Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Әбу Талха Үммі Сүләймге: “Алла елшісінің (с.а.с.) даусы әлсіз шыққанын естідім. Оның аш екенін аңғарып тұрмын. Жейтін бір нәрсең бар ма?” – деп сұрады. Үммі Сүләйм: “Иә”, – деді де, бірнеше үзім арпа нанын шығарды. Жаулығының бір шетіне нанды орап, қолтығымның астына жасырды, қалған бөлігімен үстімді көйлек секілді қымтады. Содан кейін мені Алла елшісіне (с.а.с.) жіберді. Үммі Сүләйм берген нанды алып, Алла елшісіне (с.а.с.) бардым. Ол сахабаларымен бірге мешітте отыр екен. Қастарына барып тұрдым. Алла елшісі (с.а.с.): “Сені Әбу Талха жіберді ме?” – деп сұрады. “Иә”, – дедім. “Тамақ үшін бе?” – деп сұрағанда, тағы да: “Иә”, – деп жауап бердім. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) жанындағы сахабаларына: “Тұрыңдар”, – деді. Ол сахабаларымен бірге жүрді, мен де оларға еріп, Әбу Талханың үйіне жеттім. Әбу Талхаға жағдайды хабарлағанымда, ол: “Уа, Үммі Сүләйм! Алла елшісі (с.а.с.) сахабаларын ертіп келді. Оларға жетерлік тамағымыз жоқ. Енді не істейміз?” – деді. Үммі Сүләйм: “Алла мен Оның елшісі жақсы біледі”, – деп жауап берді. Әбу Талха Алла елшісін (с.а.с.) қарсы алуға шықты. Алла елшісі (с.а.с.) Әбу Талхамен бірге келіп, үйге кірді де: “Уа, Үммі Сүләйм! Қолыңда барды әкел”, – деді. Үммі Сүләйм сол нанды алып келді. Алла елшісі (с.а.с.) нанды ұсақтауды бұйырды, нан ұсақталды. Үммі Сүләйм үстіне май мен балы бар торсықтағыны сығып, нанға қатық жасады. Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.) Алла Тағала айтқызуды қалаған сөздерді айтып, дұға етті де: “Он адамның кіруіне рұқсат бер”, – деді. Әбу Талха он адамды кіргізді. Олар сол астан тойғанша жеп, сыртқа шықты. Алла елшісі (с.а.с.): “Тағы он адамды кіргіз”, – деді. Әбу Талха тағы он адамды кіргізді. Олар да тойғанша жеп, сыртқа шықты. Одан кейін Алла елшісі (с.а.с.): “Он адамды кіргіз”, – деді. Әбу Талха ол он адамды да кіргізді. Олар да тойғанша жеп, шықты. Содан соң Алла елшісі (с.а.с.): “Тағы он адамды кіргіз”, – деді. Ол тағы он адамды кіргізді. Олар да тойғанша жеп, сыртқа шықты. Алла елшісі (с.а.с.) жамағаттың бәрі тамақтанып, тойғанша: “Он-он адамнан кіргіз”, – деп отырды. Жиналғандар жетпіс не сексен адамдай еді»1.
- 1Бұхари, «Әтғима», 70/11; Муслим, «Әшриба», 36/20, № 142. Бұл хадистен мынадай қорытындылар шығады. Пайғамбарлар аштық және сол сияқты машақаттармен сыналады. Сол қиындықтарға сабыр ету арқылы сауаптары мен дәрежелері артады. Басына түскен кейбір қиындықтарға төзіп, оны бірден жұртқа жаймай, жасырған жөн. Әбу Талха секілді, сахабалар да Алла елшісіне (с.а.с.) тиісті қамқорлық пен ықылас көрсетуге тиіс болған. Сондай-ақ бұл хадис сый алушының дәрежесі жоғары, ал берілетін сый аз болса да, сыйлық ұсыну мұстахап екенін көрсетеді. Үй иесінің қонақтарын қарсы алып, араларында жүруі де мұстахап. «Алла мен Оның елшісі жақсы біледі» деп, үйдегі астың аздығына қарамай, Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларымен бірге келгенін құп көріп, мұнда бір хикмет барын аңғарған Үммі Сүләймнің зеректігі де байқалады. Ол Әбу Талхаға: «Уайымдама. Алла елшісінің (с.а.с.) осыншама адамды ертіп келуінде бір мақсат болмаса, оларды алып келмес еді», – дегендей болды.