Хадис

Сөйлесу

Муатта, 43-кітап · 28 хадис · № 1–28

Мазмұны: 12 бап
  1. 1Ұнамсыз сөздер
  2. 2Тілге ие болу
  3. 3Алланы еске алмай сөйлеудің мәкруһ болуы
  4. 4Ғайбат
  5. 5Тілдің кесірінен сақтану
  6. 6Үш кісінің екеуінің оңаша сыбырласуы
  7. 7Өтірік пен шындық
  8. 8Малды орынсыз жұмсау және екіжүзділік
  9. 9Бір адамның амалы үшін қоғамның жазалануы
  10. 10Тақуалық
  11. 11Күн күркірегенде айтылатын сөздер
  12. 12Алла елшісінің (с.а.с.) мұрасы

1-бапҰнамсыз сөздер

1
Муатта, 43-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Кім мұсылман бауырына: “Ей, кәпір!” – десе, сол сөздің салдары екеуінің біріне тиеді», – деген.1

  1. 1Бұхари, Әдәб, 78/13.
2
Муатта, 43-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Бір адамның: “Адамдар құрып кетті”, – дегенін естісең, біліп қой: сол адамның өзі – олардың ішіндегі құрдымға ең тез ұшырайтыны», – деген.1

  1. 1Мүслим, Бирр, 45/41, № 139.
3
Муатта, 43-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Ешқайсың: “Заманның жамандығы-ай!” – демеңдер. Өйткені заманға телінетін істерді жүзеге асыратын – Алла», – деген.1

  1. 1Бұхари, Әдәб, 78/101; Мүслим, Әлфаз, 40/1, № 4.
4
Муатта, 43-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай дейді: «Мәриям ұлы Иса, яғни әзірет Иса жолда бір доңызға кезігіп: “Аман-есен кете бер”, – деді. Одан: “Бұл сөзді доңызға айтып тұрсың ба?” – деп сұрағанда, ол: “Тілімді жаман сөзге үйретіп аламын ба деп қорқамын”, – деп жауап берді».

2-бапТілге ие болу

5
Муатта, 43-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Билал ибн Харис әл-Мүзәни риуаят еткен: Алла елшісі (с.а.с.): «Адам Алла разы болатын бір сөз айтады да, оның қаншалықты игілікке жеткізетінін аңғармайды. Алла сол сөзі үшін қиямет күніне дейін оған разы болатынын жазады. Ал енді бір адам Алланың ашуын тудыратын бір сөз айтып, оның салдары қаншалықты ауыр боларын сезбейді. Алла сол сөзі үшін қиямет күніне дейін оған ашулы болатынын жазады», – деген.1

  1. 1Әбу Һурайрадан осыған ұқсас мәрфуғ риуаят жеткен. Қараңыз: Бұхари, Риқақ, 81/23; Мүслим, Зуһд, 53/6, № 49, 50.
6
Муатта, 43-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.): «Адам бір сөз айтады, бірақ сол сөзі үшін тозақ отына түсетіні ойына да келмейді. Енді бір адам бір сөз айтады, алайда сол сөзі үшін Алланың оны жаннатқа кіргізетінін де ойламайды», – дейді.1

  1. 1Бұл – мәуқуф риуаят. Ол Абдуррахман ибн Абдуллаһ ибн Динар – әкесі – Әбу Салих – Әбу Һурайра тізбегімен мәрфуғ түрде де жеткізілген. Бұхари, Риқақ, 81/23.

