Хадис

Өсиет

Муатта, 30-кітап · 8 хадис · № 1–8

Мазмұны: 8 бап
  1. 1Өсиет қалдыру жөніндегі бұйрық
  2. 2Баланың, ақыл-есі толыспаған, есі ауысқан және ақылы кем адамның өсиеті
  3. 3Өсиеттің мал-мүліктің үштен бірінен аспауы
  4. 4Жүкті әйелдің, науқастың және майдандағы адамның мал-мүлкіне билік етуі
  5. 5Мұрагерге және жақын туыстарға өсиет ету
  6. 6Әйелтектес ерлер және баланы өз қарауына алуға құқылы адамдар
  7. 7Жарамсыз сауда-саттықта тауарды қайтару
  8. 8Дұрыс және қате үкімдер

1-бапӨсиет қалдыру жөніндегі бұйрық

1
Муатта, 30-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Өсиет ететін мал-мүлкі бар мұсылманның өсиетін жазып қоймастан екі түн өткізуі дұрыс емес», – деген1.

Имам Мәлик былай дейді: «Бізде бірауыздан қабылданған үкім мынадай: дені сау кезінде болсын, сырқат кезінде болсын, құл азат ету немесе өзге бір нәрсе жөнінде жазбаша өсиет қалдырған адам оны өзі қайтыс болғанға дейін қалағанынша өзгерте алады. Өсиетін түгелдей алып тастап, басқаша жазғысы келсе де, ерікті. Алайда құлын “Мен өлгеннен кейін азатсың” деп тәдбир жолымен азат еткен болса, бұл міндеттемесін өзгерте алмайды. Өсиетке қатысты бұл үкім Алла елшісінің (с.а.с.): “Өсиет ететін мал-мүлкі бар мұсылманның өсиетін жазып қоймастан екі түн өткізуі дұрыс емес”, – деген сөзіне негізделеді».

Имам Мәлик былай дейді: «Өсиет етушіге өз өсиетін және онда көрсетілген құл азат етуді өзгертуге рұқсат берілмесе, өсиет қалдырған әрбір адамның азат етуді өсиет еткен құлына да, өзге өсиет еткен мал-мүлкіне де билік жүргізуіне тыйым салынуы керек болар еді. Алайда адам өсиетін кейде дені сау кезінде, кейде сапар үстінде қалдырады»2.

Имам Мәлик былай дейді: «Бізде бірауыздан қабылданған үкім бойынша, өсиет етуші қаласа, өсиетін өзгерте алады. Алайда құлын өзі өлгеннен кейін азат болатындай етіп тәдбир жолымен азат еткен болса, оны өзгертуге құқығы жоқ»3.

  1. 1Бұхари, «Уасая», 55/1; Муслим, «Уасият», 25/1, № 1–3. Хадистегі «екі түн» деген сөз уақытқа нақты шек қоймайды. Бұл тіркес аз уақытты білдіру үшін қолданылған. Яғни аз ғана уақыттың өзін өсиетсіз өткізбеу керектігін аңғартады.
  2. 2Дені сау кезінде немесе сапар үстінде өсиет қалдырған адам сол мүлікке өзі де мұқтаж болады. Өсиет еткен мүлкіне билік ету құқығынан айырылса, өсиет қалдырудан бас тартуы мүмкін. Мұның зияны бүкіл жұртқа тиеді. Сондықтан оның мүлкіне билік ету құқығын шектемейміз. Өсиетті кейін өзгерту де мүлікке билік етудің бір түрі болғандықтан, бұл құқығы да сақталуға тиіс.
  3. 3Шәйбани, 734. Құлды өзі өлгеннен кейін азат болатындай етіп тәдбир жолымен азат ету – міндетті күші бар, өзгертуге болмайтын келісім. Ал өзге өсиеттердің мұндай міндетті күші жоқ, оларды өзгертуге болады.

