Хадис

Рұқсат сұрау

Муатта, 41-кітап · 39 хадис · № 1–39

Мазмұны: 15 бап
  1. 1Ішке кіруге рұқсат сұрау
  2. 2Түшкірген адамға «Йәрхамукаллаһ» деу
  3. 3Суреттер мен мүсіндер
  4. 4Шөл кесірткесінің етін жеу
  5. 5Иттерге қатысты риуаяттар
  6. 6Қой туралы риуаяттар
  7. 7Майға тышқан түсіп кетуі және намаздан бұрын тамақтану
  8. 8Жаман ырымнан сақтану
  9. 9Мәкруһ саналатын есімдер
  10. 10Қан алдыру және қан алушының ақысы
  11. 11Шығыс туралы риуаяттар
  12. 12Жыландарды өлтіру
  13. 13Сапарда айтылатын сөздер
  14. 14Сапарда жалғыз жүру
  15. 15Сапарда атқарылатын істер

1-бапІшке кіруге рұқсат сұрау

1
Муатта, 41-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясар былай баяндайды: «Бір адам Алла елшісінен (с.а.с.): “Уа, Расулалла! Анамның қасына кіру үшін рұқсат сұрауым керек пе?” – деп сұрады. Ол: “Иә”, – деді. Әлгі адам: “Мен онымен бір үйде тұрамын”, – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.): “Одан рұқсат сұра”, – деді. Кісі: “Мен оған қызмет етемін”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) тағы да: “Одан рұқсат сұра. Оны жалаңаш күйде көргің келе ме?” – деді. Әлгі кісі: “Жоқ”, – деп жауап берді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Олай болса, рұқсат алмай қасына кірме”, – деді».1

  1. 1Әбу Омар: «Мүрсәл, сахих риуаят. Оның сахих не жарамды тізбекпен мүснәд түрде жеткенін білмеймін», – дейді. Шәйбани, № 902.
2
Муатта, 41-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Әбу Мұса әл-Әшғариден (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Біреудің қасына барғанда, арасына уақыт салып үш рет рұқсат сұра, яғни есігін үш рет қақ. Рұқсат берілсе, кір, әйтпесе кері қайт», – деген.

3
Муатта, 41-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Рабиға ибн Әбу Абдуррахман мен өзге де кейбір ғалымдардан риуаят етілген: Әбу Мұса әл-Әшғари (р.а.) Омар ибн Хаттабтың қасына кіруге рұқсат сұрап, өтінішін үш рет қайталады. Іштен жауап болмаған соң, кері қайтты. Омар (р.а.) артынан адам жіберіп, оны шақыртты да: «Неге кірмедің?» – деп сұрады. Әбу Мұса (р.а.): «Мен Алла елшісінің (с.а.с.): “Үш рет рұқсат сұрайсың. Рұқсат берілсе, кіресің, әйтпесе қайтасың”, – дегенін естідім», – деді. Омар (р.а.): «Мұны тағы кім біледі? Егер осыны білетін біреуді алып келмесең, саған былай-былай істеймін», – деді. Әбу Мұса (р.а.) шығып, мешіттегі ансарлар мәжілісіне барды да: «Мен Омар ибн Хаттабқа (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): “Үш рет рұқсат сұрайсың, рұқсат берілмесе, қайтасың”, – дегенін естігенімді айттым. Ол: “Мұны білетін басқа біреуді алып келмесең, саған былай-былай істеймін”, – деп, жазалайтынын ескертті. Араларыңда осыны естіген біреу болса, менімен бірге барсын», – деді. Сонда жиналғандар араларындағы жастардың бірі Әбу Сағид әл-Худриге: «Тұр, онымен бірге бар», – деді. Ол барып, Омарға осы хадисті жеткізгенде, Омар (р.а.) Әбу Мұсаға (р.а.): «Мен сені өтірік айтып тұр деп айыптаған жоқпын. Бірақ адамдар Алла елшісінің (с.а.с.) атынан өтірік сөз ойлап шығара ма деп қорықтым», – деді.1

  1. 1Бұхари, Буюғ, 34/9; Мүслим, Әдәб, 38/7, № 36. Омардың (р.а.) куә талап етуі осы қауіптен туған. Ол Алла елшісіне (с.а.с.) телінген сөздерді тексеру қажеттігіне назар аудартқан. Басқа бір риуаятта Үбәй ибн Кағб та осы хадиске куәлік етіп: «Ей, Хаттабтың ұлы, Алла елшісінің (с.а.с.) сахабаларына азап болма!» – дегенде, Омар (р.а.): «Субханаллаһ! Бір сөз естіп, соны анықтап алғым келді», – деген. Бәжи, «әл-Мунтақа», 7-том, 285-бет.