3-бапАлланы еске алмай сөйлеудің мәкруһ болуы

7
Муатта, 43-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Шығыстан екі кісі келіп, сөз сөйледі. Олардың сөзі жұртқа ұнағанда, Алла елшісі (с.а.с.): “Шешендікте сиқыр бар” немесе “Кейбір сөздерде сиқыр бар”, – деді».1

  1. 1Бұхари, Тыбб, 76/51.
8
Муатта, 43-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта Мәриям ұлы Иса былай деген: «Алланы еске алмай, көп сөйлемеңдер. Әйтпесе жүректерің қатаяды. Қатайған жүрек Алладан алыс болады, бірақ сендер мұны аңғармайсыңдар. Адамдардың күнәларына өздеріңді тәңірдей санап қарамаңдар. Құл екендеріңді біліп, өз күнәларыңа қараңдар. Өйткені адамдардың бірі күнәға душар болса, енді бірі одан аман болады. Бәлеге ұшырағандарға жанашырлық танытып, өздеріңнің амандықтарың үшін Аллаға мадақ айтыңдар».1

  1. 1Мүрсәл риуаят. Ала ибн Абдуррахман ибн Яғқуб – әкесі – Әбу Һурайра тізбегімен мәусул түрде жеткен. Мүслим, Бирр, 45/20, № 70.
9
Муатта, 43-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта ардақты Пайғамбардың жұбайы Айша (р.а.) құптаннан кейін отбасы мүшелерінің кейбіріне: «Жазушы періштелерге тынығуға мүмкіндік бермейсіңдер ме?» – деп хабар жіберетін.

4-бапҒайбат

10
Муатта, 43-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Махзум тайпасынан шыққан Мутталиб ибн Абдуллаһ ибн Хантаб былай дейді: «Бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.): “Ғайбат деген не?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Бір адам жайында өзі естісе, ұнатпайтын нәрсені айтуың”, – деді. Әлгі кісі: “Уа, Расулалла, айтқаным рас болса да ма?” – деп сұрағанда, ол: “Ал егер негізсіз нәрсе айтсаң, ол жала болады”, – деді».1

  1. 1Шәйбани, № 956.

5-бапТілдің кесірінен сақтану

11
Муатта, 43-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясар риуаят еткен: Алла елшісі (с.а.с.): «Алла екі нәрсенің жамандығынан сақтаған адам жаннатқа кіреді», – деді. Осы кезде бір кісі: «Уа, Расулалла, оларды бізге айтпаңыз», – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.) үндемеді. Кейін қайта бұрылып, алғашқы сөзін қайталады. Әлгі кісі тағы да: «Оларды бізге айтпаңыз, уа, Расулалла», – деді. Алла елшісі (с.а.с.) тағы үндемеді. Содан соң сол сөзін қайта айтты. Әлгі адам: «Оларды бізге айтпаңыз, уа, Расулалла!» – деді. Алла елшісі (с.а.с.) тағы да сөзін қайталады. Әлгі кісі бұрынғы сөзін қайта айтпақ болғанда, жанындағы бір адам оны тыйды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Алла екі нәрсенің жамандығынан сақтаған адам жаннатқа кіреді. Ол екеуі – тіл мен жыныс мүшесі! Тіл мен жыныс мүшесі!..» – деді.1

  1. 1Әбу Омар: «Білуімше, Мәликтен бірауыздан мүрсәл түрде жеткізілген», – дейді. Бұхари оны Сәһл ибн Сағдтан мәусул түрде риуаят еткен. Риқақ, 81/23.
12
Муатта, 43-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Зәйдтің әкесі Әсләм риуаят еткен: Омар ибн Хаттаб Әбу Бәкірдің қасына кіргенде, оның өз тілін тартып тұрғанын көрді де: «Алла сені кешірсін, бұлай істеме!» – деді. Сонда Әбу Бәкір (р.а.): «Мені қатерге түсірген – осы», – деді.

6-бапҮш кісінің екеуінің оңаша сыбырласуы

13
Муатта, 43-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Динар былай дейді: «Абдуллаһ ибн Омармен (р.а.) бірге Халид ибн Утбаның базардағы үйінде едік. Бір кісі келіп, Абдуллаһпен оңаша сөйлеспек болды. Ол жерде сол екеуі мен менен басқа ешкім жоқ еді. Төрт кісі болуымыз үшін Абдуллаһ тағы бір адамды шақырды. Содан кейін маған және шақырған кісісіне: “Аздап күте тұрыңдар. Мен Алла елшісінің (с.а.с.): ‘Үшеу болғанда, екеуі үшіншісін қалдырып оңаша сөйлеспесін’, – дегенін естідім”, – деді».

