Қазақша аудармасы
Хумәйд ибн Қайс пен Сәур ибн Зәйд әд-Дили Алла елшісінен (с.а.с.) мына риуаятты жеткізеді. Сәур жеткізген нұсқа серігінікінен сәл ұзағырақ: «Ардақты Пайғамбар күн астында тік тұрған адамды көріп: “Бұл адам не істеп тұр?” – деп сұрады. Сол жердегілер: “Сөйлемеуді, күн астында тұруды, отырмауды және ораза ұстауды нәзір етіпті”, – деді. Сонда ардақты Пайғамбар: “Оған айтыңдар: сөйлесін, көлеңкеге барсын, тік тұрмай, отырсын. Бірақ оразасын толық ұстасын”, – деді».1
Имам Мәлик былай дейді: «Осы оқиғада ардақты Пайғамбардың әлгі адамға кәффарат өтеуді бұйырғанын естіген жоқпын. Ал Аллаға мойынсұнуға жататын амалын толық орындап, Оған қарсы келуге жататынын тәрк етуді бұйырғанын естідім».2