- 1Бұхари, «Никах», 67/45; Шафиғи, «Рисалә», № 847; Шайбани, 528.
- 2Хадистегі «сөз салмайды» деген тіркес «сөз салмасын» деген мағынаны білдіреді. Ардақты Пайғамбардың сөз саптауы биязы әрі әсерлі: «Сендер, мүміндер, тыйым салынған істі істемеңдер» деп ескертпей-ақ, онсыз да ондай істен аулақ боласыңдар дегенге саяды.
Неке
Муатта, 27-кітап · 45 хадис · № 1–57
Мазмұны: 16 бап
- 1Қыз айттыру
- 2Бойжеткен қыз бен бұрын тұрмыста болған әйелдің некеге келісімін алу
- 3Мәһір және мәһірсіз неке туралы риуаяттар
- 4Ерлі-зайыптылардың неке бөлмесінде оңаша қалуымен мәһірдің міндетті болуы
- 5Жаңа үйленген адамның бойжеткен немесе бұрын тұрмыста болған әйелінің жанында қатарынан қанша түн болуы керектігі
- 6Некеден кейін орындау міндетті болмайтын шарттар
- 7Мұхаллил және соған ұқсас неке[^832]
- 8Бір ер адамның некесінде қатар бола алмайтын әйелдер
- 9Талақ етілген әйелдің анасына үйленудің харам болуы
- 10Зина арқылы жақындасқан әйелдің қызына үйленуге бола ма?
- 11Шариғат бойынша жарамсыз саналатын некелер
- 12Азат әйелдің үстінен күңге үйлену
- 13Талақ еткен әйелін күң ретінде иелену
- 17Ихсан, яғни некелі болу
- 21Үйлену тойына қатысты үкімдер
- 22Некеге қатысты өзге хадистер
1-бапҚыз айттыру
Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Ешбірің мұсылман бауыры сөз салып қойған әйелді айттырмасын», – деп бұйырды.1
Имам Мәлик (р.а.) былай дейді: «Аллаһу ағләм, Алла елшісінің (с.а.с.): “Ешбірің бауыры сөз салып қойған әйелді айттырмасын”, – деген сөзінің түсіндірмесі мынадай болса керек: бір ер кісі әйелге сөз салады, әйел де оған көңіл білдіреді. Екеуі белгілі бір мәһірге келісіп, өзара разылық танытады. Осылайша әйел сол кісіге тұрмысқа шығуға уәде береді. Пайғамбарымыз дәл осындай жағдайда ол әйелге басқа ер кісінің сөз салуына тыйым салған. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.) өзіне сөз салған адамға разылық білдірмеген әрі онымен ешқандай келісімге келмеген әйелді айттыруға тыйым салуды меңземеген. Әйтпесе адамдар арасында келеңсіздік туар еді».
- 1Бұхари, «Никах», 67/45; Шафиғи, «Рисалә», 48.
Абдуррахман ибн Қасым әкесінің күйеуі қайтыс болып, ғиддат мерзімін күтіп отырған әйелдер жайындағы Алла Тағаланың: «Иддат мерзіміндегі әйелдерді алуды ойласаңдар, бұл ниеттеріңді оларға тұспалдап қана білдірсеңдер немесе оларға сездірмей іштеріңде сақтасаңдар, күнә арқаламайсыңдар. Алла олар жайлы ойлайтындарыңды біледі. Ендеше, ниеттеріңді жақсы сөзбен тұспалдап білдіргеннен басқа олармен жасырын түрде уәделеспеңдер және иддат мерзімі толмай тұрып некелесуші болмаңдар»1, – деген сөзін былай түсіндіргенін жеткізеді: «Мұндай әйелге үйленгісі келген адам оған күйеуінің қазасынан кейінгі ғиддат мерзімінде: “Сен мен үшін өте қадірлісің. Саған көңілім жақын. Алла саған мал-мүлік пен мол ризық нәсіп етсін”, – деген секілді сөздер айта алады».
- 1«Бақара» сүресі, 2:235.
2-бапБойжеткен қыз бен бұрын тұрмыста болған әйелдің некеге келісімін алу
Абдуллаһ ибн Аббастың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) некеге қатысты былай деген: «Бұрын тұрмыста болған әйелдің өз тағдырын шешуге уәлиінен гөрі көбірек құқығы бар. Бойжеткен қыздың да келісімі алынады. Оның үндемеуі келісім білдіргені саналады».1
- 1Мүслим, «Никах», 16/8, № 66; Шайбани, 540.
Омар ибн Хаттаб (р.а.) былай дейді: «Әйелдер уәлиінің, яғни қамқоршысының, отбасындағы өкілетті адамның немесе сұлтанның, яғни билік иесінің рұқсатынсыз некеге тұра алмайды».1
- 1Шайбани, 542.
Мәлик (р.а.) былай дейді: «Маған Қасым ибн Мұхаммед пен Сәлим ибн Абдуллаһтың қыздарын келісімін сұрамай тұрмысқа бергені жеткізілді».
Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша, бұл үкім бойжеткен қыздардың некесіне қатысты».
