Хадис

Бәйғат

Муатта, 42-кітап · 3 хадис · № 1–3

1-бапБәйғат туралы риуаяттар

1
Муатта, 42-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген: «Біз Алла елшісіне (с.а.с.) оның әмірлері мен тыйымдарын тыңдауға, Аллаға, Оның елшісіне және билік иелеріне бойсұнуға бәйғат бергенде, ол бізге: “Шамаларың жеткенше!” – дейтін».1

  1. 1Бұхари, Ахкам, 93/43; Мүслим, Имарат, 33/22, № 90.
2
Муатта, 42-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Үмәймә бинт Руқайқа (р.а.) былай дейді: «Ислам талаптарына сай Алла елшісіне (с.а.с.) бәйғат беруге келген әйелдердің арасында мен де бар едім. Әйелдер: “Уа, Расулалла! Аллаға ешнәрсені серік қоспауға, ұрлық жасамауға, зина қылмауға, балаларымызды өлтірмеуге, өз ойымыздан өтірік шығарып, жала жаппауға және жақсылық істерде саған қарсы келмеуге сөз береміз”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Шамаларың жеткенше!” – деді. Әйелдер: “Алла мен Оның елшісі бізге өзімізден де мейірімді. Уа, Расулалла, кел, саған бәйғат берейік”, – дегенде, ол: “Мен әйелдермен қол алыспаймын. Жүз әйелге айтқан сөзім бір әйелге айтқан сөзіммен бірдей”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, Сияр, 19/37; Нәсәи, Бәйғат, 19/18.
3
Муатта, 42-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Динар риуаят еткен: Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) Абдулмәлик ибн Мәруанға бәйғат бергенін білдіріп жазған хатында былай деген: «Рахман әрі Рахим Алланың атымен! Ал енді, Алланың құлы, мүміндердің әмірі Абдулмәликке! Саған сәлем болсын. Сен үшін Өзінен басқа тәңір жоқ Аллаға мадақ айтамын. Алла мен Оның елшісінің әмірлеріне сай, шамам жеткенше сені тыңдап, бойсұнуға сөз беремін».