Хадис

Жұма намазы

Муатта, 6-кітап · 21 хадис · № 1–21

Мазмұны: 9 бап
  1. 1Жұма күні ғұсыл алу
  2. 2Жұма күні имам құтба оқып тұрғанда үнсіз отырып тыңдау
  3. 3Жұма намазының бір рәкағатына үлгеру
  4. 4Жұма намазында мұрнынан қан кеткен адамның істейтін амалы
  5. 5Жұма күні намазға асығу туралы
  6. 6Имамның, яғни мемлекет басшысының немесе қолбасшының сапарда жұма күні бір ауылға не қалаға соғуы
  7. 7Жұма күнінің ең қадірлі сәті
  8. 8Жұма күні таза киіну, алдыңғы сапқа өту үшін адамдардың иығынан баспау және құтба оқыған имамға қарап отырып тыңдау
  9. 9Жұма намазындағы қырағат және үзірсіз жұма намазын тәрк ету

1-бапЖұма күні ғұсыл алу

1
Муатта, 6-кітап, № 1
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін риуаят етті: «Кім жұма күні жүніптіктен ғұсыл алғандай ғұсыл алып, намазға алғашқы уақытта, яғни ерте барса, бір түйе құрбан шалғандай болады. Екінші уақытта, яғни сәл кешірек барса, бір сиыр құрбан шалғандай болады. Үшінші уақытта барған адам мүйізді бір қошқар құрбан шалғандай болады. Төртінші уақытта барған адам бір тауық садақа еткендей болады. Бесінші уақытта барған адам бір жұмыртқа садақа еткендей болады. Имам мінберге шыққанда, періштелер келіп, құтбаны тыңдайды1».

  1. 1Бұхари, «Жұма», 11/4; Муслим, «Жұма», 7/10.
2
Муатта, 6-кітап, № 2
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Балиғат жасына жеткен әрбір адамға жұма күні жүніптіктен тазару ғұсылындай ғұсыл алу қажет1».

  1. 1Мұндағы «уәжіп», яғни «қажет» сөзі жұма күні ғұсыл алудың маңызын білдіру үшін қолданылған. Ғұсыл алудың сүннет екені жөнінде ортақ пікір бар.
3
Муатта, 6-кітап, № 3
Қазақша аудармасы

Сәлим ибн Абдуллаһ былай деп баяндайды: «Жұма күні әзірет Омар (р.а.) құтба оқып тұрғанда, сахабалардың бірі мешітке кірді. Мұны көрген Омар (р.а.): “Бұл қай уақыт?” – деді. Әлгі адам: “Уа, мүміндердің әмірі! Базардан қайттым. Азанды естіген соң дереу дәрет алып келдім”, – дегенде, Омар (р.а.): “Демек, дәрет алып келдің. Алайда Алла елшісінің жұма үшін ғұсыл алуды бұйырғанын білетін едің ғой”, – деді1».

  1. 1Бұхари, «Жұма», 11/2; Муслим, «Жұма», 7/3. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 62.
4
Муатта, 6-кітап, № 4
Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жұма күні ғұсыл алу – балиғатқа жеткен әрбір мұсылманға уәжіп”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Азан», 10/161; Муслим, «Жұма», 7/5.
5
Муатта, 6-кітап, № 5
Қазақша аудармасы

Әзірет Омардың ұлы Абдуллаһ (р.а.) ардақты Елшінің былай дегенін риуаят етті: «Сендердің бірің жұма намазына келген кезде ғұсыл алсын1».

Имам Мәлик былай дейді: «Бір адам жұма күні таңертең жұма ғұсылына ниет етіп ғұсыл алса, бұл жеткілікті болмайды. Жұма намазына барарда қайтадан ғұсыл алуы керек. Өйткені ардақты Елші Абдуллаһ риуаят еткен хадисте: “Жұмаға келген кезде ғұсыл алсын”, – деп бұйырған2».

Имам Мәлик басқа бір пікірінде былай дейді: «Бір адам жұма күні ерте не кеш ғұсыл алғаннан кейін дәреті бұзылса, тек дәрет алуы жеткілікті. Ғұсылын қайта жаңартуы қажет емес3».

  1. 1Бұхари, «Жұма», 11/2; Муслим, «Жұма», 7/1.
  2. 2Шәйбани, 57.
  3. 3Шәйбани, 57.

