Хадис

Сүт ему

Муатта, 29-кітап · 16 хадис · № 1–16

1-бапБаланың емшек емуі

1
Муатта, 29-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Амра бинт Абдуррахман мүміндердің анасы Айшаның (р.а.) өзіне былай дегенін жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) менің жанымда еді. Хафсаның үйіне кіруге рұқсат сұраған бір адамның дауысын естіп: “Уа, Расулалла, мына адам үйіңізге кіруге рұқсат сұрап тұр”, – дедім. Алла елшісі (с.а.с.): “Ол Хафсаның сүт әкесінің бауыры пәленше болса керек”, – деді. Мен: “Уа, Расулалла, менің сүт әкемнің бауыры пәленше тірі болғанда, жаныма емін-еркін кіре алар ма еді?” – деп сұрадым. Алла елшісі (с.а.с.): “Иә, кіре алар еді. Өйткені нәсәп, яғни қан туыстығы арқылы үйленуге харам болған адамдар сүт ему арқылы да харам болады”1, – деді»2.

  1. 1Бұхари, «Шәһадат», 52/7; Муслим, «Радағ», 17/1, № 1.
  2. 2Некелесуге кедергі болатын себептердің бірі – сүт ему. Бұл Құран мен сүннет арқылы бекітілген. Құранда некелесуге харам етілген адамдар аталғанда: «Сендерге ... сүт аналарыңмен, емшектес әпке-қарындастарыңмен ... некелесу харам етілді», – делінеді («Ниса», 4:23). Осы тақырыпқа қатысты хадистер бұл бөлімде беріледі.
2
Муатта, 29-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай дейді: «Сүт әкемнің бауыры келіп, жаныма кіруге рұқсат сұрады. Мен Алла елшісінен сұрамайынша, оған рұқсат беруге тартындым. Алла елшісі (с.а.с.) келген соң осы жайында сұрадым. Ол: “Ол – сенің сүт әкеңнің бауыры. Жаныңа кіруіне рұқсат бер”, – деді. Мен: “Уа, Расулалла, мені әйел емізді, ер адам емізген жоқ қой”, – дегенімде: “Ол – сенің сүт әкеңнің бауыры. Жаныңа кірсін”, – деді». Әзірет Айша: «Бұл оқиға орану аяты түскеннен кейін болды», – деді. Ол сондай-ақ: «Нәсәп, яғни қан туыстығы арқылы үйленуге харам болған адамдар сүт ему арқылы да харам болады», – дейтін1.

  1. 1Бұхари, «Никах», 67/117; Муслим, «Радағ», 17/2, № 7; Шәйбани, 617.
3
Муатта, 29-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Уруа ибн Зүбәйр әзірет Айшаның былай дегенін жеткізеді: «Орану аяты түскеннен кейін сүт әкем Әбу Қуайстың бауыры Әфлах келіп, жаныма, яғни бөлмеме кіруге рұқсат сұрады. Мен рұқсат бермедім. Алла елшісі келген соң не істегенімді оған айттым. Сонда ол сүт әкемнің бауыры Әфлахтың жаныма кіруіне рұқсат беруімді бұйырды»1.

  1. 1Бұхари, «Никах», 67/22; Муслим, «Радағ», 17/2, № 3.
4
Муатта, 29-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббас: «Бала екі жасқа толғанға дейін бір рет қана емсе де, сүт туыстығы орнап, неке харам болады», – дейтін.

5
Муатта, 29-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Аббастан: «Бір адамның екі әйелі бар еді. Бірі бір ұл баланы, екіншісі бір қыз баланы емізді. Енді сол жігіт әлгі қызға үйлене ала ма?» – деп сұрағанда, ол: «Жоқ, үйлене алмайды. Өйткені екі әйелдің де сүтінің пайда болуына себеп болған ер адам біреу», – деп жауап берді1.

  1. 1Тирмизи, «Радағ», 10/2.
6
Муатта, 29-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар: «Ересек адамның емуі есепке алынбайды. Тек кішкентай баланың емуі ғана есепке алынады», – дейтін1.

  1. 1Шәйбани, 615.
7
Муатта, 29-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың ұлы Сәлим былай дейді: «Мүміндердің анасы Айша (р.а.) мені емшектегі кезімде өзінің сіңлісі Үммі Гүлсүм бинт Әбу Бәкірге жіберіп: “Мына баланы он рет еміз. Өскен кезде жаныма кіре алатын болсын”, – деген еді. Бірақ Үммі Гүлсүм мені үш рет емізгеннен кейін ауырып қалып, одан әрі емізбеді. Ол мені он рет емізбегендіктен, әзірет Айшаға махрам болмадым әрі оның жанына кірмедім»1.

