وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «مُطِرَ النَّاسُ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَصْبَحَ مِنَ النَّاسِ شَاكِرٌ وَمِنْهُمْ كَافِرٌ. قَالُوا هَذِهِ رَحْمَةُ اللَّهِ، وَقَالَ بَعْضُهُمْ: لَقَدْ صَدَقَ نَوْءُ كَذَا وَكَذَا، فَأَنْزَلَ اللَّهُ تَعَالَى: فَلَا أُقْسِمُ بِمَوَاقِعِ النُّجُومِ حَتَّى بَلَغَ وَتَجْعَلُونَ رِزْقَكُمْ أَنَّكُمْ تُكَذِّبُونَ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ.
Ибн Аббас (р.а.) былай деді: «Алла елшісінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кезінде жаңбыр жауды. Сонда ол: “Бүгін адамдардың бір тобы шүкір етіп, екінші тобы нығметті жоққа шығарып таң атырды. Біреулер ‘Бұл – Алланың рақымы’ десе, енді біреулер ‘Пәлен жұлдыздың тууына қатысты жорамал расқа шықты’ деді”, – деді. Осыған байланысты мына аяттар түсті:
75. Жұлдыздардың орнына серт!
76. Біле білсеңдер, бұл, шынында да, өте үлкен серт.
77. Анығында, ол өте қасиетті Құран.
78. Ол ерекше қорғауға алынған Кітапта (Лаухул-махфузда).
79. Оны (тәндік һәм рухани кірлерден толық арылған) таза жандардан өзгелер ұстай алмайды.
80. Ол әлемдердің Раббысы тарапынан бірте-бірте түсірілген.
81. Сонда сендер бұл сөзді менсінбейсіңдер ме (яғни, оны түкке тұрғысыз санап, жалғанға шығарасыңдар ма)?
82. Сонда сендер үшін баға жетпес нығмет болған осынау Кітаптан алар нәсіптерің оны өтірік деу болды ма?»1, 2
Түсіндірме
Риуаятта аяттардың жаңбыр оқиғасына байланысты түскені айтылады. Ибн Салахтың пайымынша, сол оқиғаға соңғы аят қана тікелей қатысты болуы мүмкін.
Хадисте жаһилият дәуіріндегі жұлдызға қатысты ырымға тыйым салынған. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мұны жаңбыр жауғаннан кейін айтқан.
Жаһилият арабтары көптеген нәрселерге жұлдыздардың ықпалы бар деп сенген. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «жұлдыздың арқасында жаңбыр жауды» деп айтуды күпірлікке жатқызған. Ғалымдар бұл сөздің нығметтің қадірін түсінбеуге не Алланы жоққа шығаруға қатысты айтылғаны жайлы әртүрлі пікір білдірген. Алланы жоққа шығару болса, онда адам имансыз болып, Ислам дінінен шығады. Ғалымдар бірауыздан былай деген: «Егер біреу жаңбырдың жаууына жұлдыз ықпал етті деп ойлайтын болса һәм соған сенетін болса, оның күпірлік жасағаны анық. Алайда Алланың мейірімімен жаңбырдың жауғанына сеніп, пәлен жұлдыздың тууын жаңбыр жауатын уақыттың белгісі санап, «пәлен жұлдыздың себебімен жаңбырға қауыштық» дейтін болса, бұнысы күпірлік емес, мәкрүһ сөз деп айтылған.
Ал хадистегі «күпірлік» сөзін «нығметті жоққа шығару» деп түсінгендер былай дейді: «Жұлдыздың арқасында жаңбырға қауыштық» деген адам жаңбырды жұлдыздың жаудырғанына сеніп айтпайды. Тек жаңбырды жұлдызбен байланыстырумен шектеледі. Өйткені хадисте бұл сөзді айтқанға «кәпір» (нығметтің иесін білмейтін надан) делінген, ал жаңбырдың Алланың мейірімінен екенін айтқанға «шәкир» (шүкір етуші, нығметің иесін білуші) делінген». Осылай ойлайтындар аталмыш хадистің басқа нұсқасында былай делінгенін айтады: «Мен құлдарыма нығмет жібердім. Алайда олардың бір бөлігі оны жоққа шығарып таң атырды». Басқа риуаятта былай делінген: «Алла көктен берекет түсірді, адамдардың бір бөлігі оны жоққа шығарып таң атырды».
Нәуәуидің түсіндіруінше, хадистегі كَافِرِينَ بِهِ «оны жоққа шығарушылар» тіркесі жаңбырға қатысты айтылған. Мұнда жаңбыр нығметінің қадірін білмеу меңзеледі.
Бал ашумен айналысатын мүминдер Расулалланың (с.а.с.) осы хадисінен дәріс алғаны жөн.