Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін риуаят етті: «Біләл азанды таң шапағы атпай тұрып айтады. Ибн Үммі Мәктум екінші азанды айтқанға дейін сәресі ішіп-жеңдер1».
- 1Бұхари, «Ораза», 30/17; Муслим, «Ораза», 13/36–38.
Муатта, 4-кітап · 55 хадис · № 14–70
Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін риуаят етті: «Біләл азанды таң шапағы атпай тұрып айтады. Ибн Үммі Мәктум екінші азанды айтқанға дейін сәресі ішіп-жеңдер1».
Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) намазға тұрған кезде қолдарын құлақтарының тұсына дейін көтеретін. Рукуғтан басын көтергенде де қолдарын көтеріп: “Сәмиаллаһу лимән хамидаһ, Раббәнә ләкәл-хамд”, – дейтін. Сәждеге барғанда және сәждеден тұрғанда қолдарын көтермейтін1».
Әзірет Әлидің немересі, әзірет Хұсейннің (р.а.) ұлы Әли былай риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.) намазда рукуғ пен сәждеге еңкейгенде және сәждеден көтерілгенде тәкбір айтатын. Алланың рақымына қауышқанға дейін намазды үнемі осылай оқыды1».
Сүлеймен ибн Ясар Алла елшісінің (с.а.с.) тәкбір айтқан кезде қолдарын көтергенін риуаят етті.
Әбу Сәләмә ибн Абдуррахман ибн Ауф былай дейді: «Әбу Һурайра (р.а.) бізге намаз оқытатын. Еңкейгенде де, бой түзегенде де тәкбір айтатын. Намаздан кейін: “Уаллаһи, намазы Алла елшісінің намазына ең көп ұқсайтын адам – менмін”, – деді1».
Сәлим былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) намазда еңкейгенде де, бой түзегенде де тәкбір айтатын». Нәфиғ былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) намазға тұрған кезде қолдарын иықтарының тұсына дейін, ал рукуғтан түзелгенде иықтарынан сәл төменірек көтеретін».
Уәһб ибн Кәйсан былай дейді: «Жәбир ибн Абдуллаһ (р.а.) бізге намазда тәкбір айтуды үйретіп, еңкейгенде де, бой түзегенде де тәкбір айтуды бұйыратын1».
Имам Мәлик былай дейді: «Ибн Шиһаб: “Кісі жамағатпен оқылған намаздың бір рәкағатына үлгеріп, ифтитах тәкбіріне ниет етіп бір тәкбір айта алса, жамағатқа үлгерген болады”, – деді1». Имам Мәлик: «Бұл сол тәкбірді айтқанда ифтитах тәкбіріне ниет еткен жағдайда болады», – деді.
Имам Мәликтен: «Бір адам имаммен бірге намазға тұрып, ифтитах және рукуғ тәкбірлерін айтуды ұмытып кетсе, бір рәкағат оқығаннан кейін есіне түсіп, екінші рәкағатта тәкбір айтса, бола ма?» – деп сұрағанда, ол: «Намазды қайта бастағаны абзал. Егер имаммен бірге ифтитах тәкбірін айтуды ұмытып, бірінші рукуғта тәкбір айтып, ифтитах тәкбіріне ниет етсе, жаиз болады», – деді.
Имам Мәлик былай дейді: «Бір адам жеке өзі намаз оқып тұрып, ифтитах тәкбірін ұмытса, намазды қайта бастайды».
Имам Мәлик былай дейді: «Имам ифтитах тәкбірін ұмытып, намазды аяқтағанға дейін есіне түсірмесе, намазды қайта оқиды. Артындағы жамағат та тәкбір айтқан болса да, намазды қайта оқиды».
Жүбәйр ибн Мутғим (р.а.): «Алла елшісінің (с.а.с.) ақшам намазында “Тур” сүресін оқығанын естідім», – деді1.
Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «“Уәл-мурсәлати ғурфан” деп басталатын, Құранның 77-сүресі – “Мурсәлат” сүресін оқып тұрған едім. Мұны естіген анам, Харистің қызы Үммүл-Фадл: “Балам! Бұл сүрені оқып, Алла елшісінің ақшам намазында оқығанын соңғы рет естіген сүрені есіме түсірдің!” – деді1».