14
Муатта, 43-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Үш кісі бірге отырғанда, екеуі үшіншісін қалдырып оңаша сөйлеспесін», – деген.1

  1. 1Бұхари, Истиғзан, 79/45; Мүслим, Сәләм, 39/15, № 36.

7-бапӨтірік пен шындық

15
Муатта, 43-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Сафуан ибн Сүләйм риуаят еткен: Бір кісі Алла елшісінен (с.а.с.): «Уа, Расулалла, жұбайыма өтірік айтуыма бола ма?» – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): «Өтірікте қайыр жоқ», – деді. Әлгі кісі: «Оған кейбір уәделер1 беруіме бола ма?» – деп сұрағанда: «Мұнда күнә жоқ», – деп жауап берді.2

  1. 1Яғни орындауға ниетті әрі орындай аламын деп сенген уәделерін айтады.
  2. 2Мүрсәл риуаят. Әбу Омар: «Оның қандай да бір жолмен мүснәд түрде жеткенін білмеймін», – дейді.
16
Муатта, 43-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта Абдуллаһ ибн Мәсғуд былай деген: «Шындықтан айнымаңдар. Өйткені шын сөйлеу игі амалға, ал игі амал жаннатқа жетелейді. Өтіріктен сақтаныңдар. Өйткені өтірік күнәға, ал күнә тозаққа апарады. “Шын сөйледі, игі амал істеді; өтірік сөйледі, күнәға батты” деген сөз де мәшһүр».1

  1. 1Бұхари, Әдәб, 78/69; Мүслим, Бирр, 45/29, № 103–105.
17
Муатта, 43-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта Лұқманнан оның бойындағы артықшылықты меңзеп: «Сені біз көріп тұрған осындай дәрежеге жеткізген не?» – деп сұралған. Лұқман: «Шын сөйлеу, аманатқа адал болу және қажетсіз істерден бас тарту», – деп жауап берген.

18
Муатта, 43-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Имам Мәликтің риуаят етуінше, Абдуллаһ ибн Мәсғуд (р.а.) былай деген: «Құл өтірік айтқан сайын жүрегінде қара дақ пайда болады. Өтірігін жалғастыра берсе, ақырында бүкіл жүрегі қарайып, Алланың құзырында өтірікшілердің қатарына жазылады».1

  1. 1Мәуқуф риуаят, бірақ үкімі мәрфуғ саналады. Өйткені мұнда ижтиһадқа орын жоқ.
19
Муатта, 43-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Сафуан ибн Сүләйм былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.): “Мүмін қорқақ болуы мүмкін бе?” – деп сұрағанда: “Иә”, – деп жауап берді. Ал: “Мүмін өтірікші болуы мүмкін бе?” – деп сұрағанда: “Жоқ”, – деді».1

  1. 1Мүрсәл не мұғдал риуаят. Әбу Омар: «Оның сенімді жолмен мүснәд түрде жеткенін білмеймін. Бұл – хасан-мүрсәл хадис», – дейді.

8-бапМалды орынсыз жұмсау және екіжүзділік

20
Муатта, 43-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Алла сендердің үш істеріңе разы болады, ал үш істеріңе ашуланады. Өзіне құлшылық етіп, Оған ешнәрсені серік қоспауларыңа, барлығың Құран Кәрімді берік ұстануларыңа және Алла өздеріңе басшы еткен кісілерге шынайы жанашырлық танытып, ақыл-кеңес берулеріңе разы болады. Ал өсек-аяң айтуларыңа, малдарыңды орынсыз жұмсауларыңа және көп сұрақ қоюларыңа ашуланады», – деген.1

  1. 1Мүслим, Ақдия, 30/5, № 10.
21
Муатта, 43-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Адамдардың ең жаманы – біреулерге бір жүзін, өзгелерге басқа жүзін көрсететін екіжүзді кісі», – деген.1

  1. 1Бұхари, Ахкам, 93/27; Мүслим, Бирр, 43/26, № 99.

