Хадис

«Уақиға» сүресі

Кутуб ситтә, 3-том, 105-тарау · 6 хадис · № 808–813

Хадистер

808
Кутуб ситтә, № 808 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

عَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «مَنْ قَرَأَ سُورَةَ الْوَاقِعَةِ كُلَّ لَيْلَةٍ لَمْ تُصِبْهُ فَاقَةٌ، وَفِي الْمُسَبِّحَاتِ آيَةٌ كَأَلْفِ آيَةٍ». أَخْرَجَهُ رَزِينُ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғудтың (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Кім әр түні “Уақиға” сүресін оқыса, жоқшылық көрмейді. “Мұсаббихат” сүрелерінде мың аятқа тең бір аят бар», – деген.1

Түсіндірме

Рәзин қосқан осы риуаяттың бірінші бөлімі «әд-Дуррул-мансурда» және басқа да көптеген дереккөздерде жазылған. Жанан екінші бөлігін өзі қараған сол дереккөздерден кездестірмеген. Кейбір риуаяттарда былай делінген: «“Уақиға” – байлық сүресі, оны оқыңдар және балаларыңа да үйретіңдер», «“Уақиға” сүресін әйелдеріңе үйретіңдер, өйткені ол – байлық сүресі». Әзірет Айша әйелдерге былай деген: «Сендерден ешбірің «Уақиға» сүресін оқуда әлсіздік танытпасын». Жәбир ибн Сәмура былай деген: «Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) таң намазында «Уақиға» және соған ұқсайтын сүрелердің біреуін оқитын».

  1. 1Рәзин жеткізген. Ибраһим Жанан, «Кутуб-и ситте», 4-т., 286–287-б. Мұсаббихат жайлы мағыналас нұсқа — Тирмизи, «Құранның артықшылықтары» (№2921).
809
Кутуб ситтә, № 809 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ الْخُدْرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: «وَفُرُشٍ مَرْفُوعَةٍ. أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ: ارْتِفَاعُهَا كَمَا بَيْنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ، وَمَسِيرَةُ مَا بَيْنَهُمَا خَمْسُمِائَةِ عَامٍ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِىُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид әл-Худри (р.а.) «...және жоғары мәртебелі төсектерде»1 деген аят жайлы Расулалланың (с.а.с.) былай дегенін жеткізеді: «Олардың биіктігі аспан мен жердің арасындай, ал ол аралық – бес жүз жылдық жол».2

Түсіндірме

Тирмизи бұл хадиске ғалымдардың бір түсіндірмесін қосқан. Олар аяттағы төсектерді жәннаттағы дәрежелер деп түсінген. Дәрежелердің арасы жер мен аспанның арасындай.

Кейбір хадис түсіндірушілер аятты «Сол төсектер жайылған әр дәреженің биіктігі жер мен аспанның арасындай» деп ұққан. Турбушти осы түсіндірмені дұрысырақ санап, мына хадисті дәлелге келтіреді:

إِنَّ لِلْجَنَّةِ مِائَةَ دَرَجَةٍ، مَا بَيْنَ كُلِّ دَرَجَتَيْنِ كَمَا بَيْنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ.

«Жәннатта жүз дәреже бар. Екі дәреженің арасы – аспан мен жердің арасындай».

Бұл сөздер жәннатта әр адамның бұл дүниедегі амалы мен жинаған сауабына қарай алатын дәрежесі әртүрлі болатынын аңғартады. Адам жоғары дәрежеге ұмтылса, ізгі амалын көбейтуі керек. Жаһаннамда да күпірлік пен күнәһарлықтың дәрежесіне қарай түрлі сатылар бар.

  1. 1«Уақиға» сүресі, 34-аят.
  2. 2Тирмизи, «Жәннаттың сипаты» (№2540; Жанан басылымында №2543), «Тәпсір», «Уақиға» (№3294).
810
Кутуб ситтә, № 810 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿إِنَّا أَنْشَأْنَاهُنَّ إِنْشَاءً﴾: «إِنَّ مِنَ الْمُنْشَآتِ اللَّائِي كُنَّ فِي الدُّنْيَا عَجَائِزَ عُمْشًا رُمْصًا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәстің (р.а.) айтуынша, Алла елшісі (с.а.с.) ﴿إِنَّآ أَنشَأْنَٰهُنَّ إِنشَآءً ۝ فَجَعَلْنَٰهُنَّ أَبْكَارًا ۝ عُرُبًا أَتْرَابًا ۝ لِّأَصْحَٰبِ ٱلْيَمِينِ﴾ «Асылында, Біз оларды жаңадан жараттық. Оларды мәңгілікке пәк қыздар қылдық. Олар жұбайларын құлай сүйетін әрі жас жағынан да түйдей құрдас болады. Мұның бәрі Асхабул-ямин үшін»1 деген аят жайлы былай деді: «Аятта айтылған жаңадан жаратылғандар арасында осы дүниеде қартайып, көзінің жанары әлсіреп, көзі былшықтанған әйелдер де бар».2