Әбу Абдиллаһ әс-Сунабихи былай деп баяндайды: «Әзірет Әбу Бәкірдің халифалығы кезінде Мәдинаға бардым. Оның артында тұрып, ақшам намазын оқыдым. Ол алғашқы екі рәкағатта “Фатиха” мен бір-бір қысқа сүре оқыды. Үшінші рәкағатқа тұрған кезде киімім оның киіміне тиердей жақындадым да, оның “Фатиха” мен “Раббәнә лә тузиғ қулубәнә бәғдә из һәдәйтәнә уә һәб ләнә мин ләдункә рахмәтән иннәкә әнтәл-Уәһһаб1” аятын оқығанын естідім».
Бәра ибн Азибтен (р.а.) былай риуаят етілді: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге құптан намазын оқыдым. Ол намазда “Тин” сүресін оқыды1».
Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) ер адамдарға жібек киім киюге, алтын жүзік тағуға және рукуғта Құран оқуға тыйым салды1».
Әл-Бәйадиден (р.а.) былай риуаят етілді: «Сахабалардың кейбірі дауыстап қырағат етіп, намаз оқып жатқан еді. Олардың қасына келген ардақты Елші (с.а.с.) былай деп бұйырды: “Намаз оқыған адам Раббысына мінәжат етіп, Оның құзырында тұрады. Құранды дауыстап оқып, бір-біріңнің тыныштығыңды бұзбаңдар”1».
Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Әбу Бәкірдің, Омардың және Османның артында тұрып намаз оқыдым. Бұлардың ешқайсысы намазды бастаған кезде бисмилләһті дауыстап оқымайтын».
Әбу Сүһәйл әкесі Мәликтен былай риуаят етеді: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) намаз оқыған кезде, оның қырағатын Әбу Жәһмнің әл-Бәлаттағы1 үйінің жанынан еститінбіз».
Нәфиғ былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) дауыстап оқылатын намаздарда имамға үлгермей қалған рәкағаттарын толықтырғанда, қырағатты дауыстап оқитын». Язид ибн Руман былай дейді: «Нәфиғ ибн Жүбәйр ибн Мутғимнің жанында намаз оқып тұрған едім. Намазда қырағат етіп тұрып, тоқтап қалған кезде ол маған ишара жасады. Мен оның есіне түспей тұрған жерін айтып бердім1».
Һишам әкесі Уруәдан былай риуаят етеді: «Әбу Бәкір (р.а.) таң намазын оқығанда, екі рәкағатта да “Бақара” сүресін оқыды».
Уруә Абдуллаһ ибн Амир ибн Рабиғаның былай дегенін риуаят етеді: «Әзірет Омардың (р.а.) артында тұрып, таң намазын оқыдық. Ол намазда “Юсуф” және “Хаж” сүрелерін асықпай, баппен оқыды». Уруә былай дейді: «Абдуллаһқа: “Олай болса, Омар (р.а.) таң шапағы атқан кезде намазға тұрған ғой”, – дедім. Ол: “Иә”, – деді».
Фүрафиса ибн Үмәйр әл-Ханафи былай дейді: «Әзірет Османның таң намазында “Юсуф” сүресін жиі-жиі оқығанынан сол сүрені жаттап алдым».
Нәфиғ былай дейді: «Әзірет Омардың ұлы Абдуллаһ (р.а.) сапарда таң намазын оқығанда, муфассал1 сүрелердің алғашқы онының бірін оқитын. Әр рәкағатта “Фатиха” мен бір сүре оқитын».
Амир ибн Қурәйздің азат еткен құлы Әбу Сағид риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.) намаз оқып тұрған Убәй ибн Кағбқа (р.а.) дауыстады. Убәй намазын аяқтаған соң, мешіттен шығуға бет алған ардақты Елшіге жетті. Ардақты Пайғамбар Убәйдің қолынан ұстап, былай деді: “Алланың Тәуратта да, Інжілде де, Құранда да теңдесін түсірмеген сүресінің қадір-қасиетін үйренбейінше, мешіттен шықпағаныңды қалаймын”».