2-бапЖұма күні имам құтба оқып тұрғанда үнсіз отырып тыңдау

6
Муатта, 6-кітап, № 6
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жұма күні имам құтба оқып тұрғанда, қасыңда сөйлеп отырған жолдасыңа ‘Тыныш отыр!’ – десең де, ләғу жасаған, яғни бос сөз сөйлеген боласың”, – деп бұйырды1».

  1. 1Бұхари, «Жұма», 11/36; Муслим, «Жұма», 7/12. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 230.
7
Муатта, 6-кітап, № 7
Қазақша аудармасы

Сәғләбә ибн Әби Мәлик әл-Қурази былай деп баяндайды: «Әзірет Омардың (р.а.) халифалығы кезінде жұма күні Омар құтбаға шыққанға дейін сүннет намазын оқитынбыз. Омар мінберге отырып, мүәззиндер азан айта бастағанда, біз отырып сөйлесетінбіз. Мүәззиндер азанды аяқтап, Омар құтба оқуға тұрғанда, біз де үнсіз қалатынбыз. Арамызда ешкім сөйлемейтін».

Ибн Шиһаб былай дейді: «Имам құтбаға шыққанда намаз оқылмайды. Құтбаны бастағанда үнсіз отырып тыңдалады1».

  1. 1Шәйбани, 227.
8
Муатта, 6-кітап, № 8
Қазақша аудармасы

Мәлик ибн Әби Амир былай риуаят етеді: «Осман ибн Аффан құтбаларында жиі былай дейтін: “Жұма күні имам құтбаны бастағанда, үнсіз отырып тыңдаңдар. Үнсіз отырған адам құтбаны естімесе де, тыңдаған адамдай сауап алады. Намазға қамат түсірілгенде саптарды түзеңдер, иықтарың бір деңгейде болсын. Өйткені саптардың түзу болуы – намаздың толықтығынан”. Әзірет Осман саптарды түзетуге тағайындаған адамдары келіп, саптардың түзелгенін хабарламайынша, тәкбір айтпайтын1».

  1. 1Шәйбани, 229.
9
Муатта, 6-кітап, № 9
Қазақша аудармасы

Нәфиғ былай дейді: «Жұма күні имам құтба оқып тұрғанда, екі адам сөйлесіп отырды. Абдуллаһ ибн Омар оларды көріп, үнсіз отыруларын ескерту үшін ұсақ тас лақтырды».

10
Муатта, 6-кітап, № 10
Қазақша аудармасы

Имам Мәликке мына хабар жеткен: «Жұма күні имам құтба оқып тұрғанда, бір адам түшкіреді. Қасында отырған адам оған: “Ярхамукаллаһ”, – дейді де, мұның үкімін Сағид ибн әл-Мусәйябтан сұрайды. Сағид құтба оқылып жатқанда бұлай деудің жаиз емес екенін айтып: “Мұны енді қайталама”, – дейді».

Имам Мәлик Ибн Шиһабтан: «Жұма күні имам мінберден түскеннен кейін, намаз басталмай тұрып сөйлесу жаиз бола ма?» – деп сұрады. Ибн Шиһаб: «Оның зияны жоқ», – деді.

3-бапЖұма намазының бір рәкағатына үлгеру

11
Муатта, 6-кітап, № 11
Қазақша аудармасы

Ибн Шиһаб былай дейді: «Жұма намазының бір рәкағатына үлгерген адам қалған бір рәкағатты өзі оқиды. Осылай істеу – сүннет». Яғни ардақты Елші осылай бұйырған.

Имам Мәлик былай дейді: «Біздің өлкемізде, яғни Мәдинада, ғұламалардың осылай істегенін көрдім. Алла елшісі (с.а.с.) де: “Намаздың бір рәкағатына үлгерген адам намазға үлгерген болады”, – деп бұйырған1».

Имам Мәлик былай дейді: «Жұма күні адам тығыз тұрған жерде рукуғ жасағанымен, имам сәждеден көтерілгенге дейін сәжде жасай алмаса, жамағат тұрғаннан кейін сәжде жасайды. Ал имам намазды аяқтағанға дейін сәжде жасай алмаса, намазды қайта бастайды да, бесін намазының парызы ретінде төрт рәкағат оқиды».

