Фатима бинт Қайс былай дейді: «Күйеуім Әбу Амр ибн Хафс Шамда жүргенде мені үш талақпен ажыратты. Оның өкілі маған арпа жіберді. Мен бұған ашуландым. Сонда өкілі: “Уаллаһи, біздің мойнымызда сенің ешқандай ақың жоқ”, – деді. Мен Алла елшісіне (с.а.с.) барып, жағдайды айттым. Ол: “Саған нәпақа беру күйеуіңнің міндеті емес”, – деді де, ғиддатымды Үммі Шәриктің үйінде күтуге бұйырды. Кейін: “Сахабаларым Үммі Шәриктің үйіне көп барады. Өйткені ол – ізгі әйел. Олар сені көрмегені жөн. Ғиддатыңды Абдуллаһ ибн Үммі Мәктумның үйінде күт. Ол – зағип. Оның жанында жамылғыңды шешіп, еркін жүре аласың. Ғиддатың біткенде маған хабар бер”, – деді. Ғиддатым аяқталғанда, Алла елшісіне Мұғауия ибн Әби Суфиян мен Әбу Жәһм ибн Һишамның маған сөз салғанын айттым. Алла елшісі (с.а.с.): “Әбу Жәһм таяғын иығынан түсірмейді, яғни әйелдерін көп ұрады немесе сапарда көп жүреді. Ал Мұғауия – мал-мүлкі жоқ кедей адам. Сен Үсама ибн Зәйдке тұрмысқа шық”, – деді. Мен қаламадым. Алла елшісі тағы да: “Үсама ибн Зәйдке тұрмысқа шық”, – деді. Мен оған тұрмысқа шықтым. Алла бұл некені қайырлы етіп, онымен бақытты болдым».1
- 1Мүслим, «Талақ», 18/6, № 35; Шафиғи, «Рисалә», № 756.