2-бапТүшкірген адамға «Йәрхамукаллаһ» деу

4
Муатта, 41-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Әбу Бәкірден (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Біреу түшкірсе, оған: “Йәрхамукаллаһ”, яғни “Алла саған рақым етіп, ғұмыр берсін”, – деп, қайыр мен береке тілеп дұға ет. Қайта түшкірсе, тағы солай айт. Тағы түшкірсе де, солай жауап бер. Бұдан кейін тағы түшкірсе: “Саған суық тиіп, тұмауратып қалыпсың”, – де», – деген. Абдуллаһ ибн Әбу Бәкір (р.а.): «Мұның үшінші рет түшкіргеннен кейін бе, әлде төртіншіден кейін бе екенін білмеймін», – деген.1

  1. 1Әбу Дәуіт, Әдәб, 40/92; Шәйбани, № 954.
5
Муатта, 41-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етілген: Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) түшкіргенде, оған: «Йәрхамукаллаһ», – десе, ол: «Йәрхамуналлаһу уә ийякум уә яғфиру ләнә уә ләкүм», яғни «Алла бізге де, сендерге де рақым етіп, бізді де, сендерді де кешірсін», – деп жауап беретін.

3-бапСуреттер мен мүсіндер

6
Муатта, 41-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Исхақ ибн Абдуллаһ ибн Әбу Талхадан риуаят етілген: Шифаның азат еткен құлы Рафиғ ибн Исхақ оған былай дейді: «Абдуллаһ ибн Әбу Талхамен бірге Әбу Сағид әл-Худридің (р.а.) ауырып жатқанда көңілін сұрауға бардық. Әбу Сағид бізге: “Алла елшісі (с.а.с.): ‘Ішінде мүсін немесе сурет бар үйге періштелер кірмейді’, – деген”, – деп айтты». Риуаятшы Исхақ осы жерде Әбу Сағидтің (р.а.) сурет пен мүсіннің қайсысын айтқанына күмәнданған.1

  1. 1Ибн Абдилбәр: «Бұл – осы тақырыптағы ең сахих әрі иснады ең көркем хадис», – дейді. Зурқани мұны «ең сахих әрі ең көркем» деп түсіндіреді. Мұнда мүсін мен суреттің екеуі де меңзелуі мүмкін. Сондай-ақ хадистегі «тимсал» сөзі өз алдына дербес бейнелерді, ал «сурат» сөзі басқа заттың бетіне өрнек не әшекей ретінде салынған бейнелерді білдіруі де ықтимал. Бәжи, «әл-Мунтақа», 7-том, 287-бет.
7
Муатта, 41-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Убайдуллаһ ибн Абдуллаһ ибн Утба ибн Мәсғудтан риуаят етілген: Ол ауырып жатқан Әбу Талха әл-Ансаридің көңілін сұрауға барды. Қасына келгенде, Сәһл ибн Хунайф та сонда отыр екен. Әбу Талха бір адамды шақырып, астындағы төсенішті алдыртып тастады. Сәһл ибн Хунайф: «Оны неге алдыртып жатырсың?» – деп сұрады. Ол: «Өйткені мұнда суреттер бар. Ал олар туралы Алла елшісінің (с.а.с.) не дегенін өзің білесің», – деді. Сәһл: «Алла елшісі (с.а.с.) матадағы өрнек пен әшекейлерді бұған қоспаған жоқ па еді?» – дегенде, Әбу Талха: «Иә, солай деген. Алайда оны алып тастағаным көңіліме жайлырақ», – деп жауап берді.1

