Қазақша аудармасы
Сәһл ибн Сағд әс-Саиди былай дейді: «Екі уақытта аспан қақпалары ашылып, дұға еткендердің көбінің дұғасы қабыл болады: азан айтылған кезде және Алланың діні жолында соғыс жүріп жатқанда1».
Имам Мәликтен: «Жұма күні уақыты кірмей тұрып азан айтуға бола ма?» – деп сұрағанда, ол: «Жоқ, күн төбеден ауған кезде азан айтылады», – деп жауап берді.
Имам Мәлик азан мен қаматта сөздердің екі реттен қайталануы және қамат айтылған кезде жамағаттың қашан тұруы керектігі жайында сұрағандарға былай деп жауап берді: «Азан мен қамат жайында мәдиналықтардан көргенімнен басқа еш нәрсе естіген жоқпын. Қаматта сөздер қайталанбайды, бір-бір реттен айтылады. Мәдина ғұламаларының үнемі істеп келе жатқаны – осы2. Ал қамат айтылған кезде тұру мәселесіне келсек, бұл жөнінде нақты ештеңе естіген жоқпын. Бұл жерде жамағаттың өз шамасына қарай әрекет еткенін дұрыс көремін. Өйткені кейбірі әлсіз, яғни кәрі, науқас немесе қуатсыз болады, олар ертерек тұрады. Кейбірі қуатты, яғни күшті әрі сергек болады, кейін тұрып та имамға үлгереді. Бәрі бірдей емес қой, қалайша бәрі бір мезетте тұрады?»
Имам Мәликтен: «Бір жерде жамағат жиналып, парыз намазын оқығысы келсе, азан айтпай, тек қамат түсірсе жеткілікті ме?» – деп сұралды. Имам Мәлик: «Оларға қамат жеткілікті. Азан тек жамағатпен намаз оқылатын мешіттерде уәжіп болады», – деді3.
Имам Мәликтен мүәззиннің имамға сәлем беруі, оны намазға шақыруы және ең алдымен кімге сәлем берілуі керектігі жайында сұралды. Имам Мәлик: «Алғашқы кезеңдерде сәлем берілгені жөнінде маған хабар жеткен жоқ», – деді.
Яхия былай деді: «Имам Мәликтен: “Бір жамағат үшін азан айтып, кейін біреу келер ме екен деп күткен, ешкім келмеген соң намазға тұрып, жалғыз өзі оқыған адам кейін жамағат келгенде, олармен бірге намазды қайта оқи ма?” – деп сұралғанда, Имам Мәлик: “Намазды қайта оқымайды. Мүәззин намазды оқып қойғаннан кейін келген адам жалғыз өзі оқиды”, – деді».
Имам Мәликтен: «Мүәззин азан айтқаннан кейін сүннет намазын оқуға тұрса, жамағаттың басқа біреуге қамат түсіртіп, намаз оқығысы келуі жаиз бола ма?» – деп сұралғанда, ол: «Болады, жеткілікті. Мүәззиннің қамат түсіруі мен басқа біреудің қамат түсіруінің арасында айырмашылық жоқ», – деді4.
Имам Мәлик былай дейді: «Таң намазының азанын таң шапағы атпай тұрып айту жаиз. Бірақ басқа намаздарда уақыт кірмей тұрып азан айту жаиз емес5».