Хадис

Ақиқа

Муатта, 26-кітап · 7 хадис · № 1–7

1-бапАқиқа құрбанына қатысты риуаяттар[^811]

1
Муатта, 26-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Алла елшісінен (с.а.с.) ақиқа туралы сұралды. Ол: «Мен “уқуқ” атауын ұнатпаймын», – деді. Бұл атауды ұнатпағандай болды. Содан кейін: «Кімнің баласы дүниеге келсе, қаласа, оның атынан құрбан шалсын», – деді.1

  1. 1Ибн Абдилбәр: «Бұл хадистің мағынасын білмеймін. Алла елшісінен тек осы жолмен риуаят етілген», – дейді. Хадис Амр ибн Шуғайб – әкесі – атасы жолымен де жеткізілген: Әбу Дәуіт, «Әдахи», 16/21; Нәсәи, «Ақиқа», 40/1.
2
Муатта, 26-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Жағфар ибн Мұхаммед әкесінен мына риуаятты жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) қызы Фатима Хасан мен Хусейннің, Зәйнеп пен Үммі Гүлсүмнің шаштарын таразыға тартып, салмағына тең күмісті садақа еткен».1

  1. 1Шайбани, 661.
3
Муатта, 26-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Әли ибн Хусейннен жеткен риуаятта былай делінеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) қызы Фатима Хасан мен Хусейннің шаштарын таразыға тартып, салмағына тең күмісті садақа етті».1

  1. 1Шайбани, 662.

2-бапАқиқада жасалатын істер

4
Муатта, 26-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан жеткен риуаятта былай делінеді: «Отбасы мүшелерінің бірі ақиқа шалуды сұраса, Абдуллаһ ибн Омар тілегін орындайтын. Ол қыз балаға да, ұл балаға да бір-бір қойдан бөлек шалатын».1

  1. 1Шайбани, 660.
5
Муатта, 26-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Ибраһим ибн Харис әт-Тәйми былай дейді: «Әкемнен тіпті бір торғай болса да, ақиқа шалудың мұстахап саналатынын естіген едім».

6
Муатта, 26-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Естуімше, Әли ибн Әбу Талиб ұлдары Хасан мен Хусейнге ақиқа құрбанын шалған».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Әдахи», 16/21; Нәсәи, «Ақиқа», 40/4.
7
Муатта, 26-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруа былай дейді: «Әкем Уруа ибн Зүбәйр ақиқа ретінде қыз балаға да, ұл балаға да бір-бір қойдан бөлек шалатын».

Имам Мәлик былай дейді: «Ақиқаға қатысты бізде, Мәдина халқында, қалыптасқан ортақ ұстаным мынадай: баласына ақиқа шалатын адам қыз бала үшін де, ұл бала үшін де бір-бір қойдан бөлек шалады. Ақиқа – уәжіп емес, мұстахап амал. Жұрт оны ежелден орындап келеді. Ақиқа малы да һәдий мен құрбандық малы секілді болғандықтан, арық, соқыр, кемтар немесе ауру болмауға тиіс. Еті де, терісі де сатылмайды. Сүйектерін сындыруға болады.1 Иесі етінен өзі де жейді, садақа да береді. Бірақ қаны баланың денесіне жағылмайды».

  1. 1Жәһилия дәуірінде ақиқа құрбанының еті сүйегінен түгел сылынып, сүйектері еш сындырылмайтын. Ислам бұл ырымның негізсіз екенін көрсетіп, сүйектерді де сындыруға болатынын білдірген.