9-бапБір адамның амалы үшін қоғамның жазалануы

22
Муатта, 43-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта ардақты Пайғамбардың жұбайы Үммі Сәләмә: «Уа, Расулалла, арамызда ізгі кісілер бола тұра, құрдымға ұшырауымыз мүмкін бе?» – деп сұраған. Алла елшісі (с.а.с.): «Иә, жамандық көбейгенде, құрдымға ұшырайсыңдар», – деп жауап берген.1

  1. 1Ибн Абдилбәр: «Бұл хадис Үммі Сәләмәдан тек әлсіздеу бір жолмен жеткен. Зәйнаб бинт Жахштан жеткен нұсқасы мәшһүр әрі сақталған», – дейді. Қараңыз: Бұхари, Әнбия, 60/7; Мүслим, Фитән, 52/1, № 1.
23
Муатта, 43-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Омар ибн Абдулазиз былай деген: «Мынадай сөз айтылатын еді: “Алла Тағала бір адамның күнәсі үшін бүкіл қоғамды азаптамайды. Бірақ жамандық ашық жасалса, қоғам түгелдей азапқа душар болады”».

10-бапТақуалық

24
Муатта, 43-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Омар ибн Хаттабпен (р.а.) бірге шыққан едік. Ол баққа кірді, арамызда бір дуал бар болатын. Оның: “Омар ибн Хаттаб, мүміндердің әмірі! Бәрекелді, бәрекелді!.. Аллаға ант етемін, не Алладан қорқасың, не Ол сені азаптайды”, – дегенін естідім».

25
Муатта, 43-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Қасым ибн Мұхаммед: «Өздері істемеген нәрсені айтуды ұнатпайтын адамдармен бірге өмір сүрдім», – дейтін. Ол сахабаларды меңзеген. Имам Мәлик: «Қасым мұнымен амалды меңзеген. Өйткені адамның сөзіне емес, амалына қаралады», – дейді.1

  1. 1Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Өздерің істемейтін нәрсені неге айтасыңдар?! Істемейтін істі айту – Алланың алдында ең жеккөрінішті нәрсе!» – делінген («Саф» сүресі, 61:2–3).

11-бапКүн күркірегенде айтылатын сөздер

26
Муатта, 43-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Амир ибн Абдуллаһ ибн Зүбәйр күн күркірегенін естігенде, сөзін тоқтатып: «Күннің күркірі Оны кемшілік атаулыдан ада һәм ұлы екенін айтып мадақтайды. Періштелер де Оны ерекше құрметпен әрі қорқа отырып, ұлықтайды»,1 – дейтін. Содан кейін: «Бұл – жер бетіндегілерге берілген қатаң ескерту», – деп қосатын.

  1. 1«Рағыд» сүресі, 13:13.

12-бапАлла елшісінің (с.а.с.) мұрасы

27
Муатта, 43-кітап, № 27
Қазақша аудармасы

Мүміндердің анасы Айшадан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.) қайтыс болғанда, жұбайлары Осман ибн Аффанды (р.а.) Әбу Бәкірге (р.а.) жіберіп, өздеріне Алла елшісінен (с.а.с.) тиесілі мұраны сұратпақ болды. Сонда Айша (р.а.) оларға: «Алла елшісі (с.а.с.): “Біз мұра қалдырмаймыз, қалдырғанымыз – садақа”, – деген жоқ па еді?» – деді.1

  1. 1Бұхари, Фәраид, 85/3; Мүслим, Жиһад, 32/16, № 51.
28
Муатта, 43-кітап, № 28
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Мұрагерлерім менің алтын ақшаларымды бөліспейді. Жұбайларымның нәпақасы мен қызметшімнің шығынынан артығы – садақа», – деген.1

  1. 1Бұхари, Фәраид, 85/3; Мүслим, Жиһад, 32/16, № 55.