Убәй былай дейді: «Мұны естіген соң, оны үйрену үшін адымымды баяулаттым да: “Уа, Расулалла! Маған уәде еткен сүрені үйретіңіз!” – дедім. Алла елшісі: “Намазды бастағанда не оқисың?” – деп сұрады. Мен: “Әлхамду лилләһи Раббил-ғаләмин...” – деп бастап, “Фатиханы” соңына дейін оқыдым. Оқып болғанымда, Алла елшісі (с.а.с.): “Маған берілген Ұлы Құранның ең ұлық сүресі – осы. Бұл сүре жеті аяттан тұрады”, – деді1».
Жәбир ибн Абдуллаһ былай дейді: «Кім намазда “Фатиханы” оқымаса, намаз оқымаған болады. Алайда имамның артында оқып тұрса, оқымауына болады1».
Һишам ибн Зүһрәнің азат еткен құлы Әбус-Сәиб былай дейді: «Әбу Һурайрадан ардақты Елшінің (с.а.с.): “Кім намаз оқып, намазында ‘Фатиханы’ оқымаса, ол намаз кемшін, ол намаз кемшін, ол намаз кемшін, толық емес”, – дегенін естідім».
Әбус-Сәиб сөзін жалғастырып былай дейді: «Мұны естіген соң, Әбу Һурайраға: “Уа, Әбу Һурайра! Кейде имамның артында тұрып оқимын. Сонда да ‘Фатиханы’ оқимын ба?” – дедім». Әбу Һурайра оның қолын қысып, былай деді: «Уа, ирандық! Ол кезде де “Фатиханы” іштей оқисың. Өйткені мен Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естідім: “Ұлы Алла былай дейді: ‘Намазды, яғни мағынасы жағынан Фатиханы, Өзім мен құлымның арасында екіге бөлдім. Жартысы – Менікі, жартысы – құлымдікі. Құлыма қалағаны беріледі’”. Ардақты Елші (с.а.с.): “Фатиханы оқыңдар”, – деді де, сөзін былай жалғастырды: “Құл: ‘Әлхамду лилләһи Раббил-ғаләмин’, – дегенде, Алла: ‘Құлым Маған хамд айтты’, – дейді. Құл: ‘Әр-Рахманир-Рахим’, – дегенде, Алла: ‘Құлым Маған мадақ айтты’, – дейді. Құл: ‘Мәлики йәумид-дин’, – дегенде, Алла: ‘Құлым Мені дәріптеп, Маған тағзым етті’, – дейді. Құл: ‘Иякә нәғбуду уә иякә нәстәғин’, – дегенде, Алла: ‘Бұл аят Мен мен құлымның арасында. Құлыма қалағаны беріледі’, – дейді. Құл: ‘Иһдинас-сыратал-мүстақим. Сыратал-ләзина әнғамтә ғаләйһим ғайрил-мағдуби ғаләйһим уәлад-даллин’, – дегенде, Алла: ‘Бұл аяттар құлыма тән. Құлыма қалағаны беріледі’, – дейді”1».
Һишам әкесі Уруәдан былай риуаят етеді: «Әкем жамағатпен намаз оқығанда, имам қырағатты жәһри (дауыстап) оқымайтын тұстарда “Фатиха” мен қосымша сүрені оқитын».
Рабиға ибн Әби Абдуррахман былай дейді: «Қасым ибн Мұхаммед имамның артында тұрғанда, имам дауыстап оқымайтын тұстарда қырағат ететін1».
Язид ибн Руман былай дейді: «Нәфиғ ибн Жүбәйр имамның артында, қырағат жәһри (дауыстап) оқылмайтын тұстарда қырағат ететін». Имам Мәлик былай дейді: «Естігендерімнің ішіндегі көңіліме ең қонымдысы – осы1».
Нәфиғ былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.): “Имамға ұйығандар Құран оқи ма?” – деп сұрағандарға, ол: “Имамның артында намаз оқыған кездеріңде имамның оқуы жеткілікті. Ал жалғыз оқығандарыңда өздерің оқыңдар”, – деп жауап берді». Нәфиғ былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) имамның артында Құран оқымайтын1». Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша, егер имам қырағатты жәһри (дауыстап) оқымаса, оған ұйығандар оқиды. Ал егер имам дауыстап оқыса, артындағылар қырағатты тоқтатады».