  1. 1Шәйбани, 623. Кейбір фақиһтар некені тек он рет ему ғана харам етеді деген. Имам Шафиғи бес рет ему некені харам етеді деп есептеген. Әбу Ханифа мен Имам Мәлик емудің мөлшерін шектемеген: азы да, көбі де, тіпті бір рет ему де некені харам етеді деген (Ибн Рушд, «Бидаятул-мужтаһид», II, 38). Имам Ахмад ибн Ханбалдың кең тараған пікірі де ханафилердің ұстанымына сай («Бәзлул-мәжһуд», X, 43).
8
Муатта, 29-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы Хафса бинт Омар емшек еметін жастағы Асым ибн Абдуллаһ ибн Сағдты өскенде өз жанына кіре алуы үшін әпке-сіңлісі Фатимаға он рет емізуге жіберді. Фатима оны емізді. Асым өскен кезде Хафсаның жанына емін-еркін кіретін. Өйткені Хафса оның сүт нағашы әпкесі болған еді1.

  1. 1Шәйбани, 624.
9
Муатта, 29-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Абдуррахман әкесі Қасымның былай дегенін жеткізеді: «Әзірет Айшаның жанына әпке-сіңлілерінің сүт ұлдары мен ер бауырларының қыздарының сүт ұлдары кіретін. Ал ер бауырларының әйелдері емізген ер адамдар кірмейтін»1.

  1. 1Шәйбани, 618.
10
Муатта, 29-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Ибраһим ибн Уқба былай дейді: «Сағид ибн Мүсәйябтан емшек емудің үкімін сұрадым. Ол: “Екі жылдың ішінде емген болса, бір тамшы сүт те некені харам етеді. Ал екі жылдан кейінгі ему баланың ішіп-жеген тамағының үкімінде болады, яғни некені харам етпейді”, – деді. Кейін Уруа ибн Зүбәйрден сұрадым. Ол да Сағид ибн Мүсәйябтың айтқанын дәл қайталады»1.

  1. 1Шәйбани, 620.
11
Муатта, 29-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай дейді: «Сағид ибн Мүсәйябтың: “Тек бесіктегі, яғни емшек ему жасындағы баланың тәніне сіңіп, еті мен қанын қалыптастыратын, яғни оған қорек болатын1 емуі ғана есепке алынады”, – дегенін естідім»2. Яғни ересек адамның емуі есепке алынбайды.

Ибн Шиһаб: «Емудің азы да, көбі де некені харам етеді. Емуден туындайтын бұл тыйым сүт әке тарапындағы туыстарға да қатысты», – дейтін.

Имам Мәлик былай дейді: «Екі жылдың ішіндегі емудің азы да, көбі де некені харам етеді. Ал екі жылдан кейінгі емуге келсек, оның азы да, көбі де ешкіммен некелесуді харам етпейді. Ол тек тамақтың үкімінде болады. Тамақ қалай некені харам етпесе, бұл да сондай»3.

  1. 1Бала бір рет емгеннің өзінде қорек алады. Осыған қарағанда, баланың бір рет емуі де некені харам етеді дегендердің пікірі орынды.
  2. 2Шәйбани, 628.
  3. 3Некені харам ететін ему мерзімі Имам Мәлик, Имам Шафиғи және ханафи ғалымдары Имам Мұхаммед пен Әбу Юсуфтың пікірінше – екі жыл, ал Әбу Ханифаның пікірінше – екі жарым жыл, яғни отыз ай (Ибн Рушд, «Бидаятул-мужтаһид», II, 31; Мәйдани, «Әл-Лубаб фи шәрхил-Китаб», III, 31).

2-бапЕмшек ему жасынан кейінгі сүт ему

12
Муатта, 29-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһабтан ересек адамның емшек емуінің үкімі сұралғанда, ол Уруа ибн Зүбәйрдің өзіне былай дегенін жеткізді: «Алла елшісінің сахабасы, Бәдір шайқасына қатысқан Әбу Хузәйфа ибн Утба ибн Рабиға азат еткен құлы Сәлимді Алла елшісінің Зәйд ибн Харисаны асырап алғанындай, өзіне бала етіп алды. Оны өз ұлындай көріп, бауыры Уәлидтің қызы Фатимаға үйлендірді. Фатима Құрайыштың таңдаулы бойжеткендерінің бірі әрі алғаш һижрет еткендердің қатарынан еді. Алла Тағала Зәйд ибн Харисаға қатысты: “Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол. Егер олардың әкелерін білмесеңдер, онда олар діндес бауырларың әрі достарың болады”1, – деген аятты түсіргеннен кейін, асыранды балалар өз әкелеріне телінді. Әкелері белгісіз болса, қамқоршыларына телінді. Сол кезде Әбу Хузәйфаның әйелі, Амир ибн Луәй тайпасынан шыққан Сәһлә бинт Сүһәйл Алла елшісіне келіп: “Уа, Алланың пайғамбары! Біз Сәлимді өз баламыздай көретін едік. Ол жанымызға емін-еркін кіріп-шығатын, мен басым ашық жүре беретінмін. Үйімізде бір ғана бөлме бар. Сәлим жөнінде не бұйырасыз? Ол жанымызда қала ала ма?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Оны бес рет еміз, сонда сүт ұлың болады”, – деді. Яғни оның жанына кіріп-шығуы жәйіз болады. Сәһлә айтылғанды істеп, содан кейін Сәлимді сүт ұлы деп санады. Әзірет Айша да жанына кіруін қалаған адамға осы үкімді қолданатын. Сіңлісі Үммі Гүлсүмге және ер бауырларының қыздарына жанына кіргізгісі келген ер адамдарды емізуді бұйыратын. Алайда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өзге жұбайлары мұндай емізу арқылы ешкімді жандарына кіргізбейтін. Олар: “Жоқ, Аллаға ант етеміз! Алла елшісінің Сәһләға берген бұл бұйрығы – тек Сәлимге ғана берілген рұқсат. Басқалардың бұл үкімді қолдануы дұрыс емес. Жоқ, Аллаға ант етеміз! Мұндай емізу арқылы ешкім жанымызға кіре алмайды”, – дейтін»2.

