Мүміндердің анасы әзірет Айша былай дейтін: «Ләғу ант – адамның: “Жоқ, Аллаға ант етемін”, “Иә, Аллаға ант етемін”, – деп, сөз арасында айта салуы».
Имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселеде естіген анықтамаларымның ішіндегі ең ұтымдысы – адамның бір жағдайдың солай екеніне анық сеніп ант етуі, кейін оның шын мәнінде олай болмағанының анықталуы. Бұл – ләғу ант».
Имам Мәлик былай дейді: «Ақд анты – адамның киімін он динарға сатпауға ант етіп, кейін он динарға сатуы немесе құлын ұруға ант етіп, кейін ұрмауы сияқты, орындауға міндеттенген ісіне қатысты ант. Осындай ант беріп, кейін оны орындамаған адам ант кәффаратын өтейді. Ал ләғу ант үшін кәффарат өтемейді».
Имам Мәлик былай дейді: «Біле тұра жалған ант ету, біреуді разы ету не оның алдында өзін ақтау үшін немесе біреудің мал-мүлкіне ие болу үшін өтірік ант беру – кәффаратпен өтелетін антты бұзудан да ауыр күнә».1
- 1Бұл «йәмин ғамус», яғни біле тұра жалған ант беру деп аталады. Ол – үлкен күнәлардың бірі. Кәффаратпен өтелмейді, тәубе етіп, кешірім тілеу қажет. Сондай-ақ қараңыз: Шайбани, 756.