Әбу Һурайра (р.а.) былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) қырағатты дауыстап оқитын бір намазды оқытып болған соң, жамағатқа бұрылып: “Намазда менімен бірге Құран оқыған біреу болды ма?” – деді. Жамағаттан бір кісі: “Мен оқыдым, уа, Расулалла!” – дегенде, ол: “Мен де Құран оқып жатқанда неге мазам кетіп тұр деп едім”, – деді. Осы ескертуден кейін сахабалар Алла елшісі дауыстап оқыған намаздарда Құран оқуды тоқтатты1».
Әбу Һурайра Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін риуаят етті: «Имам “әмин” дегенде, сендер де “әмин” деңдер. Өйткені кімнің “әмин” деген сөзі періштелердің “әмин” деген сөзімен тұспа-тұс келсе, оның өткен күнәлары кешіріледі178».
Әбу Һурайрадан (р.а.) ардақты Елшінің (с.а.с.) былай дегені риуаят етілді: «Имам “Фатиханы” оқығанда “ғайрил-мағдуби ғаләйһим уәлад-даллин” деген кезде “әмин” деңдер. Өйткені кімнің “әмин” деуі періштелердің “әмин” деуімен тұспа-тұс келсе, өткен күнәлары кешіріледі1».
Әбу Һурайрадан (р.а.) ардақты Елшінің былай дегені риуаят етілді: «Сендердің бірің “әмин” деген кезде, көктегі періштелер де “әмин” дейді. Екі “әмин” бір-бірімен тұспа-тұс келгенде, құлдың өткен күнәлары кешіріледі1».
Әбу Һурайрадан (р.а.) ардақты Елшінің (с.а.с.) былай дегені риуаят етілді: «Имам “Сәмиаллаһу лимән хамидаһ”, яғни “Алла Өзін мадақтаған адамды естиді”, – деген кезде, “Аллаһуммә Раббәнә ләкәл-хамд”, яғни “Уа, Алламыз! Уа, Раббымыз! Хамд Саған тән”, – деңдер. Кімнің осы сөзі періштелердің сөзімен тұспа-тұс келсе, өткен күнәлары кешіріледі1».
Әли ибн Абдуррахман әл-Муәуи былай дейді: «Намазда ұсақ тастармен ойнап отырған едім. Мұны көрген Абдуллаһ ибн Омар (р.а.): “Намазда Алла елшісінің істегенін істе”, – деді. Мен: “Алла елшісі (с.а.с.) қалай істейтін еді?” – деп сұрадым. Ол: “Алла елшісі намазда тәхиятқа отырғанда, оң қолын оң санының үстіне қоятын. Саусақтарын жұмып, сұқ саусағымен ишара ететін1. Сол қолын сол санының үстіне қоятын”, – деді2».
Әзірет Омардың ұлы Абдуллаһ (р.а.) Абдуллаһ ибн Динарға мынаны айтып берді: «Намаз оқып тұрған едім. Жанымда бір адам да намаз оқып тұрды. Төртінші рәкағатта тәхиятқа отырғанда, ол малдас құрды. Намазды аяқтаған соң: “Неге бұлай отырдың?” – деп сұрадым. Әлгі адам: “Сіз де осылай істейсіз ғой”, – деді. Мен: “Мен үзірлімін. Аяқтарым ауырады”, – дедім».
Мұғира ибн Хәким былай дейді: «Әзірет Омардың ұлы Абдуллаһ (р.а.) екі сәжденің арасында табандарын жерге тіреп, тізелерін бүгіп отыратын. Намаздан кейін неге бұлай істегенін сұрағанымда, Абдуллаһ: “Намазда бұлай отыру сүннет емес. Мен аяғым ауыратындықтан осылай отырамын!” – деді».
Абдуллаһ ибн Омардың ұлы Абдуллаһ былай деп баяндайды: «Әкем Абдуллаһ намазда малдас құрып отыратын. Мен де солай істедім. Ол кезде әлі жас едім. Әкем Абдуллаһ: “Олай отырма. Намазда сүннет болған отырыс – оң аяғыңды тігіп, сол аяғыңның үстіне отыру”, – деді. Мен: “Өзіңіз малдас құрып отырсыз ғой”, – дегенімде, ол: “Аяқтарым мені көтере алмайды”, – деді1».
