Қазақша аудармасы
Уруа ибн Зүбәйрдің (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.) жұбайы Үммі Сәләмәның үйіне кірді. Үйде бір бала жылап жатты. Оған көз тигені айтылғанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Оған көз тиюге қарсы дұға оқытсаңдар еді», – деді1.
- 1Әбу Омардың айтуынша, «Муваттаның» барлық рауиінде мурсал түрде берілген. Мағынасы әртүрлі сенімді жолмен расталғандықтан, сахих саналады. Сондай-ақ Бұхари, «Тибб», 76/35; Муслим, «Сәләм», 39/21, № 59-ды қараңыз. Бұл хадис көз тиюге қарсы дұға оқуға болатынын көрсетеді. Бірақ оқылатын сөздер күпірлік иелерінің сөздері емес, Алланың сөзі болуға әрі шариғат шегінен шықпауға тиіс. Алла Тағала тәндік себептен туған аурулардың емін соларға лайық дәрілерден жаратқаны секілді, рухани себептен пайда болатын кейбір дерттердің шипасын да рухани жолдардан жаратқан. Осы және алдыңғы хадисте Алла елшісі (с.а.с.) ғұсыл не дәрет алуды емес, дұға оқытуды бұйырған. Өйткені ғұсыл мен дәрет көз тигізген адам белгілі болғанда ғана жасалады. Белгісіз болса, кез келген адамға осы үшін дәрет алдырылмайды. Ондайда көз тиюдің зардабын дұға оқу арқылы кетіру жолы қолданылады. Мұндай жағдайда көз тиген адамға дұға оқудың еш әбестігі жоқ. Алайда Алланың атымен, Оның Кітабымен және зікірімен оқылуға тиіс. Күпірлік иелерінің сөздерін айтып, арбауға болмайды. Әл-Бажи, «Әл-Мунтақа», 7-т., 258-б. «Тәжриді сарих тәржүмәсінде» үлкен хадисші, «Сахихи Бұхариды» түсіндіруші Хаттабиден жеткізілгеніне қарағанда, Алла елшісінің (с.а.с.) көз тиюге қарсы оқуды бұйырғаны – «Аятул-Күрси» секілді Алланың есімдері, сипаттары мен зікірі қамтылған аяттарды жүрегі таза кісілердің көз тиіп ауырған науқастарға оқуы. Бұл – рухани ем. Ал шариғатқа қайшы арбау – осыны кәсіп етіп, пайда табатын жыншылардың ісі. «Тәжриді сарих тәржүмәсі», 12-т., 90-беттен ықшамдап алынған.