиыр” дегенін бе, білмеймін», – дейді.

6-бапҚұрсақтағы бала атынан құрбан шалу және құрбан айт күндері

12
Муатта, 23-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Құрбан шалу күндері – айттың бірінші, екінші және үшінші күндері».

Имам Мәликке Әли ибн Әбу Талибтен де осы мағынадағы хабар жеткен.

13
Муатта, 23-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Омар құрсақтағы бала атынан құрбан шалмайтын».

Имам Мәлик: «Құрбан шалу – уәжіп емес, сүннет. Соған қарамастан, жағдайы бар адамның құрбан шалмауын құп көрмеймін», – дейді.1

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, қажетті шарттарға сай келген адамға құрбан шалу – уәжіп. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 632.