Имам Мәлик Ибн Шиһабтан: «Адам некесінде болған күңді бір талақпен ажыратқаннан кейін сатып алса, ол күң өзіне адал бола ма?» – деп сұрады. Ол: «Үш талақпен ажыратпаған болса, меншігіне өткеннен кейін оған адал болады, онымен ерлі-зайыптылық өмір сүре алады. Ал үш талақпен ажыратқан болса, сол күң басқа біреуге тұрмысқа шығып, одан ажырамайынша, оған адал болмайды», – деді.
Имам Мәлик былай дейді: «Адам басқа біреудің күңіне үйленіп, одан баласы болса, кейін сол күңді сатып алса, ол күң өзгенің меншігінде жүргенде одан бала туғаны үшін үммі уәләд, яғни қожайынынан бала туған күң саналмайды. Сатып алғаннан кейін, өзінің меншігінде жүргенде баласын туса ғана оның үммі уәләді болады».1
Имам Мәлик былай дейді: «Өз некесінде жүргенде өзінен жүкті болған күңді сатып алып, күң баласын оның меншігіне өткеннен кейін туса да, үммі уәләд саналады».
- 1Біреудің меншігіндегі күң қожайынынан бала туса, «үммі уәләд» деп аталады. Мұндай күң сатылмайды, сыйға берілмейді. Қожайыны қайтыс болғаннан кейін азат болады. Бұл да – Исламның күңдерді бостандыққа жеткізу үшін бекіткен ережелерінің бірі.