Хадис

Талақ (ажырасу)

Муатта, 28-кітап · 95 хадис · № 1–109

Мазмұны: 27 бап
  1. 1Бәин талақпен ажырасу[^855]
  2. 2Ер адамның ажырасу ниетімен әйеліне «еркің өзіңде», «боссың» секілді сөздер айтуы
  3. 3Талақ ету құқығын әйелге беру арқылы ажырасу
  4. 4Әйелдің өзіне берілген талақ құқығын бір талақ үшін қолдануы
  5. 5Талақ ету құқығын әйелге берудің өздігінен талақ саналмайтыны
  6. 6Илә, яғни әйеліне жақындаспауға ант ету[^862]
  7. 8Азат адамның зиһары[^866]
  8. 10Әйелдің таңдау құқығы
  9. 11Хулғ, яғни әйелдің өтем төлеп ажырасуы[^873]
  10. 12Өтем төлеп ажырасқан әйелдің талағы
  11. 13Лиғән, яғни лағынет айтып анттасу арқылы ажырасу[^876]
  12. 14Лиғәннен кейін тегі анасына тіркелген баланың мұрасы
  13. 15Күйеуімен жақындаспаған қызды талақ ету
  14. 16Сырқат адамның талағы
  15. 20Күйеуі хабарсыз кеткен әйелдің ғиддаты
  16. 21Хайыз, талақ ғиддаты және әйелді етеккір кезінде талақ ету
  17. 22Талақ етілген әйелдің ғиддатты өз үйінде күтуі
  18. 23Талақ етілген әйелдің нәпақасы
  19. 25Ажырасу ғиддатына қатысты мәселелер
  20. 26Төрешілер
  21. 27Үйленбей тұрып талақты антқа байлау
  22. 28Әйелімен жақындасуға қабілетсіз күйеуге берілетін мерзім
  23. 29Талаққа қатысты хадистер
  24. 30Күйеуі қайтыс болған жүкті әйелдің ғиддаты
  25. 31Күйеуі қайтыс болған әйелдің ғиддаты аяқталғанша өз үйінде қалуы
  26. 34Азл[^906]
  27. 35Күйеуі қайтыс болған әйелдің белгілі мерзім сәнденбеуі

1-бапБәин талақпен ажырасу[^855]

1
Муатта, 28-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик мына риуаятты жеткізеді: «Бір кісі Абдуллаһ ибн Аббасқа: “Әйелімді жүз талақпен ажыраттым. Бұған қатысты пікіріңіз қандай?” – деді. Ибн Аббас оған: “Әйелің сенен үш талақпен ажырады. Ал қалған тоқсан жеті талақпен Алланың аяттарын келеке еткен болдың”, – деді».1

  1. 1Исламда күйеуінің әйеліне ең көбі үш талақ айтуға құқығы бар. Одан артық айтылған талақтың қосымша күші болмайды.
2
Муатта, 28-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтен жеткен риуаятта былай делінеді: «Бір адам Абдуллаһ ибн Масғудқа келіп: “Әйелімді сегіз талақпен ажыраттым”, – деді. Ибн Масғуд: “Саған қандай пәтуа берілді?” – деп сұрады. Ол: “Әйелің үш талақпен ажыраған деп айтылды”, – деп жауап берді. Сонда Ибн Масғуд: “Дұрыс айтқан екен. Кім Алланың әміріне сай талақ етсе, Алла оның үкімін ашық баяндаған. Ал кім өзіне қарсы артық сөз айтса, соның салдарын өзі көтереді. Өздеріңе зиян келтіретін жаңсақ сөз айтып, бізді әуре етпеңдер. Үкім солар айтқандай: әйелің сенен үш талақпен ажыраған”, – деді».

3
Муатта, 28-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір ибн Хазм былай дейді: «Омар ибн Абдулазиз менен: “Әйеліне ‘Біржолата талақсың’ деген адамға ғалымдар қандай үкім береді?” – деп сұрады. Мен: “Әбан ибн Осман мұны бір талақ деп санайды”, – деп жауап бердім. Сонда Омар ибн Абдулазиз: “Егер талақ ету құқығы мың рет болса да, ‘біржолата’ деген сөз соның бәрін қамтиды. Осы сөзді айтқан адам соңғы шешімін айтқан болады. Яғни әйелі үш талақпен ажырайды”, – деді».

4
Муатта, 28-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан жеткен риуаят бойынша, Мәруан ибн Хәкәм «біржолата талақсың» деп әйелін талақ еткен адамды әйелімен үш талақ арқылы ажырасқан деп санайтын.

Имам Мәлик былай дейді: «Үш талақ туралы естіген үкімдерімнің ішіндегі ең лайықтысы – осы».1

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, осы сөзді айтқанда үш талақты ниет етпесе, бір бәин талақ жүзеге асады. Шафиғи мәзһабы бойынша, ражғи талақ болады.

2-бапЕр адамның ажырасу ниетімен әйеліне «еркің өзіңде», «боссың» секілді сөздер айтуы

5
Муатта, 28-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта былай делінеді: «Ирактан Омар ибн Хаттабқа бір адамның әйеліне ажырасу ниетімен: “Жібің мойныңда”, – дегенін жазып жіберді. Омар ибн Хаттаб Ирактағы уәлиіне: “Ол қажылық маусымында Меккеде менімен жолықсын”, – деп жазды. Әзірет Омар Бәйтуллаһты тауап етіп жүргенде, әлгі адам келіп, сәлем берді. Омар: “Кімсің?” – деп сұрады. Ол: “Қасыңызға келуімді бұйырған кісіңізбін”, – деп жауап берді. Сонда әзірет Омар: “Осы Қағбаның Раббысы үшін сұраймын: әйеліңе ‘Жібің мойныңда’ дегенде, ниетің не еді?” – деді. Әлгі адам: “Маған басқа жерде ант еткізгеніңізде, шындықты айтпас едім. Бұл сөзіммен әйелімді талақ етуді көздедім”, – деді. Әзірет Омар: “Үкім өзің ниет еткендей болды. Әйелің сенен талақ болды”, – деді».

6
Муатта, 28-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаят бойынша, Әли ибн Әбу Талиб әйеліне «Сен маған харамсың» деген адам туралы: «Әйелі үш талақпен ажыраған болады», – деп пәтуа беретін.1

Имам Мәлик былай дейді: «Үш талақ мәселесінде естіген үкімдерімнің ішіндегі ең лайықтысы – осы».

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, бәин талақ жүзеге асады.
7
Муатта, 28-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Нәфиғтың жеткізуінше, Абдуллаһ ибн Омар былай дейтін: «Адамның әйелінен ажырасу ниетімен: “Сен еріктісің”, – немесе: “Мен сенен босадым”, – деуі үш талақ саналады».

8
Муатта, 28-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммедтен жеткен риуаятта былай делінеді: «Бір адам әйелінің отбасына: “Қыздарыңды алыңдар, не істесеңдер де өздерің біліңдер”, – деді. Фақиһтар ол әйел бір талақпен ажыраған деп үкім шығарды».1

  1. 1Шайбани, 600.
9
Муатта, 28-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб әйеліне «Сен менен боссың, мен де сенен босадым» деген адам туралы былай дейді: «Ол әйел үш талақпен ажыраған болады. Бұл – “біржолата талақсың” дегенмен бірдей».

Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйеліне: “Сен еріктісің”, – немесе: “Сен боссың”, – яки: “Сен біржолата талақсың”, – десе, бұл үш талақ саналады. Ал некеден кейін әйелімен жақындаспай тұрып осы сөздерді айтса, бір талақты немесе үш талақты ниет етуіне қарай үкім беріледі. Егер: “Бір талақты ғана ниет еттім”, – десе, оған ант еткізіледі. Мұндайда ол әйелге өзгелер сияқты қайта сөз сала алады. Өйткені күйеуімен жұбайлық қатынасқа түскен әйелді одан тек үш талақ қана түбегейлі ажыратады. Әйел сол арқылы күйеуінен босап, ерікті болады. Ал күйеуімен жақындаспаған әйелге қатысты бұл бір талақ деп есептеледі».

Имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселеде естіген үкімдерімнің ішіндегі ең лайықтысы – Ибн Шиһабтың сөзі».

3-бапТалақ ету құқығын әйелге беру арқылы ажырасу

10
Муатта, 28-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта былай делінеді: «Бір адам Абдуллаһ ибн Омарға келіп: “Уа, Әбу Абдуррахман! Талақ ету құқығын әйеліме беріп едім, ол өзін талақ етті. Бұған қатысты пікіріңіз қандай?” – деп сұрады. Абдуллаһ ибн Омар: “Менің пікірім – әйеліңнің айтқанындай. Ол талақ болған”, – деді. Әлгі адам: “Олай етпеңіз, уа, Әбу Абдуррахман!” – деді. Ибн Омар: “Мұны мен істедім бе? Өзің істедің”, – деп жауап берді».

11
Муатта, 28-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Нәфиғтың жеткізуінше, Абдуллаһ ибн Омар былай дейтін: «Күйеуі әйеліне талақ ету құқығын берсе, үкім әйелдің шешіміне қарай болады. Өзін талақ етсе – талақ болады, етпесе – болмайды. Алайда күйеуі оның шешіміне қарсы шығып: “Мен саған бір талақпен ғана ажырасу құқығын беруді ниет еткен едім”, – десе, сол ниетіне ант етеді. Мұндайда ражғи талақ жүзеге асады да, ғиддат мерзімінде әйелімен қайта қосыла алады».

4-бапӘйелдің өзіне берілген талақ құқығын бір талақ үшін қолдануы

12
Муатта, 28-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Харижа ибн Зәйд ибн Сәбит былай дейді: «Әкем Зәйд ибн Сәбиттің жанында отырғанымда, Мұхаммед ибн Әби Атиқ екі көзі жасқа толып келді. Зәйд: “Не жағдай?” – деп сұрады. Ол: “Талақ ету құқығын әйеліме беріп едім, ол менен ажырасты”, – деді. Зәйд: “Сені бұлай істеуге не мәжбүр етті?” – деп сұрады. Әлгі адам: “Тағдыр”, – деп жауап берді. Зәйд: “Қаласаң, әйеліңмен қайта қосыл. Ол тек бір талақпен ажыраған. Сенің онымен қайта қосылуға құқығың бар”, – деді».1

  1. 1Шайбани, 567.
13
Муатта, 28-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Қасым әкесінен мына риуаятты жеткізеді: «Сақиф тайпасынан бір адам талақ ету құқығын әйеліне берді. Әйелі оған: “Сен талақсың”, – деді. Ер адам үндемеді. Әйел тағы да: “Сен талақсың”, – деді. Күйеуі: “Аузыңа тас толғыр!” – деді. Әйел үшінші рет: “Сен талақсың”, – дегенде, күйеуі тағы да: “Аузыңа тас толғыр!” – деді. Содан кейін олар дауларын қарату үшін Мәруан ибн Хәкәмге барды. Мәруан ер адамға әйеліне тек бір талақпен ажырасу құқығын бергені жөнінде ант еткізіп, әйелін оған қайтарды».

Абдуррахман былай дейді: «Бұл үкім әкем Қасымға ұнайтын. Ол мұны осы мәселеде естіген үкімдерінің ішіндегі ең лайықтысы деп санайтын».

Имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселеде естіген үкімдерімнің ішіндегі ең лайықтысы әрі көңіліме ең қонымдысы – осы».

5-бапТалақ ету құқығын әйелге берудің өздігінен талақ саналмайтыны

14
Муатта, 28-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша былай дейді: «Бауырым Абдуррахман ибн Әбу Бәкірге Құрайба бинт Әби Үмәйяны айттырдым. Отбасы қызын берді. Кейін Абдуррахманға: “Қызымызды сен үшін емес, әзірет Айшаның құрметі үшін бердік”, – деп реніш білдірді. Мен Абдуррахманға хабар жіберіп, жағдайды айттым. Сонда ол талақ ету құқығын әйелі Құрайбаға берді. Құрайба күйеуін таңдады. Бұл оқиға талақ саналмады».

