وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي بَكْرِ بْنِ عَمْرِو بْنِ حَزْمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: «أَنَّ فِي الْكِتَابِ الَّذِي كَتَبَهُ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ لِعَمْرِو بْنِ حَزْمٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنْ لَا يَمَسَّ الْقُرْآنَ إِلَّا طَاهِرٌ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.
Абдулла ибн Әбу Бәкір ибн Амр ибн Хазмның (р.а.) айтуынша, Алла елшісінің (с.а.с.) Амр ибн Хазмға (р.а.) жазған хатында «Құранды тек таза адам ұстасын» деген әмір де болған.1
Түсіндірме
Бұл хадис «Уақиға» сүресіндегі ﴿لَّا يَمَسُّهُۥٓ إِلَّا ٱلْمُطَهَّرُونَ﴾ «Оны таза жандардан өзгелер ұстай алмайды!»2 деген аятқа байланысты осы жерде жазылған.
Хаммад, Әбу әл-Алия, Сағид ибн Жубәйр және Ибн Аббас секілді ғалымдар аяттағы «мұтаһһарун» сөзін періштелерге қатысты деп түсіндірген. Олардың пайымынша, сөз болып отырған Құран Лаухул-махфузда.
Қатада: «Алланың құзырында Оған тазалардан өзге ешкім қол тигізбейді. Бұл дүниеде Құранды мәжуси де, таза емес адам да, мұнафық та ұстайды», – деген.
Салман Фариси, Әнәс ибн Мәлик секілді бірқатар сахабадан жеткен риуаяттар бойынша, осы аят мүминдердің Құранды дәретсіз ұстай алмайтынын айтады. Өйткені әзірет Омардың (р.а.) мұсылман болуына қатысты риуаят осыны растайды. Ол жерде әзірет Омар қарындасына: «Мына оқып жатқан жазуыңды маған бер» деген кезде, қарындасы: «Сен кірсің, оны тек тазалар ғана ұстайды, алдымен жуын» дейді. Ол орнынан тұрып, жуынғаннан кейін Құран жазылған қағазды алады. Сондай-ақ аталмыш риуаяттағы Алла Елшісінің (с.а.с.) хатында да Құран кәрімді таза еместер ұстамау керектігін тапсырған. Сағд, ибн Омар, Хасан Басри, Нәһәи т.б. осы пікірді білдірген.
Кейбір ғалымдар аяттағы тыйымды Лаухул-махфуздағы Құранға қатысты деп ұққан. Көпшілік мұсылман адамның Құранды дәретпен ұстауы керек деген көзқарасты ұстанған.