  1. 1Бұхари, «Намаз уақыттары», 9/29; Муслим, «Мешіттер», 5/161. «Намаздың бір рәкағатына үлгерген адам намазға үлгерген болады» деген хадисті ардақты Елшіден Әбу Һурайра риуаят еткен.

4-бапЖұма намазында мұрнынан қан кеткен адамның істейтін амалы

12
Муатта, 6-кітап, № 12
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Жұма күні имам құтба оқып тұрғанда мұрнынан қан кетіп, мешіттен шыққан адам имам жұма намазын оқытып болғаннан кейін қайтып келсе, бесін намазы ретінде төрт рәкағат оқиды».

Имам Мәлик былай деген: «Жұма күні имаммен бірге бір рәкағат оқып, содан кейін мұрнынан қан кетіп, мешіттен шыққан адам қайтып келгенде имамның екі рәкағатты да оқып қойғанын көрсе, осы аралықта сөйлеспеген болса, тек екінші рәкағатты ғана оқиды».

Имам Мәлик былай дейді: «Жұма күні мұрнынан қан кеткен немесе қандай да бір себеппен мешіттен шығуы қажет болған адамның сыртқа шығу үшін имамнан рұқсат алуы қажет емес».

5-бапЖұма күні намазға асығу туралы

13
Муатта, 6-кітап, № 13
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Ибн Шиһабтан: «Уа, иман келтіргендер! Жұма күні азан айтылып намазға шақырылғанда, дереу Алланы еске алып, зікір етуге асығыңдар1», – деген аят, яғни жұма намазына асығу туралы сұрады. Ибн Шиһаб: «Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) бұл аятты: “Жұма күні намазға шақырылған кезде Алланы зікір етуге, яғни намазға барыңдар”, – деп оқитын», – деп жауап берді.

Имам Мәлик былай дейді: «Құран Кәрімдегі “сағи” сөзі амал мен іс-әрекет мағынасын білдіреді. Мына аяттардағыдай: “Ал сенің құзырыңнан кеткен кезде бұзғыншылық жасап, бар нәрсені қирату және егістікті һәм нәсілдерді жою мақсатында тынбай әрекет етеді...2”; “Ал жаныңа еміне ентелеп келген, һәм Алладан шын именген жанға келсек...3”; “Содан кейін теріс айналып, дұшпандық әрекетке көшті4”; “Әлбетте, сендердің істерің әр алуан5”».

Имам Мәлик былай деген: «Алла Тағала кітабында айтқан “сағи” сөзі адамның аяқтарымен жүгіруін де, жылдам жүруін де білдірмейді. Бұл сөзден көзделген мағына – тек амал мен іс-әрекет».

  1. 1«Жұма» сүресі, 9-аят.
  2. 2«Бақара» сүресі, 205-аят.
  3. 3«Абаса» сүресі, 8–9-аяттар.
  4. 4«Назиғат» сүресі, 22-аят.
  5. 5«Ләйл» сүресі, 4-аят.

6-бапИмамның, яғни мемлекет басшысының немесе қолбасшының сапарда жұма күні бір ауылға не қалаға соғуы

14
Муатта, 6-кітап, № 14
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Сапарда жүрген имам1 жұма намазы оқылуы тиіс ауылға не қалаға тоқтап, құтба оқып, жұма намазын оқытса, сол елді мекеннің халқы мен өзгелер онымен бірге жұма намазын оқыған болады».

Мәлик былай дейді: «Сапарда жүрген имам жұма намазы уәжіп емес елді мекенге соғып, сол жердің халқына жұма намазын оқытса, имамның да, елді мекен халқының да, олармен бірге оқығандардың да жұма намазы сахих болмайды. Елді мекен халқы мен өзгелер намаздарын сапардағы емес, муқим имамның артында оқысын».

Мәлик былай дейді: «Сапарда жүргендерге жұма намазы парыз емес».

  1. 1Мұнда «имам» деп мемлекет басшысы айтылып тұр.

7-бапЖұма күнінің ең қадірлі сәті

15
Муатта, 6-кітап, № 15
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Алла елшісі (с.а.с.) жұма күнінің артықшылығы жайында былай деді: “Жұма күні сондай бір сәт бар: мұсылман адам сол уақытта намаз оқып тұрып, Алладан бір нәрсе сұраса, Алла оған сұрағанын міндетті түрде береді”. Ардақты Елші қолымен ол уақыттың қысқа бір мезет екенін ишара етті1».

