Хадис

Садақа беруге ынталандыру

Муатта, 45-кітап · 15 хадис · № 1–15

1-бапСадақа беруге ынталандыру

1
Муатта, 45-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Әбу Хубаб Сағид ибн Ясардан риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Кім халал табысынан садақа берсе, оны Алла Өзінің құдірет қолына алады. Алла тек халалды ғана қабыл етеді. Содан кейін оны сендердің бірің құлынын не ботасын өсіргендей, таудай болғанша өсіреді», – деген.1

  1. 1Сахихтығы жөнінде бірауызды пікір қалыптасқан хадис. Бұхари, Таухид, 97/23; Мүслим, Зекет, 12/19, № 63.
2
Муатта, 45-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Әбу Талханың немересі Исхақ Әнәс ибн Мәликтің былай баяндағанын естіген: «Әбу Талха – Мәдинадағы ансарлардың ішінде құрма бағы ең көп адам еді. Оның ең қадір тұтқан мүлкі Пайғамбар мешітіне қарама-қарсы орналасқан Бәйруха атты құрма бағы болатын. Алла елшісі (с.а.с.) сол баққа кіріп, тұщы суынан ішетін. “Жақсы көрген дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар”1 деген аят түскенде, Әбу Талха Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: “Уа, Расулалла! Алла Тағала: ‘Жақсы көрген дүниелеріңнен Алла жолында жұмсамайынша, ізгілікке жете алмайсыңдар’, – дейді. Менің ең қадір тұтқан мүлкім – Бәйруха құрма бағы. Оны Алла разылығы үшін садақа еттім. Оның Алла құзырында өзіме қайырлы болып, ақыретке жинаған азығым болуын үміт етемін. Уа, Расулалла, оны өзің қалаған жерге жұмса!” – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Бұл қандай пайдалы мүлік! Бұл қандай пайдалы мүлік! Айтқаныңды естідім. Оны жақындарыңа бергеніңді жөн көремін”, – деді. Әбу Талха: “Солай істеймін, уа, Расулалла”, – деп, бақты туыстары мен көкесінің ұлдарына бөліп берді».2

  1. 1«Әли Имран» сүресі, 3:92.
  2. 2Бұхари, Зекет, 24/44; Мүслим, Зекет, 12/14, № 42.
3
Муатта, 45-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләмнен риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Тіленші ат үстінде келсе де, оған беріңдер», – деген.1

  1. 1Ибн Абдилбәр: «Бұл хадистің Мәликтен мүрсәл түрде жеткені жөнінде қайшылық білмеймін. Білуімше, бұл тақырыпта сүйенуге болатын мүснәд хадис жоқ», – дейді. Ұқсас риуаят үшін қараңыз: Шәйбани, № 933.
4
Муатта, 45-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Ансарлардың Әшһәли тайпасынан шыққан Амр ибн Мұғаз әжесінің былай дегенін риуаят еткен: «Алла елшісі (с.а.с.): “Ей, мүмін әйелдер! Көршіге беретін сыйларың үйітілген қой сирағы болса да, оны азсынбаңдар”, – деген».1

  1. 1Бұхари, Һиба, 51/1; Мүслим, Зекет, 12/29, № 90; Шәйбани, № 932.
5
Муатта, 45-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке Пайғамбарымыздың (с.а.с.) жұбайы Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта: Айша (р.а.) ораза ұстап жүргенде, бір кедей одан жәрдем сұрады. Үйінде бір жаппа наннан басқа ештеңе жоқ еді. Ол азат еткен күңіне: «Оны кедейге бер», – деді. Күңі: «Ауыз ашуға басқа ештеңеңіз жоқ», – дегенде, Айша (р.а.): «Оны тіленшіге бер», – деді. Күңі былай баяндайды: «Айшаның айтқанын орындадым. Кешке бізге бұрын сыйлық бермейтін бір отбасы не бір адам жаппа нанға оралған қой етін сыйға әкелді. Мүміндердің анасы Айша (р.а.) мені шақырып: “Мынаны же, бұл сенің наныңнан әлдеқайда қайырлы”, – деді».