  1. 1«Мууатта» риуаятшылары бұл хадистің иснады мен мәтіні жөнінде бірауызды пікірде. Шәйбани, № 904.
8
Муатта, 41-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Айшадан (р.а.) риуаят етілген: Ол бетіне жануарлардың суреті салынған кішкентай жастық сатып алды. Алла елшісі (с.а.с.) оны көргенде, есіктің алдына тоқтап, ішке кірмеді. Айша оның жүзінен жақтырмағанын аңғарып: «Уа, Расулалла! Істеген қателігім үшін Аллаға және Оның елшісіне қайтып, тәубе етемін. Қандай күнә істедім?» – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): «Мына суретті жастықтың мұнда не керегі бар?» – деді. Айша (р.а.): «Оны сенің үстіне отырып, сүйенуің үшін сатып алдым», – деп жауап берді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Бұл суреттерді жасағандар қиямет күні азапталады. Оларға: “Жасаған мына бейнелеріңе жан беріңдер”, – делінеді», – деді. Содан кейін: «Ішінде сурет бар үйге періштелер кірмейді», – деп сөзін жалғады.1

  1. 1Бұхари, Буюғ, 34/40; Мүслим, Либас, 37/26, № 96; Шәйбани, № 903.

4-бапШөл кесірткесінің етін жеу

9
Муатта, 41-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Сүләймен ибн Ясар былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) және Халид ибн Уәлидпен (р.а.) бірге Харистің қызы Мәймунаның үйіне кірді. Ондағы ақ шөл кесірткелерін көріп: “Бұлар сендерге қайдан келді?” – деп сұрады. Мәймуна: “Маған бауырым, Харистің қызы Һузәйлә сыйға тартты”, – деп жауап берді. Алла елшісі (с.а.с.) Абдуллаһ ибн Аббас пен Халид ибн Уәлидке: “Жеңдер!” – деді. Олар: “Уа, Расулалла, өзіңіз де жемейсіз бе?” – деп сұрағанда, ол: “Маған Алла тарапынан бір топ періште келіп тұрады”, – деді. Мәймуна (р.а.): “Уа, Расулалла, сізге қасымыздағы сүттен ішуге берейік пе?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Беріңдер”, – деді. Сүтті ішкен соң: “Бұл сендерге қайдан келді?” – деп сұрады. Мәймуна: “Мұны маған әпкем Һузәйлә сыйға тартты”, – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Азат ету үшін менен рұқсат сұраған күңің бар еді ғой. Сол күңді әпкеңе беріп, оның малын бағып-қағуына жәрдемдес. Осылайша туыстық жақсылық жасағаның өзің үшін қайырлы”, – деді».1

  1. 1Мүрсәл риуаят. Ибн Абдилбәрдің айтуынша, Букәйр ибн әл-Әшәжж оны Сүләймен ибн Ясар – Мәймуна тізбегімен жеткізген.
10
Муатта, 41-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Халид ибн Уәлид ибн Мұғирадан риуаят етілген: «Алла елшісімен (с.а.с.) бірге жұбайы Мәймунаның (р.а.) үйіне кіргенімізде, алдымызға қуырылған шөл кесірткесі әкелінді. Алла елшісі (с.а.с.) оған қолын созғанда, үйде отырған әйелдердің кейбірі: “Алла елшісіне (с.а.с.) жегелі отырған асының не екенін айтыңдар”, – деді. Сонда: “Уа, Расулалла, бұл – шөл кесірткесі!” – дегенде, Алла елшісі (с.а.с.) қолын тартып алды. Мен: “Уа, Расулалла, бұл харам ба?” – деп сұрадым. Ол: “Жоқ. Бірақ ол менің қауымымның жерінде кездеспейді, сондықтан тәбетім тартпады”, – деді». Халид: «Мен оны алдыма тартып, Алла елшісінің (с.а.с.) көз алдында жедім», – дейді.1

  1. 1Бұхари, Зәбәих, 72/33; Мүслим, Сайд, 34/7, № 43. Қараңыз: Зурқани, 4-том, 193-бет (һижраның 1278 жылғы басылымы).
11
Муатта, 41-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) дауыстап: “Уа, Расулалла! Шөл кесірткесі туралы не айтасыз?” – деп сұрады. Алла елшісі (с.а.с.): “Оны өзім жемеймін, бірақ харам да демеймін”, – деді».1

  1. 1Тирмизи, Әтғима, 23/3. Бұл – сахих-хасан хадис.