15
Муатта, 28-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Қасымнан жеткен риуаятта былай делінеді: «Ардақты Пайғамбардың жұбайы әзірет Айша Абдуррахман Шамда жүргенде оның қызы Хафсаны Мүнзир ибн Зүбәйрге ұзатты. Абдуррахман Шамнан келген соң: “Менсіз осындай іс жасала ма?” – деді. Әзірет Айша мұны Мүнзирге айтқанда, ол: “Бұл істің еркі Абдуррахманда. Талақ ету құқығын соған бердім. Не десе, сол болады”, – деді. Сонда Абдуррахман әзірет Айшаға: “Сен шешкен істі бұзуға өзімді лайық көрмеймін”, – деді. Осылайша Хафса Мүнзирдің жанында қалды. Бұл оқиға талақ саналмады».1

  1. 1Шайбани, 569.
16
Муатта, 28-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар мен Әбу Һурайрадан талақ ету құқығын әйеліне берген, ал әйелі оны пайдаланбай, өзіне қайтарған адам жайында пәтуа сұралды. Екеуі де: «Бұл талақ саналмайды», – деді.

Сағид ибн Мүсәйяб былай дейді: «Ер адам талақ ету құқығын әйеліне берсе, ал әйелі ажыраспай, оның жанында қалуды таңдаса, бұл талақ саналмайды».

Имам Мәлик талақ ету құқығы өзіне берілгенімен, оны пайдаланбай, кейін сол мәжілістен шығып кеткен әйел жайында былай дейді: «Оның қолында енді ондай құқық жоқ. Бұл құқық екеуі бір мәжілісте отырған уақытқа дейін ғана жалғасады».

6-бапИлә, яғни әйеліне жақындаспауға ант ету[^862]

17
Муатта, 28-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Жағфар әкесі Мұхаммедтен Әли ибн Әбу Талибтің былай дегенін жеткізеді: «Ер адам әйеліне жақындаспауға ант етсе, талақ бірден жүзеге аспайды. Төрт ай өткен соң оған таңдау ұсынылады: не әйелін талақ етеді, не онымен жұбайлық қатынасқа түсіп, антын бұзады да, кәффаратын өтейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша да пәтуа осындай».1

  1. 1Ханафи имамдары бойынша, ер адам төрт ай ішінде антын бұзып, әйелімен қайта қосылмаса, төрт ай аяқталған сәтте талақ жүзеге асады.
18
Муатта, 28-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Нәфиғтың жеткізуінше, Абдуллаһ ибн Омар былай дейтін: «Ер адам әйеліне жақындаспауға ант етіп, содан бері төрт ай өтсе, оған таңдау ұсынылады: не әйелін талақ етеді, не онымен қайта қосылып, антын бұзады да, кәффаратын өтейді. Төрт ай өтпейінше, бұл антынан талақ жүзеге аспайды».

Ибн Шиһабтың жеткізуінше, Сағид ибн Мүсәйяб пен Әбу Бәкір ибн Абдуррахман әйеліне жақындаспауға ант еткен адам жайында былай деген: «Төрт ай өткен соң әйел ражғи талақпен ажыраған болады. Ол ғиддат мерзімін күтіп жүргенде, күйеуінің онымен қайта қосылуға құқығы бар».1

  1. 1Шайбани, 580.
19
Муатта, 28-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаят бойынша, Мәруан ибн Хәкәм әйеліне жақындаспауға ант еткен адам жайында: «Төрт ай өткен соң әйелі бір талақпен ажыраған болады. Әйел ғиддат мерзімін күтіп жүргенде, күйеуінің онымен қайта қосылуға құқығы бар», – деп үкім шығаратын.1

Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйеліне илә жасаса, оған таңдау ұсынылады. Әйелімен қайта қосылмай, оны талақ етсе, бұл ражғи талақ болады. Ғиддат мерзімі ішінде онымен қайта қосылуға құқығы бар. Алайда әйеліне қайта оралғаннан кейін ғиддаты біткенге дейін онымен жақындаспаса, талақ бәин болып, қайта қосылу құқығынан айырылады. Ал жақындаспауы ауру, қамауда болу секілді шариғатта қабыл етілетін үзірге байланысты болса, қайта қосылу құқығы сақталады. Ғиддаты аяқталып, бәин талақ жүзеге асқаннан кейін ол әйелге жаңадан үйленіп, тағы төрт ай бойы жақындаспаса, оған қайтадан таңдау ұсынылады. Антын бұзып, әйелімен қосылмаса, алғашқы илә антының негізінде тағы талақ жүзеге асады. Бұл жолы ол бәин талақ болады да, қайта қосылу құқығы болмайды. Өйткені жаңа неке қиылғаннан кейін әйеліне жақындаспай тұрып ажырасқан. Сондықтан әйел ғиддат күтпейді әрі күйеуінің де ғиддат ішінде қайта қосылу құқығы болмайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйеліне жақындаспауға ант еткен адамға төрт ай өткен соң таңдау ұсынылады. Ол әйелін талақ етсе, бұл ражғи талақ болады. Ғиддат мерзімінде қайта қосыла алады. Ол әйеліне қайта оралғанымен, ғиддаты біткенге дейін жақындаспаса, оған илә бойынша қайтадан таңдау ұсынылып, тағы бір талақ жүктелмейді. Ғиддаты аяқталмай тұрып жақындасса, әйелімен бірге қалуға құқығы бар. Ал жақындаспай, ғиддаты аяқталса, талақ бәин болады да, қайта қосылу құқығы қалмайды. Бұл мәселеде естіген үкімдерімнің ішіндегі ең дұрысы – осы».

Имам Мәлик әйеліне жақындаспауға ант етіп, содан кейін оны бір талақпен ажыратқан, ал антына төрт ай толғанда әйелінің ғиддаты әлі аяқталмаған адам жайында былай дейді: «Егер ол антын бұзып, кәффаратын өтемесе, әйелі екі талақпен ажыраған болады. Ал талақтан кейінгі ғиддат төрт ай толмай тұрып аяқталса, илә антының негізінде жаңа талақ жүзеге аспайды. Өйткені төрт ай толғанда, әйел одан ажыраған болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйеліне бір күн немесе бір ай жақындаспауға ант етіп, кейін төрт айдан астам уақыт бойы жақындаспаса да, бұл ант талақты қажет ететін илә саналмайды. Талақты қажет ететін ант – әйеліне төрт айдан артық уақыт жақындаспауға берген ант. Ал төрт ай немесе одан аз уақыт жақындаспауға ант етсе, меніңше, бұл илә саналмайды. Өйткені үкім қаралатын төрт айлық мерзім жеткенде, антта белгіленген уақыт аяқталып қояды. Сондықтан оған ешқандай міндет жүктелмейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі әйеліне баласын емшектен шығарғанға дейін жақындаспауға ант етсе, бұл ант илә саналмайды. Маған жеткен хабар бойынша, Әли ибн Әбу Талибтен осы мәселе сұралғанда, ол мұндай анттың илә болмайтынын айтқан».

  1. 1Шайбани, 579.

8-бапАзат адамның зиһары[^866]

20
Муатта, 28-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта былай делінеді: «Сағид ибн Амр ибн Сүләйм әз-Зурақи үйленбей тұрып әйелге зиһар айтқан адам жайында Қасым ибн Мұхаммедтен пәтуа сұрады. Ол: “Әйелге ‘Саған үйленсем, сен маған анамның арқасындай бол’ деген адамға әзірет Омар: ‘Оған үйленсең, зиһар кәффаратын өтемейінше жақындама’, – деп бұйырған”, – деді».

21
Муатта, 28-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта былай делінеді: «Бір адам Қасым ибн Мұхаммед пен Сүлеймен ибн Ясардан үйленбей тұрып әйелге зиһар айтқан адам жайында пәтуа сұрады. Олар: “Сол әйелге үйленсе, зиһар кәффаратын өтемейінше оған жақындай алмайды”, – деді».

22
Муатта, 28-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруа әкесі Уруадан мына риуаятты жеткізеді: «Төрт әйеліне бір ауыз сөзбен “Бәрің де маған анамның арқасындайсыңдар” деп зиһар айтқан адам жайында Уруа: “Оған бір ғана кәффарат қажет”, – деген».

Рабиға ибн Әби Абдуррахманнан да осы мағынадағы сөз жеткізілген.

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша да пәтуа осындай. Алла зиһар кәффараты туралы: “Әйелдеріне біржолата талақ ету ниетімен зиһар айтып, кейін айтқан сөздерінен айнып, райынан қайтқандар зиһар айтқан әйелдерімен жақындаспай тұрып, бір құлды азат етуі тиіс. ...Азат ететін құл таппаған, яки оған шамасы келмеген зиһар айтқан әйелімен жақындаспай тұрып, қатарынан екі ай үзбей ораза ұстауы керек. Оған да шамасы жетпегендер алпыс пақыр-міскінді тамақтандыруы ләзім”, – деген».1

Имам Мәлик әртүрлі мәжілісте әйеліне қайта-қайта зиһар айтқан адам жайында былай дейді: «Оған бір ғана кәффарат қажет. Ал зиһар айтып, кәффаратын өтегеннен кейін қайта зиһар айтса, тағы бір кәффарат өтеуі керек».

Имам Мәлик былай дейді: «Зиһар айтқаннан кейін кәффаратын өтемей тұрып әйелімен жақындасқан адамға бір ғана кәффарат қажет. Кәффаратын өтегенге дейін әйелімен қайта жақындаспайды. Ал бұрынғы жақындасқаны үшін Алладан кешірім тілейді. Бұл – естіген үкімдерімнің ішіндегі ең лайықтысы».

Имам Мәлик былай дейді: «Сүт туыстығы немесе қан туыстығы себепті үйленуі харам әйелдерге теңеудің үкімі бірдей. Екеуінің арасында айырмашылық жоқ».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйелдің күйеуіне айтқан зиһарының күші болмайды».

Алла Тағаланың «Әйелдеріне біржолата талақ ету ниетімен зиһар айтып, кейін айтқан сөздерінен айнып, райынан қайтқандар...»2 деген аяты жайында Имам Мәлик былай дейді: «Бұл аяттың естігенім бойынша түсіндірмесі мынадай: ер адам әйеліне зиһар айтып, “Сен маған анамның арқасындайсың” дейді. Кейін әйелін некесінде қалдырып, онымен жақындасуға шешім қабылдаса, кәффарат өтеуі уәжіп болады. Ал зиһар айтқаннан кейін әйелін некесінде қалдырып, онымен жақындасуға шешім қабылдамай тұрып талақ етсе, оған кәффарат жүктелмейді. Кейін сол әйелге қайта үйленсе, зиһар кәффаратын өтемейінше онымен жақындаса алмайды».

Күңіне зиһар айтқан адам жайында Имам Мәлик былай дейді: «Егер ол күңімен жақындасқысы келсе, алдымен зиһар кәффаратын өтеуі керек».

Имам Мәлик былай дейді: «Зиһар айтқан адамға илә үкімі өздігінен қолданылмайды. Алайда әйеліне зиян келтіруді көздеп, зиһар кәффаратын өтеуден әрі онымен қайта қосылудан әдейі бас тартса, оған илә үкімі де қолданылады».