Имам Мәлик былай дейді: «Бойжеткен қыз тұрмысқа шығып, күйеуінің үйіне барғанға дейін және мал-мүлкін басқара алатыны белгілі болғанға дейін өз мүлкіне дербес билік жүргізе алмайды».
Имам Мәликке жеткен риуаят бойынша, Қасым ибн Мұхаммед, Сәлим ибн Абдуллаһ және Сүлеймен ибн Ясар бойжеткен қыз жайында былай дейтін: «Әкесі оны келісімін сұрамай-ақ тұрмысқа бере алады. Мұндай неке ол үшін міндетті күшке ие болады».1
- 1Қызды әкесінен басқа уәлиі тұрмысқа беріп, қыз оған келіспесе, некені бұза алады.
3-бапМәһір және мәһірсіз неке туралы риуаяттар
Сәһл ибн Сағд әс-Сағиди былай дейді: «Бір әйел Алла елшісінің (с.а.с.) алдына келіп: “Уа, Расулалла! Өзімді саған бағыштадым”, – деді де, түрегеп тұрып, жауабын күтті. Сонда сахабалардың бірі орнынан тұрып: “Уа, Расулалла! Егер өзіңіз үйленбесеңіз, оны маған некелеп беріңіз”, – деді. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.): “Оған мәһірге беретін бір нәрсең бар ма?” – деп сұрады. Әлгі адам: “Үстімдегі мына киімімнен басқа ештеңем жоқ”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Киіміңді оған берсең, өзің жалаңаш қаласың. Басқа бір нәрсе ізде”, – деді. Ол: “Ештеңе таба алмай тұрмын”, – деді. Алла елшісі: “Темір жүзік те таба алмайсың ба?” – деді. Әлгі адам іздеді, бірақ ештеңе таппады. Сонда ардақты Пайғамбар (с.а.с.): “Құран Кәрімнен бір нәрсе білесің бе?” – деп сұрады. Ол: “Пәлен, пәлен сүрелерді білемін”, – деп, білетін сүрелерін атады. Ардақты Пайғамбар (с.а.с.): “Өзің білетін сүрелерді оған үйретуіңді шарт етіп, оны саған некеледім”, – деді».1
- 1Бұхари, «Никах», 67/40; Мүслим, «Никах», 12/12, № 76.
Омар ибн Хаттаб (р.а.) былай дейді: «Ер адам ақыл-есінде ауытқуы, алапес дерті немесе ақтаңдақ ауруы бар әйелге үйленіп, онымен жұбайлық қатынасқа түссе, мәһірін толық беруі керек. Ал әйелдің уәлиі оны алдағандықтан, мәһірдің толық көлемін күйеуіне өтейді».1
Имам Мәлик былай дейді: «Мұндай әйелді тұрмысқа берген уәлиі оның әкесі, бауыры немесе кемшілігін білетін біреу болса, мәһірдің толық көлемін күйеуіне өтейді. Ал уәлиі әкесінің бауырының ұлы, мәуласы, яғни өзін азат еткен қожайыны немесе кемшілігін білмейтін жақындарының бірі болса, мәһірді өтемейді. Бұл жағдайда әйел мәһірден алғанын өзі қайтарады. Күйеуі соның бір бөлігін жұбайлық қатынастың өтемі ретінде әйелге қалдырады».
- 1Сағид ибн Мүсәйябтан жеткен осы мағынадағы риуаятты қараңыз: Шайбани, 539.
Нәфиғ былай дейді: «Убайдуллаһ ибн Омардың бір қызының анасы Зәйд ибн Хаттабтың қызы еді. Сол қыз Абдуллаһ ибн Омардың ұлына тұрмысқа шықты. Күйеуі онымен әлі жақындаспай тұрып қайтыс болды. Мәһірін де белгілемеген еді. Қыздың анасы оның мәһірін талап етті. Абдуллаһ ибн Омар (р.а.): “Оған мәһір беруге міндетті емеспіз. Егер мәһір беру қажет болғанда, әлбетте, берер едік. Оған әділетсіздік жасамас едік”, – деді. Бірақ анасы мұны қабылдамады. Сонда олар Зәйд ибн Сәбитті (р.а.) араларына төреші етіп белгіледі. Зәйд ибн Сәбит (р.а.) әйелге мәһір берілмейтініне, алайда оның күйеуінен мұра алатынына пәтуа берді».1
- 1Шайбани, 543.
Омар ибн Абдулазиз халифалығы кезінде уәлилеріне былай деп жазды: «Әйелді тұрмысқа берген уәлиі, әкесі немесе басқа біреу неке қиылғанда мәһір, сый-сияпат ретінде нені шарт етсе де, соның бәрі әйелге тиесілі. Ол өзіне тиесілі нәрсені қалаған уақытында ала алады».
Имам Мәлик әкесі тұрмысқа берген қыздың мәһіріне қоса сый беруді шарт ету жайында былай дейді: «Неке қиылғанда шарт етілген нәрсенің бәрі әйелге тиесілі. Қаласа, оны алады. Күйеуі онымен жақындаспай тұрып ажырасса, неке кезінде әйелге беруді міндетіне алған нәрсенің жартысын беруі керек».
