Ибн Шиһаб пен Қасым ибн Мұхаммед былай дейді: «Азат ер адам күңге үйленіп, онымен жақындасса, мұхсан саналады».
Имам Мәлик былай дейді: «Мен жолыққан ғалымдардың бәрі күңге үйленген азат ер адамды мұхсан санайтын.1 Құлға тұрмысқа шыққан азат әйел де мұхсана саналады».
Имам Мәлик былай дейді: «Азат әйелге үйленген құл мұхсан саналмайды. Алайда сол әйелімен некесі жалғасып тұрған кезде азат етіліп, бостандық алғаннан кейін онымен жақындасса, мұхсан болады. Егер азат етілмей тұрып әйелінен ажырасса, мұхсан саналмайды. Бостандық алғаннан кейін әйелімен қайта некелесіп, онымен жақындасса ғана мұхсан болады. Азат ер адамның некесіндегі күң де бостандық алмай тұрып ажырасса, мұхсана саналмайды. Ол азат етілгеннен кейін тұрмысқа шығып, күйеуімен жақындасқанда ғана мұхсана болады. Ал азат адамның некесінде жүргенде бостандық алған күң сол күйеуімен азат етілгеннен кейін жақындасса, мұхсана саналады».
Имам Мәлик былай дейді: «Азат мұсылман ер адам азат яһуди немесе христиан әйелге не мұсылман күңге үйленіп, сол әйелімен жұбайлық қатынасқа түссе, мұхсан саналады».
- 1Неке арқылы ихсан сипатына ие әйел «мұхсана», ер адам «мұхсан» деп аталады. Олар зина жасаса, шариғат бойынша рәжм, яғни таспен атып өлтіру жазасына кесіледі.