5-бапИттерге қатысты риуаяттар

12
Муатта, 41-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Сахабалардың бірі Суфиян ибн Әбу Зуһәйр мешіттің есігінде қасындағыларға хадис риуаят етіп: «Алла елшісінің (с.а.с.): “Бағы мен малын күзету үшін емес, өзге мақсатпен ит асыраған адамның амал сауабы күн сайын бір қыратқа, яғни белгілі бір мөлшерге кемиді”, – дегенін естідім», – деді. Саиб: «Мұны Алла елшісінен (с.а.с.) өзің естідің бе?» – деп сұрағанда, Суфиян: «Мешіттің Раббысымен ант етемін, иә», – деп жауап берді.1

  1. 1Бұхари, Харс, 41/3; Мүслим, Мусақат, 22/10, № 61; Шәйбани, № 892.
13
Муатта, 41-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Аң аулайтын не мал күзететін иттен басқа ит асыраған адамның амал сауабы күн сайын екі қыратқа кемиді», – деген.1

  1. 1Бұхари, Зәбәих, 72/6; Мүслим, Мусақат, 22/10, № 50; Шәйбани, № 893.
14
Муатта, 41-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.) қаңғыбас иттерді өлтіруді бұйырған.1

  1. 1Бұхари, Бәдул-халқ, 59/17; Мүслим, Мусақат, 22/10, № 43.

6-бапҚой туралы риуаяттар

15
Муатта, 41-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Күпірліктің басы – шығыс жақта. Менмендік пен өзгені менсінбеу түйе мен жылқы иелерінде, яғни шөл даланы мекендейтіндерде болады. Ал байсалдылық пен кішіпейілділік қой иелерінде болады», – деген.1

  1. 1Бұхари, Бәдул-халқ, 59/15; Мүслим, Иман, 1/21, № 85.
16
Муатта, 41-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Мұсылманның ең қайырлы малы өзі соңынан еріп, тау басы мен аңғарларды паналап бағатын қойлары болатын кез жақындап келеді. Ол дінін сақтау үшін бүліктерден қашады”, – деген».1

  1. 1Бұхари, Бәдул-халқ, 59/15.
17
Муатта, 41-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Ешкім өзгенің малын рұқсатсыз саумасын. Сендердің қайсың бөлмесіне біреудің кіріп, қоймасын бұзып, азығын алып кеткенін қалар еді? Малдың желіні де иесінің азығын сақтап тұрады. Сондықтан ешкім өзгенің малын рұқсатсыз саумасын», – деген.1

  1. 1Бұхари, Луқата, 45/8; Мүслим, Луқата, 31/2, № 13.
18
Муатта, 41-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Қой бақпаған пайғамбар жоқ», – деген. Одан: «Уа, Расулалла, сіз де бақтыңыз ба?» – деп сұрағанда: «Мен де», – деп жауап берген.1

  1. 1Бұл бәлағ риуаят Абдуррахман ибн Ауф, Жәбир және Әбу Һурайрадан мәусул түрде жеткен. Бұхари, Ижара, 37/2.

7-бапМайға тышқан түсіп кетуі және намаздан бұрын тамақтану

19
Муатта, 41-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Нәфиғтан риуаят етілген: Ибн Омарға кешкі ас әкелінгенде, ол үйінде отырып имамның қырағатын естісе де, тамағын ішіп болғанша асықпайтын.

20
Муатта, 41-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайы Мәймунадан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісінен (с.а.с.) майға түсіп кеткен тышқан жайында сұралғанда: «Тышқанды және айналасындағы майды алып тастаңдар», – деген.1

  1. 1Бұхари, Зәбәих, 72/34; Шәйбани, № 984.

8-бапЖаман ырымнан сақтану

21
Муатта, 41-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Сағд әс-Сағидиден (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Егер құтсыздық бір нәрседе болса, ол атта, әйелде және үйде болады», – деген.1

  1. 1Бұхари, Жиһад, 56/47; Мүслим, Сәләм, 39/34, № 119.
22
Муатта, 41-кітап, № 22
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Құтсыздық үйде, әйелде және атта болады», – деген.1

  1. 1Бұхари, Никах, 67/17; Мүслим, Сәләм, 39/34, № 115. Ислам сәтсіздікті жаман ырымға жоруды теріске шығарады. Осы үш нәрсенің аталуына екі түрлі түсінік берілген: 1) Айшаның түсіндіруінше, Алла елшісі бұл хадисте жәһилия адамдарының нанымын баяндап, олардың осы үш нәрсені жайсыз санайтынын айтқан; 2) кейбір ғалымдар бұл үшеуін жалпы үкімнен тыс қарастырып, мұндай жағдайда олардан бас тарту керектігін айтқан.
23
Муатта, 41-кітап, № 23
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен риуаят етілген: Бір әйел Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: «Уа, Расулалла! Біз тұратын бір үй бар еді. Бұрын жан басымыз көп, мал-дүниеміз мол болатын. Енді жан басымыз азайып, малымыздан айырылдық», – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Құтсыз деп санаған ол үйді тастап кетіңдер», – деді.1

  1. 1Ибн Абдилбәр: «Бұл хадис Әнес пен өзге де риуаятшылардан жеткен», – дейді. Әбу Дәуіт, Тыбб, 27/24.