6
Муатта, 45-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Маған жеткен риуаятта, мүміндердің анасы Айшаның (р.а.) алдында жүзім тұрғанда, бір кедей одан тамақ сұраған. Айша бір кісіге: “Бір түйірін алып, кедейге бер”, – деген. Әлгі адам оған таңырқай қарағанда, Айша (р.а.): “Таңырқап тұрсың ба? Осы бір түйірде тозаңдай салмақтың қаншасы бар деп ойлайсың?” – деген».1

  1. 1Құран Кәрімде: «Ендеше, кімде-кім зәредей жақсылық жасаса, соның қарымын көреді», – делінген («Зилзәл» сүресі, 99:7).

2-бапТіленшіліктен сақтану

7
Муатта, 45-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худриден (р.а.) риуаят етілген: Ансарлардың, яғни мәдиналық мұсылмандардың бір тобы Алла елшісінен (с.а.с.) жәрдем сұрады. Ол берді. Олар тағы сұрады, ол тағы берді. Ақырында қолындағы дүниесі таусылғанда: «Қолымда барды сендерден аяп қалмаймын. Кім тіленшіліктен сақтануға ұмтылса, Алла оны арлы әрі абыройлы етеді. Кім өзгеге мұқтаж болмауға тырысса, Алла оны мұқтаждықтан құтқарады. Кім сабыр етуге ұмтылса, Алла оған сабыр береді. Ешкімге сабырдан қайырлы әрі игілігі мол нығмет берілген емес», – деді.1

  1. 1Бұхари, Зекет, 24/5; Мүслим, Зекет, 12/42, № 124; Шәйбани, № 898.
8
Муатта, 45-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Омардан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.) мінберде садақа мен тіленшіліктен сақтану жайында сөз қозғап: «Үстіңгі қол астыңғы қолдан қайырлы. Үстіңгі қол – беруші, астыңғы қол – тіленуші», – деген.1

  1. 1Бұхари, Зекет, 24/18; Мүслим, Зекет, 12/32, № 94.
9
Муатта, 45-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Ата ибн Ясардан риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.) Омар ибн Хаттабқа сыйлық жіберді. Омар (р.а.) оны қайтарып жібергенде, Алла елшісі (с.а.с.): «Сыйлықты неге қайтардың?» – деп сұрады. Омар (р.а.): «Уа, Расулалла! Біз үшін ең қайырлысы – ешкімнен ешнәрсе алмау екенін өзің айтпадың ба?» – деді. Алла елшісі (с.а.с.): «Ол – тіленіп сұрап алу жайында айтылған сөз. Ал сұрамай келген нәрсе – Алланың саған берген ризығы», – деді. Сонда Омар (р.а.): «Жаным қолында болған Аллаға ант етемін, ешкімнен ешнәрсе сұрамаймын. Ал сұрамай келген нәрсені аламын», – деді.1

  1. 1Риуаятшылардың бірауызды пікірі бойынша, мүрсәл риуаят. «Сахихайнда» Омардан жеткізілген. Бұхари, Ахкам, 93/17; Мүслим, Зекет, 12/37, № 110–112.
10
Муатта, 45-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген: Алла елшісі (с.а.с.): «Жаным қолында болған Аллаға ант етемін, сендердің біріңнің арқанын алып, арқасына отын тасуы – Алла дәулет берген бір адамға барып тіленгенінен қайырлы. Ол адам берсе де, бермесе де, солай», – деген.1