  1. 1«Мүжәдәлә» сүресі, 58:3–4.
  2. 2«Мүжәдәлә» сүресі, 58:3.
23
Муатта, 28-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруа былай дейді: «Бір адам Уруа ибн әз-Зүбәйрден: “Ер адам әйеліне: ‘Сен тірі тұрғанда үстіңнен алатын әрбір әйелім маған анамның арқасындай болсын’, – десе, мұның үкімі қандай?” – деп сұрады. Уруа ибн Зүбәйр: “Бір құл азат етсе, жеткілікті”, – деді».

10-бапӘйелдің таңдау құқығы

25
Муатта, 28-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед әзірет Айшаның былай дегенін жеткізеді: «Бәрира есімді күңге байланысты үш мәселенің шариғи үкімі, яғни үш сүннет белгілі болды. Біріншісі: Бәрира азат етілгенде, оған күйеуінен ажырасу немесе онымен бірге қалу құқығы берілді. Екіншісі: Алла елшісі (с.а.с.): “Уәлә құқығы азат еткен адамға тиесілі”, – деді.1 Үшіншісі: Алла елшісі (с.а.с.) үйге кіргенде, ошақтағы қазанда ет қайнап жатқан еді. Алдына нан мен үйде бар қосымша тағамдар әкелінгенде, ол: “Қазанда ет пісіп жатқанын көріп едім”, – деді. Үйдегілер: “Иә, уа, Расулалла! Бірақ ол ет Бәрираға садақа ретінде берілген. Ал сіз садақа жемейсіз”, – деді. Сонда Алла елшісі: “Ол ет оған – садақа, ал бізге – Бәрираның сыйы”, – деді».2

  1. 1Әзірет Айша Бәрираны сатып алмақ болғанда, «Уәлә құқығы бізге тиесілі болсын» деген шарт қойылған. Ардақты Пайғамбар сол кезде осы сөзді айтқан. Зурқани, III, 235.
  2. 2Бұхари, «Талақ», 68/14; Мүслим, «Итқ», 20/2, № 14. Осы мағынадағы риуаяттарды қараңыз: Шайбани, 797–798.
26
Муатта, 28-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Нәфиғтың жеткізуінше, Абдуллаһ ибн Омар құлға тұрмысқа шығып, кейін азат етілген күң жайында: «Азат етілгеннен кейін күйеуі онымен жақындаспай тұрып, некені бұзуға құқығы бар», – деген.

Имам Мәлик былай дейді: «Азат етілген күң күйеуімен жұбайлық қатынасқа түскеннен кейін өзінің таңдау құқығы бар екенін білмегенін айтса, бұл уәжі қабылданбайды. Бұдан кейін оның таңдау құқығы болмайды».

27
Муатта, 28-кітап, № 27
Қазақша аудармасы

Уруа ибн әз-Зүбәйр былай дейді: «Ади ұлдарының Зәбра есімді күңі маған күң кезінде бір құлдың некесінде болғанын айтып, былай деді: “Азат етілгенімде, ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) жұбайы Хафса мені шақыртып алып: ‘Саған бір нәрсе айтайын, бірақ ештеңеге мәжбүрлемеймін: күйеуің сенімен жақындаспай тұрып, некені бұзуға құқығың бар. Ал жақындасса, сол құқығыңнан айырыласың’, – деді”. Мұны естіген Зәбра: “Ол талақ болсын, тағы талақ болсын, одан кейін тағы талақ болсын”, – деп, күйеуінен үш талақпен ажырады».

28
Муатта, 28-кітап, № 28
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мүсәйяб былай дейді: «Ақыл-есінде ауытқуы немесе дене кемістігі бар ер адам әйелге үйленсе, әйелге таңдау құқығы беріледі: қаласа, күйеуінің жанында қалады, қаласа, ажырасады».1

  1. 1Шайбани, 539. Сондай-ақ қараңыз: 538.
29
Муатта, 28-кітап, № 29
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Құл күңге үйленіп, онымен жақындаспай тұрып күң азат етілсе әрі некені бұзуды қаласа, бір талақпен ажыраған болады. Оған мәһір төленбейді. Біздің ұстанымымыз бойынша да үкім осындай».

30
Муатта, 28-кітап, № 30
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтің Ибн Шиһабтың былай дегенін естігені жеткізілген: «Ер адам әйеліне ажырасу не ажыраспау жөнінде таңдау құқығын берсе, ал әйелі күйеуімен бірге қалуды таңдаса, бұл талақ саналмайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Бұл – естіген үкімдерімнің ішіндегі ең дұрысы».

Таңдау құқығы берілген әйел жайында Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі таңдау құқығын бергенде, әйел ажырасуды таңдаса, үш талақпен ажыраған болады.1 Күйеуі: “Мен саған тек бір талақ мәселесінде ғана таңдау құқығын бердім”, – десе де, әйел бір талақпен ғана ажыраған саналмайды. Үш талақтың бәрі жүзеге асады. Бұл – естіген үкімдерімнің ішіндегі ең дұрысы».

Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі таңдау құқығын берген әйел: “Мен бір талақты ғана қабылдаймын, өзгелерін қабылдамаймын”, – десе, ал күйеуі: “Мен саған үш талақтың бәріне қатысты таңдау құқығын бердім”, – десе, әйел тек бір талақты ғана таңдағандықтан, некесі бұзылмай, бұрынғы некесімен күйеуінің жанында қалады. Иншаллаһ, бұл талақ саналмайды».

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, бір бәин талақ жүзеге асады.

11-бапХулғ, яғни әйелдің өтем төлеп ажырасуы[^873]

31
Муатта, 28-кітап, № 31
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид Амра бинт Абдуррахманнан ансарлық Хабиба бинт Сәһлдің мына оқиғасын жеткізеді: «Хабиба Сәбит ибн Қайс ибн Шәммастың некелі әйелі еді. Алла елшісі (с.а.с.) таң намазына шыққанда, таңның алакөлеңкесінде Хабибаның есік алдында күтіп тұрғанын көрді. Ол: “Кімсің?” – деп сұрады. Хабиба: “Мен Хабиба бинт Сәһлмін, уа, Расулалла!” – деп жауап берді. Алла елшісі (с.а.с.): “Не болды?” – деді. Хабиба күйеуі жайында: “Сәбит ибн Қайс екеуміздің бірге тұруымыз мүмкін емес”, – деді. Сәбит ибн Қайс келгенде, Алла елшісі (с.а.с.) оған: “Жұбайың Хабибаның не айтып тұрғанын қара”, – деді. Хабиба: “Мәһірге бергенінің бәрі менде. Қаласа, қайтарып беремін”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) Сәбитке: “Оған бергеніңді ал”, – деп бұйырды. Сәбит бергенін қайтарып алды. Хабиба күйеуінен ажырасып, өз отбасына оралды».1

  1. 1Әбу Дәуіт, «Талақ», 13/17; Нәсәи, «Талақ», 27/34; Ибн Мәжа, «Талақ», 22.
32
Муатта, 28-кітап, № 32
Қазақша аудармасы

Сафия бинт Әби Убайдтың азат еткен күңі бар дүниесін күйеуіне беріп ажырасқаны және Абдуллаһ ибн Омардың мұны құп көргені жеткізілген.1

Өтем төлеп ажырасқан әйел жайында Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуінің оған зиян келтіргені, қысым көрсеткені немесе әділетсіздік жасағаны белгілі болса, ажырасу күшінде қалады. Бірақ күйеуі әйелінен алған мал-мүлікті қайтарып береді. Бұл жөнінде естігенім – осы. Фақиһтарымыздың бірауыздан келіскен үкімі де осындай».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйелдің күйеуінен алғанынан артық өтем беріп ажырасуына да болады».

  1. 1Шайбани, 562.

12-бапӨтем төлеп ажырасқан әйелдің талағы

33
Муатта, 28-кітап, № 33
Қазақша аудармасы

Нәфиғ мына риуаятты жеткізеді: «Рубәйиғ бинт Муғәууиз ибн Афра әкесінің бауырымен бірге Абдуллаһ ибн Омарға келді. Олар Рубәйиғтің Осман ибн Аффанның тұсында күйеуіне өтем төлеп ажырасқанын айтты. Сол кезде Осман ибн Аффан өзіне жеткен бұл істі мақұлдаған еді. Абдуллаһ ибн Омар: “Бұл әйел де өзге талақ етілген әйелдер сияқты ғиддат күтеді”, – деді». Сағид ибн Мүсәйяб, Сүлеймен ибн Ясар және Ибн Шиһаб та өтем төлеп ажырасқан әйелдің ғиддаты өзге талақ етілген әйелдер сияқты үш құру, яғни үш тазалық кезеңі екенін айтатын.

Имам Мәлик былай дейді: «Өтем төлеп ажырасқан әйел бұрынғы күйеуіне жаңа неке арқылы ғана қайта қосыла алады. Екеуі қайта үйленіп, жақындаспай тұрып ажырасса, әйел екінші талақтан бастап жаңадан ғиддат күтпейді. Алғашқы ажырасудан басталған ғиддатын жалғастырады. Бұл мәселеде естіген үкімдерімнің ішіндегі ең лайықтысы – осы».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйел ажырасу үшін күйеуіне өтем беріп, күйеуі оған бірінен соң бірін жалғап үш талақ айтса, бәрі де жүзеге асады. Ал сөзін үзіліспен, арасына үнсіздік салып айтса, үзілістен кейінгі талақтары жүзеге аспайды. Өйткені алғашқы бәин талақтан кейін неке үзілген болады. Одан кейінгі талақтар некесінде жоқ әйелге айтылғандықтан, күші болмайды».

13-бапЛиғән, яғни лағынет айтып анттасу арқылы ажырасу[^876]

34
Муатта, 28-кітап, № 34
Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағд әс-Сағиди мына оқиғаны жеткізеді: «Уәймир әл-Ажлани ансарлық Асым ибн Адийге келіп: “Уа, Асым! Әйелін бөгде еркекпен ұстап алған адам жайында не дейсің? Әлгі еркекті өлтірсе, сендер де оны қысас ретінде өлтіресіңдер ме? Ондай адам не істеуі керек? Менің атымнан осы мәселені Алла елшісінен (с.а.с.) сұрап берші”, – деді. Асым бұл мәселені Алла елшісінен (с.а.с.) сұрағанда, ол мұндай сауалдарды ұнатпай, құптамады. Алла елшісінен (с.а.с.) естіген сөздері Асымға ауыр тиді. Ол үйіне қайтқанда, Уәймир келіп: “Уа, Асым! Алла елшісі саған не деп жауап берді?” – деп сұрады. Асым: “Басыма іс тілеп алдырдың. Алла елшісі сұраған мәселемді ұнатпады”, – деді. Уәймир: “Бұл мәселені Алла елшісінен (с.а.с.) сұрамай қоймаймын”, – деді».

Уәймир Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларымен отырған кезде келіп: «Уа, Расулалла! Әйелін бөгде еркекпен ұстап алған адам жайында не дейсіз? Әлгі еркекті өлтірсе, сендер де оны қысас ретінде өлтіресіңдер ме? Ондай адам не істеуі керек?» – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): «Сен және жұбайың туралы аят түсірілді. Бар да, жұбайыңды алып кел», – деді.

Сәһл былай дейді: «Мен сахабалармен бірге Алла елшісінің (с.а.с.) жанында отырғанымда, екеуі лиғән жасады».