  1. 1«Уақиға» сүресі, 35–38-аяттар.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Уақиға» (№3296).
811
Кутуб ситтә, № 811 · тараудағы реті: 4

وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي بَكْرِ بْنِ عَمْرِو بْنِ حَزْمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ فِي الْكِتَابِ الَّذِي كَتَبَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لِعَمْرِو بْنِ حَزْمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنْ لَا يَمَسَّ الْقُرْآنَ إِلَّا طَاهِرٌ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Әбу Бәкір ибн Амр ибн Хазмның (р.а.) айтуынша, Алла елшісінің (с.а.с.) Амр ибн Хазмға (р.а.) жазған хатында «Құранды тек таза адам ұстасын» деген әмір де болған.1

Түсіндірме

Бұл хадис «Уақиға» сүресіндегі ﴿لَّا يَمَسُّهُۥٓ إِلَّا ٱلْمُطَهَّرُونَ﴾ «Оны таза жандардан өзгелер ұстай алмайды!»2 деген аятқа байланысты осы жерде жазылған.

Хаммад, Әбу әл-Алия, Сағид ибн Жубәйр және Ибн Аббас секілді ғалымдар аяттағы «мұтаһһарун» сөзін періштелерге қатысты деп түсіндірген. Олардың пайымынша, сөз болып отырған Құран Лаухул-махфузда.

Қатада: «Алланың құзырында Оған тазалардан өзге ешкім қол тигізбейді. Бұл дүниеде Құранды мәжуси де, таза емес адам да, мұнафық та ұстайды», – деген.

Салман Фариси, Әнәс ибн Мәлик секілді бірқатар сахабадан жеткен риуаяттар бойынша, осы аят мүминдердің Құранды дәретсіз ұстай алмайтынын айтады. Өйткені әзірет Омардың (р.а.) мұсылман болуына қатысты риуаят осыны растайды. Ол жерде әзірет Омар қарындасына: «Мына оқып жатқан жазуыңды маған бер» деген кезде, қарындасы: «Сен кірсің, оны тек тазалар ғана ұстайды, алдымен жуын» дейді. Ол орнынан тұрып, жуынғаннан кейін Құран жазылған қағазды алады. Сондай-ақ аталмыш риуаяттағы Алла Елшісінің (с.а.с.) хатында да Құран кәрімді таза еместер ұстамау керектігін тапсырған. Сағд, ибн Омар, Хасан Басри, Нәһәи т.б. осы пікірді білдірген.

Кейбір ғалымдар аяттағы тыйымды Лаухул-махфуздағы Құранға қатысты деп ұққан. Көпшілік мұсылман адамның Құранды дәретпен ұстауы керек деген көзқарасты ұстанған.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Құран», 1 (1-т., 199-б.).
  2. 2«Уақиға» сүресі, 79-аят.
812
Кутуб ситтә, № 812 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مُطِرَ النَّاسُ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَصْبَحَ مِنَ النَّاسِ شَاكِرٌ وَمِنْهُمْ كَافِرٌ. قَالُوا هَذِهِ رَحْمَةُ اللَّهِ، وَقَالَ بَعْضُهُمْ: لَقَدْ صَدَقَ نَوْءُ كَذَا وَكَذَا، فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: فَلَا أُقْسِمُ بِمَوَاقِعِ النُّجُومِ حَتَّى بَلَغَ وَتَجْعَلُونَ رِزْقَكُمْ أَنَّكُمْ تُكَذِّبُونَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кезінде жаңбыр жауды. Сонда ол: “Бүгін адамдардың бір тобы шүкір етіп, екінші тобы нығметті жоққа шығарып таң атырды. Біреулер ‘Бұл – Алланың рақымы’ десе, енді біреулер ‘Пәлен жұлдыздың тууына қатысты жорамал расқа шықты’ деді”, – деді. Осыған байланысты мына аяттар түсті:

75. Жұлдыздардың орнына серт!

76. Біле білсеңдер, бұл, шынында да, өте үлкен серт.

77. Анығында, ол өте қасиетті Құран.

78. Ол ерекше қорғауға алынған Кітапта (Лаухул-махфузда).

79. Оны (тәндік һәм рухани кірлерден толық арылған) таза жандардан өзгелер ұстай алмайды.

80. Ол әлемдердің Раббысы тарапынан бірте-бірте түсірілген.

81. Сонда сендер бұл сөзді менсінбейсіңдер ме (яғни, оны түкке тұрғысыз санап, жалғанға шығарасыңдар ма)?

82. Сонда сендер үшін баға жетпес нығмет болған осынау Кітаптан алар нәсіптерің оны өтірік деу болды ма?»1, 2

Түсіндірме

Риуаятта аяттардың жаңбыр оқиғасына байланысты түскені айтылады. Ибн Салахтың пайымынша, сол оқиғаға соңғы аят қана тікелей қатысты болуы мүмкін.