9-бапМәкруһ саналатын есімдер

24
Муатта, 41-кітап, № 24
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) сауылатын бір түйені көрсетіп: “Мұны кім сауады?” – деп сұрады. Бір адам орнынан тұрды. Алла елшісі (с.а.с.): “Атың кім?” – деп сұрағанда, ол: “Мурра”, – деп жауап берді. Алла елшісі (с.а.с.): “Отыр”, – деді. Содан кейін: “Мұны кім сауады?” – деп қайта сұрады. Басқа бір адам тұрды. Одан да: “Атың кім?” – деп сұрағанда, ол: “Харб”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) оған да: “Отыр”, – деді. Содан соң тағы да: “Мұны кім сауады?” – деп сұрады. Бұл жолы өзге бір адам тұрды. Алла елшісі (с.а.с.): “Атың кім?” – деп сұрағанда, ол: “Яғиш”, – деп жауап берді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Сен сау”, – деді».1

  1. 1Мүрсәл әрі мұғдал риуаят. Ибн Абдилбәр оны Ибн Уәһб – Ибн Ләһиға – әл-Харис ибн Язид – Абдуррахман ибн Жубәйр – Яғиш әл-Ғифари тізбегімен мәусул түрде жеткізген.
25
Муатта, 41-кітап, № 25
Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағидтен риуаят етілген: Омар ибн Хаттаб бір адамнан: «Атың кім?» – деп сұрады. Ол: «Жәмра», – деді. Омар (р.а.): «Кімнің ұлысың?» – деп сұрады. Әлгі адам: «Шиһабтың ұлымын», – деді. Омар (р.а.): «Қай әулеттенсің?» – дегенде, ол: «Хурақаданмын», – деп жауап берді. Омар (р.а.): «Үйің қайда?» – деп сұрады. Әлгі кісі: «Харратун-Нарда»,1 – деді. Омар (р.а.): «Оның қай жерінде?» – деп сұрағанда: «Жалынды жерінде», – деп жауап берді. Сонда Омар (р.а.): «Ендеше, отбасыңа жет, олар өртеніп кетті», – деді. Әлгі кісі: «Оқиға Омар ибн Хаттаб айтқандай болды», – деген.2

  1. 1Мәдина маңындағы жер атауы. Мағынасы – ыстықтан не оттан тастары күйгендей қарайып кеткен жер.
  2. 2Мунқатиғ риуаят. Әбул-Қасым ибн Бишран «Фәуаид» еңбегінде оны Мұса ибн Уқба – Нәфиғ – Ибн Омар тізбегімен мәусул түрде жеткізген. Шәйбани, № 988.

10-бапҚан алдыру және қан алушының ақысы

26
Муатта, 41-кітап, № 26
Қазақша аудармасы

Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қан алдырды. Қанын Әбу Тайба алды. Алла елшісі (с.а.с.) оған бір сағ құрма беруді және қожайындарына күн сайын төлейтін төлемін жеңілдетуді бұйырды».1

  1. 1Бұхари, Буюғ, 34/39.
27
Муатта, 41-кітап, № 27
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Ауруды емдейтін дәрі бар болса, қан алдыру да сондай ем», – деген.1

  1. 1Бұл хабар Әбу Һурайра, Әнес және Сәмура ибн Жундубтан мағынасы жағынан сахих түрде жеткен.
28
Муатта, 41-кітап, № 28
Қазақша аудармасы

Хариса ұлдарынан шыққан ансарлық Ибн Мұхаййиса қан алушыны ақыға жұмыс істету жөнінде Алла елшісінен (с.а.с.) рұқсат сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) рұқсат бермеді. Әлгі кісі өтінішін қайталай берді. Ақырында Алла елшісі (с.а.с.): «Ол ақыны құлдарыңның тамағына жұмса», – деді.1

  1. 1Ибн Абдилбәр: «Яхия мен Ибнул-Қасым осылай жеткізген. Бұл – қате, бұған ешбір ғалым күмән келтірмейді. Сағд ибн Махисаның өзінің сахаба болғаны анық болмаса, ұлы Хирам қалай сахаба болмақ?! Бұл хадисті Зуһриден жеткізген – Хирам ибн Сағд ибн Махиса», – дейді. Қараңыз: Тирмизи, Буюғ, 12/47; Ибн Мәжа, Тижарат, 12/10.

