Омар ибн Абдулазиз халифалығы кезінде уәлилеріне былай деп жазды: «Әйелді тұрмысқа берген уәлиі, әкесі немесе басқа біреу неке қиылғанда мәһір, сый-сияпат ретінде нені шарт етсе де, соның бәрі әйелге тиесілі. Ол өзіне тиесілі нәрсені қалаған уақытында ала алады».
Имам Мәлик әкесі тұрмысқа берген қыздың мәһіріне қоса сый беруді шарт ету жайында былай дейді: «Неке қиылғанда шарт етілген нәрсенің бәрі әйелге тиесілі. Қаласа, оны алады. Күйеуі онымен жақындаспай тұрып ажырасса, неке кезінде әйелге беруді міндетіне алған нәрсенің жартысын беруі керек».
Имам Мәлик былай дейді: «Әке мал-мүлкі жоқ, балиғатқа толмаған ұлын үйлендірсе, мәһірді өзі беруі керек. Егер баланың мал-мүлкі болса, мәһір соның мүлкінен беріледі. Алайда әке мәһірді өз мойнына алса, оны өзі төлейді. Әкесі қамқоршысы ретінде қиған балиғатқа толмаған баланың некесі дұрыс болады».
Имам Мәлик былай дейді: «Бойжеткен қызға үйленген адам онымен жақындаспай тұрып талақ етсе, қыздың әкесі мәһірдің жартысын кешіре алады. Мұндайда күйеуінің мойнынан мәһірдің сол жартысын беру міндеті түседі».
Имам Мәлик бұл үкімді түсіндіріп былай дейді: «Алла Тағала кітабында: “Егер олар өздеріне тиесілі мәһірді кешсе, бермесеңдер де болады”, – деген. Мұнда күйеуімен жақындасқан әйелдер меңзелген. Сондай-ақ Алла: “Я болмаса, неке тізгіні қолында болған...”, – деген. Бұл – бойжеткен қыздың әкесі мен күңнің қожайыны. Бұл жөнінде естігенім – осы. Біздің ұстанымымыз бойынша да үкім осындай».1
Имам Мәлик былай дейді: «Яһуди немесе христиан ер адамның некесіндегі яһуди не христиан әйел күйеуімен жақындаспай тұрып мұсылман болса, мәһір алу құқығынан айырылады».
Имам Мәлик былай дейді: «Әйелдің мәһірі ширек динардан кем болмауы керек. Ұрлықта қол кесуді қажет ететін ең аз мөлшер де – осы».
- 1Жоғарыдағы аят – «Бақара» сүресінің 237-аяты. Мағынасы: «Ал егер әйелдеріңді төсек қатынасына түспей тұрып, бірақ мәһірді белгілеп қойғаннан кейін талақ қылсаңдар, онда аталған мәһірдің тең жартысын берулерің керек. Егер олар өздеріне тиесілі мәһірді кешсе, бермесеңдер де болады. Я болмаса, неке тізгіні қолында болған күйеу мәрттік танытып, атаған мәһірді толық берсе, оның жөні бөлек. Бұл мәселеде мәрттік танытқандарың тақуалыққа анағұрлым жақын. Ендеше, бір-біріңе мәрттік танытуды ұмытпаңдар. Шүбәсіз, Алла сендердің не істеп жүргендеріңнің бәрін көруде». Имам Мәликтің «Мұнда күйеуімен жақындасқан әйелдер меңзелген» деуі – өзінің түсіндіруі. Аяттың сыртқы мағынасы жоғарыдағы аудармада берілгендей, күйеуімен жақындаспай тұрып ажырасқан әйелдерге қатысты. Ғалымдардың көпшілігі де осылай түсінген.