Яхия ибн Сағд былай дейді: «Қасым ибн Мұхаммед бізге тәхият кезінде қалай отыру керектігін үйретті: оң аяғын тігіп, сол аяғын жатқызды да, сол жамбасын жерге тигізіп отырды. Аяғының үстіне отырмады. Содан кейін: “Маған осылай отыруды әзірет Омардың немересі Абдуллаһ үйретті және әкесі Абдуллаһтың да осылай отырғанын айтты”, – деді».
Абдуррахман ибн Абдулқари былай дейді: «Омар ибн әл-Хаттабтың мінберде тұрып, жамағатқа тәшәһһудты былай үйреткенін естідім: “Әт-тәхияту лилләһи, әз-зәкияту лилләһи, әт-тайибату әс-салауату лилләһи, әс-сәләму ғаләйкә әйуһән-нәбийу уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ. Әс-сәләму ғаләйнә уә ғалә ғибадиллаһис-салихин. Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммәдән ғабдуһу уә расулуһ”1».
Нәфиғ Абдуллаһ ибн Омардың (р.а.) тәшәһһудты былай оқығанын риуаят етті: «Бисмилләһи, әт-тәхияту лилләһи, әс-салауату лилләһи, әз-зәкияту лилләһи, әс-сәләму ғалән-нәбиййи уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ. Әс-сәләму ғаләйнә уә ғалә ғибадиллаһис-салихин. Шәһидту ән лә иләһә иллаллаһ, шәһидту әннә Мұхаммәдән расулуллаһ». Мұны алғашқы отырыста оқитын. Тәшәһһудтан кейін қалаған дұғасын оқитын. Екінші отырысында да алдымен тәшәһһуд оқып, содан кейін дұға ететін. Тәшәһһудты, яғни тәхиятты оқып, сәлем бергісі келген кезде: «Әс-сәләму ғалән-нәбиййи уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ. Әс-сәләму ғаләйнә уә ғалә ғибадиллаһис-салихин», – дейтін. Содан кейін, егер имам оң жағында болса, оған сәлем беруді ниет етіп, оң жағына: «Әс-сәләму ғаләйкум», – деп сәлем беретін. Кейін сол жағындағы адам өзіне бұрылып сәлем берсе, ол да оған жауап беруді ниет етіп, сол жағына сәлем беретін1.
55–56. Қасым ибн Мұхаммед ардақты Елшінің (с.а.с.) жұбайы Айшаның (р.а.) тәшәһһудты былай оқығанын риуаят етті: «Әт-тәхияту әт-тайибату әс-салауату әз-зәкияту лилләһи. Әшһәду ән лә иләһә иллаллаһу уахдәһу лә шәрикә ләһ, уә әннә Мұхаммәдән ғабдуһу уә расулуһ. Әс-сәләму ғаләйкә әййуһән-нәбиййу уә рахмәтуллаһи уә бәракәтуһ, әс-сәләму ғаләйнә уә ғалә ғибадиллаһис-салихин. Әс-сәләму ғаләйкум2».
Имам Мәлик Ибн Шиһаб пен Нәфиғтан: «Имам бір рәкағат оқығаннан кейін оған ұйыған адам екінші және төртінші рәкағаттарда, өзі үшін бірінші және үшінші рәкағаттар болса да, имаммен бірге тәшәһһуд оқи ма?» – деп сұрағанда, олар: «Иә, оқиды», – деді. Имам Мәлик: «Біздің ұстанымымыз бойынша да солай», – деді3.
Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Намазда басын имамнан бұрын көтеріп-түсірген адамның маңдай шашы шайтанның қолында. Яғни басын имамнан бұрын көтеріп-түсірген адам шайтанға ерген болады».
Имам Мәлик былай дейді: «Рукуғ пен сәждеде имамды күтпей, өздігінен басын көтерген адамға қатысты сүннет – рукуғ пен сәждеге қайта оралу. Ол имамды күтіп тұрып қалмайды. Өйткені бұлай күту – қате. Алла елшісі (с.а.с.): “Имам жұрттың оған ұюы үшін имам етілген. Ендеше, міндетті түрде имамға ұйыңдар, оған қарсы келмеңдер”, – деп бұйырған».
Әбу Һурайра былай дейді: «Басын имамнан бұрын көтеріп-түсірген адамның маңдай шашы шайтанның қолында1».