Хадисте жаһилият дәуіріндегі жұлдызға қатысты ырымға тыйым салынған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұны жаңбыр жауғаннан кейін айтқан.

Жаһилият арабтары көптеген нәрселерге жұлдыздардың ықпалы бар деп сенген. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «жұлдыздың арқасында жаңбыр жауды» деп айтуды күпірлікке жатқызған. Ғалымдар бұл сөздің нығметтің қадірін түсінбеуге не Алланы жоққа шығаруға қатысты айтылғаны жайлы әртүрлі пікір білдірген. Алланы жоққа шығару болса, онда адам имансыз болып, Ислам дінінен шығады. Ғалымдар бірауыздан былай деген: «Егер біреу жаңбырдың жаууына жұлдыз ықпал етті деп ойлайтын болса һәм соған сенетін болса, оның күпірлік жасағаны анық. Алайда Алланың мейірімімен жаңбырдың жауғанына сеніп, пәлен жұлдыздың тууын жаңбыр жауатын уақыттың белгісі санап, «пәлен жұлдыздың себебімен жаңбырға қауыштық» дейтін болса, бұнысы күпірлік емес, мәкрүһ сөз деп айтылған.

Ал хадистегі «күпірлік» сөзін «нығметті жоққа шығару» деп түсінгендер былай дейді: «Жұлдыздың арқасында жаңбырға қауыштық» деген адам жаңбырды жұлдыздың жаудырғанына сеніп айтпайды. Тек жаңбырды жұлдызбен байланыстырумен шектеледі. Өйткені хадисте бұл сөзді айтқанға «кәпір» (нығметтің иесін білмейтін надан) делінген, ал жаңбырдың Алланың мейірімінен екенін айтқанға «шәкир» (шүкір етуші, нығметің иесін білуші) делінген». Осылай ойлайтындар аталмыш хадистің басқа нұсқасында былай делінгенін айтады: «Мен құлдарыма нығмет жібердім. Алайда олардың бір бөлігі оны жоққа шығарып таң атырды». Басқа риуаятта былай делінген: «Алла көктен берекет түсірді, адамдардың бір бөлігі оны жоққа шығарып таң атырды».

Нәуәуидің түсіндіруінше, хадистегі كَافِرِينَ بِهِ «оны жоққа шығарушылар» тіркесі жаңбырға қатысты айтылған. Мұнда жаңбыр нығметінің қадірін білмеу меңзеледі.

Бал ашумен айналысатын мүминдер Расулалланың (с.а.с.) осы хадисінен дәріс алғаны жөн.

  1. 1Мүслим, Иман 127, (73).
  2. 2«Уақиға» сүресі, 75–82-аяттар.
813
Кутуб ситтә, № 813 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әли (р.а.)

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿وَتَجْعَلُونَ رِزْقَكُمْ أَنَّكُمْ تُكَذِّبُونَ﴾ قَالَ ﷺ: «شُكْرُكُمْ، تَقُولُونَ مُطِرْنَا بِنَوْءِ كَذَا وَكَذَا، وَبِنَجْمِ كَذَا وَكَذَا». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Али (р.а.) ﴿وَتَجْعَلُونَ رِزْقَكُمْ أَنَّكُمْ تُكَذِّبُونَ﴾ «Сонда сендер үшін баға жетпес нығмет болған осынау Кітаптан алар нәсіптерің оны жалғанға шығару болды ма?!»1 деген аятқа қатысты Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін риуаят еткен: «Аллаға шүкір айтудың орнына: “Пәлен-пәлен жұлдыздың батуы немесе пәлен-пәлен жұлдыздың тууы арқасында жаңбыр жауды”, – дейсіңдер».2

Түсіндірме

Хадис мәтінінде жазылған «нәу» сөзі «туу, шығу, тұру» секілді мағыналарды білдіреді. «Туған жұлдыз» деген мағынада да қолданылған. Бұл мәтінде «жұлдыз» мағынасын білдіретін «нәжм» және «нәу» сөздері бір сөйлемнің ішінде қолданылғандықтан, «нәу» сөзі «жұлдыздың туылуы» деп аударылды. Жәһилият дәуіріндегі жұлдызжорамал бойынша, бір жыл ішіндегі туатын орны мен уақыты белгілі жиырма сегіз жұлдыз бар еді. Олардың әрқайсысы Айдың жиырма сегіз түрлі орнын құрап, мәнзилатул-қамар (Айдың орындары) деп аталған. Әрбір он үш түнде олардан бір жұлдыз таң атқанда батып, орнына дәл сол мезетте шығыс жақтан басқа біреуі туады. Міне, жәһилият дәуіріндегі адамдар осы мезетте жаңбыр жауатын болса, олардың батқанымен байланыстырып, содан деп түсінетін. Кейбір риуаяттарда батқаны емес шыққан жұлдызбен байланыстырғаны айтылған.

  1. 1«Уақиға» сүресі, 82-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Уақиға» (№3295; Жанан басылымында №3291).