Имам Мәлик былай дейді: «Әке мал-мүлкі жоқ, балиғатқа толмаған ұлын үйлендірсе, мәһірді өзі беруі керек. Егер баланың мал-мүлкі болса, мәһір соның мүлкінен беріледі. Алайда әке мәһірді өз мойнына алса, оны өзі төлейді. Әкесі қамқоршысы ретінде қиған балиғатқа толмаған баланың некесі дұрыс болады».
Имам Мәлик былай дейді: «Бойжеткен қызға үйленген адам онымен жақындаспай тұрып талақ етсе, қыздың әкесі мәһірдің жартысын кешіре алады. Мұндайда күйеуінің мойнынан мәһірдің сол жартысын беру міндеті түседі».
Имам Мәлик бұл үкімді түсіндіріп былай дейді: «Алла Тағала кітабында: “Егер олар өздеріне тиесілі мәһірді кешсе, бермесеңдер де болады”, – деген. Мұнда күйеуімен жақындасқан әйелдер меңзелген. Сондай-ақ Алла: “Я болмаса, неке тізгіні қолында болған...”, – деген. Бұл – бойжеткен қыздың әкесі мен күңнің қожайыны. Бұл жөнінде естігенім – осы. Біздің ұстанымымыз бойынша да үкім осындай».1
Имам Мәлик былай дейді: «Яһуди немесе христиан ер адамның некесіндегі яһуди не христиан әйел күйеуімен жақындаспай тұрып мұсылман болса, мәһір алу құқығынан айырылады».
Имам Мәлик былай дейді: «Әйелдің мәһірі ширек динардан кем болмауы керек. Ұрлықта қол кесуді қажет ететін ең аз мөлшер де – осы».
- 1Жоғарыдағы аят – «Бақара» сүресінің 237-аяты. Мағынасы: «Ал егер әйелдеріңді төсек қатынасына түспей тұрып, бірақ мәһірді белгілеп қойғаннан кейін талақ қылсаңдар, онда аталған мәһірдің тең жартысын берулерің керек. Егер олар өздеріне тиесілі мәһірді кешсе, бермесеңдер де болады. Я болмаса, неке тізгіні қолында болған күйеу мәрттік танытып, атаған мәһірді толық берсе, оның жөні бөлек. Бұл мәселеде мәрттік танытқандарың тақуалыққа анағұрлым жақын. Ендеше, бір-біріңе мәрттік танытуды ұмытпаңдар. Шүбәсіз, Алла сендердің не істеп жүргендеріңнің бәрін көруде». Имам Мәликтің «Мұнда күйеуімен жақындасқан әйелдер меңзелген» деуі – өзінің түсіндіруі. Аяттың сыртқы мағынасы жоғарыдағы аудармада берілгендей, күйеуімен жақындаспай тұрып ажырасқан әйелдерге қатысты. Ғалымдардың көпшілігі де осылай түсінген.
4-бапЕрлі-зайыптылардың неке бөлмесінде оңаша қалуымен мәһірдің міндетті болуы
Әзірет Омар (р.а.) неке бөлмесіне кіріп, оңаша қалған ерлі-зайыптылар туралы: «Мәһір беру міндетті болады», – деп үкім шығарды.1
- 1Шайбани, 532.
Зәйд ибн Сәбит былай дейді: «Ерлі-зайыптылар неке бөлмесіне кіріп, перде түсірілсе, яғни есік жабылса, мәһір беру міндетті болады».
Сағид ибн Мүсәйяб былай дейді: «Ерлі-зайыптылар әйелдің үйінде оңаша қалса, жұбайлық қатынасқа түскен-түспегені жөнінде ер адамның сөзі негізге алынады. Ал ер адамның үйінде оңаша қалса, әйелдің сөзі негізге алынады».
Имам Мәлик былай дейді: «Әйелдің үйіндегі неке бөлмесіне кіргеннен кейін әйел: “Күйеуім маған жақындасты”, – десе, ал ер адам: “Мен оған жақындаспадым”, – десе, ер адамның сөзі қабыл етіледі. Ал ер адамның үйіндегі неке бөлмесіне кіргеннен кейін ер адам: “Мен оған жақындаспадым”, – десе, әйел: “Ол маған жақындасты”, – десе, әйелдің сөзі қабыл етіледі».