2-бапБаланың, ақыл-есі толыспаған, есі ауысқан және ақылы кем адамның өсиеті

2
Муатта, 30-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Амр ибн Сүләйм әз-Зүрақидің жеткізуінше, Омар ибн Хаттабқа (р.а.): «Мұнда Ғассан тайпасынан шыққан, балиғатқа толмаған дәулетті бір бала бар. Мұрагерлері Шамда, ал мұнда әкесінің бауырының бір қызы ғана тұрады. Не істеу керек?» – делінді. Әзірет Омар: «Сол немере туысына өсиет қалдырсын», – деді. Бала әлгі туысына «Биір Жүшәм» деп аталатын жерді өсиет етті. Бұл мүлік отыз мың дирхамға сатылды. Өсиет алған немере туысы Амр ибн Сүләйм әз-Зүрақидің анасы еді1.

  1. 1Шәйбани, 735.
3
Муатта, 30-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Әбу Бәкір ибн Хазмның жеткізуінше, Мәдинада Ғассан тайпасынан бір бала өлім аузында жатты. Мұрагерлері Шамда еді. Әзірет Омарға бұл жағдай айтылып: «Пәленше өлім аузында жатыр. Өсиет қалдырсын ба?» – деп сұралды. Ол: «Қалдырсын», – деді. Әбу Бәкір былай дейді: «Бала он не он екі жаста еді. Ол “Биір Жүшәм” деп аталатын жерді өсиет етті. Кейін сол жерге ие болған адам оны отыз мың дирхам күміс ақшаға сатты».

Имам Мәлик былай дейді: «Өсиет етіп отырған нәрсесін ұғынатындай ақыл-есі болса, ақыл-есі әлсіз, ақылы кем немесе есі ауық-ауық кіретін адамның өсиеті қабыл болады. Ал өсиет еткен нәрсесін түсінбейтіндей, ақыл-есінің кемістігі басым болса, өсиеті жәйіз болмайды».

3-бапӨсиеттің мал-мүліктің үштен бірінен аспауы

4
Муатта, 30-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Сағд ибн Әби Уаққас (р.а.) былай әңгімелейді: «Қоштасу қажылығы жылы сырқатым асқынып, Алла елшісі (с.а.с.) көңілімді сұрап келді. Мен оған: “Уа, Расулалла! Көріп тұрғаныңыздай, ауруым қатты асқынды. Менің мал-мүлкім бар, ал бір қызымнан басқа мұрагерім жоқ. Мал-мүлкімнің үштен екісін садақа етіп бере аламын ба?” – деп сұрадым. Алла елшісі (с.а.с.): “Жоқ, бере алмайсың”, – деді. Мен: “Жартысын берсем ше?” – дедім. Ол: “Жоқ”, – деді. Содан кейін: “Үштен бірін бере аласың. Үштен бірі де аз емес. Мұрагерлеріңді өзге жұртқа қол жайған кедей етіп қалдырғаннан гөрі, дәулетті күйде қалдырғаның жақсы. Алланың разылығын көздеп жұмсаған әрбір нәпақаң үшін, тіпті әйеліңнің аузына салған бір түйір асың үшін де сауап аласың”, – деді. Мен: “Уа, Расулалла! Жолдастарым сізбен бірге Мәдинаға кетіп, мен Меккеде қалып, осында өлемін бе?”1 – деп сұрадым. Ол: “Сен қалып қойып, ізгі амал жасасаң, сол арқылы дәрежең көтеріліп, мәртебең арта береді. Бәлкім, сен әлі де өмір сүріп2, бір қауым сенен пайда көріп, екінші бір қауым, яғни мүшріктер зиян шегер. Уа, Алла! Сахабаларымның һижретін толықтыр, оларды кері қайтарма!”3 – деді». Алайда осы мұһажирлердің бірі Сағд ибн Хәуланың жағдайы аянышты еді: ол кейін Меккеге қайтуға мәжбүр болып, сонда қайтыс болды. Алла елшісі (с.а.с.) оның Меккеде қайтыс болғанына қайғырды4.