Уәймир: «Уа, Расулалла! Бұл әйелмен некеде қала берсем, оған жала жапқан болып шығамын», – деді де, Алла елшісі бұйырмай тұрып, әйелін үш талақпен ажыратты. Ибн Шиһаб: «Содан кейін лиғән жасағандарға қатысты осы тәртіп орнықты», – деді.1

  1. 1Бұхари, «Талақ», 68/4; Мүслим, «Лиғән», 19/1.
35
Муатта, 28-кітап, № 35
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың жеткізуінше, Алла елшісінің заманында бір адам әйелімен лиғән жасап, баланың өзінен екенін жоққа шығарды. Алла елшісі (с.а.с.) екеуін ажыратып, баланың тегін анасына тіркеді.1

Имам Мәлик былай дейді: «Қазф жазасына тартылмау үшін жасалатын куәлік жайында Алла Тағала: “Ал өз жұбайларын зина қылды деп айыптаған, әрі өздерінен басқа куәға тартатын куәгерлері болмаған ер кісілерге келсек, олардың әрқайсысы сөзінің растығын қуаттау үшін төрт рет Алланың атымен куәлік етеді. Ал бесіншісінде, егер өтірік айтқан болса, Алланың лағынетінің өзіне тиюін тілейді. Алайда өзіне айып тағылған әйел күйеуінің өтірікші екендігін айтып, төрт рет Алланың атымен куәлік етсе, жазадан құтылады. Ал бесіншісінде, егер күйеуі рас айтқан болса, Алланың кәрінің өзіне тиюін тілейді”, – деген».2

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша, сүннетте орныққан үкім мынадай: лиғән жасаған ерлі-зайыптылар енді қайта некелесе алмайды. Ер адам кейін өзінің өтірік айтқанын мойындаса, оған некесінде жоқ әйелге зина жаласын жапқаны үшін қазф хадды, яғни жала жабу жазасы қолданылады. Баланың тегі соған тіркеледі. Алайда әйел оған мәңгілік қайта қосыла алмайды. Бұл жөнінде біздегі үкім анық әрі бірауыздан қабылданған».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйелімен түбегейлі ажырасып, қайта қосылу құқығы қалмаған ер адам кейін әйелдің өзінен жүкті екенін жоққа шығарса, екеуі лиғән жасайды. Бұл – әйелдің жүктілігі сол ер адамнан болуы мүмкін мерзімге сай келіп, әйел де баланың содан екенін мәлімдеген жағдайда. Ал бала одан болуы мүмкін мерзімнен ерте туып, тегіне күмән туатын әрі оның сол ер адамнан екені анықталмайтын болса, үкім басқаша. Ілім иелерінен естігенім – осы. Біздің ұстанымымыз бойынша да үкім осындай».

Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйелінің өзінен жүкті екенін мойындап, жүкті кезінде оны үш талақпен ажыратса, содан кейін: “Ажырасқанға дейін оның зина жасағанын көрдім”, – десе, екеуі лиғән жасамайды. Өйткені ол енді некесінде жоқ әйелге жала жауып отыр. Оған хад жазасы қолданылады. Ал үш талақпен ажыратқаннан кейін әйелдің өзінен жүкті екенін жоққа шығарса, екеуі лиғән жасайды. Бұл жөнінде естігенім – осы».

Имам Мәлик былай дейді: «Зина жаласы мен лиғән мәселесінде құлға да азат адамға қолданылатын үкім жүреді. Алайда күңге зина жаласын жапқан адамға хад жазасы қолданылмайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Азат мұсылман ер адам мұсылман күңге немесе азат христиан не яһуди әйелге үйленіп, онымен жұбайлық қатынасқа түскен болса, қажет жағдайда екеуі мүләғәнә, яғни лағынет айтып анттасу рәсімін жасайды. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде: “Ал өз жұбайларын зина қылды деп айыптаған...”, – деген. Мұсылман күң де, азат христиан немесе яһуди әйел де аяттағы “жұбайлары” деген ұғымға кіреді. Біздің ұстанымымыз бойынша үкім осындай».

Имам Мәлик былай дейді: «Құл азат мұсылман әйелге, мұсылман күңге немесе азат яһуди не христиан әйелге үйленсе, қажет жағдайда олардың арасында да мүләғәнә жасалады».

Имам Мәлик әйелімен лиғән жасай бастаған, бірақ бір-екі рет ант еткеннен кейін, бесінші куәлікте өзіне лағынет тілемей тұрып, райынан қайтып, өтірік айтқанын мойындаған күйеу жайында былай дейді: «Оған жала жабу хадды қолданылады. Бірақ ерлі-зайыптылар ажыратылмайды».

Имам Мәлик талақ етілгеннен үш ай өткен соң «Мен жүктімін» деген әйелдің күйеуі жайында былай дейді: «Күйеуі әйелдің өзінен жүкті екенін жоққа шығарса, екеуі лиғән жасайды».

Өзімен лиғән жасаған бұрынғы күйеуінің меншігіне кейін сатып алу арқылы өткен күң жайында Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам оған иелік етсе де, онымен жақындаса алмайды. Сүннетте орныққан үкім бойынша, лиғән жасаған ерлі-зайыптылар бір-біріне мәңгілік қайта қосыла алмайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйелімен жақындаспай тұрып лиғән жасаған күйеу мәһірдің жартысын ғана береді».

  1. 1Бұхари, «Талақ», 68/35; Мүслим, «Лиғән», 19/8; Шайбани, 587.
  2. 2«Нұр» сүресі, 24:6–9.

14-бапЛиғәннен кейін тегі анасына тіркелген баланың мұрасы

36
Муатта, 28-кітап, № 36
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаят бойынша, Уруа ибн Зүбәйр лиғән жасаған әйелдің баласы мен зинадан туған бала жайында былай дейтін: «Бала қайтыс болса, анасы оның мұрасынан Құран Кәрімде белгіленген үлесін алады. Анасы бір бауырлары да тиісті үлестерін алады. Анасы азат етілген күң болса, мұраның қалғаны оны азат еткен қожайындарына тиеді. Ал анасы тумысынан азат әйел болса, өзі мен баланың анасы бір бауырлары тиісті үлестерін алғаннан кейін, мұраның қалған бөлігі қазынаға өтеді».

Имам Мәлик былай дейді: «Маған Сүлеймен ибн Ясардан да осы мағынадағы риуаят жетті. Өлкеміздегі ғұламалардың осы үкімге сай амал еткенін көрдім».

15-бапКүйеуімен жақындаспаған қызды талақ ету

37
Муатта, 28-кітап, № 37
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Абдуррахман ибн Сәубан Мұхаммед ибн Ияс ибн әл-Бүкәйрдің былай дегенін жеткізеді: «Бір адам әйелімен жақындаспай тұрып оны үш талақпен ажыратты. Кейін сол әйелге қайта үйленгісі келіп, менен пәтуа сұрады. Екеуміз Абдуллаһ ибн Аббас пен Әбу Һурайраға барып, ол мәселені екеуінен сұрады. Олар: “Әйел басқа күйеуге тұрмысқа шықпайынша, сен оған үйлене алмайсың”, – деді. Ол: “Менің оған айтқан талағым біреу ғана саналады ғой”, – деді. Сонда Ибн Аббас: “Қолыңдағы нығметтен өзің айырылдың”, – деді».

38
Муатта, 28-кітап, № 38
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясар былай дейді: «Бір адам Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Асқа келіп, әйелімен жақындаспай тұрып оны үш талақпен ажыратқан бір кісі жайында пәтуа сұрады. Мен: “Күйеуімен әлі жақындаспаған қыздың талағы біреу ғана болады”, – дедім. Сонда Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас маған: “Сен – қиссашысың, фиқһтың байыбына қайдан барасың? Бір талақ оны бір бәин талақпен ажыратады. Ал үш талақ ол әйелді басқа күйеуге тұрмысқа шықпайынша алғашқы күйеуіне харам етеді”, – деді».

39
Муатта, 28-кітап, № 39
Қазақша аудармасы

Мұғауия ибн Әби Айяш әл-Ансари былай дейді: «Абдуллаһ ибн Зүбәйр мен Асым ибн Омар ибн Хаттабтың жанында едім. Бізге Мұхаммед ибн Ияс ибн әл-Бүкәйр келіп: “Бір бәдәуи некеден кейін әйелімен жақындаспай тұрып оны үш талақпен ажыратты. Бұл мәселеде қандай пікір айтасыздар?” – деп сұрады. Абдуллаһ ибн әз-Зүбәйр: “Бұл мәселеде айтар сөзім жоқ. Абдуллаһ ибн Аббас пен Әбу Һурайраға бар. Олар әзірет Айшаның жанында. Солардан сұра да, келіп, бізге де жауабын айт”, – деді. Ол барып, екеуінен сұрады. Ибн Аббас Әбу Һурайраға: “Міне, маңызды мәселе келді, пәтуасын бер”, – деді. Әбу Һурайра: “Бір талақ оны ажыратады, содан кейін екеуі қайта неке қия алады. Ал үш талақ ол әйелге басқа күйеуге тұрмысқа шықпайынша қайта үйленуді харам етеді”, – деді. Ибн Аббас та осыны айтты».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша да үкім осындай. Ер адам бұрын тұрмыста болған әйелге үйленіп, онымен жақындаспаған болса, оның үкімі де күйеуімен жақындаспаған қыздың үкімімен бірдей. Бір талақ оны бәин талақпен ажыратады. Ал үш талақ ол әйелді басқа күйеуге тұрмысқа шықпайынша алғашқы күйеуіне харам етеді».

16-бапСырқат адамның талағы

40
Муатта, 28-кітап, № 40
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Ауф сырқат кезінде әйелін бәин талақпен ажыратып, кейін қайтыс болды. Әйелінің ғиддаты аяқталғанына қарамастан, Осман ибн Аффан оған Абдуррахманның мұрасынан үлес берді.1

  1. 1Адам ауыр сырқат кезінде әйелін талақ етіп, сол ауруынан айықпай қайтыс болса, оны мұрадан қағу үшін ажырасқан саналады. Сондықтан талақ етілген әйел оның мұрасынан тиісті үлесін алады. Әзірет Осман да осы үкімге сай Абдуррахманның сырқат кезінде талақ еткен әйеліне мұрасынан үлес берген.
41
Муатта, 28-кітап, № 41
Қазақша аудармасы

Әғраждың жеткізуінше, Осман ибн Аффан Ибн Мүкәммилдің сырқат кезінде талақ еткен әйелдеріне оның мұрасынан үлес берді.1

  1. 1Шайбани, 576.
42
Муатта, 28-кітап, № 42
Қазақша аудармасы

Рабиға ибн Әби Абдуррахманға жеткен риуаятта былай делінеді: «Әйелі Абдуррахман ибн Ауфтан өзін талақ етуді сұрады. Ол: “Хайыз көріп, тазарғаныңда маған хабар бер”, – деді. Әйелі Абдуррахман ибн Ауф сырқаттанғанға дейін хайыз көрмеді. Хайыз көріп, тазарған соң күйеуіне хабар берді. Күйеуі сырқат кезінде оған біржолата ажырататын үш талақ немесе қалған соңғы бір талағын айтты. Әйелінің ғиддаты аяқталғаннан кейін де Осман ибн Аффан оған Абдуррахманның мұрасынан үлес берді».

43
Муатта, 28-кітап, № 43
Қазақша аудармасы

Мұхаммед ибн Яхия ибн Хаббан былай дейді: «Атам Хаббанның екі әйелі бар еді: бірі – Һашим әулетінен, екіншісі – ансарлардан. Ол ансарлық әйелін бала емізіп жүрген кезінде талақ етті. Бір жыл өткен соң атам қайтыс болды. Ал ол әйелдің хайызы әлі келмеген еді. Әйел: “Мен хайыз көрген жоқпын, күйеуімнің мұрасынан үлес аламын”, – деді. Һашим әулетінен болған әйелі екеуінің дауы Осман ибн Аффанның алдында қаралды. Осман ансарлық әйелге мұрадан үлес тиеді деп үкім шығарды. Һашимдік әйел оның үкіміне қарсы сөз айтқанда, әзірет Осман: “Бұл – әкеңнің бауырының ұлының маған айтқан пікірі”, – деді. Әли ибн Әбу Талибті меңзеп, бізге ишара жасады».

44
Муатта, 28-кітап, № 44
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб былай дейді: «Ер адам сырқат кезінде әйелін үш талақпен ажыратса да, әйелі оның мұрасынан үлес алады».

Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі сырқат кезінде әйелімен жақындаспай тұрып оны талақ етсе, әйел мәһірдің жартысын алады әрі күйеуінің мұрасынан үлес алады. Ғиддат күтуге міндетті емес. Ал жұбайлық қатынасқа түскеннен кейін талақ етсе, әйел күйеуінің мұрасынан үлес алумен бірге мәһірін де толық алады. Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз бойынша бойжеткен қыз бен бұрын тұрмыста болған әйелдің арасында айырмашылық жоқ».

20-бапКүйеуі хабарсыз кеткен әйелдің ғиддаты

52
Муатта, 28-кітап, № 52
Қазақша аудармасы

Омар ибн Хаттаб былай дейді: «Күйеуі хабарсыз кетіп, оның қайда екенін білмейтін әйел төрт жыл күтеді. Содан кейін төрт ай он күн ғиддат күтеді. Осы мерзім аяқталғаннан кейін тұрмысқа шығуына болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйел ғиддаты аяқталған соң басқаға тұрмысқа шықса, екінші күйеуі онымен жақындасқан болса да, жақындаспаса да, алғашқы күйеуінің оны қайтарып алуға құқығы болмайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша үкім осындай. Ал алғашқы күйеуі әйел әлі тұрмысқа шықпай тұрып оралса, некеде қалуға өзгелерден гөрі соның құқығы басым».

Имам Мәлик былай дейді: «Кейбіреулер Омар ибн Хаттабтың: “Алғашқы күйеуі қайтып келгенде, әйелін қайтарып алуды немесе мәһірін алуды таңдауға құқылы”, – дегенін жеткізеді. Мен кездестірген ғалымдар бұл риуаятты мойындамайтын».

Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі басқа жақта жүріп әйелін талақ етіп, кейін қайта некесіне қайтарған, ал әйел талақ етілгенін білгенімен, күйеуінің оны некесіне қайтарғанын білмей, басқаға тұрмысқа шыққан жағдай туралы Омар ибн Хаттаб: “Екінші күйеуі онымен жақындасқан болса да, жақындаспаса да, алғашқы күйеуінің оны қайтарып алуға құқығы жоқ”, – деген».

Имам Мәлик былай дейді: «Басқа жақта жүрген немесе хабарсыз кеткен адамға қатысты естіген пәтуаларымның ішіндегі ең лайықтысы – осы».

21-бапХайыз, талақ ғиддаты және әйелді етеккір кезінде талақ ету

53
Муатта, 28-кітап, № 53
Қазақша аудармасы

Нәфиғ мына риуаятты жеткізеді: «Алла елшісінің заманында Абдуллаһ ибн Омар әйелін хайыз кезінде талақ етті. Омар ибн Хаттаб бұл жайында Алла елшісінен (с.а.с.) сұрады. Ол: “Оған айт, әйелімен қайта қосылсын. Содан кейін әйелі хайызынан тазарып, қайта хайыз көріп, тағы тазарғанға дейін оны талақ етпесін. Сол тазалық кезеңінде қаласа, некесін жалғастырсын, қаласа, жақындаспай тұрып талақ етсін. Міне, Алла әйелдерді талақ еткенде ескеруді бұйырған ғиддат мерзімі – осы”, – деп жауап берді».1

  1. 1Бұхари, «Талақ», 68/1; Мүслим, «Талақ», 18/1; Шайбани, 554.
54
Муатта, 28-кітап, № 54
Қазақша аудармасы

Уруа ибн әз-Зүбәйрдің жеткізуінше, мүміндердің анасы әзірет Айша ғиддат күтіп жүрген Хафса бинт Абдуррахман ибн Әбу Бәкір әс-Сыддықты үшінші хайызы басталған кезде күйеуінің үйінен төркініне жіберді. Бұл оқиға Амра бинт Абдуррахманға айтылғанда, ол былай деді: «Уруа дұрыс айтқан. Ғалымдар әзірет Айшамен осы мәселе жөнінде пікір таластырып: “Алла Тағала кітабында ‘үш құру’ деген”, – деді. Сонда әзірет Айша: “Дұрыс айтасыңдар. Бірақ құрудың не екенін білесіңдер ме? Құру – хайыз емес, тазалық кезеңдері”, – деді».1

  1. 1Ханафи мәзһабында «құру» сөзі хайыз, яғни етеккір кезеңі деп түсіндіріледі.
55
Муатта, 28-кітап, № 55
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб былай дейді: «Әбу Бәкір ибн Абдуррахманның: “Жолыққан фақиһтарымыздың бәрі әзірет Айшаның айтқанын айтатын”, – дегенін естідім».

56
Муатта, 28-кітап, № 56
Қазақша аудармасы

Сүлеймен ибн Ясардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Ахуас Шамда қайтыс болғанда, оның талақ еткен әйелі ғиддат мерзіміндегі үшінші хайызын жаңа көре бастаған еді. Мұғауия ибн Әби Суфиян Зәйд ибн Сәбитке хат жазып, осы мәселенің үкімін сұрады. Зәйд оған: “Әйелі үшінші хайызын көре бастаған сәтте екеуі түбегейлі ажырасқан саналады. Енді бір-бірінің мұрасынан үлес алмайды”, – деп жауап жазды».

57
Муатта, 28-кітап, № 57
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед, Сәлим ибн Абдуллаһ, Әбу Бәкір ибн Абдуррахман және Ибн Шиһаб былай дейтін: «Ражғи талақпен ажырасқан әйел үшінші хайызына кіргенде, талағы бәин болады. Ерлі-зайыптылар бір-бірінің мұрасынан үлес алмайды әрі күйеуінің әйелімен қайта қосылуға құқығы қалмайды».

58
Муатта, 28-кітап, № 58
Қазақша аудармасы

Нәфиғтың жеткізуінше, Абдуллаһ ибн Омар былай дейтін: «Күйеуі әйелін талақ етіп, әйелі үшінші хайызын көре бастағанда, екеуі түбегейлі ажыраған болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша да үкім осындай».

59
Муатта, 28-кітап, № 59
Қазақша аудармасы

Фудайл ибн Әби Абдуллаһтың жеткізуінше, Қасым ибн Мұхаммед пен Сәлим ибн Абдуллаһ былай дейтін: «Талақ етілген әйел үшінші хайызын көре бастағанда, бәин талақпен ажыраған болады. Содан кейін басқа ер адамға тұрмысқа шығуына болады».

60
Муатта, 28-кітап, № 60
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мүсәйяб, Ибн Шиһаб және Сүлеймен ибн Ясар: «Өтем төлеп ажырасқан әйелдің де ғиддаты – үш тазалық кезеңі», – дейтін.

61
Муатта, 28-кітап, № 61
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб: «Талақ етілген әйелдің ғиддаты қанша ұзаққа созылса да, үш тазалық кезеңімен есептеледі», – дейтін.

62
Муатта, 28-кітап, № 62
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид мына риуаятты жеткізеді: «Бір әйел ансарлық күйеуінен өзін талақ етуді сұрады. Күйеуі: “Хайыз көргенде маған хабар бер”, – деді. Әйел хайыз көргенде хабар берді. Бұл жолы күйеуі: “Тазарғаныңда хабар бер”, – деді. Әйел тазарған соң хабар берді де, күйеуі оны таза кезінде талақ етті».

Имам Мәлик былай дейді: «Бұл мәселеде естіген үкімдерімнің ішіндегі ең лайықтысы – осы».

22-бапТалақ етілген әйелдің ғиддатты өз үйінде күтуі

63
Муатта, 28-кітап, № 63
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед пен Сүлеймен ибн Ясардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Яхия ибн Сағид ибн Ас Абдуррахман ибн Хәкәмнің қызын бәин талақпен ажыратты. Әкесі қызын ғиддат күтуге тиіс үйінен басқа жерге көшірді. Мүміндердің анасы әзірет Айша сол кездегі Мәдина әкімі Мәруан ибн Хәкәмге: “Алладан қорық, уа, Мәруан! Оны талақ етілген үйіне қайтар”, – деп хабар жіберді». Сүлейменнің риуаяты бойынша, Мәруан: «Бауырым Абдуррахман ибн Хәкәмнің қызын алып кетуіне бөгет бола алмадым», – деген. Ал Қасымның риуаяты бойынша, Мәруан: «Фатима бинт Қайстың да ғиддаты бітпей тұрып күйеуінің үйінен кеткенін білмейсің бе?» – дегенде, әзірет Айша: «Фатиманың жағдайын бұған араластырма. Ол күйеуінің үйінде тыныштық таппаған еді», – деді. Мәруан: «Фатима күйеуінің үйінен тыныштық таппағаны үшін кетсе, бұлардың арасында да тынышсыздық жеткілікті», – деп жауап берді.1

  1. 1Бұхари, «Талақ», 68/41.
64
Муатта, 28-кітап, № 64
Қазақша аудармасы

Нәфиғтың жеткізуінше, Осман ибн Абдуллаһ ибн Омардың некесінде болған Сағид ибн Зәйд ибн Амр ибн Нуфәйлдің қызы бәин талақпен ажырасқаннан кейін ғиддатын күйеуінің үйінде күтпей, басқа жерге көшті. Абдуллаһ ибн Омар оның ғиддаты аяқталмай тұрып күйеуінің үйінен көшкенін құп көрмеді.

65
Муатта, 28-кітап, № 65
Қазақша аудармасы

Нәфиғтың жеткізуінше, Абдуллаһ ибн Омар әйелін Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы әрі өзінің қарындасы Хафсаның үйінде талақ етті. Мешітке баратын жолы сол үйдің жанынан өтетін. Әйелімен қайта қосылғанға дейін үйге кіруге рұқсат сұрауды қаламай, үйлердің арт жағындағы басқа жолмен жүретін.

66
Муатта, 28-кітап, № 66
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид мына риуаятты жеткізеді: «Бір адам әйелін жалдап отырған үйінде талақ етті. Сағид ибн Мүсәйябтан: “Ғиддат мерзімінде үйдің жалдау ақысын кім төлейді?” – деп сұралды. Ол: “Күйеуі төлейді”, – деді. Сұраушы: “Күйеуінің ақшасы болмаса ше?” – деді. Сағид: “Әйелі төлейді”, – деді. Әлгі адам: “Әйелінде де болмаса ше?” – деп сұрады. Сағид: “Мемлекет төлейді”, – деді».

23-бапТалақ етілген әйелдің нәпақасы

67
Муатта, 28-кітап, № 67
Қазақша аудармасы

Фатима бинт Қайс былай дейді: «Күйеуім Әбу Амр ибн Хафс Шамда жүргенде мені үш талақпен ажыратты. Оның өкілі маған арпа жіберді. Мен бұған ашуландым. Сонда өкілі: “Уаллаһи, біздің мойнымызда сенің ешқандай ақың жоқ”, – деді. Мен Алла елшісіне (с.а.с.) барып, жағдайды айттым. Ол: “Саған нәпақа беру күйеуіңнің міндеті емес”, – деді де, ғиддатымды Үммі Шәриктің үйінде күтуге бұйырды. Кейін: “Сахабаларым Үммі Шәриктің үйіне көп барады. Өйткені ол – ізгі әйел. Олар сені көрмегені жөн. Ғиддатыңды Абдуллаһ ибн Үммі Мәктумның үйінде күт. Ол – зағип. Оның жанында жамылғыңды шешіп, еркін жүре аласың. Ғиддатың біткенде маған хабар бер”, – деді. Ғиддатым аяқталғанда, Алла елшісіне Мұғауия ибн Әби Суфиян мен Әбу Жәһм ибн Һишамның маған сөз салғанын айттым. Алла елшісі (с.а.с.): “Әбу Жәһм таяғын иығынан түсірмейді, яғни әйелдерін көп ұрады немесе сапарда көп жүреді. Ал Мұғауия – мал-мүлкі жоқ кедей адам. Сен Үсама ибн Зәйдке тұрмысқа шық”, – деді. Мен қаламадым. Алла елшісі тағы да: “Үсама ибн Зәйдке тұрмысқа шық”, – деді. Мен оған тұрмысқа шықтым. Алла бұл некені қайырлы етіп, онымен бақытты болдым».1

  1. 1Мүслим, «Талақ», 18/6, № 35; Шафиғи, «Рисалә», № 756.
68
Муатта, 28-кітап, № 68
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб былай дейді: «Үш талақпен ажырасқан әйел ғиддаты аяқталғанша үйінен шықпайды. Оның күйеуінен нәпақа алуға құқығы жоқ. Алайда жүкті болса, босанғанға дейін күйеуі нәпақасын береді».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша да үкім осындай».

