Имам Мәлик былай дейді: «Ибн Шиһаб: “Кісі жамағатпен оқылған намаздың бір рәкағатына үлгеріп, ифтитах тәкбіріне ниет етіп бір тәкбір айта алса, жамағатқа үлгерген болады”, – деді1». Имам Мәлик: «Бұл сол тәкбірді айтқанда ифтитах тәкбіріне ниет еткен жағдайда болады», – деді.
Имам Мәликтен: «Бір адам имаммен бірге намазға тұрып, ифтитах және рукуғ тәкбірлерін айтуды ұмытып кетсе, бір рәкағат оқығаннан кейін есіне түсіп, екінші рәкағатта тәкбір айтса, бола ма?» – деп сұрағанда, ол: «Намазды қайта бастағаны абзал. Егер имаммен бірге ифтитах тәкбірін айтуды ұмытып, бірінші рукуғта тәкбір айтып, ифтитах тәкбіріне ниет етсе, жаиз болады», – деді.
Имам Мәлик былай дейді: «Бір адам жеке өзі намаз оқып тұрып, ифтитах тәкбірін ұмытса, намазды қайта бастайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Имам ифтитах тәкбірін ұмытып, намазды аяқтағанға дейін есіне түсірмесе, намазды қайта оқиды. Артындағы жамағат та тәкбір айтқан болса да, намазды қайта оқиды».
- 1Әбу Дәуіт, «Намаз», 2/115. Бұл жағдай былай болуы мүмкін: жамағат соңғы тәхиятқа отырғаннан кейін келген адам имам сәлем бермей тұрып, ифтитах тәкбіріне ниет етіп бір тәкбір айтса, жамағатқа үлгерген әрі жамағатпен намаз оқудың сауабына ие болған болады.