Һишам ибн Зүһрәнің азат еткен құлы Әбус-Сәиб былай дейді: «Әбу Һурайрадан ардақты Елшінің (с.а.с.): “Кім намаз оқып, намазында ‘Фатиханы’ оқымаса, ол намаз кемшін, ол намаз кемшін, ол намаз кемшін, толық емес”, – дегенін естідім».
Әбус-Сәиб сөзін жалғастырып былай дейді: «Мұны естіген соң, Әбу Һурайраға: “Уа, Әбу Һурайра! Кейде имамның артында тұрып оқимын. Сонда да ‘Фатиханы’ оқимын ба?” – дедім». Әбу Һурайра оның қолын қысып, былай деді: «Уа, ирандық! Ол кезде де “Фатиханы” іштей оқисың. Өйткені мен Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естідім: “Ұлы Алла былай дейді: ‘Намазды, яғни мағынасы жағынан Фатиханы, Өзім мен құлымның арасында екіге бөлдім. Жартысы – Менікі, жартысы – құлымдікі. Құлыма қалағаны беріледі’”. Ардақты Елші (с.а.с.): “Фатиханы оқыңдар”, – деді де, сөзін былай жалғастырды: “Құл: ‘Әлхамду лилләһи Раббил-ғаләмин’, – дегенде, Алла: ‘Құлым Маған хамд айтты’, – дейді. Құл: ‘Әр-Рахманир-Рахим’, – дегенде, Алла: ‘Құлым Маған мадақ айтты’, – дейді. Құл: ‘Мәлики йәумид-дин’, – дегенде, Алла: ‘Құлым Мені дәріптеп, Маған тағзым етті’, – дейді. Құл: ‘Иякә нәғбуду уә иякә нәстәғин’, – дегенде, Алла: ‘Бұл аят Мен мен құлымның арасында. Құлыма қалағаны беріледі’, – дейді. Құл: ‘Иһдинас-сыратал-мүстақим. Сыратал-ләзина әнғамтә ғаләйһим ғайрил-мағдуби ғаләйһим уәлад-даллин’, – дегенде, Алла: ‘Бұл аяттар құлыма тән. Құлыма қалағаны беріледі’, – дейді”1».
- 1Муслим, «Намаз», 4/38. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 114.