25-бапАжырасу ғиддатына қатысты мәселелер

70
Муатта, 28-кітап, № 70
Қазақша аудармасы

Омар ибн Хаттаб былай дейді: «Ажырасқаннан кейін бір-екі рет хайыз көріп, содан соң қаны тоқтаған әйел тоғыз ай күтеді. Жүкті екені анықталса, ғиддаты босанған кезде аяқталады. Ал жүкті болмаса, тоғыз айдан кейін тағы үш ай күтеді. Содан кейін ғиддаты аяқталып, басқаға тұрмысқа шығуына болады».1

Сағид ибн Мүсәйяб былай дейтін: «Талақ ету құқығы ер адамға, ал ғиддат күту міндеті әйелге тиесілі».

  1. 1Шайбани, 611. Ханафи мәзһабында хайыздан біржола тоқтаған әйелдің ажырасу ғиддаты – үш ай ғана. Ал күйеуі қайтыс болса, төрт ай он күн күтеді. Әйелдің ғиддаты аяқталмай тұрып хайызы қайта келсе, ғиддатты жаңадан хайыз есебімен күтеді. Бір не екі хайыз мерзімін күткеннен кейін хайыздан біржола тоқтаса, қайтадан ай есебімен ғиддат күтеді.
71
Муатта, 28-кітап, № 71
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мүсәйяб былай дейді: «Ауруына байланысты үздіксіз қан келетін әйелдің ғиддаты – бір жыл».

Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі талақ еткенде хайызы тоқтап қалған әйел тоғыз ай күтеді. Осы тоғыз айда хайыз көрмесе, тағы үш ай ғиддат күтеді. Ал сол үш ай аяқталмай тұрып хайыз көрсе, ғиддатын қайтадан хайыз есебімен жалғастырады. Бірінші хайызынан кейін екіншісі келмей, тағы тоғыз ай өтсе, үш ай күте бастайды. Осы үш ай аяқталмай тұрып екінші хайызы келсе, қайтадан хайыз есебімен ғиддат күтеді. Екінші хайызынан кейін үшіншісі келмей, тағы тоғыз ай өтсе, тағы үш ай күтеді. Осы аралықта үшінші хайызын көрсе, хайыз есебімен ғиддаты аяқталады. Ал хайыз келмесе, сол үш айды толық күтеді де, басқаға тұрмысқа шығуына болады. Бәин талақпен ажыратпаған күйеудің жоғарыдағы тәртіппен есептелетін ғиддат аяқталғанға дейін әйелімен қайта қосылуға құқығы бар».

Имам Мәлик былай дейді: «Бізде сүннетте орныққан тәртіп мынадай: ер адам әйелін қайта қосылу құқығы бар талақпен ажыратады. Әйел ғиддатының бір бөлігін күткенде, күйеуі онымен қайта қосылып, жақындаспай тұрып тағы талақ етеді. Мұндай жағдайда әйел бұрынғы күткен мерзімін есепке қоспай, соңғы талақтан бастап ғиддатты жаңадан күтеді. Егер ер адам әйелін некесінде қалдыруға ықыласы болмаса да қайтарып алған болса, өзіне зұлымдық жасап, қателікке ұрынған болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйелі мұсылман болып, күйеуі әлі кәпір күйінде қалса, кейін күйеуі де әйелінің ғиддаты аяқталмай тұрып Исламды қабылдаған жағдайда, онымен некесін жалғастыруға өзгелерден гөрі көбірек құқылы. Ал ғиддаты біткеннен кейін бұрынғы некемен қайта қосыла алмайды. Қаласа, Ислам талаптарына сай жаңадан неке қиып үйлене алады. Бұл ажырау талақ есебіне кірмейді. Өйткені бұрынғы некені Ислам үкімі бұзған».

26-бапТөрешілер

72
Муатта, 28-кітап, № 72
Қазақша аудармасы

Әли ибн Әбу Талиб Алла Тағаланың «Ал егер ерлі-зайыптылардың ажырасып кетуінен қорықсаңдар, ер адамның өз жұртынан бір әділ төреші, әрі әйелдің төркінінен де бір әділ төреші тағайындаңдар. Бұл екеуінің ниеті оларды жарастыру болса, сөзсіз, Алла тағала оларды қайта табыстырады. Шүбәсіз, Алла – Алим, Хабир»1 деген аятындағы екі төреші жайында: «Олардың ерлі-зайыптыларды ажыратуға да, жарастыруға да өкілеттігі бар», – деген.

Имам Мәлик былай дейді: «Екі төрешінің ерлі-зайыптыларды бірге қалдыру немесе ажырату жөніндегі шешімі күшіне енеді. Ілім иелерінен естіген үкімдерімнің ішіндегі ең лайықтысы – осы».

  1. 1«Ниса» сүресі, 4:35.

27-бапҮйленбей тұрып талақты антқа байлау

73
Муатта, 28-кітап, № 73
Қазақша аудармасы

Омар ибн Хаттаб, Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн Масғуд, Сәлим ибн Абдуллаһ, Қасым ибн Мұхаммед, Ибн Шиһаб және Сүлеймен ибн Ясар былай дейтін: «Адам болашақта үйленетін әйелінің талағын антқа байлап, сол антын бұзса, ол әйелге үйленгенде талақ жүзеге асады».

Абдуллаһ ибн Масғуд «Некеме алатын әрбір әйел талақ болсын» деген адам жайында былай дейді: «Белгілі бір тайпаны немесе әйелді атап айтпаса, оған ешқандай міндет жүктелмейді».1

Имам Мәлик былай дейді: «Бұл – естіген үкімдерімнің ішіндегі ең дұрысы».

«Егер мынадай-мынадай істі істемесем, әйелім талақ болсын, кейін үйленетін әрбір әйелім де талақ болсын, мал-мүлкім садақа болсын» деп ант етіп, кейін антын бұзған адам жайында Имам Мәлик былай дейді: «Некесінде тұрған әйелдері талақ болады. Ал белгілі бір әйелді, тайпаны, жерді немесе соған ұқсас нәрсені атап көрсетпей, “Некеме алатын әрбір әйел талақ болсын” дегені үшін болашақта үйленетін әйелдеріне талақ түспейді. Қалаған әйеліне үйлене алады. Мал-мүлкінің үштен бірін садақа етеді».

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, ер адам «Үйленетін әрбір әйелім талақ болсын» десе, некелескен кезде талақ жүзеге асады. Марғинани, «Һидая», I, 250.

28-бапӘйелімен жақындасуға қабілетсіз күйеуге берілетін мерзім

74
Муатта, 28-кітап, № 74
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мүсәйяб былай дейді: «Әйелге үйленгенімен, онымен жұбайлық қатынасқа түсуге қабілеті жетпеген күйеуге бір жыл мерзім беріледі. Осы уақыт ішінде жақындаса алса, некесі жалғасады. Жақындаса алмаса, екеуі ажыратылады».1

  1. 1Шайбани, 548, 539.
75
Муатта, 28-кітап, № 75
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Ибн Шиһабтан: «Ер адамға берілетін мерзім неке бөлмесіне кірген күннен бастап есептеле ме, әлде әйелі сотқа жүгінген күннен бастала ма?» – деп сұрады. Ибн Шиһаб: «Әйелі сотқа жүгінген күннен басталады», – деді.

Имам Мәлик былай дейді: «Әйелімен бұрын жұбайлық қатынаста болып, кейін жақындасуға қабілетсіз болып қалған адамға мерзім берілетіні туралы естіген емеспін. Мұндай ерлі-зайыптылар ажыратылмайды».

29-бапТалаққа қатысты хадистер

76
Муатта, 28-кітап, № 76
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабқа жеткен риуаятта былай делінеді: «Сақиф тайпасынан бір адам1 мұсылман болғанда, оның он әйелі бар еді. Алла елшісі (с.а.с.) оған: “Төрт әйеліңді қалдырып, қалғандарынан ажырас”, – деп бұйырды».2

  1. 1Бұл адам – Ғайлан ибн Сәләмә әс-Сақафи.
  2. 2Ибн Абдулбәр былай дейді: «Мұны “Муатта” риуаятшылары мен Ибн Шиһабтан жеткізушілердің көпшілігі осылай риуаят еткен». Тирмизи мен Ибн Мәжа бұл хадисті иснады жалғасқан түрде жеткізеді: Тирмизи, «Никах», 9/33; Ибн Мәжа, «Никах», 9/40.
77
Муатта, 28-кітап, № 77
Қазақша аудармасы

Омар ибн Хаттаб былай дейді: «Ер адам әйелін бір немесе екі талақпен ажыратып, ғиддат кезінде қайта қосылмаса, кейін әйел басқаға тұрмысқа шығып, ол күйеуі қайтыс болса не талақ етсе, алғашқы күйеуі сол әйелге қайта үйлене алады. Мұндайда оның бұрын қанша талақ құқығы қалса, сол мөлшер ғана сақталады».1

Имам Мәлик былай дейді: «Бізде бірауыздан қабылданып, ұстанылған амал да осындай».

  1. 1Ханафи мәзһабы бойынша, ер адамның үш талақ құқығы жаңарады. Марғинани, II, 11.
78
Муатта, 28-кітап, № 78
Қазақша аудармасы

Сәбит ибн Ахнаф былай дейді: «Абдуррахман ибн Зәйд ибн Хаттабтың бір үммі уәләдіне үйленген едім. Абдуллаһ ибн Абдуррахман ибн Зәйд ибн Хаттаб мені шақыртты. Бардым. Қасына кірсем, бір қамшы, екі темір бұғау және маған қарсы дайындап қойған екі құл тұр екен. Ол: “Оны талақ ет! Әйтпесе, Аллаға ант етемін, саған мынадай-мынадай жаза қолданамын”, – деді. Мен: “Ол мың талақпен ажырасқан болсын”, – дедім де, шығып кеттім. Мекке жолында Абдуллаһ ибн Омарға жетіп, басымнан өткенді айттым. Ол ашуланып: “Бұл талақ саналмайды, өйткені сені мәжбүрлеген. Әйелің саған адал, онымен қайта қосыла аласың”, – деді. Көңілім орнықпай, сол кездегі Мекке әмірі Абдуллаһ ибн Зүбәйрге бардым. Оған басымнан өткенді және Абдуллаһ ибн Омардың айтқанын баяндадым. Ол: “Әйелің саған адал, оған қайт”, – деді. Содан кейін Мәдина әкімі Жәбир ибн Әсуәд әз-Зуһриге Абдуллаһ ибн Абдуррахманды жазалап, мені әйеліммен бірге еркін қалдыруды бұйырып хат жазды. Мәдинаға оралғанда, Абдуллаһ ибн Омардың рұқсатымен әйелі Сафия жұбайымды зифафқа әзірледі. Қосылатын күнімізде Абдуллаһ ибн Омарды асқа шақырдым. Ол шақыруымды қабыл алып келді».1

  1. 1Әбу Ханифаның пікірінше, мәжбүрленген адамның талағы жүзеге асады. Нахағи мен Шағби де осы пікірді ұстанған. Сағид ибн Мүсәйябтан да осы мағынадағы риуаят бар. Мәликилер Алла елшісінің (с.а.с.): «Мәжбүрлік жағдайында талақ жүзеге аспайды», – деген хадисіне сүйенеді. Осы хадиске сай әйелін талақ етуге мәжбүрленген адамның талағы ақылынан айырылған адамның талағы секілді жарамсыз саналады. Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн әз-Зүбәйр, Омар ибн Хаттаб, Әли ибн Әби Талиб, Ибн Аббас және Омар ибн Абдулазиз де мұндай жағдайда талақ жүзеге аспайды деп пәтуа берген. Шафиғидің пікірі де осындай. «Мунтақа», IV, 124.
79
Муатта, 28-кітап, № 79
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Динар былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омардың “лиғиддатиһиннә” сөзіне “құбул” сөзін қосып, аятты: “Уа, Пайғамбар! Әйелдеріңді талақ ететін болсаңдар, олардың иддат мерзімін есепке ала отырып талақ етіңдер және иддат мерзімін жақсылап есептеңдер”, – деп оқығанын естідім».1

Имам Мәлик былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омар бұл қырағатымен күйеуінің әйеліне әр тазалық кезеңінде бір рет талақ айтуын меңзеген».