  1. 1«Ахзаб» сүресі, 33:5.
  2. 2Ибн Абдулбәр былай дейді: «Бұл – муснад, яғни иснады жалғасқан хадис. Өйткені Уруа әзірет Айшамен де, Алла елшісінің өзге жұбайларымен де кездескен». Муслим, «Радағ», 17/7, № 26–28, 29–31; Шәйбани, 627. Сәһләнің Сәлимді емізуі сүтін сауып, соған ішкізу арқылы жүзеге асқан. Бөтен ер адамның бөтен әйелдің емшегін емуі былай тұрсын, оған қол тигізуіне, тіпті қарауына да рұқсат жоқ. Бұл хадиске әзірет Айша амал еткен, ал Алла елшісінің өзге жұбайлары оған амал етпей, мұны Сәлимге ғана арналған үкім деп қабылдаған. Ему мерзімінің мәликилер мен шафиғилер, сондай-ақ ханафилердің екі имамы – Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед бойынша екі жыл, ал Әбу Ханифа бойынша отыз ай екенін бұған дейін айтқанбыз.
13
Муатта, 29-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Динар былай дейді: «Бір адам ересек адамның емшек емуінің үкімін сұрау үшін Абдуллаһ ибн Омарға келді. Сол кезде Мәдинадағы Дәрүл-қазада мен де оның жанында едім». Абдуллаһ сұрақты тыңдап, әкесі Омар ибн Хаттабтың берген пәтуасын былай жеткізді: «Бір адам әкеме келіп: “Менің бір күңім бар еді. Онымен жұбайлық қатынас жасайтынмын. Әйелім бұған кедергі болу үшін оны емізіпті. Кейін күңімнің жанына барғым келгенде, әйелім: ‘Оған жақындама, мен оны еміздім’, – деді. Енді не істеуім керек?” – деп сұрады. Әзірет Омар: “Әйеліңді тәртіпке шақыр. Күңіңе де жақындай бер. Өйткені некені харам ететін ему – кішкентай баланың емуі”, – деп пәтуа берді»1.

  1. 1Шәйбани, 626.
14
Муатта, 29-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид мына риуаятты жеткізеді: «Бір адам Әбу Мұса әл-Әшғариден: “Әйелімнің емшегін еміп, ішіме сүт кетті. Мұның үкімі қандай?” – деп сұрады. Әбу Мұса: “Меніңше, ол әйел саған харам болған”, – деді. Сонда Абдуллаһ ибн Масғуд: “Бұл адамға қалай пәтуа беріп тұрғаныңа абай бол”, – деді. Әбу Мұса: “Бұл жөнінде сен не дейсің?” – деп сұрады. Ибн Масғуд: “Ему тек екі жылдың ішінде ғана есепке алынады”, – деді. Осыдан кейін Әбу Мұса: “Араларыңда осындай үлкен ғалым тұрғанда, менен ештеңе сұрамаңдар”, – деді»1.

  1. 1Әбу Омар былай дейді: «Бұл хадистің иснадында үзіліс бар, алайда өзге түрлі жолдармен иснады жалғасып жеткен».
15
Муатта, 29-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы әзірет Айшаның жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Нәсәп, яғни қан туыстығы арқылы үйленуге харам болған адамдар сүт ему арқылы да харам болады», – деген1.

  1. 1Тирмизи, «Радағ», 10/1; Шәйбани, 617.
16
Муатта, 29-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша былай дейді: «Жүдама бинт Уәһб маған Алла елшісінің мына сөзін естігенін хабарлады: “Бала емізіп жүрген әйелмен жұбайлық қатынас жасауды тыйғым келген еді. Бірақ румдар мен парсылардың мұны істейтінін әрі оның балаларына зиян келтірмейтінін есіме түсіріп, бұл ойымнан қайттым”»1.

  1. 1Муслим, «Никах», 16/23, № 140–142.