5-бапЖаңа үйленген адамның бойжеткен немесе бұрын тұрмыста болған әйелінің жанында қатарынан қанша түн болуы керектігі
Әбу Бәкір ибн Абдуррахман әл-Махзумиден (р.а.) жеткен риуаятта былай делінеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Сәләмәға үйленгенде оған: “Сен мен үшін қадірлісің. Қаласаң, жаныңда жеті түн болайын, сонда басқа әйелдерімнің әрқайсысының жанында да жеті түннен боламын. Қаласаң, жаныңда үш түн болғаннан кейін өзгелерге өз кезегімен барып, саған да кезегіңмен қайта келіп тұрайын”, – деді. Сонда Үммі Сәләмә: “Үш түн қал”, – деді».1
- 1Мүслим, «Радағ», 17/12, № 41–44; Шайбани, 525. Дін барлық істе әділдікті алға қойғаны сияқты, бірнеше әйелге үйленген адамның да жұбайларының арасында әділдікті толық сақтауын бұйырады. Әр ісімен үмбетіне үлгі болған ардақты Пайғамбар (с.а.с.) бұл мәселеде де өнеге көрсеткен. Бірнеше әйелі бар адам түндерін олардың арасында әділ бөлуі керек. Тек жаңа үйленген әйелімен бауыр басуы үшін алғашқы күндерге ерекше құқық берілген. Келесі хадисте айтылғандай, бойжеткен қыз үшін бұл мерзім – жеті түн, бұрын тұрмыста болған әйел үшін – үш түн.
Әнас ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Жаңа тұрмыс құрған әйелге берілетін ерекше құқық: бойжеткен қыздың жанында жеті түн, бұрын тұрмыста болған әйелдің жанында үш түн болу».1
Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша да үкім осындай. Ер адамның жаңа үйленген әйелінен басқа жұбайлары да болса, алғашқы күндер өткеннен кейін түндерін олардың арасында тең бөледі. Жаңа әйелінің жанында өткізген алғашқы түндерін бұл есепке қоспайды».
- 1Бұхари, «Никах», 67/100–101; Мүслим, «Радағ», 17/12, № 45–46.
6-бапНекеден кейін орындау міндетті болмайтын шарттар
Сағид ибн Мүсәйябтан: «Әйел тұрмысқа шығарда күйеуіне өзін туған жерінен алып кетпеуді шарт етсе, мұның үкімі қандай?» – деп сұралды. Ол: «Күйеуі қаласа, оны алып кете алады», – деді.
Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша, күйеуі мұндай шартқа келіссе де, үкім осындай болады. Неке қиылғанда әйеліне: “Үстіңнен басқа әйел алмаймын, күң ұстамаймын”, – деп шарт қойса, оны орындауға міндетті емес. Алайда осы шартын талақпен немесе құл азат етумен байланыстырып, антпен бекітсе, онда сол шартқа бағынуы керек. Мұндайда ол әйелінің үстінен басқа әйелге үйлене алмайды әрі күң ұстай алмайды».
7-бапМұхаллил және соған ұқсас неке[^832]
Зүбәйр ибн Абдуррахман ибн Зүбәйр былай дейді: «Алла елшісінің заманында Рифаға ибн Симуәл әйелі Тәмима бинт Уәһбті үш талақпен ажыратты. Содан кейін Тәмима Абдуррахман ибн Зүбәйрге тұрмысқа шықты. Абдуррахман жыныстық қуатының әлсіздігінен Тәмимамен жұбайлық қатынасқа түсе алмады да, кейін оны талақ етті. Алғашқы күйеуі Рифаға Тәмиманы қайта некесіне алғысы келді. Бұл жөнінде Алла елшісінен (с.а.с.) сұрағанда, ардақты Пайғамбар (с.а.с.) оған рұқсат бермей: “Тәмима екінші күйеуімен жұбайлық қатынасқа түспейінше, саған адал болмайды. Оған үйлене алмайсың”, – деді».1
- 1Бұхари, «Либас», 87/6; Мүслим, «Никах», 16/16, № 111–115.
Қасым ибн Мұхаммед әзірет Айшадан (р.а.) мына риуаятты жеткізеді: «Айшадан: “Ер адам әйелін қайта ала алмайтындай етіп, үш талақпен ажыратты. Кейін ол әйелді басқа бір адам некесіне алып, жақындаспай тұрып талақ етсе, алғашқы күйеуі оны қайта ала ала ма?” – деп сұралды. Айша: “Жоқ. Екінші күйеуі онымен жұбайлық қатынасқа түспейінше, ала алмайды”, – деп жауап берді».
Имам Мәликке жеткен риуаятта былай делінеді: «Қасым ибн Мұхаммедтен: “Ер адам әйелін үш талақпен ажыратқаннан кейін оған басқа біреу үйленді. Бірақ онымен жақындаспай тұрып қайтыс болды. Алғашқы күйеуі бұл әйелді қайта ала ала ма?” – деп сұралды. Қасым: “Жоқ, болмайды”, – деп жауап берді».
Имам Мәлик мұхаллил жайында былай дейді: «Әйелді бұрынғы күйеуіне адал ету ниетімен үйленген адам сол некесімен ерлі-зайыптылық өмірді жалғастыра алмайды. Ол әйелмен бірге қалғысы келсе, жаңадан неке қиюы керек. Егер сол некеде әйелмен жақындасқан болса, оған мәһірін беруге міндетті».
8-бапБір ер адамның некесінде қатар бола алмайтын әйелдер
Әбу Һурайраның жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Әйел бір ер адамның некесінде әкесінің әпке-қарындасымен немесе анасының әпке-сіңлісімен қатар бола алмайды», – деген.1
- 1Бұхари, «Никах», 67/27; Мүслим, «Никах», 16/3, № 33; Шайбани, 526.