  1. 1«Талақ» сүресі, 65:1.
80
Муатта, 28-кітап, № 80
Қазақша аудармасы

Уруадан жеткен риуаятта былай делінеді: «Исламнан бұрын ер адам әйелін тіпті мың рет талақ етсе де, ғиддаты біткенге дейін онымен қайта қосыла алатын. Бір адам әйеліне зұлымдық жасауды көздеп, оны талақ етті. Ғиддаты аяқталуға жақындағанда, қайта қосылды да, тағы талақ етті. Содан кейін: “Уаллаһи, сені өзіме жар етіп те ұстамаймын, еркіндікке де жібермеймін. Ғиддатың аяқталуға жақындаған сайын қайта қосылып, қайта талақ етемін. Осылай ғиддатың созыла береді де, басқа күйеуге тие алмайсың”, – деді. Осыған байланысты Алла Тағала: “Талақ кезегі екіге дейін. Сосын оны не жақсылықпен өзіне жар етіп алып қалады, не болмаса көңілін тауып, жақсылықпен қоя береді”, – деген аятты түсірді.1 Сол күннен бастап, бұрын талақ айтқандар да, айтпағандар да талақ есебін жаңадан бастады. Бұрынғы әдетті тастап, Алланың әміріне сай әрекет етті».2

  1. 1«Бақара» сүресі, 2:229.
  2. 2Бұл хадис мурсәл түрде жеткен. Иснады жалғасқан риуаятын да қараңыз: Тирмизи, «Талақ», 11/16.
81
Муатта, 28-кітап, № 81
Қазақша аудармасы

Сәур ибн Зәйд әд-Дилиден жеткен риуаятта былай делінеді: «Исламнан бұрын адам әйелін талақ етіп, оған мұқтаж болмаса да, некесінде қалдырғысы келмесе де, ғиддатын созып, зиян келтіру үшін қайта қосылатын. Осыған байланысты Алла Тағала: “Оларға жәбір көрсетіп, зиян келтіру үшін күштеп ұстамаңдар. Кімде-кім солай істесе, бәрінен бұрын өз-өзіне зұлымдық жасаған болады”, – деген.1 Алла осылайша оларға насихат айтты».

  1. 1«Бақара» сүресі, 2:231.
82
Муатта, 28-кітап, № 82
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мүсәйяб пен Сүлеймен ибн Ясардан мас адамның талағы туралы сұралды. Олар: «Мас адам талақ етсе, талағы жүзеге асады. Біреуді өлтірсе, қысас ретінде өзі де өлтіріледі», – деді.

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша да үкім осындай».1

Сағид ибн Мүсәйяб былай дейтін: «Ер адамның әйелін асырауға шамасы жетпесе, екеуі ажыратылады».

Имам Мәлик былай дейді: «Мен жолыққан Мәдина ғұламаларының көзқарасы да осындай».

  1. 1Мас адам әйелін талақ етсе, талағы жүзеге асады. Біреуді жазықсыз өлтірсе, қысас ретінде өзі де өлтіріледі. Омар ибн Хаттаб, Әли ибн Әби Талиб, Нахағи, Шағби, Ибн Сирин және фақиһтардың көпшілігі осы пікірді ұстанған. Имам Мәлик, Әбу Ханифа, Әузағи және Сәури де осы пікірде. Имам Шафиғиден бұл жөнінде екі пікір жеткен. Біріншісі: мас адамның талағы жүзеге асады. Шафиғи ғалымдарының көпшілігі осыны ұстанады. Екіншісі: мас адамның талағы жүзеге аспайды. Музәнидің пікірі де осындай. Осман ибн Аффан, Рабиға және Яхия ибн Сағид әл-Ансариден де осы мағынадағы сөз жеткізілген. Талақтың жүзеге асуына негіз болған дәлел мынадай: ұрлық жасағаны үшін қолы кесілетін немесе біреуді жазықсыз өлтіргені үшін қысас жазасына тартылатын адамның талағы да күшіне енеді. Қазы Әбул-Уәлид былай дейді: «Жоғарыда сөз болған мас адамның санасы толық жоғалмаған. Ақылының орнында екені не істегісі келсе, соны жасай алуынан білінеді. Санасынан толық айырылмаған мас адам біреуді жазықсыз өлтірсе, бірауыздан қабылданған үкім бойынша қысас қолданылады. Ал есінен танатындай мас болып, мүлде есін білмесе, не істеп жатқанын аңғармаса, оның талағы жарамсыз болады. Ондай адамның ұруға ниеті болмайтыны сияқты, өлтіруге немесе басқа бір іске де ниет етуі мүмкін емес».

30-бапКүйеуі қайтыс болған жүкті әйелдің ғиддаты

83
Муатта, 28-кітап, № 83
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас пен Әбу Һурайрадан күйеуі қайтыс болған жүкті әйелдің ғиддаты туралы сұралды. Ибн Аббас: «Екі ғиддаттың1 қайсысы ұзақ болса, соны толық күткеннен кейін ғана басқа күйеуге тұрмысқа шыға алады», – деді. Әбу Һурайра: «Босанған кезде тұрмысқа шығуына болады», – деді. Әбу Сәләмә ибн Абдуррахман Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Үммі Сәләмәға барып, осы мәселені сұрады. Үммі Сәләмә былай деді: «Сүбәйға әл-Әсләмия күйеуі қайтыс болғаннан он бес күн өткен соң босанды. Оған бірі жас, бірі егде екі адам сөз салды. Әйелдің көңілі жас жігітке ауды. Егде кісі: “Сенің ғиддатың әлі біткен жоқ”, – деді. Ол кезде әйелдің отбасы сапарда еді. Әлгі кісі олар оралғанда өзгеден бұрын өзіне алып береді деп үміттенді. Әйел Алла елшісіне (с.а.с.) келіп, жағдайын сұрағанда, ол: “Ғиддатың аяқталды. Тұрмысқа шығуыңа болады. Қалаған адамыңа тұрмысқа шық”, – деді».2

  1. 1Екі ғиддаттың бірі – күйеуі қайтыс болған әйелдің төрт ай он күндік ғиддаты. Екіншісі – жүкті әйелдің босанғанға дейінгі ғиддаты. Ибн Аббастың осы пікіріне сай екеуінің ұзағы негізге алынады.
  2. 2Нәсәи, «Талақ», 27/56.
84
Муатта, 28-кітап, № 84
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан күйеуі қайтыс болған жүкті әйелдің ғиддаты туралы сұралды. Ол: «Босанғанда ғиддаты аяқталады, тұрмысқа шығуына болады», – деді. Ансарлардан бір адам оған Омар ибн Хаттабтың: «Әйел күйеуі әлі табытта жатқанда, тіпті жерленбей тұрып босанса да, ғиддаты аяқталады. Басқаға тұрмысқа шығуына болады», – дегенін жеткізді.

85
Муатта, 28-кітап, № 85
Қазақша аудармасы

Әл-Мисуәр ибн Махраманың жеткізуінше, Сүбәйға әл-Әсләмия күйеуі қайтыс болғаннан бірнеше түн өткен соң босанды. Алла елшісі (с.а.с.) оған: «Ғиддатың аяқталды. Тұрмысқа шығуыңа болады. Қалаған адамыңа тұрмысқа шық», – деді.1

  1. 1Бұхари, «Талақ», 68/39.
86
Муатта, 28-кітап, № 86
Қазақша аудармасы

Сүлеймен ибн Ясардан жеткен риуаятта былай делінеді: «Абдуллаһ ибн Аббас пен Әбу Сәләмә ибн Абдуррахман ибн Ауф күйеуі қайтыс болғаннан бірнеше түн өткен соң босанған әйелдің ғиддаты туралы пікір таластырды. Әбу Сәләмә: “Босанған кезде ғиддаты аяқталады”, – деді. Ибн Аббас: “Екі ғиддаттың ұзағын күтеді”, – деді. Әбу Һурайра келіп, Әбу Сәләмәны меңзеп: “Мен әкемнің бауырының ұлымен бір пікірдемін”, – деді. Содан кейін олар Ибн Аббастың құлы Күрәйбті осы мәселені сұрау үшін Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Үммі Сәләмәға жіберді. Күрәйб қайтып келіп, оның мына сөзін жеткізді: “Сүбәйға әл-Әсләмия күйеуі қайтыс болғаннан бірнеше түн өткен соң босанып, бұл жайында Алла елшісіне (с.а.с.) айтты. Ол: ‘Ғиддатың аяқталды. Қалаған адамыңа тұрмысқа шық’, – деді”».1

Имам Мәлик былай дейді: «Өлкеміздегі ілім иелері осы пікірді әлі де ұстанып келеді».

  1. 1Нәсәи, «Талақ», 27/56. Яхия ибн Сағидтің риуаятын да қараңыз: Мүслим, «Талақ», 18/8, № 57. Бұхари, Мүслим және «Сүнән» жинақтарында да өзге риуаяттары бар.

31-бапКүйеуі қайтыс болған әйелдің ғиддаты аяқталғанша өз үйінде қалуы

87
Муатта, 28-кітап, № 87
Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худридің қарындасы әл-Фүрәйға бинт Мәлик ибн Синанның күйеуі қашқан құлдарын іздеуге шығып, Қадум1 маңында оларға жеткенде, құлдары оны өлтірді. Фүрәйға Хұдра ұлдарының арасында тұратын өз отбасына қайтуына бола ма деп сұрау үшін Алла елшісіне барды. Ол оқиғаны былай баяндайды: «Күйеуім маған өзінің меншігіндегі үй де, нәпақа да қалдырмаған еді. Сондықтан ғиддатымды күту үшін Хұдра ұлдарының арасында тұратын отбасыма қайтуыма бола ма деп Алла елшісінен (с.а.с.) сұрадым. Ол: “Иә, отбасыңа бара аласың”, – деді. Қайтып, бөлмеге жеткенімде, Алла елшісі (с.а.с.) мені дауыстап шақырды немесе біреуге шақыртты. Ол: “Не деп едің?” – деп сұрады. Мен күйеуім жайында айтқан оқиғаны қайта баяндадым. Сонда: “Белгіленген ғиддат мерзімі аяқталғанша өз үйіңде күт”, – деді. Мен өз үйімде төрт ай он күн күттім. Кейін Осман ибн Аффан да хабар жіберіп, осы мәселені сұрады. Оған бәрін сол күйінде баяндадым. Ол да соған сүйеніп үкім шығарды».2

  1. 1Мәдинадан алты миль қашықтықтағы жердің атауы.
  2. 2Әбу Дәуіт, «Талақ», 13/44; Тирмизи, «Талақ», 11/23; Нәсәи, «Талақ», 27/60; Шафиғи, «Рисалә», № 121.
88
Муатта, 28-кітап, № 88
Қазақша аудармасы

Сағид ибн Мүсәйябтың жеткізуінше, Омар ибн Хаттаб күйеулері қайтыс болғаннан кейін ғиддат мерзімінде қажылыққа шыққан әйелдерді әл-Бәйда деген жерден кері қайтаратын. Олардың қажылыққа баруына рұқсат бермейтін.