Имам Мәлик былай дейді: «Бір адам мал-мүлкінің үштен бірін бір кісіге өсиет етіп, екінші бір кісіге қатысты: “Құлым пәлен адамға өмір бойы қызмет етсін, ол адам қайтыс болған соң азат болсын”, – деп өсиет қалдырса, жағдай былай қаралады: егер құлдың құны марқұмның мал-мүлкінің үштен біріне тең болса, оның өмір бойғы қызметінің құны бағаланады. Содан кейін екі өсиет алушының үлесі салыстырылып белгіленеді: біріншісінің үлесі оған өсиет етілген үштен бір мүліктің құнына, екіншісінікі құлдың өзіне көрсететін қызметінің бағаланған құнына қарай есептеледі. Екеуі де құлдың қызметінен немесе ол жалданып жұмыс істесе, тапқан ақысынан өз үлестеріне сай алады. Құлдың қызметі өсиет етілген адам қайтыс болған соң, құл азат болады».

Бір адам: «Пәленшеге мынадай, түгеншеге мынадай мал-мүлкімді өсиет еттім», – деп мүлкінің үштен бірінен өсиет қалдырса, ал мұрагерлері: «Өсиет етілген мүлік үштен бірінен артық», – десе, бұл жөнінде Имам Мәлик былай дейді: «Мұрагерлердің таңдау еркі бар: өсиет алушыларға аталған мүліктің бәрін беріп, қалғанын өздеріне алады немесе марқұмның мал-мүлкінің үштен бірін бөліп, өсиет алушыларға береді. Соңғысын таңдаса, өсиет алушылар осы үштен бірді өздеріне өсиет етілген үлестерінің арақатынасына сай бөліседі»5.

  1. 1Кейбір сахабалар Меккеде қайтыс болса, һижреттері толық болмай қалады деп алаңдаған.
  2. 2Бұл жерде Алла елшісі (с.а.с.) мұғжиза ретінде болашақтан хабар берген.
  3. 3Бұхари, «Жәнаиз», 23/37; Муслим, «Уасият», 25/1, № 5.
  4. 4Бұхари, «Жәнаиз», 23/37; Муслим, «Уасият», 25/1, № 5.
  5. 5Шәйбани, 736. Ханафи мәзһабы бойынша, қарыздар өтелгеннен кейін қалған мүліктің үштен бірін өсиет етуге болады. Одан артығын өсиет ету мұрагерлердің рұқсатымен ғана жүзеге асады. Мұрагерлер берген рұқсаттарынан қайта алмайды.

4-бапЖүкті әйелдің, науқастың және майдандағы адамның мал-мүлкіне билік етуі

Имам Мәлик былай дейді: «Жүкті әйелдің өсиеті, мал-мүлкіне қатысты шешімдері және оған рұқсат етілетін істер жөнінде естігендерімнің ең дұрысы мынадай: жүкті әйелдің жағдайы науқас адамға ұқсайды. Науқастың ауруы қауіп тудырмайтындай жеңіл болса, ол мал-мүлкіне қалағанынша билік ете алады. Ал ауруы өміріне қауіп төндіретіндей ауыр болса, мүлкінің үштен біріне ғана билік жүргізеді».

Имам Мәлик былай дейді: «Жүкті әйелдің жағдайы да осындай. Жүктіліктің алғашқы кезеңі сүйінші мен қуаныш саналады, ауру немесе қауіп төндіретін жағдайға жатпайды. Өйткені Ұлы Алла Құран Кәрімде Ибраһимнің жұбайы Сара жөнінде: “Біз оған Ысқақты, ал Ысқақтан кейін Яқұбты сүйіншіледік”943, – дейді. Сондай-ақ Адам мен Хауа туралы, Хауаның жүкті болып, құрсағындағы бала өскенде жағдайы ауырлай түскенін баяндайды: “Жұбайы жеңіл ғана жүкті болып, оны біраз уақыт көтереді. Содан ай-күні жақындағанда екеуі Раббылары Аллаға: ‘Егер бізге он екі мүшесі сау перзент берсең, ант етеміз, шүкіршілік ететін құлдарыңнан боламыз!’ – деп жалбарынады”944».