Әбу Һурайра былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) төрт рәкағатты намазда екі рәкағаттан кейін сәлем берді. Сонда Зүл-Йәдәйн: “Уа, Расулалла! Намаз қысқартылды ма, әлде ұмыттыңыз ба?” – деді. Осыдан кейін Алла елшісі (с.а.с.) жамағатқа бұрылып: “Зүл-Йәдәйннің айтқаны рас па?” – дегенде, олар: “Иә”, – деді. Сонда ардақты Елші (с.а.с.) тағы екі рәкағат оқып, сәлем берді. Содан кейін тәкбір айтып, әдеттегі сәждесіндей немесе одан да ұзақтау сәжде жасады. Бұл сәһу сәждесі еді. Басын көтеріп, тәкбір айтқаннан кейін қайта сәжде жасады, содан соң басын көтерді1».
Әбу Һурайра былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) екінті намазын оқып жатып, екі рәкағаттан кейін сәлем берді. Сонда Зүл-Йәдәйн орнынан тұрып: “Уа, Расулалла! Намаз қысқартылды ма, әлде ұмытып, екі рәкағаттан кейін сәлем бердіңіз бе?” – дегенде, ол: “Бұлардың ешқайсысы болған жоқ”, – деді. Сонда Зүл-Йәдәйн: “Уа, Расулалла! Міндетті түрде екеуінің бірі болды”, – дегенде, ардақты Елші жамағатқа бұрылып: “Зүл-Йәдәйн дұрыс айтты ма?” – деді. Сахабалар: “Иә”, – деген соң, Алла елшісі (с.а.с.) тұрып, қалған екі рәкағатты оқыды. Сәлем бергеннен кейін отырған жерінде екі сәһу сәждесін жасады1».
Әбу Бәкір ибн Сүлеймен: «Маған былай риуаят етілді: “Алла елшісі (с.а.с.) күндізгі намаздардың бірінде – бесін не екінті намазында – екі рәкағаттан кейін сәлем бергенде, Зүшшималәйн: ‘Уа, Расулалла! Намаз қысқартылды ма, әлде ұмыттыңыз ба?’ – деді. Ардақты Елші: ‘Намаз да қысқартылған жоқ, мен де ұмытқан жоқпын’, – дегенде, Зүшшималәйн: ‘Уа, Расулалла! Міндетті түрде екеуінің бірі болды’, – деді. Осыдан кейін Алла елшісі жамағатқа бұрылып: ‘Зүл-Йәдәйн дұрыс айтып тұр ма?’ – деді. Олар: ‘Иә, уа, Расулалла!’ – деген соң, Алла елшісі қалған рәкағаттарды толықтырып, сәһу сәждесін жасағаннан кейін сәлем берді”», – деді1.
Әбу Сәләмә ибн Абдуррахманнан да осыған ұқсас оқиға риуаят етілді. Имам Мәлик былай дейді: «Намазда бір амал кем орындалса, сәһу сәждесі сәлемнен бұрын, ал бір амал артық жасалса, сәлемнен кейін жасалады».
Ата ибн Ясар Алла елшісінің былай дегенін риуаят етті: «Сендердің бірің намазда үш рәкағат оқыдым ба, төрт рәкағат оқыдым ба деп, қанша рәкағат оқығанына күмәнданса, тағы бір рәкағат оқысын. Содан кейін отырып, сәлем бермей тұрып екі сәжде жасасын. Егер соңғы оқыған рәкағаты бесінші рәкағат болса, сәһу сәждесі оны жұп етеді, яғни алты рәкағатқа айналдырады. Ал егер төрт рәкағат оқыған болса, сәһу сәждесі намазда уәсуәсә бергісі келген шайтанды жер қылады».
Әзірет Омардың ұлы Абдуллаһ былай дейтін: «Сендердің бірің намазда қанша рәкағат оқығанына күмәнданса, ойлансын. Көңілі қай жағына көбірек тоқтаса, намазын соған қарай оқысын. Содан кейін отырған күйі екі сәһу сәждесін жасасын».
Ата ибн Ясар былай дейді: «Абдуллаһ ибн Амр ибн Астан және Кәғбул-Ахбардан намазды үш рәкағат оқыды ма, төрт рәкағат оқыды ма деп күмәнданған адамның не істеуі керектігін сұрадым. Екеуі де: “Тағы бір рәкағат оқысын, содан кейін отырған күйі тағы екі сәжде жасасын”, – деді». Нәфиғ былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.): “Намазда бір нәрсені ұмытқан адам не істеуі керек?” – деп сұралғанда, ол: “Ойша таразылап көрсін, көңілі қай жағына көбірек ауса, намазын соған қарай оқысын!” – деп жауап берді».
