Қазақша аудармасы
Һишам ибн Уруа былай дейді: «Әкем Уруа ибн Зүбәйр ақиқа ретінде қыз балаға да, ұл балаға да бір-бір қойдан бөлек шалатын».
Имам Мәлик былай дейді: «Ақиқаға қатысты бізде, Мәдина халқында, қалыптасқан ортақ ұстаным мынадай: баласына ақиқа шалатын адам қыз бала үшін де, ұл бала үшін де бір-бір қойдан бөлек шалады. Ақиқа – уәжіп емес, мұстахап амал. Жұрт оны ежелден орындап келеді. Ақиқа малы да һәдий мен құрбандық малы секілді болғандықтан, арық, соқыр, кемтар немесе ауру болмауға тиіс. Еті де, терісі де сатылмайды. Сүйектерін сындыруға болады.1 Иесі етінен өзі де жейді, садақа да береді. Бірақ қаны баланың денесіне жағылмайды».
- 1Жәһилия дәуірінде ақиқа құрбанының еті сүйегінен түгел сылынып, сүйектері еш сындырылмайтын. Ислам бұл ырымның негізсіз екенін көрсетіп, сүйектерді де сындыруға болатынын білдірген.