Жүкті әйелдің жүктілігі ауырлаған кезде, ол мал-мүлкінің үштен біріне ғана билік жүргізе алады. Алғашқы алты ай толық өткенге дейін бүкіл мал-мүлкіне билік етуге құқылы. Ұлы Алла Өзінің Кітабы Құран Кәрімде: «Аналар сәбилерін толық екі жыл емізсін»945, – деген. Сондай-ақ: «Оның ана құрсағында жатуы мен емшектен шығуы отыз айға созылады»946, – деп бұйырған. Жүкті болған күнінен бастап алты ай өткен әйел мал-мүлкінің үштен біріне ғана билік жүргізіп, сол мөлшерге қатысты шешім қабылдай алады.

Имам Мәлик майданда соғысып жүрген адам туралы былай дейді: «Ол жауға қарсы шабуылға шыққан кезде мал-мүлкінің үштен біріне ғана билік жүргізе алады. Шайқас үстінде оның жағдайы жүкті әйелдің және өміріне қауіп төнген науқастың жағдайына ұқсайды».

5-бапМұрагерге және жақын туыстарға өсиет ету

Имам Мәлик былай дейді: «Алла Тағаланың: “Араларыңнан біреуіңе ажал төніп, артына біраз мал-дүние қалдырып бара жатса, мал-дүниені лайықты түрде ата-ана мен ет жақын туыстарға өсиет етіп қалдыру сендерге парыз етілді”947, – деген аятының үкімі Алланың Кітабындағы мұра үлестерін белгілеген аяттар арқылы мәнсұх болған».

Имам Мәлик былай дейді: «Бізде бірауыздан қабылданған үкім бойынша, мұрагерге өсиет ету жәйіз емес. Алайда өзге мұрагерлер келіссе, жәйіз болады. Олардың бір бөлігі келісіп, екінші бөлігі келіспесе, өсиет тек келіскендердің үлесі есебінен орындалады. Ал келіспегендер өсиет етілген мүліктен өздеріне тиесілі үлестерін алады».

Тек мал-мүлкінің үштен біріне ғана билік жүргізе алатын ауыр науқас мұрагерлерінің біріне мүлкінің үштен бірінен артығын өсиет ету үшін өзге мұрагерлерінен рұқсат сұрап, олар келіссе, бұл жөнінде Имам Мәлик былай дейді: «Мұрагерлер берген рұқсаттарынан қайта алмайды. Егер өз шешімдерінен қайтуға рұқсат етілсе, бәрі де қайтып, өсиет етуші қайтыс болған соң бүкіл мүлікті өздері иемденер еді. Сөйтіп, өздері рұқсат берген үштен бір мүлік пен одан артық бөліктің өсиетке сай берілуіне кедергі жасар еді».

Имам Мәлик былай дейді: «Дені сау адам мұрагерлерінің біріне өсиет ету үшін өзге мұрагерлерінен рұқсат сұрап, олар келіссе, бұл келісім оларға міндет жүктемейді. Қаласа, одан қайта алады. Өйткені адам дені сау кезінде бүкіл мал-мүлкіне өзі билік етеді. Қаласа, бәрін садақа етеді немесе қалаған адамына береді. Ал мұрагерлердің рұқсаты өсиет етушінің бүкіл мал-мүлкіне билік ету құқығы шектеліп, тек үштен біріне ғана билік жүргізе алатын кезінде сұралып, сол кезде берілсе, олар үшін міндетті болады. Себебі мұндай жағдайда мүліктің қалған үштен екі бөлігіне мұрагерлердің құқығы өсиет етушінің құқығынан басым. Олардың берген рұқсаты сол құқықтары күшіне енген, өздеріне тиесілі болуға тиіс мүлікке қатысты болғандықтан, міндетті саналады».

Өсиет етуші өлім аузында жатқан кезде мұрагерлерінің бірі өзіне тиетін мұраны соған сыйлағысы келсе, сыйлай алады. Кейін ол адам әлгі мүлікке ешқандай билік жүргізбестен қайтыс болса, мүлік сыйлаған мұрагерге қайтарылады. Алайда өсиет етуші: «Мұрагерлерімнің ішінде пәленшенің жағдайы нашар, өзіңе тиетін мұраны соған беруіңді қалаймын», – деп, белгілі бір адамды атап көрсетсе және мұрагер де үлесін сол адамға беруге келіссе, бұл өсиет жәйіз болады. Ал мұрагер өз үлесін сыйлағаннан кейін өсиет етуші оның бір бөлігіне ғана билік жүргізіп, қалғанына билік жүргізбестен қайтыс болса, қалған бөлігі сыйлаған мұрагерге қайтарылады. Ол сыйын алған адам қайтыс болғаннан кейін қалған мүлікті өзіне қайта алады.