Сағид ибн Мүсәйяб былай дейді: «Әйелді әкесінің әпке-қарындасының немесе анасының әпке-сіңлісінің үстінен некеге алуға болмайды. Сондай-ақ ер адам басқа біреуден жүкті болған күңімен жақындаса алмайды».1
- 1Шайбани, 527.
9-бапТалақ етілген әйелдің анасына үйленудің харам болуы
Яхия ибн Сағид мына риуаятты жеткізеді: «Зәйд ибн Сәбиттен: “Ер адам әйелге үйленіп, онымен жақындаспай тұрып талақ етсе, сол әйелдің анасына үйленуіне бола ма?” – деп сұралды. Зәйд (р.а.): “Жоқ, болмайды. Ол – оның қайын енесі. Бұл үкімде ешқандай шарт жоқ. Шарт тек рабаибке, яғни өгей қыздарға қатысты”, – деді».1
- 1Мәселенің мәні мынадай: әйелді некеге алғаннан кейін онымен жақындаспай ажырасса да, оның анасына үйлену харам болады. Ал анасына үйленіп, онымен жақындаспай тұрып ажырасса, оның қызына, яғни өзінің өгей қызына үйлене алады. Бірақ анасымен жақындасқаннан кейін ажырасса, қызына үйлене алмайды.
Имам Мәлик бірнеше риуаятшыдан мына хабарды жеткізеді: «Абдуллаһ ибн Масғуд Куфада жүргенде одан: “Ер адам некелескен әйелін жақындаспай тұрып талақ етсе, оның анасына үйлене ала ма?” – деп сұралды. Абдуллаһ: “Иә, болады”, – деп рұқсат берді. Кейін Мәдинаға барғанда бұл мәселені үлкен сахабалардан сұрады. Олар: “Жоқ, болмайды. Шарт тек өгей қыздарға қатысты”, – деп жауап берді. Яғни адам некелескен әйелін жақындаспай тұрып талақ етсе, оның қызына үйлене алады. Осыдан кейін Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а.) Куфаға оралғанда, үйіне бармастан бұрын өзі пәтуа берген адамға келді. Оған жақындаспай талақ еткен әйелінің анасына үйленуге болмайтынын айтып, одан ажырасуды бұйырды».
Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйелінің анасын некесіне алып, онымен жұбайлық қатынасқа түссе, өз әйелі де оған харам болады. Екеуінен де ажырасуы керек. Бұдан былай екеуі де оған мәңгілік харам болады. Ал некесіне алған қайын енесімен әлі жақындаспаған болса, одан ажырасады, өз әйелі оған харам болмайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйелінің анасын некесіне алып, онымен жұбайлық қатынасқа түссе, ол әйел өзіне де, әкесіне де, ұлына да мәңгілік харам болады. Сол әйелдің басқа қызы болса, ол да өзіне харам болады. Өз әйелі де оған харам болады».
Имам Мәлик былай дейді: «Ал әйелмен неке арқылы емес, зина арқылы жақындасса, бұл аталғандардың ешқайсысымен үйленуге тыйым салатын туыстықты тудырмайды.1 Өйткені Алла Тағала некелесуі харам әйелдерді атап: “Әйелдеріңнің аналары да сендерге харам”, – деген.2 Мұнда некеге алған әйелдеріңнің аналары меңзелген. Зина арқылы жақындасқан әйелдің анасына үйленудің харам болатыны айтылмаған. Демек, мұндай туыстықты адал неке арқылы жақындасу ғана туғызады. Бұл жөнінде естігенім – осы. Бізде, Мәдинада, халықтың ұстанған амалы да осындай».
- 1Дінімізде зина – үлкен күнәлардың бірі. Ол ең ауыр жазаны қажет етеді. Жоғарыдағы жағдайда надандықпен немесе ғапылдықпен зина жасаған адам шариғи жазасын өтегеннен не тәубеге келіп, зинасын тоқтатқаннан кейін рухани тұрғыдан күнәсінен тазарған саналады. Сондықтан сол әйелдің анасына немесе қызына үйленуіне болады.
- 2«Ниса» сүресі, 4:23.
10-бапЗина арқылы жақындасқан әйелдің қызына үйленуге бола ма?
Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйелмен зина жасап, сол үшін оған шариғат белгілеген хад жазасы қолданылса, ол әйелдің қызына үйлене алады. Сондай-ақ оның ұлы да әкесі зина жасаған әйелге үйлене алады. Өйткені әкесінің онымен жақындасуы харам жолмен болған. Алла Тағала әкесі заңды некемен немесе неке деп қабылданған күмәнді қатынас арқылы жақындасқан әйелді ғана ұлына харам еткен. Алла Тағала: “Бұрынырақта болған істің жөні бөлек, ал бұдан былай әкелеріңмен некелескен әйелдерді алушы болмаңдар”, – деген».839
Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйелге ғиддат мерзімі ішінде неке қиып, оны халал деп санап жақындасса, сол әйелге ұлының үйленуі харам болады. Өйткені әкесі ол әйелмен неке арқылы қосылғандықтан, оған хад жазасы қолданылмайды. Мұндай қатынастан туған баланың тегі әкесінен анықталады. Әкесі некелесіп, жақындасқан әйелге үйлену ұлына харам болғаны сияқты, ұлы ғиддат мерзіміндегі әйелге үйленіп, онымен жақындасса, сол әйелдің қызы да әкесіне харам болады».