Яхия ибн Сағидке жеткен риуаятта былай делінеді: «Сәиб ибн Хаббан қайтыс болды. Әйелі Абдуллаһ ибн Омарға келіп, күйеуінің қайтыс болғанын әрі Қанат деген жерде егістігі бар екенін айтты. Сол жерде түнеуіне бола ма деп сұрады. Абдуллаһ ибн Омар оған рұқсат бермеді. Сондықтан әйел сәресі уақытында Мәдинадан шығып, таңертең егістікке жететін. Күні бойы сонда болып, кешке Мәдинаға оралып, өз үйінде түнейтін».1

  1. 1Шайбани, 583.
89
Муатта, 28-кітап, № 89
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Уруа күйеуі қайтыс болған, далада көшіп-қонып жүретін әйел жайында: «Отбасы қай жерге қонса, ол да сол жерге қонады», – деген.

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша да үкім осындай».

34-бапАзл[^906]

95
Муатта, 28-кітап, № 95
Қазақша аудармасы

Ибн Мұхайриз былай дейді: «Мешітке кіріп, Әбу Сағид әл-Худриді көрдім. Қасына отырып, азл туралы сұрадым. Сонда ол былай деді: “Алла елшісімен (с.а.с.) бірге Бәни Мұсталақ жорығына шықтық. Арабтардан күңдер тұтқынға түсті. Отбасыларымыздан ұзақта жүргендіктен, олармен жақындасқымыз келді. Оларды өтемақыға қайтаруға да ниетті едік. Алайда жүкті болып, үммі уәләд атанса, сата алмай қаламыз деп қорқып, азл жасағымыз келді. ‘Алла елшісі арамызда жүргенде, одан сұрамай азл жасамақпыз ба?’ – деп, алдымен өзінен сұрадық. Ол: ‘Азл жасамасаңдар да болады. Қияметке дейін дүниеге келуі тағдырына жазылған әрбір жан бәрібір дүниеге келеді’, – деді”».1

  1. 1Бұхари, «Итқ», 49/13; Мүслим, «Никах», 16/21, № 125.
96
Муатта, 28-кітап, № 96
Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әби Уаққастың азл жасайтыны жеткізілген.1

  1. 1Шайбани, 548.
97
Муатта, 28-кітап, № 97
Қазақша аудармасы

Әбу Әйюб әл-Ансаридің үммі уәләді, яғни одан бала туған күңі: «Әбу Әйюб әл-Ансари азл жасайтын», – деген.1

  1. 1Шайбани, 549.
98
Муатта, 28-кітап, № 98
Қазақша аудармасы

Нәфиғтың жеткізуінше, Абдуллаһ ибн Омар азл жасамайтын әрі оны ұнатпайтын.

99
Муатта, 28-кітап, № 99
Қазақша аудармасы

Хажжаж ибн Амр ибн Ғазия былай дейді: «Зәйд ибн Сәбиттің жанында отырғанымда, йемендік Ибн Қаһд келіп: “Уа, Әбу Сағид! Менде некелі әйелдерімнен бөлек, өзім жақындасатын күңдер бар. Олардың бәрінің менен жүкті болғанын қаламаймын. Азл жасай аламын ба?” – деп сұрады. Зәйд ибн Сәбит маған: “Уа, Хажжаж! Оған сен пәтуа бер”, – деді. Мен: “Алла сізге жақсылық нәсіп етсін! Біз қасыңызға өзіңізден бір нәрсе үйрену үшін келеміз”, – дедім. Ол тағы да: “Пәтуаны сен бер”, – деді. Сонда мен: “Ол – сенің ұрпақ егетін егістігің. Қаласаң, суарасың, қаласаң, сусыз қалдырасың. Мен мұны Зәйдтен естігенмін”, – дедім. Зәйд: “Дұрыс”, – деді».1

  1. 1Шайбани, 550.
100
Муатта, 28-кітап, № 100
Қазақша аудармасы

Зәфиф есімді адам былай дейді: «Ибн Аббастан азл туралы сұралды. Ол күңін шақырып: “Оларға өзің айт”, – деді. Күңі ұялғандай болғанда, өзі азл жасайтынын меңзеп: “Жасай аласың. Мен де жасаймын”, – деді».

Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам азат әйелімен жақындасқанда, оның келісімімен ғана азл жасай алады. Ал өз күңімен жақындасқанда, рұқсат сұрамай азл жасауында айып жоқ. Өзгенің күңімен некелескен адам тек оның қожайындарының рұқсатымен азл жасай алады».

35-бапКүйеуі қайтыс болған әйелдің белгілі мерзім сәнденбеуі

101
Муатта, 28-кітап, № 101
Қазақша аудармасы

Зәйнеп бинт Әби Сәләмә Хумәйд ибн Нәфиғқа үш хадис жеткізіп, былай деді: «Әкесі Әбу Суфиян ибн Харб қайтыс болғанда, Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Үммі Хабибаға бардым. Ол ішінде суфра, яғни сары бояуы бар халуқ немесе басқа хош иіс салынған құтыны алдырды. Хош иісті күңіне жағып, кейін өз бетіне де жақты. Содан соң: “Уаллаһи, маған хош иіс қажет болып тұрған жоқ. Бірақ Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Аллаға және қиямет күніне иман келтірген әйелге біреудің өліміне байланысты үш түннен артық сәнденуден бас тартуға болмайды. Тек күйеуі қайтыс болса, төрт ай он күн сәнденбейді’, – дегенін естідім”, – деді».

102
Муатта, 28-кітап, № 102
Қазақша аудармасы

Зәйнеп былай дейді: «Кейін бауыры қайтыс болғанда, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайы Зәйнеп бинт Жахшқа бардым. Ол хош иісін алдырып, өзіне жақты да: “Маған хош иіс қажет болып тұрған жоқ. Бірақ Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Аллаға және қиямет күніне иман келтірген әйелге бір марқұм үшін үш күннен артық сәнденуден бас тартуға болмайды. Тек күйеуі қайтыс болса, төрт ай он күн сәнденбейді’, – дегенін естідім”, – деді».

103
Муатта, 28-кітап, № 103
Қазақша аудармасы

Зәйнеп былай дейді: «Анам, Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Үммі Сәләмәның мына сөзін естідім: “Бір әйел Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: ‘Қызымның күйеуі қайтыс болды. Көздері ауырады. Сүрме тартуына бола ма?’ – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) екі не үш рет: ‘Жоқ’, – деді. Әр сұрағанда осылай жауап беріп, содан кейін: ‘Ғиддат мерзімі – төрт ай он күн ғана. Ал жаһилия дәуірінде сендердің бірің күйеуі қайтыс болғаннан бір жыл толғанда ғана құмалақ лақтыратын еді’, – деді”».

Хумәйд ибн Нәфиғ былай дейді: «Зәйнептен: “Алла елшісінің (с.а.с.) ‘Бір жыл толғанда ғана құмалақ лақтыратын еді’ деген сөзінің мәні не?” – деп сұрадым. Зәйнеп былай деді: “Күйеуі қайтыс болған әйел ескі, нашар үйге кіріп, ең жұпыны киімін киетін. Бір жыл толғанша хош иіс те, соған ұқсас нәрсе де жақпайтын, жуынбайтын, тырнағын алмайтын. Содан кейін сол кездегі әдет бойынша оған есек, қой немесе құс әкелінетін. Әйел соған денесін үйкеп, аза тұту рәсімін аяқтайтын. Ол денесін үйкеген жануар көбіне өліп қалатын. Осыдан соң сыртқа шығатын. Оған құмалақ беріліп, ол соны лақтыратын. Ғиддаты осылай аяқталған саналып, әйел тазаланып, хош иіс пен өзге де нәрселерді қолдана алатын”».1

  1. 1Бұхари, «Талақ», 68/46; Мүслим, «Талақ», 18/9, № 58.
104
Муатта, 28-кітап, № 104
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайлары Айша мен Хафсаның жеткізуінше, ол былай деген: «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген әйел күйеуінен өзге ешкімнің өліміне байланысты үш күннен артық аза тұтпайды».1

  1. 1Мүслим, «Талақ», 18/9, № 63; Шайбани, 590.
105
Муатта, 28-кітап, № 105
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің (с.а.с.) жұбайы Үммі Сәләмә күйеуіне аза тұтып, сәнденбей жүрген әрі көздері қатты ауырған әйелге: «Сүрмені түнде тарт та, күндіз сүртіп таста», – деген.

106
Муатта, 28-кітап, № 106
Қазақша аудармасы

Сәлим ибн Абдуллаһ пен Сүлеймен ибн Ясар күйеуі қайтыс болған әйел жайында: «Көзінің зақымдануынан қауіптенсе, ем үшін хош иісі бар дәріні де жаға алады немесе сүрме тарта алады», – дейтін.

Имам Мәлик былай дейді: «Зәрулік туған жағдайда рұқсат етілмеген нәрсеге рұқсат беріледі. Алланың діні – жеңіл».

107
Муатта, 28-кітап, № 107
Қазақша аудармасы

Нәфиғтың жеткізуінше, Сафия бинт Әби Убайд күйеуі Абдуллаһ ибн Омарға аза тұтып жүргенде, көздері ауырды. Ол сүрме тартпады. Көздері іріңдеп, былшықтана жаздады.1

Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі қайтыс болған әйел ғиддат кезінде хош иісі жоқ май және соған ұқсас нәрселерді қолдана алады».

Имам Мәлик былай дейді: «Мұндай әйел жүзік, аяққа тағатын білезік және өзге де әшекейлер таға алмайды. Әдемі, ашық түсті, өрнекті киімдер кимейді. Шашын тек тазалық үшін сидрмен немесе соған ұқсас бояуы жоқ нәрселермен жуып, тарай алады».

  1. 1Шайбани, 589.
108
Муатта, 28-кітап, № 108
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта былай делінеді: «Алла елшісі (с.а.с.) күйеуі Әбу Сәләмәның қазасына аза тұтып жүрген Үммі Сәләмәға кірді. Ол көзіне сабир деп аталатын ащы дәрі жаққан еді. Алла елшісі (с.а.с.): “Бұл не, уа, Үммі Сәләмә?” – деп сұрады. Ол: “Сабир, уа, Расулалла!” – деп жауап берді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Оны түнде жақ та, күндіз сүртіп таста”, – деді».1

Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі қайтыс болған, әлі балиғатқа толмаған қыз да балиғатқа толған әйел секілді сәнденуден бас тартады».

Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі қайтыс болған күң де екі ай бес күндік ғиддат мерзімінде сәнденбейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Қожайыны қайтыс болған үммі уәләд пен күңге сәнденуге болады. Сәнденуден бас тарту тек некесі бар әйелдерге міндет».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Талақ», 13/44; Нәсәи, «Талақ», 27/16.
109
Муатта, 28-кітап, № 109
Қазақша аудармасы

Алла елшісінің жұбайы Үммі Сәләмә: «Күйеуіне аза тұтып жүрген әйел басына зәйтүн майын жағып, шашын сабын орнына қолданылатын сидрмен жуып, тарай алады», – дейтін.