11-бапШығыс туралы риуаяттар

29
Муатта, 41-кітап, № 29
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) былай риуаят етеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) шығысқа ишара жасап: “Бүлік, міне, осы жақта, шайтанның мүйізі шығатын жерде”, – дегенін естідім».1

  1. 1Бұхари, Бәдул-халқ, 59/11; Мүслим, Фитән, 52/16, № 45–49.
30
Муатта, 41-кітап, № 30
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта Омар ибн Хаттаб (р.а.) Иракқа бармақ болғанда, Кағб әл-Ахбар: «Уа, мүміндердің әмірі, Иракқа барма. Өйткені сиқырдың оннан тоғызы сонда, жындардың бұзақылары да, дауасыз аурулар да сонда», – деген.

12-бапЖыландарды өлтіру

31
Муатта, 41-кітап, № 31
Қазақша аудармасы

Әбу Лүбабадан риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.) ұяларында жүрген жыландарды өлтіруге тыйым салған.

32
Муатта, 41-кітап, № 32
Қазақша аудармасы

Айшаның (р.а.) азат еткен күңі Сәибадан риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.) үйлердегі кішкентай жыландарды өлтіруге тыйым салған. Алайда құйрығы қысқа жылан мен арқасында екі ақ жолағы бар жылан бұған кірмейді. Өйткені жыланның осы екі түрі көздің нұрын алып, әйелдердің түсік тастауына себеп болады.1

  1. 1Мүрсәл риуаят. «Сахихайнда» Ибн Омар, Айша және Әбу Лүбабадан осыған ұқсас мәусул хадистер бар. Бұхари, Бәдул-халқ, 59/15; Мүслим, Сәләм, 39/37, № 128–134.
33
Муатта, 41-кітап, № 33
Қазақша аудармасы

Һишам ибн Зуһраның азат еткен құлы Әбу Саиб былай баяндайды: «Әбу Сағид әл-Худридің қасына кіргенімде, ол намаз оқып жатыр екен. Намазын бітіргенше күтіп отырдым. Үйіндегі сәкісінің астынан қимыл байқап, қарасам, жылан екен. Оны өлтірмек болып орнымнан тұрдым. Әбу Сағид маған отыруымды ишарамен білдірді. Намазын бітірген соң, үйдегі бір бөлмені көрсетіп: “Мына бөлмені көріп тұрсың ба?” – деп сұрады. Мен: “Иә”, – дедім. Сонда ол былай деді: “Осы жерде жаңа үйленген бір жас жігіт тұратын. Ол Алла елшісімен (с.а.с.) бірге Хәндақ шайқасына қатысты. Алла елшісі (с.а.с.) Хәндақта жүргенде, әлгі жігіт келіп: ‘Уа, Расулалла, мен жаңа үйленген едім, үйіме баруға рұқсат беріңіз’, – деп өтінді. Алла елшісі (с.а.с.) оған рұқсат беріп: ‘Қаруыңды жаныңа ал. Бәни Құрайза саған зиян келтіре ме деп қорқамын’, – деді. Жігіт үйіне келгенде, әйелінің екі есіктің арасында тұрғанын көрді. Қызғанышы ұстап, оны ұрмақ болып найзасына қол созды. Сонда әйелі: ‘Үйге кіріп, ішіндегіні көрмей тұрып асықпа’, – деді. Жігіт ішке кірсе, төсегінің үстінде ширатылып жатқан жыланды көрді. Оған найзасын қадап, сыртқа алып шықты да, найзасын үйге тіреді. Найзаның ұшындағы жылан бұлқынып жатты, ал жас жігіт жансыз күйде жерге құлады. Жігіт пен жыланның қайсысы бұрын өлгені белгісіз. Бұл жағдай Алла елшісіне (с.а.с.) айтылғанда, ол: ‘Мәдинада мұсылман болған жындар бар. Олардың бірін көрсеңдер, үш күн мұрсат беріңдер. Содан кейін қаласаңдар, өлтіріңдер. Өйткені ол – шайтан’, – деді”».1

  1. 1Мүслим, Сәләм, 39/37, № 129.