11-бапШариғат бойынша жарамсыз саналатын некелер
Абдуллаһ ибн Омардың жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) шиғар некесіне тыйым салды. Шиғар – екі адамның бір-біріне мәһір берместен, бір-бірінің қызына үйленуі.1
- 1Бұхари, «Никах», 67/28; Мүслим, «Никах», 16/6, № 57; Шайбани, 533.
Ансарлардан Ханса бинт Хидам былай дейді: «Мен бұрын тұрмыста болған әйел едім. Әкем менің қалауымсыз бір адамға тұрмысқа берді. Алла елшісіне (с.а.с.) барып, жағдайымды айтқанымда, ардақты Пайғамбар (с.а.с.) ол некені бұзды».1
- 1Бұхари, «Никах», 67/42; Шайбани, 529. Бұл хадис бойынша, адам тұрмысқа шығуды қаламаған қызын мәжбүрлей алмайды. Әсіресе, бұрын тұрмыста болған қызын еш мәжбүрлеуге болмайды.
Әбу әз-Зүбәйр әл-Мәкки былай дейді: «Омар ибн Хаттабтың (р.а.) алдына бір ер адам мен бір әйелдің ғана куәлігімен қиылған неке туралы іс әкелінді. Ол: “Бұл – жасырын неке.1 Оған рұқсат бермеймін. Егер мұндай некеге бұрын тыйым салып қойған болсам, осылай үйленгендерді рәжм етер едім, яғни таспен атқызып өлтірер едім”, – деді».2
Сағид ибн Мүсәйяб пен Сүлеймен ибн Ясардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Әсад тайпасынан Туләйха Сақиф тайпасынан Рушәйдтің некелі әйелі еді. Рушәйд оны талақ етті. Ал Туләйха ғиддаты, яғни күту мерзімі бітпей тұрып, басқа біреуге тұрмысқа шықты. Мұны естіген әзірет Омар (р.а.) ғиддаты бітпей үйленгендері үшін Туләйха мен екінші күйеуін дүрелетіп, екеуін ажыратты. Содан кейін былай деді: “Әйел ғиддаты бітпей тұрмысқа шықса, екінші күйеуі оған әлі жақындаспаған жағдайда екеуі ажыратылады. Әйел алғашқы күйеуінен қалған ғиддат мерзімін толық аяқтайды. Содан кейін ғиддат кезінде үйленіп, ажыратылған адам да өзгелер сияқты оған сөз сала алады. Ал екінші күйеуімен жұбайлық қатынасқа түскен болса, некелері бұзылып, екеуі ажыратылады. Әйел алдымен алғашқы күйеуінен қалған ғиддат мерзімін аяқтайды. Содан кейін екінші күйеуіне байланысты ғиддат мерзімін күтеді. Бұдан былай ол екеуі ешқашан қайта қосыла алмайды”».
Имам Мәлик Сағид ибн Мүсәйябтың: «Онымен жақындасқандықтан, екінші күйеуі әйелге мәһірін де беруі керек», – дегенін жеткізеді.
Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша, күйеуі қайтыс болған азат әйел төрт ай он күн күткеннен кейін де сол күйеуінен жүкті болуы мүмкін деген күдік қалса, күдігі сейілгенге дейін күтеді. Сол уақытқа дейін басқаға тұрмысқа шыға алмайды».
12-бапАзат әйелдің үстінен күңге үйлену
Абдуллаһ ибн Аббас пен Абдуллаһ ибн Омардан азат әйелі бар адамның оның үстінен күңге үйленуі жайында сұралғанда, олар екеуін бір некеде ұстауды құп көрмеді.1
- 1Азат әйелдің үстінен күңге үйленудің құп көрілмеуінің себебі – сол дәуірде бүкіл дүниеге жайылған құлдық пен күңдікті мүмкіндігінше азайтып, жою.
Сағид ибн Мүсәйябтың былай дегені жеткізілген: «Азат әйелдің келісімінсіз оның үстінен күңді некеге алуға болмайды. Егер өзі келіссе, түндерді бөлісуде оған үштен екі үлес тиеді. Яғни күйеуі бір түн күңмен, екі түн азат әйелімен бірге болады».
Имам Мәлик былай дейді: «Азат әйелге үйленуге мүмкіндігі бар азат ер адамның күңге үйленгені жөн емес. Тіпті азат әйелге үйленуге шамасы келмеген адамның өзі нәпсісіне ие бола алса, күңге үйленбегені дұрыс. Өйткені Алла Тағала кітабында: “Араларыңнан азат мүмін әйелдерді алуға дәулеті жетпегендер иеліктеріңдегі мүмін күңдерге үйлене алады. Алла иман тұрғысынан дәрежелеріңді жақсы біледі және сендерді имандарыңа қарап бағалайды. ...Күңдерге үйлену араларыңдағы нәпсіге бой алдырып зина жасап қоюдан қорыққандар үшін”, – деген».1
- 1«Ниса» сүресі, 4:25.
