Хадис

Муатта, № 19

Жинақ
Муаттаالموطأ
кітап
28. Талақ (ажырасу)
бап
6. Илә, яғни әйеліне жақындаспауға ант ету[^862]
Нөмірі
№ 19 (кітап ішіндегі рет реті)
19
Муатта, 28-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаят бойынша, Мәруан ибн Хәкәм әйеліне жақындаспауға ант еткен адам жайында: «Төрт ай өткен соң әйелі бір талақпен ажыраған болады. Әйел ғиддат мерзімін күтіп жүргенде, күйеуінің онымен қайта қосылуға құқығы бар», – деп үкім шығаратын.1

Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйеліне илә жасаса, оған таңдау ұсынылады. Әйелімен қайта қосылмай, оны талақ етсе, бұл ражғи талақ болады. Ғиддат мерзімі ішінде онымен қайта қосылуға құқығы бар. Алайда әйеліне қайта оралғаннан кейін ғиддаты біткенге дейін онымен жақындаспаса, талақ бәин болып, қайта қосылу құқығынан айырылады. Ал жақындаспауы ауру, қамауда болу секілді шариғатта қабыл етілетін үзірге байланысты болса, қайта қосылу құқығы сақталады. Ғиддаты аяқталып, бәин талақ жүзеге асқаннан кейін ол әйелге жаңадан үйленіп, тағы төрт ай бойы жақындаспаса, оған қайтадан таңдау ұсынылады. Антын бұзып, әйелімен қосылмаса, алғашқы илә антының негізінде тағы талақ жүзеге асады. Бұл жолы ол бәин талақ болады да, қайта қосылу құқығы болмайды. Өйткені жаңа неке қиылғаннан кейін әйеліне жақындаспай тұрып ажырасқан. Сондықтан әйел ғиддат күтпейді әрі күйеуінің де ғиддат ішінде қайта қосылу құқығы болмайды».

Имам Мәлик былай дейді: «Әйеліне жақындаспауға ант еткен адамға төрт ай өткен соң таңдау ұсынылады. Ол әйелін талақ етсе, бұл ражғи талақ болады. Ғиддат мерзімінде қайта қосыла алады. Ол әйеліне қайта оралғанымен, ғиддаты біткенге дейін жақындаспаса, оған илә бойынша қайтадан таңдау ұсынылып, тағы бір талақ жүктелмейді. Ғиддаты аяқталмай тұрып жақындасса, әйелімен бірге қалуға құқығы бар. Ал жақындаспай, ғиддаты аяқталса, талақ бәин болады да, қайта қосылу құқығы қалмайды. Бұл мәселеде естіген үкімдерімнің ішіндегі ең дұрысы – осы».

Имам Мәлик әйеліне жақындаспауға ант етіп, содан кейін оны бір талақпен ажыратқан, ал антына төрт ай толғанда әйелінің ғиддаты әлі аяқталмаған адам жайында былай дейді: «Егер ол антын бұзып, кәффаратын өтемесе, әйелі екі талақпен ажыраған болады. Ал талақтан кейінгі ғиддат төрт ай толмай тұрып аяқталса, илә антының негізінде жаңа талақ жүзеге аспайды. Өйткені төрт ай толғанда, әйел одан ажыраған болады».

Имам Мәлик былай дейді: «Ер адам әйеліне бір күн немесе бір ай жақындаспауға ант етіп, кейін төрт айдан астам уақыт бойы жақындаспаса да, бұл ант талақты қажет ететін илә саналмайды. Талақты қажет ететін ант – әйеліне төрт айдан артық уақыт жақындаспауға берген ант. Ал төрт ай немесе одан аз уақыт жақындаспауға ант етсе, меніңше, бұл илә саналмайды. Өйткені үкім қаралатын төрт айлық мерзім жеткенде, антта белгіленген уақыт аяқталып қояды. Сондықтан оған ешқандай міндет жүктелмейді».

Имам Мәлик былай дейді: «Күйеуі әйеліне баласын емшектен шығарғанға дейін жақындаспауға ант етсе, бұл ант илә саналмайды. Маған жеткен хабар бойынша, Әли ибн Әбу Талибтен осы мәселе сұралғанда, ол мұндай анттың илә болмайтынын айтқан».

  1. 1Шайбани, 579.