  1. 1Бұхари, «Жұма», 11/37; Муслим, «Жұма», 7/13.
16
Муатта, 6-кітап, № 16
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай деп баяндайды: «Синай тауына барған едім. Сол жерде Кәғбул-Ахбарды кездестірдім. Екеуміз бірге отырдық. Ол маған Тәураттан біраз нәрсе айтты. Мен де оған Алла елшісінің хадистерін айтып бердім. Оған айтқан хадистерімнің бірі мынау еді: Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: “Күн шыққан күндердің ең қайырлысы – жұма. Адам сол күні жаратылды. Жәннаттан сол күні шығарылды. Тәубесі сол күні қабыл болды. Сол күні қайтыс болды. Қиямет те сол күні болады. Жұма күні барлық жануарлар таң шапағынан күн шыққанға дейін: ‘Қиямет болып қала ма?’ – деп қорыққанынан құлақ түріп тыңдап тұрады. Тек жындар мен адамдар ғана бұдан ғапыл. Жұма күні сондай бір уақыт бар: мұсылман адам сол уақытта намазда болып, Алладан бір тілек тілесе, Алла оның тілегін міндетті түрде береді”. Кәғб: “Ол қадірлі уақыт жылына бір күн ғана болады”, – дегенде, мен: “Жоқ, әр жұмада сондай бір уақыт бар”, – дедім. Осыдан кейін Кәғб Тәуратты оқып: “Алла елшісі (с.а.с.) рас айтқан”, – деді».

Әбу Һурайра сөзін жалғастырып былай дейді: «Ол жерден кеткеннен кейін Басра ибн Әби Басра әл-Ғиффариді кездестірдім. Ол маған: “Қайдан келе жатырсың?” – деді. Мен: “Турдан”, – дедім. Мұны естігенде, ол: “Егер ол жаққа бармай тұрып саған жолыққанымда, бармас едің. Алла елшісі (с.а.с.): ‘Үш мешіттен басқа жерге зиярат ниетімен сапар жасалмайды: Мәсжидул-Харамға, осы менің мешітіме және Илия, яғни Құдыс мешітіне немесе Бәйтүл-Мақдиске’, – деп бұйырған”, – деді».

Әбу Һурайра былай дейді: «Кейін Абдуллаһ ибн Сәләмға (р.а.) жолықтым. Оған Кәғбул-Ахбармен кездескенімді, жұма күніндегі қадірлі уақыт жайында айтқанымда, оның: “Ол уақыт жылдың бір күнінде болады”, – дегенін баяндадым. Абдуллаһ ибн Сәләм (р.а.): “Кәғб дұрыс айтпапты”, – деді. Мен Кәғбтың Тәуратты оқығаннан кейін: “Иә, ол қайырлы уақыт әр жұмада болады”, – дегенін айттым. Сонда Абдуллаһ ибн Сәләм: “Кәғб дұрыс айтқан”, – деді де: “Ол уақыттың қай мезгіл екенін білемін”, – деді. Мен оған: “Ол қай уақыт екенін маған айт, менен жасырма”, – дегенімде, Абдуллаһ ибн Сәләм (р.а.): “Ол – жұма күнінің соңғы уақыты”, – деді. Мен: “Қалайша жұма күнінің соңғы уақыты болады? Алла елшісі (с.а.с.): ‘Мұсылман адам намаз оқып тұрып сол уақытқа тап келсе...’ – деп бұйырды. Ал сен айтып тұрған уақытта намаз оқылмайды ғой”, – дедім. Сонда Абдуллаһ ибн Сәләм (р.а.): “Алла елшісі: ‘Отырып намазды күткен адам намаз оқылғанға дейін намазда саналады’, – демеді ме?” – деді. Мен: “Иә”, – дедім. Ол: “Міне, ол да дәл солай”, – деді1».

  1. 1Әбу Дәуіт, «Намаз», 2/200; Тирмизи, «Жұма», 4/2; Нәсәи, «Жұма», 14/45. Жұма күніндегі дұғалар қабыл болатын уақыт «сағат әл-ижаба» деп аталады. Ең қуатты пікір бойынша, бұл имамның мінберге шыққанынан намаздың оқылуына дейінгі уақытты қамтиды.