13-бапТалақ еткен әйелін күң ретінде иелену
Зәйд ибн Сәбит некесіндегі күңді үш талақпен ажыратқаннан кейін оны сатып алған адам жайында былай дейді: «Ол күң басқа ер адамға тұрмысқа шығып, одан ажырамайынша, бұған адал болмайды. Онымен ерлі-зайыптылық өмір сүре алмайды».
Сағид ибн Мүсәйяб пен Сүлеймен ибн Ясардан: «Адам күңін өз құлына некелеп берсе, кейін құл оны талақ етсе, содан соң қожайыны сол күңді әлгі құлына сыйласа, ол оған адал бола ма?» – деп сұралды. Екеуі: «Басқа біреуге тұрмысқа шығып, одан ажырамайынша, адал болмайды», – деп жауап берді.
Имам Мәлик Ибн Шиһабтан: «Адам некесінде болған күңді бір талақпен ажыратқаннан кейін сатып алса, ол күң өзіне адал бола ма?» – деп сұрады. Ол: «Үш талақпен ажыратпаған болса, меншігіне өткеннен кейін оған адал болады, онымен ерлі-зайыптылық өмір сүре алады. Ал үш талақпен ажыратқан болса, сол күң басқа біреуге тұрмысқа шығып, одан ажырамайынша, оған адал болмайды», – деді.
Имам Мәлик былай дейді: «Адам басқа біреудің күңіне үйленіп, одан баласы болса, кейін сол күңді сатып алса, ол күң өзгенің меншігінде жүргенде одан бала туғаны үшін үммі уәләд, яғни қожайынынан бала туған күң саналмайды. Сатып алғаннан кейін, өзінің меншігінде жүргенде баласын туса ғана оның үммі уәләді болады».1
Имам Мәлик былай дейді: «Өз некесінде жүргенде өзінен жүкті болған күңді сатып алып, күң баласын оның меншігіне өткеннен кейін туса да, үммі уәләд саналады».
- 1Біреудің меншігіндегі күң қожайынынан бала туса, «үммі уәләд» деп аталады. Мұндай күң сатылмайды, сыйға берілмейді. Қожайыны қайтыс болғаннан кейін азат болады. Бұл да – Исламның күңдерді бостандыққа жеткізу үшін бекіткен ережелерінің бірі.
17-бапИхсан, яғни некелі болу
Сағид ибн Мүсәйяб былай дейді: «Мұхсана әйелдер – күйеуі бар әйелдер. Оларға үйленуге болмайды. Үйленген жағдайда неке жарамсыз болып, мұндай қатынас зина саналады. Ал зинаны Алла харам еткен».
Ибн Шиһаб пен Қасым ибн Мұхаммед былай дейді: «Азат ер адам күңге үйленіп, онымен жақындасса, мұхсан саналады».
Имам Мәлик былай дейді: «Мен жолыққан ғалымдардың бәрі күңге үйленген азат ер адамды мұхсан санайтын.1 Құлға тұрмысқа шыққан азат әйел де мұхсана саналады».
Имам Мәлик былай дейді: «Азат әйелге үйленген құл мұхсан саналмайды. Алайда сол әйелімен некесі жалғасып тұрған кезде азат етіліп, бостандық алғаннан кейін онымен жақындасса, мұхсан болады. Егер азат етілмей тұрып әйелінен ажырасса, мұхсан саналмайды. Бостандық алғаннан кейін әйелімен қайта некелесіп, онымен жақындасса ғана мұхсан болады. Азат ер адамның некесіндегі күң де бостандық алмай тұрып ажырасса, мұхсана саналмайды. Ол азат етілгеннен кейін тұрмысқа шығып, күйеуімен жақындасқанда ғана мұхсана болады. Ал азат адамның некесінде жүргенде бостандық алған күң сол күйеуімен азат етілгеннен кейін жақындасса, мұхсана саналады».
Имам Мәлик былай дейді: «Азат мұсылман ер адам азат яһуди немесе христиан әйелге не мұсылман күңге үйленіп, сол әйелімен жұбайлық қатынасқа түссе, мұхсан саналады».
- 1Неке арқылы ихсан сипатына ие әйел «мұхсана», ер адам «мұхсан» деп аталады. Олар зина жасаса, шариғат бойынша рәжм, яғни таспен атып өлтіру жазасына кесіледі.
21-бапҮйлену тойына қатысты үкімдер
Әнас ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) алдына келді. Үстінен жаңа үйленгенінің белгісі байқалып тұр еді. Ардақты Пайғамбар сұрағанда, ол үйленгенін айтты. Алла елшісі (с.а.с.) қанша мәһір бергенін сұрады. Ол: “Бір құрма сүйегінің салмағындай алтын бердім”, – деді. Сонда ардақты Пайғамбар: “Бір қой болса да сойып, той жаса”, – деді».1
- 1Бұхари, «Никах», 67/54; Мүслим, «Никах», 16/12, № 79–83.
