Хадис

Рамазандағы намаз, яғни тарауих

Муатта, 7-кітап · 7 хадис · № 1–7

1-бапРамазанда тарауих намазын оқуға ынталандыру

1
Муатта, 7-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Әзірет Айша (р.а.) былай деп баяндайды: «Бір түні Алла елшісі тарауих намазын оқыды. Жамағат та онымен бірге оқыды. Екінші түні тағы оқыды. Сол түні жамағат көбейді. Кейін үшінші немесе төртінші түні жамағат жиналды, бірақ Алла елшісі тарауих оқытуға шықпады. Таң атқан соң: “Түнде жиналғандарыңды көрдім. Бірақ тарауих намазының сендерге парыз етіліп қалуынан қорыққандықтан, шығып, сендерге тарауих оқытпадым”, – деді. Бұл оқиға рамазанда болған еді1».

  1. 1Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/178. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 238.
2
Муатта, 7-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) нақты әмір етпестен, рамазанда тарауих намазын оқуға ынталандырып: “Кімде-кім иман келтіріп және Алланың разылығын көздеп, рамазанды құлшылықпен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі”, – деп бұйырды1».

Ибн Шиһаб былай дейді: «Алла елшісі қайтыс болғанға дейін тарауих намазы тұрақты түрде жамағатпен оқылмады. Әркім өз бетінше оқитын. Әзірет Әбу Бәкірдің халифалығы кезінде және әзірет Омардың халифалығының алғашқы кезеңдерінде де осылай жалғасты2».

  1. 1Рамазанды құлшылықпен өткізу тарауих намазын оқу, Құран оқу, мұқтаждарға қамқор болу сияқты ғибадаттар мен ізгі істер жасау арқылы жүзеге асады.
  2. 2Бұхари, «Тарауих намазы», 31/1; Муслим, «Салат әл-мусафирин», 6/174.

2-бапТарауихты жамағатпен оқу

3
Муатта, 7-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Абдуррахман ибн Абдулқари былай деп баяндайды: «Рамазанда әзірет Омармен бірге мешітке бардық. Жамағат әр жерде бөлек-бөлек тұрды: біреулер өз алдына, біреулер бірнеше адамға имам болып, тарауих оқып жатыр екен. Бұл жағдайды көрген Омар (р.а.): “Уаллаһи, бұларды бір имамның артына жинасам, әлдеқайда жақсы болар еді”, – деді. Сөйтіп, дереу Убәй ибн Кәғбты имам етіп тағайындап, жамағатпен оқуды бұйырды. Кейін тағы бір түні онымен бірге мешітке бардым. Олар тарауихты жамағатпен оқып жатыр екен. Сонда Омар (р.а.): “Бұл қандай жақсы бидғат! Ұйықтап қалып, оқымай жүрген түннің соңындағы тәһәжжүд намаздарың қазір түннің басында оқып жүрген намаздарыңнан қайырлы”, – деді. Ол таңға жуық уақытты меңзеді. Адамдар намазды түннің алғашқы бөлігінде оқитын1».

  1. 1Бұхари, «Тарауих намазы», 31/1. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 241.
4
Муатта, 7-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Сәиб ибн Язидтен риуаят етіледі: «Әзірет Омар (р.а.) Убәй ибн Кәғб пен Тәмимуд-Дариға рамазан түндері жамағатқа имам болып, он бір рәкағат намаз оқытуды бұйырды. Имам намазда аят саны жүзден асатын сүрелерді оқитын. Тіпті ұзақ уақыт қиямда тұруға шамамыз келмей, таяққа сүйенетінбіз. Намаздан таң шапағы жақындағанда ғана қайтатынбыз1».

  1. 1Бұл хадистегі он бір рәкағаттың сегізі – тарауих, үшеуі – үтір намазы. Келесі хадистегі жиырма үш рәкағаттың жиырмасы – тарауих, үшеуі – үтір намазы. Осы хадистер мен өзге хадистерді бірге қарастырғанда, сахабалардың тарауих намазын көбіне жиырма рәкағат, кейде сегіз рәкағат оқығаны аңғарылады.
5
Муатта, 7-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Язид ибн Руман былай риуаят етеді: «Мұсылмандар әзірет Омардың (р.а.) халифалығы кезінде рамазанда жиырма үш рәкағат тарауих намазын оқитын».

6
Муатта, 7-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Ағраж былай риуаят етеді: «Рамазанда мұсылмандар құныт дұғаларында кәпірлерге қарғыс дұғасын жасайтын. Имам “Бақара” сүресін сегіз рәкағат тарауих намазына бөліп оқитын. Ал осы сүрені он екі рәкағатқа бөліп оқыса, жамағат: “Имам аз оқыды”, – деп ойлайтын».

7
Муатта, 7-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Абдуллаһ ибн Әби Бәкірден риуаят етіледі: «Әкем: “Рамазанда тарауих намазынан қайтқан кезде таң атып қалар деп қорқып, қызметшілерге сәресінің тамағын тезірек дайындауды тапсыратынбыз”, – дейтін».

Уруәдан риуаят етіледі: «Әзірет Айшаның азат еткен құлы Зәкуан рамазанда оған Құран оқитын». Яғни Айша анамызға тарауих оқытатын.