Бір адам өсиетінде мұрагерлерінің біріне әлдебір мүлікті бергенін, бірақ ол мұрагердің оны әлі алмағанын айтса, ал өзге мұрагерлер мұны мойындамаса, жағдай қалай шешіледі? Имам Мәлик былай дейді: «Бұл мүлік Алланың Кітабына сай бөлінетін мұраның құрамына қайтарылады. Өйткені марқұм оны өсиетке арналған үштен бір мүлкінің есебінен беруді көздемеген. Сондықтан үштен бір мүлік өсиет етілген адамдар бұл мүліктен үлес ала алмайды».

6-бапӘйелтектес ерлер және баланы өз қарауына алуға құқылы адамдар

5
Муатта, 30-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Уруадан жеткен риуаятта былай делінеді: «Мінез-қылығы әйелге ұқсайтын, еркектік құмарлығы жоқ деп саналатын бір адам Пайғамбардың жұбайы Үммі Сәләмәнің (р.а.) жанында тұрып, Абдуллаһ ибн Әби Үмәйяға (р.а.): “Уа, Абдуллаһ! Алла Тағала ертең сендерге Таифті алуды нәсіп етсе, Ғайланның қызына бар. Оның толықтығы сондай, алдынан қарағанда қарнындағы еті төрт қатпар, екі бүйірінен қарағанда сегіз қатпар болып көрінеді”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оның сөзін естіп: “Бұлар бұдан былай жандарыңа кірмесін”, – деді»1.

  1. 1Көпшілік бұл риуаятты осылай мурсал түрде жеткізген. Бұхари («Мағази», 64/56) мен Муслим («Сәләм», 39/13, № 32) оны иснады жалғасқан түрде риуаят еткен.
6
Муатта, 30-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед (р.а.) былай дейді: «Омар ибн Хаттаб (р.а.) ансарлардан бір әйелге үйленіп, одан Асым есімді ұл сүйді. Кейін екеуі ажырасты. Бірде Омар Құбаға келгенде ұлы Асымның мешіт ауласында ойнап жүргенін көрді. Оны құшағына алып, мініп келген көлігінің үстіне, алдына отырғызды. Сол кезде баланың нағашы әжесі жетіп келіп, немересін алғысы келді, бірақ Омар бермеді. Екеуі бірге әзірет Әбу Бәкірге барды. Омар: “Бұл – менің ұлым”, – деді. Әйел: “Бұл – менің немерем”, – деді. Сонда Әбу Бәкір Омарға: “Бала мен оның арасына түспе, екеуін еркіне қалдыр”, – деді. Омар бұған қарсы уәж айтпады».

Имам Мәлик былай дейді: «Мен де осы үкімді ұстанамын».

7-бапЖарамсыз сауда-саттықта тауарды қайтару

Имам Мәлик былай дейді: «Мал, мата немесе өзге де тауар сатып алған адамның саудасы жарамсыз болып шықса, оған алған тауарын иесіне қайтару бұйырылады».