Абдуллаһ ибн Бүжәйна былай деп баяндайды: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге намаз оқытып жатқанда, екі рәкағат оқыған соң тәхиятқа отырмай тұрып кетті. Жамағат та тұрды. Намазын аяқтаған кезде, сәлем бермей тұрып, отырған жерінде тәкбір айтып, сәһу сәждесін жасады. Содан кейін сәлем берді1».
Абдуллаһ ибн Бүжәйна (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) бізге бесін намазын оқытып жатқан еді. Екі рәкағат оқыған соң отырмай тұрып кетті. Намазын аяқтаған кезде сәһу сәждесін жасап, содан кейін сәлем берді». Имам Мәлик намазда жаңылысып, төрт рәкағатты аяқтағаннан кейін тұрып кеткен, қырағаттан соң рукуғ жасап, бой түзегенде намазды аяқтап қойғаны есіне түскен адам жайында былай деді: «Сәжде жасамай отырады. Тіпті бір сәжде жасағаннан кейін есіне түссе де, екінші сәждені жасамайды. Тәшәһһудты оқып, намазын аяқтаған соң, отырған жерінде сәлем береді де, сәһу сәждесін жасайды1».
Айша (р.а.) былай деп баяндайды: «Әбу Жәһм ибн Хузәйфа (р.а.) Алла елшісіне (с.а.с.) өрнекті, әдемі киім сыйлады. Ол сол киіммен намаз оқыды. Намазын аяқтаған соң: “Бұл киімді Әбу Жәһмге қайтарып беріңдер. Намазда көзім оның өрнектеріне түсіп, көңілім бөлінді. Намаздағы ықыласымды бұза жаздады”, – деп бұйырды1».
Һишам әкесі Уруәдан жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) өрнекті, әдемі киім киді. Кейін оны Әбу Жәһмге беріп, одан өрнексіз, қалың матадан тігілген киім алды. Әбу Жәһм: “Уа, Расулалла! Неге ауыстырдыңыз?” – дегенде, ол: “Намазда көзім оның өрнектеріне түсті”, – деді1».
Абдуллаһ ибн Әби Бәкір былай деп баяндайды: «Әбу Талха әл-Ансари бақшасында намаз оқып тұрған кезде алдында бір көгершін ұшып жүрді. Құс сасқалақтап, сыртқа шығатын жер іздегендей еді. Бұл көрініс Әбу Талхаға ұнап, біраз уақыт құсты көзімен қадағалады. Кейін намазына көңіл бөлгенде, қанша рәкағат оқығанын есіне түсіре алмады. Сонда Әбу Талха: “Осы бақшам көңілімді бөлді”, – деп, Алла елшісінің қасына келіп: “Уа, Расулалла! Бақшамды Алла жолына садақа етіп беремін. Оны қалағаныңызша пайдаланыңыз”, – деді1».
Абдуллаһ ибн Әби Бәкір (р.а.) былай риуаят етеді: «Ансардан бір адам, яғни Әбу Талха, Мәдина аңғарларының бірі – Куфф аңғарындағы бақшасында намаз оқып тұрған еді. Бұл жемістердің піскен шағы болатын. Ағаштар бастарын иіп, құрмаларын көтере алмай тұрған еді. Бір кезде Әбу Талханың көзі ағаштарға түсіп, жемістері көңіліне жағып, ойы бөлініп кетті. Сөйтіп, қанша рәкағат оқығанын аңғармай қалды. Сонда Әбу Талха: “Бұл дүние-мүлкім көңілімді бөліп, намазда мені алаңдатты”, – деді де, сол кезде халифа болған әзірет Османға (р.а.) барып, жағдайды айтып берді. Содан кейін: “Бұл бақшам садақа, яғни уақып болсын. Оны қайырлы істерге жұмса”, – деді. Әзірет Осман оны елу мың дирхамға сатты. Қаражатын қайырлы істерге жұмсады. Содан кейін ол бақша “Елу мыңдық” деп аталды».