Қазақша аудармасы
Сәһл ибн Сағд әл-Ансаридің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісіне (с.а.с.) бір сусын әкелінді. Ол сусыннан ішті. Оң жағында бір бала, сол жағында үлкен кісілер отырған еді. Алла елшісі (с.а.с.) баладан: «Алдымен мына үлкен кісілерге беруіме рұқсат етесің бе?» – деп сұрады. Бала: «Жоқ, уа, Расулалла! Уаллаһи, рұқсат етпеймін! Сізден кейін сусын ішу құқығымды ешкімге бермеймін», – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) ыдысты баланың қолына берді1.
- 1Бұхари, «Әшриба», 74/19; Муслим, «Әшриба», 36/17, № 127. Хадистегі бала – Ибн Аббас, ал үлкен кісілер – оның туыстары. Алла елшісі (с.а.с.) рұқсат сұрауы оған кері әсер етпейтініне сенгендіктен, рұқсат сұраған. Бала келіспей, өз құқығын алған. Бұл жерден Пайғамбарымыздың теңдессіз көркем мінезі мен қағидаға беріктігі көрінеді. Міндетті болмаса да, «бала ғой» демей, оның құқығын ескеріп, рұқсат сұраған. Келіспегенде де, теріс қабақ танытпай, тиесілісін өзіне берген. Сондай-ақ бұл хадис оң жақта отырған адамнан рұқсат алмай, сусынды өзгеге беруге болмайтынын және одан рұқсат сұраудың еш әбестігі жоқ екенін көрсетеді. Діни пайда мен ақыреттік артықшылыққа қатысты істе өз несібесін өзгеге беруге келіспеуге болатынын да білдіреді.