8-бапЖұма күні таза киіну, алдыңғы сапқа өту үшін адамдардың иығынан баспау және құтба оқыған имамға қарап отырып тыңдау

17
Муатта, 6-кітап, № 17
Қазақша аудармасы

Мәлик былай дейді: «Яхия ибн Сағидтен Алла елшісінің (с.а.с.): “Сендердің бірің жұма күндері киетін бір киім, ал өзге күндері жұмысқа киетін бір киім етіп, екі киім дайындап алса, несі бар?” – деген хадисін естідім». Имам Мәлик Нәфиғтан былай риуаят етеді: «Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) ихрамда болмаса, хош иіс себініп, тап-таза киінбейінше жұма намазына бармайтын1».

  1. 1Әбу Дәуіт («Намаз», 2/212) мұны Абдуллаһ ибн Сәләмнан маусул түрде риуаят еткен. Сондай-ақ қараңыз: Ибн Мәжа, «Әбуаб иқамат әс-салат», 5/83; Шәйбани, 224.
18
Муатта, 6-кітап, № 18
Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Жұма намазына кешігіп, имам құтбаға шыққаннан кейін мешітке келіп, алдыңғы саптарға өту үшін адамдардың иығынан басқаннан гөрі, намазды Заһрул-Харрада, яғни Мәдинаның сыртында оқығандарың қайырлы1». Имам Мәлик былай дейді: «Біздің ұстанымымыз бойынша, имам жұманың құтбасын оқып тұрғанда жамағаттың оған қарап отыруы – сүннет».

  1. 1Жамағатты мазалап, алдыңғы саптарға қарай өту дұрыс емес. Сондай-ақ мешітке ерте келгендер де алдыңғы саптарда бос орын қалдырмай отыруы керек.

9-бапЖұма намазындағы қырағат және үзірсіз жұма намазын тәрк ету

19
Муатта, 6-кітап, № 19
Қазақша аудармасы

Утба ибн Мәсғудтың немересі Убайдуллаһтан риуаят етіледі: «Даххак ибн Қайс Нұғман ибн Бәширден (р.а.) Алла елшісінің жұма күні “Жұма” сүресін аяқтағаннан кейін қай сүрені оқығанын сұрады. Ол: “‘Һәл әтәкә хадисул-ғашия’, яғни ‘Ғашия’ сүресін оқитын”, – деді1».

  1. 1Муслим, «Жұма», 7/63. Сондай-ақ қараңыз: Шәйбани, 226.
20
Муатта, 6-кітап, № 20
Қазақша аудармасы

Имам Мәлик Сафуан ибн Сүләймнен риуаят етілген: «Кімде-кім үзірсіз және себепсіз үш рет жұма намазын тәрк етсе, Алла оның жүрегін мөрлейді1», – деген хадис жайында: «Ол мұны Алла елшісінен риуаят етті ме, әлде өзінің пікірі ме, білмеймін», – деді2.

  1. 1«Алла оның жүрегін мөрлейді» деген сөз Алланың оны шарапатынан қағатынын, жүрегіне ізгілік кірмейтінін, жүрегінің қарайып, қатаятынын білдіреді.
  2. 2Ибн Абдулбәр: «Бұл хадис түрлі жолмен муснад түрде жеткен. Солардың ең көркемі – Әбул-Жағд әд-Дамри хадисі», – дейді. Әбу Дәуіт, «Намаз», 2/203; Тирмизи, «Жұма», 4/7; Нәсәи, «Жұма», 14/2; Ибн Мәжа, «Әбуаб иқамат әс-салат», 5/93.
21
Муатта, 6-кітап, № 21
Қазақша аудармасы

Жағфар ибн Мұхаммед әкесі Мұхаммедтен былай риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.) жұма күні екі құтба оқып, екеуінің арасында отырды1».

  1. 1Ибн Абдулбәр: «“Муаттаны” жеткізушілер де осылай мурсал түрде риуаят еткен», – дейді. Бұхари («Жұма», 11/27, 30) мұны Ибн Омардан маусул түрде жеткізеді. Сондай-ақ қараңыз: Муслим, «Жұма», 7/33.