Яхия ибн Сағид былай дейді: «Маған жеткен хабар бойынша, Алла елшісі (с.а.с.) тойға келгендерге ет пен нан ұсынатын».1
- 1Ибн Мәжа бұл хадисті иснады жалғасқан түрде риуаят етеді: «Никах», 9/24.
Абдуллаһ ибн Омар Алла елшісінің (с.а.с.): «Қайсыбірің тойға шақырылса, барсын», – дегенін жеткізеді.1
- 1Бұхари, «Никах», 67/71; Мүслим, «Никах», 16/15, № 96.
Әбу Һурайраның былай дегені жеткізілген: «Ең жаман ас – кедейлер шақырылмай, тек байлар ғана шақырылатын той асы. Кім шақырылған жерге бармаса, Аллаға және Оның елшісіне қарсы келген болады».1
- 1Бұхари, «Никах», 67/72; Мүслим, «Никах», 16/15, № 107.
Әнас ибн Мәлик былай дейді: «Бір тігінші Алла елшісін (с.а.с.) өзі әзірлеген асқа шақырды. Мен де бірге бардым. Үй иесі арпа наны мен асқабақ қосылған сорпа ұсынды. Тамақ үстінде Алла елшісінің (с.а.с.) сорпадағы асқабақты теріп жегенін көрдім. Сол күннен бастап мен де асқабақты жақсы көре бастадым».1
- 1Бұхари, «Әтғима», 70/4; Мүслим, «Әшриба», 36/21, № 144.
22-бапНекеге қатысты өзге хадистер
Зәйд ибн Әсләм Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Қайсыбірің әйелге үйленсе немесе күң сатып алса, қолын оның кекіліне қойып, қайырлы әрі берекелі болуын тілеп дұға етсін. Түйе сатып алғанда да қолын оның өркешіне қойып, шайтанның жамандығынан, яғни түйенің тебуі мен тістеуінен Аллаға сиынсын».
Әбу әз-Зүбәйр әл-Мәкки былай дейді: «Бір адам бір кісінің қарындасына сөз салды. Ағасы оған қарындасының зина жасағанын айтты. Мұны естіген әзірет Омар (р.а.): “Ұмыт қалған оқиғаны неге қозғадың?” – деп, қыздың ағасын ұрды немесе ұруға шақ қалды».
Рабиға ибн Әби Абдуррахманнан жеткен риуаят бойынша, Қасым ибн Мұхаммед пен Уруа ибн Зүбәйр былай дейтін: «Төрт әйелі бар адам жұбайларының бірін талақ етсе, қаласа, оның ғиддатының бітуін күтпей-ақ басқа әйелге үйлене алады».
Қасым ибн Мұхаммед пен Уруа ибн Зүбәйр жоғарыдағы пәтуаны Уәлид ибн Абдулмәлик Мәдинаға келген жылы соған қатысты айтқан еді. Алайда Қасым ибн Мұхаммед: «Уәлид әйеліне талақты әртүрлі мәжілісте айтқан», – деді.
Сағид ибн Мүсәйяб былай дейді: «Үш нәрсемен ойнауға, әзілдеуге болмайды: неке, талақ және құл азат ету. Бұл істерге байыппен қарау керек».1
- 1Әбу Дәуіт, «Талақ», 13/9; Тирмизи, «Талақ», 11/9; Ибн Мәжа, «Талақ», 10/13.
Рафиғ ибн Хадиж былай дейді: «Ансарлардан Мұхаммед ибн Мәсләмәның қызына үйлендім. Жасым ұлғайғанда, оның үстінен жас қыз алдым. Жас әйеліме көбірек көңіл бөлетінмін. Алғашқы әйелім ажырасқысы келді. Оны бір талақпен ажыраттым. Ғиддаты бітуге жақындағанда, онымен қайта қосылдым. Кейін тағы да жас әйеліме көбірек көңіл бөлгенімде, ол қайтадан ажырасқысы келді. Оны тағы бір талақпен ажыраттым. Ғиддаты бітпей тұрып, қайта қосылдым. Жас әйеліме деген ықыласым мен ілтипатым бұрынғысынша жалғасқанда, ол тағы да ажырасқысы келді. Сонда оған: “Не дейсің? Жақсылап ойлан. Бір ғана талақ қалды. Сені тағы талақ етсем, енді қайта қосыла алмаймыз. Егер жас әйеліме қарағанда азырақ ілтипат көріп өмір сүруге разы болсаң, некеміз жалғаса берсін. Оған разы болмасаң, енді қайта қосылмайтындай етіп, үшінші рет талақ етемін”, – дедім. Ол: “Мен осы жағдайға разымын, некеміз жалғаса берсін”, – деді. Содан кейін оны тастамадым. Ол осы жағдайға разылық білдірген соң, мен де бұдан күнә көрмедім».1
- 1Шайбани, 586.