  1. 1Бұхари, Зекет, 24/50; Мүслим, Зекет, 12/35, № 106.
11
Муатта, 45-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Әсәд ұлдарынан бір адам былай баяндайды: «Отбасыммен бірге Бақиғул-Ғарқадқа, яғни Мәдина зиратына келіп тоқтадық. Үй ішімдегілер: “Алла елшісіне (с.а.с.) барып, бізге жейтін бір нәрсе сұра”, – деп, мұқтаждықтарын айта бастады. Алла елшісіне (с.а.с.) барсам, қасында одан жәрдем сұрап тұрған бір кісі бар екен. Алла елшісі (с.а.с.) оған: “Саған беретін ешнәрсе таба алмай тұрмын”, – деп жатты. Әлгі кісі: “Ант етемін, сен қалаған адамыңа бересің”, – деп ашуланып, кетіп қалды. Сонда Алла елшісі (с.а.с.): “Беретін ешнәрсе таба алмай тұрғаным үшін бұл кісі маған ашуланып кетті. Бір уқиясы немесе соған тең мал-мүлкі бола тұра сұраған адам табандап тіленген болады”, – деді». Әсәди: «Біздің сауынды түйеміз бір уқиядан әлдеқайда артық қой деп ойладым», – дейді. Имам Мәлик: «Бір уқия – қырық дирхам», – деп түсіндіреді. Әсәди сөзін жалғап: «Сөйтіп, Алла елшісінен (с.а.с.) ешнәрсе сұрамай қайттым. Кейін оған арпа мен кепкен жүзім әкелінді. Алла бізді мұқтаждықтан құтқарғанша, солардан бізге бөліп берді», – дейді.1

  1. 1Нәсәи, Зекет, 23/90.
12
Муатта, 45-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Абдуррахманның ұлы Аладан мына сөзді естігені риуаят етілген: «Садақа мал-мүлікті кемітпейді. Кешірімді құлдың абыройы мен қадірін Алла Тағала арттыра түседі. Ал кішіпейіл болған құлды Алла биіктетеді».1

  1. 1Мұндай сөз ижтиһад арқылы айтылмайды. Бір топ ғалым оны иснадпен жеткізген. Бұл – сақталған, мүснәд риуаят. Мұны Ибн Абдилбәр айтқан. Қараңыз: Мүслим, Бирр, 45/19, № 69.

3-бапМәкруһ саналатын садақа

13
Муатта, 45-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.): «Мұхаммед әулетіне садақа халал емес. Өйткені садақа – адамдардың кірі», – деген.1

  1. 1Мүслим, Зекет, 12/51, № 167.
14
Муатта, 45-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ әкесі Әбу Бәкірден былай жеткізген: Алла елшісі (с.а.с.) Абдул-Әшһәл ұлдарының бірін зекет жинауға тағайындады. Әлгі адам зекетті жинап келген соң, Алла елшісінен (с.а.с.) зекетке жиналған малдан бір түйе сұрады. Алла елшісі (с.а.с.) оған ашуланды. Ашуы жүзінен білінді, ал жүзіндегі ашу көздерінің қызаруынан танылатын. Содан кейін: «Бұл адам өзіне де, маған да лайық емес нәрсені сұрап тұр. Бермесем, өтінішін қайтарғым келмейді. Ал берсем, өзіне де, маған да лайық емес нәрсені берген боламын», – деді. Әлгі кісі: «Уа, Расулалла! Бұдан былай ол зекет малынан ешқашан ешнәрсе сұрамаймын», – деді.1

  1. 1Мүрсәл риуаят. Ахмад ибн Мансур әл-Бәлхи оны Мәлик – Абдуллаһ – әкесі – Әнес тізбегімен жеткізген. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, № 899.
15
Муатта, 45-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Зәйд әкесі Әсләмнен былай жеткізген: «Абдуллаһ ибн әл-Әрқам маған: “Мінетін түйелердің бірін көрсетші. Мүміндердің әмірінен соны мініске беруін сұрайын”, – деді. Мен: “Жарайды, зекет малынан бір түйені көрсетейін”, – дедім. Сонда Абдуллаһ ибн әл-Әрқам: “Ыстық күні бір семіз адам балтыры мен санын жуып, суын саған іш деп берсе, соған разы болар ма едің?” – деді. Мен ашуланып: “Алла сені кешірсін! Мұны маған айтып тұрсың ба?” – дедім. Абдуллаһ ибн әл-Әрқам: “Садақа – адамдардың денесінен жуылып түскен кір”, – деді».