Хадис

Жануарды бауыздау

Муатта, 24-кітап · 9 хадис · № 1–9

Мазмұны: 4 бап
  1. 1Жануарды бауыздағанда «бисмиллә» деу
  2. 2Мәжбүр жағдайда жануарды бауыздау тәсілдері
  3. 3Жануарды бауыздағанда мәкруһ саналатын істер
  4. 4Сойылған жануардың құрсағынан шыққан төлді бауыздау

1-бапЖануарды бауыздағанда «бисмиллә» деу

1
Муатта, 24-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруа әкесінен мына риуаятты жеткізеді: «Алла елшісіне (с.а.с.): “Уа, Расулалла! Бәдәуилер бізге ет әкеледі. Бірақ малды бауыздағанда ‘бисмиллә’ деген-демегенін білмейміз”, – делінді. Ол: “Өздерің Алланың атын атап, жей беріңдер”, – деді».1

Имам Мәлик: «Бұл Исламның алғашқы жылдарында болған», – дейді.2

  1. 1Мәликтің бұл хадисті мүрсәл түрде жеткізгеніне қарсылық айтылмаған. Бұхари оны Айшадан иснады жалғасқан түрде риуаят етеді: «Таухид», 97/13.
  2. 2Шайбани, 657.
2
Муатта, 24-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Айяш ибн Әби Рабиға әл-Махзуми құлына мал бауыздауды тапсырды. Құлы малды бауыздамақ болғанда, оған: «Бисмиллә де!» – деді.1 Құл: «Айттым», – деп жауап берді. Ол тағы да: «Бисмиллә де, құрып кеткір!» – деді. Құл: «Айттым ғой», – деп тұрып алды.2 Сонда Абдуллаһ ибн Айяш: «Уаллаһи, мен бұл етті ешқашан жемеймін», – деп ант етті.

  1. 1Ол кезде малды шариғат әдебіне сай бауыздау тәртібі әлі толық меңгерілмеген еді. Аңдамай немесе ұмытып, «бисмиллә» айтылмай қалатын. Кейін бұл үкімді жұрттың бәрі үйренді.
  2. 2Ол не құлының сөзіне сенбеген, не оның айтқанын өз құлағымен естігісі келген.

2-бапМәжбүр жағдайда жануарды бауыздау тәсілдері

3
Муатта, 24-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Харис ұлдарынан шыққан ансарлық кісі Ұхудта сауылатын түйесін жайып жүрген еді. Түйе кенет құлап, өлуге айналды. Иесі қыры өткір ағашпен оны бауыздап үлгерді. Бұл жай Алла елшісіне (с.а.с.) айтылғанда, ол: “Оқасы жоқ, етін жеңдер”, – деді».1

  1. 1Әбу Омар: «Барлық риуаятшы бойынша, бұл – мүрсәл хадис», – дейді. Қараңыз: Шайбани, 640.
4
Муатта, 24-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Муғаз ибн Сағдтан немесе Сағд ибн Муғаздан жеткен риуаятта былай делінеді: «Кағб ибн Мәликтің күңі Сәлғ тауында қой жайып жүрген еді. Бір қойы ауырып қалғанда, оған дереу жетіп, таспен бауыздады. Кейін бұл жайды ардақты Пайғамбардан сұрады. Ол: “Оқасы жоқ, етін жеңдер”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Зәбаих уәс-сайд», 72/19. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 641. Ханафи мәзһабы осылай бауыздалған малдың етін жеуге болатынына осы хадисті дәлел етеді.
5
Муатта, 24-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Сәур ибн Зәйд әд-Дилиден жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Аббастан христиан арабтардың бауыздаған малын жеуге бола ма деп сұралды. Ол: “Оның оқасы жоқ”, – деп, мына аятты оқыды: “Араларыңнан кімде-кім оларды дос тұтса, солардың қатарына қосылады”».1

  1. 1«Мәида» сүресі, 5:51.
6
Муатта, 24-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас: «Мойын күретамырларын кесіп, қаны ағызылған малдың етін жей беріңдер», – дейтін.

Сағид ибн Мусәйяб: «Мәжбүр жағдайда қолыңдағы құралмен малды дұрыс бауыздай алсаң, оның оқасы жоқ», – дейтін.1

  1. 1Шайбани, 642.

3-бапЖануарды бауыздағанда мәкруһ саналатын істер

7
Муатта, 24-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Әқил ибн Әби Талибтің азат етілген құлы Әбу Мүрра былай дейді: «Әбу Һурайрадан бауыздалып болғаннан кейін денесі қимылдаған қой туралы сұрадым. Ол етін жеуге болатынын айтты. Осыны Зәйд ибн Сәбиттен де сұрадым. Ол: “Өлексенің денесі де өлгеннен кейін біразға дейін қозғала береді”, – деп, мұндай қойды жеуден тыйды».

Имам Мәликтен биіктен құлап мертіккен қой туралы сұралды: иесі жүгіріп келіп, бауыздағанымен, тек қаны аққан, өзі қимылдамаған. Ол былай жауап берді: «Бауыздаған кезде әлі тыныс алып, көзін жыпылықтатып жатса, етін жей берсін».1

  1. 1Шайбани, 656.

4-бапСойылған жануардың құрсағынан шыққан төлді бауыздау

8
Муатта, 24-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар былай дейді: «Інген сойылғанда, құрсағындағы төлінің мүшелері толық қалыптасып, жүні шыққан болса, анасын бауыздау төлін бауыздағанның орнына да жүреді.1 Ал төл құрсақтан тірі шықса, мойнындағы қанын ағызу үшін бөлек бауыздалады».2

  1. 1Яғни анасын бауыздаудың өзі жеткілікті: құрсақтан шыққан төл де анасының бауыздалуымен адал саналады. Ал ханафи мәзһабы бойынша, төлді де бөлек бауыздау қажет.
  2. 2Шайбани, 651.
9
Муатта, 24-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мусәйяб былай дейді: «Сойылған жануардың құрсағындағы төлдің мүшелері толық қалыптасып, жүні шыққан болса, анасын бауыздау төлін бауыздағанның орнына жүреді».1

  1. 1Шайбани, 652.