Имам Мәлик былай дейді: «Тауардың құнын өтеу қажет болса, оның иесіне қайтарылатын күнгі бағасы емес, сатып алушының оны алған күнгі құны есептеледі. Өйткені тауардың сақталуына жауапкершілік сатып алушы оны алған күннен басталады. Одан кейін тауар құны кемісе де, артса да, оның есебі сатып алушыға қатысты. Адам тауарды сұраныс жоғары, бағасы қымбат кезде алып, сұраныс азайып, бағасы арзандаған кезде қайтаруы мүмкін. Алайда тауарға жауапкершілікті өзіне алғандықтан, сауданың жарамсыз болуы оны алған күнгі құнын өтеу міндетінен босатпайды. Мысалы, тауарды алған кезде оның құны он динар болып, кейін бір динарға түссе, сатып алушы бағаның тоғыз динарға кемуін тауар иесіне жүктей алмайды. Ол тауарды алған күнгі он динар құнын өтейді. Керісінше, алған кезінде құны бір динар болған тауар кейін он динарға қымбаттаса, сатып алушы иесіне он динар төлеуге міндетті емес. Ол тек тауарды алған күнгі бір динар құнын өтейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Мұны мына мәселе айқындайды: ұры бір затты ұрласа, сол заттың ұрланған күнгі құнына қаралады. Құны қол кесуді қажет ететін мөлшерге жетсе, қолы кесіледі. Ұрының қамауда жатуына немесе қашып кетуіне байланысты жаза кешіктіріліп, осы аралықта ұрланған заттың құны қол кесуді қажет етпейтін мөлшерге түссе де, жаза орындалады. Ал ұрланған кездегі құны қол кесуді қажет ететін мөлшерге жетпесе, кейін қымбаттауы оның қолын кесуге негіз болмайды».

8-бапДұрыс және қате үкімдер

7
Муатта, 30-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтің (р.а.) жеткізуінше, Әбу әд-Дәрда Сәлман әл-Фарисиге: «Қасиетті жерге келіңіз», – деп хат жазды. Сәлман оған: «Ешбір жер адамды қасиетті етпейді. Адамды қасиетті ететін – оның амалы. Естуімше, дәрігер болып, ем жасап жүр екенсің. Емдеп жаза алсаң, қандай жақсы! Ал дәрігерлікке талпынып қана жүрсең, бір адамды өлтіріп алып, тозаққа түсуден сақтан», – деп жауап жазды. Содан кейін Әбу әд-Дәрда екі адамның арасында үкім шығарып, олар кетіп бара жатқанда, арттарынан қарап: «Аллаға ант етемін, мен дәрігерлікке талпынып жүрген адаммын. Қайтып келіңдер де, дауларыңды маған қайтадан айтып беріңдер», – дейтін.

Имам Мәлик былай дейді: «Бір адам қожайынының рұқсатынсыз құлды, әдетте ақы төленетін маңызды бір жұмысқа жұмсап, сол жұмыста құлға зақым келсе, әлгі адам оның құнын өтеуге міндетті. Ал құл аман-есен болса, қожайыны істеген жұмысының ақысын талап ете алады. Біздің ұстанымымыз бойынша үкім осындай».

Имам Мәлик былай дейді: «Бір бөлігі азат, бір бөлігі құл адамның жеке мал-мүлкі өз қолында сақталады. Алайда ол оны өзге мақсатқа жұмсамай, тек ішіп-жеуі мен киім-кешегіне ғұрыпқа сай пайдалана алады. Қайтыс болса, мүлкі оның құлдықта қалған бөлігіне иелік ететін қожайынына қалады».

Имам Мәлик былай дейді: «Біздегі үкім бойынша, баласының мал-мүлкі болса, әкесі балада мүлік пайда болған күннен бастап оны асырауға жұмсаған ақшасы мен заттарын есептеп, қаласа, сол мүліктен қайтарып ала алады».

8
Муатта, 30-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Дәләф әл-Мүзәнидің жеткізуінше, Жүһәйна тайпасынан бір адам қажылардан озып барып, түйе сатып алып, содан пайда табатын. Кейін тағы да шапшаң жүріп, қажылардың алдына түсетін. Бір жолы ол қарызын өтей алмай, банкрот болды. Бұл жағдай Омар ибн Хаттабқа жеткізілді. Омар (р.а.): «Уа, адамдар! Жүһәйналық Ұсәйфия діндар әрі сенімді болудан гөрі, “Қажылардан озып кетті” деген мақтауды жақсы көрді. Ақыры қарызға сауда жасап, қарызын өтей алмай, борышы бүкіл мал-мүлкін алып кететін жағдайға жетті. Кімнің онда алашағы болса, таңертең бізге келсін. Мүлкін несие берушілерге бөліп береміз. Қарыздан сақтаныңдар: оның басы – уайым, соңы – мал-мүліктен айырылу», – деді.