13-бапСапарда айтылатын сөздер

34
Муатта, 41-кітап, № 34
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) сапарға аттанарда аяғын үзеңгіге қойып: «Алланың атымен! Уа, Алла! Сапардағы серігім – Өзің, отбасымның қамқоршысы да – Өзің. Уа, Алла! Жердің алыстығын біз үшін жақындатып, сапарымызды жеңілдет. Уа, Алла! Сапардың ауырлығы мен машақатынан, жолда қайғыға ұшыраудан, қайтып келгенде мал-мүлкім мен бала-шағамды жаман халде көруден Саған сиынамын», – дейтін.1

Хаулә бинт Хакимнен риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Бір жерге тоқтаған адам: “Алланың жаратқандарының жамандығынан Оның толық әрі мінсіз сөздеріне сиынамын”, – десін. Осылай айтса, ол жерден кеткенше оған ешнәрсе зиян келтірмейді», – деген.2

  1. 1Бұл хабар Абдуллаһ ибн Сәржис, Ибн Омар, Әбу Һурайра және басқалардан сахих түрде жеткен. Қараңыз: Мүслим, Хаж, 15/75, № 425.
  2. 2Мүслим, Зікір, 48/16, № 54, 55.

14-бапСапарда жалғыз жүру

35
Муатта, 41-кітап, № 35
Қазақша аудармасы

Амр ибн Шуғайб атасынан риуаят еткен: Алла елшісі (с.а.с.): «Жалғыз жолаушы – шайтан.1 Екі жолаушы – екі шайтан. Ал үшеуі – бір жамағат», – деген.2

  1. 1Яғни жақсы серіктестік пен игі мінезден алыс болады.
  2. 2Әбу Дәуіт, Жиһад, 15/79; Тирмизи, Жиһад, 21/4.
36
Муатта, 41-кітап, № 36
Қазақша аудармасы

Сағид ибн әл-Мүсәйяб: «Шайтан жалғыз және екі жолаушыға кесірін тигізеді. Ал үш кісіге кесірін тигізе алмайды», – дейді.1

  1. 1Әбу Омар: «“Мууатта” риуаятшыларының бірауызды пікірі бойынша, бұл – мүрсәл риуаят», – дейді. Қасым ибн Асбағ оны Абдуррахман ибн Әбиз-Зинад – Абдуррахман ибн Хармәлә – Сағид ибн әл-Мүсәйяб – Әбу Һурайра тізбегімен мәусул түрде жеткізген.
37
Муатта, 41-кітап, № 37
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Аллаға және ақырет күніне иман келтірген әйелдің жанында махрамы болмаса, бір күн, бір түндік жерге сапар шегуі халал емес», – деген.1

  1. 1Бұхари, Тақсирус-саләт, 18/4; Мүслим, Хаж, 25/74, № 421.

15-бапСапарда атқарылатын істер

38
Муатта, 41-кітап, № 38
Қазақша аудармасы

Халид ибн Мағдан мәрфуғ түрде риуаят еткен хадисте: «Алла Тағала – жұмсақтық иесі, жұмсақтықты жақсы көреді әрі ұнатады. Қаталдық пен машақатқа бермеген жәрдемін жұмсақтыққа береді. Сендер тілсіз жануарларға мінгенде, олардың үйреншікті жайылымдарда оттауына мүмкіндік беріңдер. Ал жер қуаң әрі шөлейт болса, мал әбден әлсіреп, сүйек майы таусылмай тұрып, ол жерден тез өткізіңдер. Түнде жүруді таңдаңдар. Өйткені күндіз ұзақ көрінетін жол түнде тез өтеді. Таңға жақын жол үстіне қонудан сақтаныңдар. Өйткені жол – жануарлар жүретін әрі жыландар паналайтын жер», – делінген.1

  1. 1Ибн Абдилбәр: «Бұл – көптеген жолмен мүснәд түрде жеткен хадис. Оның сақталған риуаяттары көп», – дейді.
39
Муатта, 41-кітап, № 39
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.): «Сапар – азаптың бір бөлігі. Ол адамның ұйқысын, ас-суын бұзады. Біреуің мақсатына жетіп, ісін бітірген соң, отбасына қайтуға асықсын», – дегенін риуаят еткен.1

  1. 1Бұхари, Умра, 26/19; Мүслим, Имарат, 33/55, № 179.